Таным • 12 Қараша, 2020

Ақбауырдағы көне суреттер не дейді?

576 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бұл өзі ұзақ күткен сапар болды. Археологиядағы далалық маусым жалпы қар еріп, жер кеберсігеннен басталып, күздің қара суығына дейін жалғасады. Биыл індетке байланысты жоспар бұзылып, ойға алған шаруаларды уақытында орындай алмадық. Экспедициялардың баста­­луын ұзақ күтіп, маусым айының соңында бір-ақ шықтық. Мақсатымыз – Қазақстан археологиясы туралы «Beyond Time» деректі фильмдер циклін түсіру.

Ақбауырдағы көне суреттер не дейді?

Түсіру тобында үш-ақ адамбыз, жо­баның авторы әрі жүргізушісі журналист, продюсер, «Арша» медиа­сту­диясының директоры Зарина Мұха­медәлі, оператор, видеоинженер Сергей Нижник және мен.

Арқаның суық қысынан кейін, оның бер жағында карантинде үш ай үйде қа­малып жатып-жатып жолға шығу деген жерден бір қап алтын тапқаннан да кере­мет қуанышты жағдай болды.

Сонымен, бұл сапарымызды еліміздің шығыс өңірінен бастадық. Шығыс Қазақ­стан облысындағы Ақбауыр тауы туралы 2017 жылы алғаш естіген болатынмын. Осы жолы көрікті көне мекенді көзбен көрудің сәті түсті. Ақбауырдың атын алғаш естіген жы­лы продюсеріміз «Қазақстанның киелі кар­тасы» жобасы бойынша «Туған елімнің таң­ба­лары/Символы нашей Родины» деген деректі фильмдер циклін түсірді. Сон­да Өскеменнен 35 шақырым жерде ор­наласқан Ақбауырға соғып, тас-жартас­тағы суреттерді мұқият түсіріп қайтқан. Қат­ты қызығып, бір барып көрсем деп ой­лап жүргенмін. Ал былтыр сол жерде қаз­ба жұмыстары басталғанын және оны тарих ғылымдарының докторы Зейнолла Са­маш­ұлы басқаратынын естігенде, тіпті қы­зықтым. Ғалыммен танысып, қалай жұ­мыс істейтінін көру де арман еді.

Сөйтіп, Ақбауырға да жеттік. Таудың пі­шіні бауырға ұқсағаннан кейін солай атап кеткен екен. Меніңше, тау ұйықтап жат­қан айдаһарға ұқсайды.

«Ақбауыр» тарихи-археологиялық ке­шені – Шығыс Қазақстан облыстық сәу­лет-этнографиялық және табиғи-ланд­шафтық музей-қорығының бөлімі. Яғни аумағы қоршалған, қорғалады. Кіру ақы­лы, ересек адам 400 теңге, студенттер мен зейнеткерлер 200 теңге төлеп кіре алады.

Жалпы,  Ақбауыр  үңгір қабырғасын­дағы көне адамдар қалдырған суреттері­мен әйгі­лі. 4-5 жасар баланың шимай-шат­пағы сияқты көрінетін суреттер жо­са деген минералмен салынған. Су­рет­­тердің жасы шамамен 3000 жыл, яғни энеолит дәуіріне жатады. Мұқият қара­саңыз, белгісіз суретші бізге (яғни, ұр­пақ­тарына, әлде бас­қаға? Құдайына?) әлденені айтқысы, тү­сіндіргісі келгенін бай­қай­сыз, қаптаған сызықтар мен нүктелер нені білдіреді, олар да тылсым!..

Өз басым үш-ақ нәрсені таныдым: ар­ба, адам және төбесінде шеңбері бар пи­рамида. Қазақстан аумағында кезде­сетін арбаның ең көне суреті, міне, осы қабыр­ғада, менің көз алдымда тұр. Жа­нын­дағы, бәлкім, алғашқы арбаны жасаған өнер­тапқыш шығар?

Ал төбесінде шеңбері бар пирами­даны үңгірден шығып, батысқа қара­ғанда кө­ре­міз. Бұл екі таудың үл­кені На­зар­тау деп аталады. Назар деген байдың жері бол­ған. Кішісінің төбесіне күнде кешкісін барып Күн ұялайды. Бұларды негізі сөзбен суреттеп жеткізу мүмкін емес ға­жайып құбылыстар көздің жауын алады. Күн еңкейгеннен көз бай­лан­ғанша бақылап отырсаңыз, аспан мың құбылады. Ертеңінде кешке батыс жақтың мүлде басқа бояуға малынғанын көресіз. Та­биғаттың ең шебер суретші екенін тағы мойындап, қайран қаласыз. Бәлкім, байыр­ғы суретші де біз сияқты сұлулыққа тамсанып жүріп, көргенін мәңгілікке бейнелеп қалдырғысы келген шығар? Сонда бұл жазулар өнер туындысы болғаны ма?

Бұл жерді толық, жан-жақты зерттеген Зейнолла Самашұлы мен осы қорық-музейдің ғылыми қызметкері Галина Геннадьевна Петенёва. Ғалымдар бұл суреттерді пиктограммалық жазулар, идеограммалар дейді. Пиктограммалық жазуда әр сурет бір сөзді бейнелейді. Алайда қан­дай сурет қай сөзді жасырғаны әлі шешілген жоқ. Ол үшін ұқсас жазулармен салыстырып көру керек. Ең қызығы, мұн­дай жазулар басқа жерден әлі кездескен жоқ.

Кездескен күннің өзінде сақталуы қиын шаруа. Біздің елде тарихи жәдігерді бір көруге келуші туристердің, жергілікті тұрғындардың құрметі кем екенін жақсы білесіздер. Қазіргі жабайылар көне сурет­тің үстінен өз аты-жөнін жазып қоюға құмар. Қолмен ұстап, үстін басып сызып суретке түскенде өнетін жалғыз нәрсе – терідегі миллион микроб суретте қалып, жойылуын тездетеді. Осы мәселеге болашақ туристер абай болғаны дұрыс.

Әгәрәки, келер жазда Ақбауырға бар­саңыз, суреттерді қолмен ұстамаңыз­шы. Тасты сызып, есіміңізді жазбаңызшы. Жай ғана суретке түсіріп алып, инста­грам­­ға не Фейсбукқа салсаңыз да, естелі­гіңіз сол әлеуметтік желіде сақ­та­лады. Мақсатыңыз сол болса егер, әрине...

Көне жәдігерлерден бөлек, Ақбауыр­дың жан-жануар әлемі де ерекше. Жә, осы жерден табиғат сұлулығы мен тарих тылсымына деген тамсанысымызды үзе тұрайық. Келесіде Ақбауырдағы ерте сақ кезеңінің қонысы туралы әңгімелеуге болады. Бұл жерде де бізді небір тарихи таңбалар қарсы алған болатын...

 

Нұргүл ЕСЕНГЕЛДІ,

журналист