Экология • 12 Қараша, 2020

Бозжыра шатқалында құрылыс жүргізуге болмайтын 6 себеп

752 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі қазақстандық қауымдастық Бозжыра шатқалында құрылыс жүргізу мүмкін емес екенін айтады. Бұған байланысты қауымдастық 6 нақты себеп көрсетіп отыр, деп хабарлайды Egemen.kz

Бозжыра шатқалында құрылыс жүргізуге болмайтын 6 себеп
Желідегі фото, видео дәлелмен негізделген ақпаратқа сүйенсек, Үстірттің аумағында орналасқан Бозжыра шатқалында құрылыс жұмыстарының жоспарлары бар бар. Төмендегі себептермен АСБК құрылыс жұмыстарын дереу тоқтатуға шақырады.
 
 1. Биоалуантүрлілікке қауіп төнеді
Қонақ үй құрылысы жоспарланған Бозжыра шатқалындағы аудан цинк қалдықтары мен Қарынжарық құмдарының арасында орналасқан. Бұл аумақ - Қазақстанның Қызыл кітабына енген Үстірт арқары, қарақұйрықтың, қарақұлақ (каракалдың) және басқа да сирек кездесетін түрлердің тұрақты мекені. Бұл Үстірт арқары мен қарақұйрық үшін мазасыздық факторы төмен аумақтың бірі. Адамдардың, техниканың, жол құрылысының және басқа да инфрақұрылымның әсерінен аталған және басқа да сирек кездесетін түрлердің популяциясына төндіретін қаупі жоғары.
 
2. ЮНЕСКО Әлемдік мұра тізіміне ену мүмкіндігі
Үстірт – Қазақстандағы ЮНЕСКО Әлемдік мұра тізіміне үміткер нысандардың бірі. Ол тізімге іліккен нысандарға қойылатын маңызды шарттың бірі – тұтастығы мен сұлулығы (VII. Нысан табиғи феномен немесе ерекше табиғи әдемілік пен эстетикалық маңызға ие кеңістік болып табылады). Бұл өңірдегі кез келген құрылыс табиғи ескерткішке зиян келтіреді.
 
3. Үстірт қорығы аумағын кеңейту мүмкіндігі
2015 жылда Үстірт мемлекеттік табиғи қорығының (МТҚ) аумағын кеңейту мүмкіндігі талқыланған болатын. ҒЭҚ/БҰҰДБ/ҚР Үкіметі жобасының шеңберінде АСБК әзірлеген жаратылыстану-ғылыми негіздеме мемлекеттік экологиялық сараптамадан сәтті өтті. Өкінішке орай, сол кезде бекітілген Қансу газ кен орнын барлау жоспарына байланысты ЕҚТА-ны (ерекше қорғалатын табиғи аумақтар) кеңейту мүмкін болмады. Қазіргі уақытта барлау тоқтатылғандықтан қорықты кеңейту мүмкіндігі бар.
 
 4. Су мен коммуникацияның жоқтығы
Бозжыра шатқалында су көзі мен коммуникация жоқ. 2017 жылы география институты облыс әкімдігінің тапсырысымен Маңғыстау облысының туристік әлеуетін бағалау жұмысын жүргізді. Ондағы ұсыныстардың қатарында құрылыс жұмыстары болмады.
 
5. Археологиялық ескерткіштер
Шатқалда және оның төңірегінде палеолит дәуірінен ерте орта ғасырларға дейінгі бірнеше археологиялық ескерткіштер бар, олардың кейбірі әлі зерттелмеген.
 
6. Осал топырақ
Үстірт – топырағы ерекше осал аймақ. Топырақ құрамында гипс болғандықтан өткен көліктің ізі ондаған жылдар тұрады. Көлік қозғалысын тиімді бақылау, әр түрлі "сафари" мен автошеру қатысушылар жиынына толық тыйым салу қажет. ҚОӘБ-сіз (Қоршаған ортаға әсерді бағалау) кез-келген құрылыс бастауға, жолдар да, тіпті кішігірім ғимараттарды да соғуға жол беруге болмайды.
 
Сондай-ақ, қауымдастық туризмді дамыту үшін Үстірт қорығының визит-орталығын әзірден жұмыс істеп тұрған трассалардың жанында құрған жөн екенін айтады. 
 
Мысалы, Бозжыра шатқалынан шамамен 20 км қашықтықта Ақтау-Бекет ата асфальтталған трассасы бойында. Сол жерден туристер Үстірттегі ең қызықты жерлерге бара алады.
 
"АСБК ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Маңғыстау облысының әкімдігі Бозжыра шатқалындағы құрылыс жұмыстарын толық тоқтатып, жергілікті тұрғындардың, барлық мүдделі тараптардың қатысуымен облыста туризмді дамытудың перспективалық жоспарын қарастырып, Үстірттің ерекше табиғатын сақтауға қажетті барлық шектеу шараларының сақталуына қатаң бақылауды қамтамасыз етуі тиіс деп есептейді", делінген хабарламада.