Жобамен Назарбаев Университеттің Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институтының мамандары профессор Хусейн Атакан Варолдың жетекшілігімен шұғылдануда.
– Бұл жобаның мақсаты – алыс жерде болған төтенше жағдайларды, мысалы өртті, көлік апаттарын, табиғи апаттарды және басқаларын барынша тез анықтау. Қаладағы биік ғимараттар көп аудандарды, не болмаса қалтарыс жерлері көп жерлердің өзін көріп, қадағалап отыру қауіпсіздікті қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады. Бейнекамералар ТЖ немесе табиғи апат бола қалған жағдайда оны тез байқап, автоматты түрде белгі береді, сол арқылы өрт сөндірушілер мен жедел жәрдемнің, сонымен қатар полицияның жұмысын оңтайландырады. – дейді жобаның ғылыми қызметкері Ақнұр Қарабай.
Қазір ғалымдар қашықтан зондтау спутниктері мен ұшқышсыз басқарылатын қондырғылардың көмегімен түсірілген деректер негізінде бас қаланың цифрлы көшірмесін жасауда. Сол арқылы қаланың барлық бөліктерін егжей-тегжейлі зерттеуге мүмкіндік туады, жасанды интеллект соның негізінде қашықтан түсіретін бейнекамераларды орнату үшін елорданың барлық аудандарын неғұрлым кеңірек қамтитын жерлерді анықтайды.
Жас ғалым А.Қарабайдың айтуынша, Нұр-Сұлтанды түгел қамту үшін жүздеген камера орнатудың қажеті жоқ. Ең тиімді деген жерлерге орнатылған 5 камераның өзі қала территориясының 30 пайызын қамти алады. Себебі, қашықтан түсіретін камераны түрлі бағытқа бұрып отырып оның түсірілім аумағын да анағұрлым кеңейтуге болады. Ғалымдар неғұрлым аз камерамен барынша кең аумақты қамтуға тырысуда.
Халықтың өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталған жоба болғандықтан оны жүзеге асыру кезінде қателесуге болмайтыны түсінікті. Сол себепті ғалымдар оны тестілеуге де ерекше маңыз беріп отыр.
– Қаланың 3D картасының моделін пайдаланамыз. Камералар оналасқан жерлерге орай алынған бейнематериал мен оның өлшемдері негізінде модельдің пайдалануға қаншалықты дайын екендігі анықталады, – дейді А.Қарабай.
Tengrinews.kz хабарлағандай, әдетте мұндай жобаны жүзеге асыру өте қымбатқа түседі әрі көп уақытты қажет етеді. Дегенмен, Назарбаев Университеттің ғалымдары алдағы жылдың алғашқы жартысында жобаны толыққанды аяқтауды жоспарлап отыр.