Медицина • 16 Қараша, 2020

Мейіргерлер «әскері» медициналық колледждердің 7,5 мыңнан аса түлегімен толығады

188 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Коронавирус індетінің алғашқы толқыны Алматыға үлкен сабақ болды. Сондықтан да бұл күнде мегаполистің денсаулық сақтау саласында кешенді жұмыстар жүргізіп отыр.

Мейіргерлер «әскері» медициналық колледждердің 7,5 мыңнан аса түлегімен толығады

«Жаңа толқын» жағдайында 5 500-ге жуық кадр резервте тұр

Аталған бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы кезекті онлайн-бри­­фингте Жоғары медициналық кол­лед­ждің директоры Светлана Сұл­тан­­ғазиева айтып берді. «Дәрі-дәр­мекпен дер кезінде қамтамасыз ету, кли­ника­лардың материалдық-техни­калық жабдықталуы, инфекциялық төсектік орындарды ұлғайту сынды әлеу­мет­тік-экономикалық мәселелерден басқа денсаулық сақтау ұйымдарын медицина кадрларымен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінді», деді ол.

Медициналық кадрлармен қамта­масыз етуді талдау барысында 2020 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша COVID-19 ауруын емдеуге 27 Денсаулық сақтау ұйымы жұмыл­ды­ры­лып, 6 200-ге жуық төсектік орын орна­ластырылғаны анықталды. Сол кез­де инфекциялық стационарларда
4 035 қызметкер еңбек етті.

Эпидемиялық жағдай тұрақтала келе, көпсалалы клиникалар қалыпты режімге көшкені белгілі. Коронавирус инфекциясы бар жұқпалы клиникаларда 100-ден аса науқас бар, 400-ге жуық дәрігер және мейіргер, кіші медициналық персоналдар штаттық режімде жұмысын жалғастырып отыр.

Қазір Алматы қаласында қоғамдық денсаулық басқармасына қарасты 74 ұйым, 20 республикалық ұйым және 93 жекеменшік нысанындағы ұйым жұмыс істейді. Бұл ұйымдарда 38 мыңнан аса қызметкер бар.

«Жаңа толқын» жағдайында 5 500-ге жуық медициналық кадр резервте тұр. Медициналық жоғары оқу орындарының оқытушылары, резиденттері мен дәрігер интерндерінен резерв қалыптастырылды, олардың саны 450-ге жуық.

 

Дәрігерлердің біліктілігін көтеруге қаражат бөлінді

Алматыда COVID-19 ауруын диагностикалау мен емдеу тақырыптары дәрігер даярлаудың басым бағыттарына айналып отыр.

«Биыл КВИ диагностикасы және емдеу, жаңа инфекциялық клиникаларда жұмыс істеу үшін медицина қызметкерлерін даярлауға баса көңіл бөлінді. Осы өзекті тақырыпқа шетелдік (Израиль, Германия, Ресей, Испания, Англия, Корея және т.б.) және отандық мамандарды тарта отырып, біліктілікті арттырудың 40-тан аса циклі өткізілді. Коронавирус инфекциясы тақырыбы бойынша тәжірибелік денсаулық сақтаудың 3 мыңнан аса қызметкері білі­мін жетілдірді. Басқа циклдарда 4,5 мыңға жуық маман оқытылды», дейді Жоғары медициналық колледждің директоры.

С.Сұлтанғазиваның айтуынша, жыл­дан жылға дәрігерлер мен орта меди­цина қызметкерлерін дипломнан ке­йін­гі даярлауға жергілікті бюджет­тен қаржыландыру өсіп келеді. Өткен жыл­­дармен салыстырғанда 2020 жылы Алматы қаласының медицина қызмет­кер­лерінің біліктілігін арттыруға жер­гі­лік­ті бюджеттен 60%-дан аса қаржы бөлінген.

«2020-2021 оқу жылдарында біздің колледжде оқу үшін 325 грант бөлінді, ал алдыңғы жылдары гранттар саны 225-тен аспаған. Мұның бәрі Алматы қаласы әкімдігінің жергілікті атқарушы органының тәжірибелік денсаулық сақтау проблемаларына жіті назар аударатынын білдіреді», дейді спикер.

Келер жылы 4 100-ден аса колледж студенті оқуын аяқтайды

Амандық болса, 2020-2021 жылдары медициналық колледждердің 7,5 мыңнан аса түлегі мейіргерлер «әскерін» толықтырады. Бүгінгі таңда Алматы қаласында бакалаврларды, интерн­дерді, резиденттер мен докторант­тар­ды да­­йындаумен айналысатын ірі жо­ға­ры оқу орындарынан бөлек, орташа медициналық қызметкерлерді дайындау­мен 10-нан аса медициналық колледж айналысады. Бұл оқу орындарында 14 мыңнан аса студент білім алуда (бұл білім алушылардың жалпы контингентінің саны), оның 10%-ға жуығы гранттық негізде оқиды. Оқыту «Емдеу ісі», «Мейірбике ісі», «Зертханалық диагностика, гигиена және эпидемиология», «Стоматология», «Фармация» және басқа да мамандықтар бойынша жүргізіледі.

«2020 жылы медициналық колледж­дерде оқуын аяқтаған 3 628 түлек диплом алды, атап айтқанда, біздің кол­леджден 364 маман бітірді. Бүгінгі таңда осы жылғы түлектер арасында жұ­мысқа орналасу пайызы жоғары және 93%-ға дейін жетеді, бұл біздің сту­дент­теріміздің қажеттілігін және білім берудің тиісті сапасын көрсетеді», деп атап өтті С.Сұлтанғазиева.

2021 жылы колледждердің 4 100-ден астам студенті оқуын аяқтайды, олар Алматы қаласы мен өңірлердің тә­жіри­белік денсаулық сақтау сала­сын­да­ғы қатарларын толықтырады.

Өткен жылдан бастап медициналық ұйымдардың сұраныстарына сәйкес, кадрлар даярлауға бағытталған дуаль­­ды білім беру енгізілді, яғни бұл – оқу орнында оқытуды тәжірибелік қызмет­пен үйлестіру, білім алушы үшін жеке бағдарлама жасау. Сабақтардың теория­лық бөлігі 30%-дан аспайды, сту­денттер көп уақыт тәжірибемен айна­лыса­ды, әрі қарай сол ұйымда жұмыс іс­тейді.

Жалпы, Алматыда медицина кадрларын даярлау жүйесі жолға қойылып, осы бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып жатыр.

 

АЛМАТЫ