Руханият • 13 Қараша, 2020

Жиырма жыл өткен соң...

400 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жиырма жыл бұрын «Мәдениетті қолдау» деген атаулы жылда Орал қаласында Халық аспаптар оркестрі құрылып, жаңа шы­ғармашылық ұжым Батыс Қазақстан облыстық филармониясының құрамына бекітіліп берілді. Сол тұста газетімізде жағымды жаңа­лық жөнінде «Па, шіркін, оркестр!» деген материал жарияланып, оны оркестрдің тұңғыш көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Қырымгерей Қажимов әлі күнге дейін ұмытпай айтып келеді.

Жиырма жыл өткен соң...

Талантты ұйымдастырушы ке­йінгі бір кездескен кезде оркестрдің құрылғанына биыл 20 жыл толатынын еске салып өткен еді. Осы бір жайт ойға ойға түрткі болып, оркестрдің жеткен шығармашылық жетістіктері мен алған асулары жө­нінде екі-үш ауыз әңгіме қоз­ға­ғанды жөн көрдік.

Осы орайда ең алдымен арада үш жыл өткен соң, яғни 2003 жыл­дың 30 мамыры күні Үкіметтің қаулысына сәйкес оркестрге халық композиторы, күйші Дәулеткерей Шығайұлының есімі берілгенін айта кеткеніміз орынды. Оның өзге халық композиторларынан басты бір өзгешелігі – төре күйлерінің дәстүрін орнықтырып, төре тартысты тұтас бір мектеп деңгейіне көтере алғандығы. Бұл ретте хал­қы­мыздың біртуар ұлдарының бірі, академик Ахмет Жұбанов Дәу­леткерейге «төре күйлерінің атасы» деп биік баға бергені де өз алдына бір бөлек әңгіме. Сөйтіп, хан тұқымынан өрбіген текті ұл өмірдің мәні мен сәнін сұлтандық биліктен емес, күйшілік өнерден тапқан деуге толық негіз бар.

Дәулеткерей өзі ғұмыр кешкен алмағайып кезеңде сырлы да сазды күйді жұбаныш етумен бірге, осы арқылы сол тұстағы қоғам мен заманға үкім айта білген саңлақ суреткер екендігі алдағы уақытта арнайы зерттеу нысанына айнала алатыны анық. Міне, о бастан өнері мен мәдениеті жан-жақты дамыған Орал өңірінде құрылған Халық аспаптар оркестрінің қайталанбас тұлғаның есімімен аталуы қадамын жаңадан бастаған жас шығармашылық ұжым үшін биік мәртебе болды дей аламыз. Сондай-ақ мұның өзі оркестрге үлкен жа­уапкершілік жүктейтіні де анық.

Бұл күні оркестр құрамындағы домбыра-прима, баян, қобызшылар және ұрмалы аспаптар деп аталатын бірнеше топтар ортақ шы­ғар­машылық жетістікке жетуге жұдырықтай жұмылған. Біз ор­кестрдің жай-күйімен танысу ба­рысында аталған әрбір топ­тың концертмейстрлері кәсіби дең­­гей­лерін одан әрі шыңдауға ұдайы көңіл аударып отыратынын білдік. Бұл үшін репетициядан тыс әзірліктер де жүргізіледі екен. Со­ны­мен бірге олардың әрқайсысы жеке орындаушы ретінде оркестрдің сүйемелдеуімен өнер көрсетуі де дәстүрге айналыпты.

Екі-үш жыл арасында өткізіліп тұратын аттестациялары мен пульт­тераралық ішкі конкурстарға оркестр мүшелерінің кәсіби шеберлі­гін тереңдете түсуіне септігін тигі­зіп жүр. Аталған сынақтар кезінде ор­кестр мүшелері Қазақстанға та­нымал өнер қайраткерлерінің ал­дында өз бақтарын сынап тұ­ра­ды. Дәулеткерей атындағы Ба­тыс Қазақстан облыстық халық ас­пап­тар оркестрінің бүгінгі бас ди­рижері әрі көркемдік жетекшісі Ер­кін Нұрымбетовтің айтуынша, ұжы­мның келесі аттестациядан өту мер­зімі асып барады. Ол мұның бас­ты себебін елімізде қалыптасқан күрделі ахуалмен, яғни covid-19 індетінің таралуы тоқталмай отыр­ғанымен байланыстырды. 20 жыл ішінде оркестр өз репертуа­рын 1000-нан астам музыкалық шығар­ма­мен байытқан. Оның арасын­да еліміздің әр өңірлеріндегі дом­бырашылық мектептері мен халық композиторларының ән-күйлері жә­не Қазақстан композиторлары мен шетелдің классикалық музыкалары биік кәсіби деңгейде орындалып жүр.

Өнер өрісі өзге шығармашылық ұжымдармен өзара байланыс пен қарым-қатынаста болған жағдайда ғана түрленіп, одан әрі байи түс­пек. Бұл бағытта Дәулеткерей оркестрі Құрманғазы атындағы мем­лекеттік академиялық халық ас­пап­тар оркестрімен және өңір­лердегі өзге әріптестерімен ұда­йы партитуралармен алмасып тұ­рады. Әрі өзіндегі жетістікті өзге әріптестерімен бөлісуге әзір тұ­руы да аталған оркестрдің парасат­ты­лығын байқата алады. Айталық, кез келген оркестрдің тісі бата бер­мейтін, орындалуы аса күрделі Жан­төренің «Шалқыма» сынды күйі тек Дәулеткерей атындағы ор­кестрдің репертуарында болуы қай­таланбас жетістігі екені анық. Сол секілді өзге оркестрлердің репер­туарына кірмеген халық және Қа­зақстан композиторларының жалпы саны 300-ге тарта ән-күйі мен аспаптық шығармасы оркестр­ге арнайы өңделіп, лайықталып түсі­рілген.

