«Ғашықтықпен өткен күндер ғана өмір, ал қалғаны жай күндер». Солай-ау. Халық жазушысы Мұхтар Шахановтың осы бір мөрлі де мөлдір өлеңінде үлкен азаптың бұғынып жатқанын сезсейші. Осы тақырып сөз болғанда қилы-қилы кезеңде өмір сүріп, сүйген жанға, ғашық жарға асыққан көңілдің, алабұртқан сезімнің тап барып тамырын басқандай болатыны несі екен?
«Помню, как в памятный вечер
Падал платочек твой с плеч,
Как провожала и обещала
Синий платочек сберечь».
Бұл сонау заманда махаббаттың әнұранына айналған «Көк орамал» әнінің алғашқы шумағы. Әкелеріміз аузына тастамай айтып жүретін би кештерінің ыстық ырғағы десек те болады. Екінші дүниежүзілік соғыстың алғашқы жылдары Мәскеу бағындағы әлдебір кеште поляк композитор Ежи Петербургский фортепианода әдемі лирикалық әуен орындайды. Мұңлы музыканы естіген ақын Яков Галицкий ерекше әсерленіп, сол сәтте әнге арнап «Көк орамал» атты өлең жазады. Туған жері мен сүйгенін сағынған қаламгердің жүрек сөзі сазгерге бірден ұнап, көп ұзамай туынды жарыққа шығады. Осылайша «Көк орамал» кеңестік вальс әні деген статусқа ие болып, әлемді шарлайды.
Бәлки бір бүйрегіңізде бүлк-бүлк етіп жатқан сағыныштан, бәлки нәп-нәзік және сондай жеп-жеңіл тәтті мұңнан ба, әйтеуір көк орамал десе, көңіліңізде бір сезім көктемгі көк тұмадай дүр-дүр ете қалатындай. Бұл көк орамал біздің аталарымызға әжелеріміз өз қолымен тігіп, тарту еткен кестелі орамал ғой. Неге өйтпесін: күні кеше ғана сенің бабаң, тіпті асылық емес-ау, сенің әкең я анаң осы бір асыл сезімді бастан кешті емес пе? Осы екі-ақ ауыз сөз аталғанда кеуде тұсында бір ғажайып махаббат дариясы арнасынан асып-тасып, шалқып-шаттанбаған жан аз болса керек. Ал бүгін ше?
Бүгін бәрі басқа. Ештеңе болмағандай... Белгілі жазушы Қоғабай Сәрсекеевтің «Кестелі орамал» атты кесек шығармасы бар. Оқымай-ақ тақырыбынан біраз сырдың басы ашылып тұратындай. Мұндай сүйекті сөздің, өзекті тақырыптың ішінде нешеме дүние жатқанын пайымдап, парықтап білу тағы сіздің есебіңіздегі дүние болса лазым. Әмсе, біздің мақсатта Сәрсекеевтің аты аталған шығармасын ежіктеп талдап беру емес-ті. Керісінше, жазушы шығармасын есепке ала отырып, осы ретте туынды тақырыбының жарты шығарма жүгін көтеретінін ескерте келіп, бір дәуірдің, бір қоғамның жазбауға, көтермеуге болмай қалған кестелі орамал тақырыбына қайта айналып соққымыз келгенінен еді.
Ойша шолып көріңізші, балбалы бүрлеп, баяны дүрлеген бағзы күннен таяқ тастам жердегі XX ғасырға дейін екшеңіз: ғашық жар, ынтық көңілдің сұлу галереясы көз алдыңызға келетіндей. Сырлы сезім де, сол сезімнен өртке айналған, өзек қарып, жан шыдатпаған ыстық махаббат та сонда. Бәдізшіден қалған жырдай қиссауи ғасырдан жеткен ғашықтық жырларға елітесің де, көңілдің тоқсан толғақты күйін шертесің де отырасың. Құдды бір ішіңе өрт түсіп кеткендей.