Оркестр құрылғанына небәрі бір жыл өткен соң терең сыңнан өтіп үлгергеніне де куә бола аламыз. Бұл 2001 жылдың қараша айында елімізде тұңғыш рет өткізілген бірінші республикалық дирижерлер конкурсы еді. Жаңадан құрылған Дәулеткерей атындағы оркестрдің базасында өткізілген конкурс оның музыканттарына үлкен сын мен жауапкершілік жүк­теді. Өйткені үміткерлердің, яғни еліміздің әр аймағынан келген ха­лық аспаптар оркестрлері кәсіби ди­рижерлерінің қол қимылдары мен сілтеулері, жұмыс істеу тәсілдері мен трактов­калары бір-біріне мүл­дем ұқсамайтын. Олардың өзіндік мәнері мен машығын бірден танып, ұғыну оркестр мүшелеріне оңайға түскен жоқ. Алайда оралдық музыканттар кәсіби шеберлік танытып, бұл сыннан сүрінбей өтті. Әрі мұны оркестр тарихындағы алғашқы же­тіс­тік деп бағалағанымыз әбден орынды болмақ.

Бұдан кейінгі жылдарда Дәу­лет­керей атындағы оркестр көптеген байқаудың жүлдегері атанса, 2 жыл бұрын Тайвань елінде өткен ха­лық­аралық фольклор фестиваліне Қа­зақстанның атынан қатысып, бас жүлдені иеленді. Іле-шала кәсіби шығармашылық ұжым Атырау қа­ла­сында Құрманғазыға арналып өткізілген халықаралық оркестрлер фестивалінде де лауреат атанды.

Оркестрдің жеке орындаушылары қатарында Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» ор­денінің иегері Хатимолла Бер­ді­ғалиев, дәу­лескер күйші Ермек Қа­зиев, оркестрдің сүйемелдеуімен өнер көрсетіп жүрген Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Қанатқали Қожақов, Жұмағаным Рахимовна, Қазақстанның Еңбек сіңірген қай­раткері Мұрат Әмірханов және өзге де дарынды жас әншілер бар екенін айту парыз.

Бүгінде оркестрдің толық құрамы жастары 25-40 аралығындағы 50 музыканттан тұрады. Шығармашылық ұжымның еліміздің өзге өңірлерінде құрылған халық аспаптар оркес­тр­лерінен ерекшелігі – оның 90 пайызы кәсіби өнер иелері екендігі. Әрі көпшілігі Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларындағы жоғары му­зыкалық білім беретін оқу орын­­дары мен консерваторияны емес, керісінше Орал музыкалық кол­леджі мен М.Өтемісов атындағы Ба­тыс Қазақстан университетінің му­зыка факультетін аяқтағандар. Олардың бәрі де өз оркестрінің шынайы жанашырлары деп білемін. Әрі ұжым мүшелерін қосымша қаражат табу жөніндегі жеке бастың мүддесі емес, ұжымдық рух және оркестрдің мерейі мен мәртебесін биік ұстау жөніндегі ортақ мақсат біріктіріп жүргенін сезіне аламын. Сондықтан да шығар, біздің оркестр ұжымы өз құрамының тұрақтылығы және түрі мен мазмұнының өзара үндестігімен даралана алатынын айтады оркестрдің бас дирижері әрі көркемдік дирижері Еркін Нұ­рымбетов.

Құрылғанына 20 жыл толып отырған шығармашылық ұжым­ның материалдық тұрғыдан жарақ­тандырылуы қандай деңгейде деген мәселеге тоқталсақ, сол кез­ден бері музыкалық аспаптар жа­ңар­тылмағанын, ескілері жөн­деуге жіберіліп, жаңасы сатып алын­бағанын айтуға тура келеді.

Әйтеуір, таяуда ұлттық на­қыш пен дизайндағы ұлдар мен қыз­дардың жаңа костюмдерін тігуге сұ­раныс беріліпті. Сондай-ақ Ғари­фолла Құрманғалиев атындағы БҚО филармониясының концерт залы оркестрдің толық құрамда репетиция жасауына және концерт қоюына тарлық етіп жүргені де ойлан­дырмай қоймайды. Біз осы жай­лы Батыс Қазақстан облысы Мәде­ниет басқармасының басшысы­нан сұраған едік:

– Облыс орталығында бүгінгі заманауи талаптарға сәйкес кең ауқымдағы өнер шеберлерінің кон­­церттерін өткізетін залдың бол­мауы тек филармония ұжымы ға­на емес, сонымен бірге өңірдегі бар­лық өнерсүйер қауымның өкіл­де­рін алаңдатып келгені жасырын емес. Дегенмен алдағы жылы бұл олқылықтың орны толады деп сенеміз. Орал қаласының жаңа ша­ғын аудандарының бірінде 920 орынға арналған өнер орталығының құрылысы бой көтеріп келеді. Құрылысы алдағы 2021 жылдың ІІІ тоқсанында аяқталмақ, – деді Сай­ран Дүйсентегі.

Құрылғанына 20 жыл толып отырған Дәулеткерей атын­да­ғы Батыс Қазақстан облыстық ха­лық аспаптар оркестрі жаңа шы­ғар­машылық биіктерге ұмтылуда. Мұн­дайда «Па, шір­кін оркестр!» деп тағы бір мәрте сүй­сініс білдіру артық бола қоймас, сірә.

 

 

ОРАЛ