Мұндайда, арыға бармағанның өзінде ғажайып ақын Жұмекен Нәжімеденовтің басынан өткен жай да ешкімді бейжай қалдырмаса керек-ті. Көңілі қалаған, жүрегі сүйген Нәсіп қыздан кестелі орамал алып, мәңгілікке қосақ еткен Сабырұлы сол сертінен айнымапты. Ұлы Жұмекенге айналып, халқының шексіз махаббатында жүрсе де, ыстық-ыстық сезімнің шарпысында ғұмыр кешсе де, ақынның алып жүрегі баба өсиетнамасына бойсұнғандай әуелгі адал қалпынан бір сәт ауытқымапты. Даңқ атаулының қақ төбесінде тұрған сәтінде де қыз Нәсіптің сезімін орап ұсынған кестелі орамалы көз алдында тұрыпты. Ғажап емес пе?! Әсілі, мұндай асыл сезім кіршіксіз адал, қиянат атаулыдан ада ақтұма сезімнен туындаса керек. Ал оған себепкер де «тілсіз тілмен» кестеленген кестелі орамалдың қасиеті деуге болады.
Енді осы ғашықсый туралы аз-кем тоқталсақ. Жастар некелерін қиғанға дейін жиі кездеспей, жеңгелерінің көмегімен, кестелі орамал арқылы жұмбақтап сырласатын болған. Сөйтіп, кестелі орамал тілмен айтып жеткізгісіз сүйіспеншілік пен сенімнің символы болып ғасырдан-ғасырға жеткені ақиқат.
Мұны айтпағанның өзінде, сонау сұрапыл соғыс жылдары талай жауынгердің жігерін жанып, жеңісті күндерге үкілі үмітпен жетеледі. Бәрі де сұлу жардың үздіге, үзіле ұсынған кестелі орамалын кеудесіне басып, отбасына деген сағынышын, одан артып ел мен жерге деген махаббатын бәсеңсітті. Сөйтті де, сұрапыл оттың ішінде жасындай жарқылдап жүрді. Әрі көбі бір үмітті – кестелі орамал сыйлап, қиыла қалған қаракөз қыздың бейнесін құша жүріп аман қайтты да...
Тағы да ойға қаласың. Жазушы Айгүл Кемелбаеваның «Арзу» атты әңгімесін парақтап шығыңызшы. Мұнда да шығарма кейіпкері Шәмсияның кестелі орамалы. Мұнда да екі жастың сол ғашықсыйдан тұтанған махаббаты. Содан емес пе, Аққозының (бас кейіпкер) қабір басына барып түнеуге дейін шешім қабылдап, сүйген жарын аласұра іздейтіні. Бұл енді өз алдына бөлек әңгіме.
Көрдіңіз бе, бүгінгі жаһандану дүбіріне елегізіп, еліріп кеткен енжар қоғамда, сөз арасында айтқанымыздай, махаббаттың ғажап үлгісі бар ма? Бар болса, қанеки? Алау-далау өмірдің қызылды-жасылды тірлігімен болып, өз бойындағы асыл сезімді мұндай асқан жауапкершілікпен, кіршіксіз көңілмен жеткізетін жастың бүгінде некен-саяқ екені де рас. Мұны ойлағанда, әттең, шіркін, сол күнге ұлт болып оралуға асығасың!
Шыны керек, «Көк орамал» әнін тыңдап отырып, әр нәрсені ойлайсың. Түптеп, түстеп қайтеміз, көңілге келген ойдың бір ұшы осы еді. Оқыған жанның бәрі ғибрат алса, өнеге етсе дедік. Атақты композитор Мұқан Төлебаевтың «Кестелі орамал» атты тамаша әнін білесіз бе? Бәлки, есіңізде болса, бір сәт сол әнді әуелетіп көріңізші.
«Кестелі ақ жібек орамал,
Алыстан жолдаған сүйген жар.
Жауынгер жарым, сен есіңе ал, –
Деп жазған оюлап хаты бар».