Медицина • 16 Қараша, 2020

«Құрғақ көз» синдромы

931 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда өмір сүру салтымыздың салдарынан көп зардап шегетін мүшеміз – көз. Маңдайымызда жарқыраған екі жұлдыздың көмескі тартып, жасымызға жетпей түртінектеп қалып жатсақ та, оған да өзіміз себепшіміз. Өкінішке қарай адамның жасы келгенде көзінің нұры тая бастау қалыпты жағдай болса, қазір жастар арасында көз аурулары көбейіп кеткен.

«Құрғақ көз» синдромы

Көру – бес сезім мүшесінің негізгі ақпарат көзі. Адам ақпараттың 90%-ын көз арқылы алады. Маңдайдағы қос шамшырақты күтпесең, уақыт өте келе әлемді визуалды қабылдау қабілеті үлкен күйзеліске ұшырайды, көздің өткірлігіне кері әсер ететін түрлі өзгерістер жүреді. Осыны мамандар айтудай-ақ айтып келеді. Жыл сайын 11 қарашада Офтальмологтар күні атап өтіліп, көз ауруларына да бейжай қарамау керек екені қызу талқыланады.

Дегенмен біз офтальмологқа бару туралы тек көзімізде жайсыздық сезіне бастаған кезде ғана еске ала­мыз. Негізі сау адамның өзі жылына бір рет офтальмологқа барып, профилактикалық тексеруден өтуі керек. Алматы Орталық қа­ла­лық клиникалық ауруханасы оф­тальмологиялық қызмет бөлі­мінің меңгерушісі, медицина ғылым­дарының кандидаты, 25 жылдық тәжірибесі бар офтальмохирург Ардақ Каировтың айтуынша, қырық жастан асқан соң жарты жылда бір рет офтальмологқа қаралып тұру керек, ал диспансерлік есепте тұрған науқастар кем дегенде жылына төрт рет көз дәрігеріне барып тұрғаны жөн екен.

Оның айтуынша, біздің елде ең көп таралған көз аурулары: көзге ақтың түсуі – катаракта (көз жанарының бұлдырап, қарауытуы), глаукома (көз­дегі қысымның салдарынан пайда болатын суқараңғылық), птеригиум (көздің шырышты қабатының қабынуы), халязион (мейбомия бе­зінің қабынуы), сонымен қатар көз жарақаттары, көздің қабынуы. Миопия да – алдыңғы қатарда. Бұл гад­жеттердің кесірінен, тым көп телефонға телміруден болып отыр. Соның салдарынан соңғы кездері «құр­ғақ көз» синдромы көп кездеседі.

Көз және көру – адамның жалпы денсаулығының көрсеткіштері. Әри­не адамның ауруларына байланысты түрлі түйткілдер көру қабілетіне де әсер етеді. Әсіресе артериялық гипер­тензия, қант диабетіне шалдыққан адамдарда көз ауруымен ауру қаупі жоғары. Дәрігерлер көз ауруларында тұқым қуалаушылық маңызды рөл атқаратынын алға тартады. Ата-аналары көз ауруымен ауыратын бала­ларда да бұл аурулардың даму ықтималдығы айтарлықтай жоғары. Мұндай ауруларға миопия, глаукома, астигматизм, кератоконус, түрлі жүйелік және синдромдық аурулар жатады.

«Дегенмен мұнда адамның өмір салты мен күнделікті әдеттері маңыз­ды. Сізде тұқым қуалайтын бейімділік болғанның өзінде, бұл көз аурулары дамымауы да мүмкін. Халық қайғыға душар болған, жақынынан айырылып, қан жұтқан адамды кейде «жылай-жылай көзі ағарып кетті» деп жатады. Дегенмен көп жылаған адамның көзі ауырмайды. Қиналғаннан, қайғыдан арыла алмаған адам көзінен ғана емес, денсаулығынан да айырылуы мүмкін. Яғни, күйзеліс көру қабіле­тіне де әсер етеді. Стресс жалпы адам ағза­сының барлық мүшелері мен жүйе­лерінің өзгеруіне әкеледі. Тұрақты күйзеліске ұшыраған адам көру қабі­летінің бұлыңғырлығына, көз алдында жыпылықтаған шыбындарға, шар­шаңқылыққа, бас ауруына, көздің түйілуіне, құм сезуіне немесе көзге бөгде зат түсуіне шағымдана бас­тайды. Мазасыздық, жүйке кернеуі қандағы адреналин деңгейін, қан қысымын жоғарылатады, осыған байланысты миға қан беру нашарлайды, сондықтан көз ауыра бастайды», дейді А.Есімұлы.

Сондай-ақ адамның дұрыс тамақ­тануы маңызды рөл атқарады. Мы­салы, түнгі соқырлық (никта­ло­пия) дәрумендер тепе-тең­дігінің бұзылуынан болуы мүм­кін. Дұрыс тамақтану жалпы адам­ның ден­саулығына пайдалы. Офталь­молог­тың айтуынша, құрамында түр­лі тағамдық қоспалар, алкоголь бар зиянды өнімдерді, тұзды шамадан тыс тұтынатын өнімдерден аулақ болған жөн. Құрамында көп мөл­шерде дәрумендер бар тағамдар – балық өнімдері (Омега-3 май қыш­қылдарының қайнар көзі), құрамында А дәруменінің ізашары болып табылатын бета-каротині бар жемістер мен көкөністерді күнделікті жеп тұру керек. Сондай-ақ сүзбе кальцийдің, В тобындағы дәрумендердің және басқа минералдардың көп мөлшеріне байланысты пайдалы. Көкжидек көз торының жұмысына пайдалы.

Салауатты өмір салты адамның көзіне де әсер етеді. Жүгіру, жүзу, жеңіл аэробика сияқты спорт түрлері көруді жақсартады. Адам жүйелі түр­де дене жаттығуларын жасап тұруы керек. Ауыр физикалық белсен­ділік кері әсер ететін белгілі бір санат­тағы адамдар бар. Олар – миопиясы жоғары, көздің тор қабығында түр­лі дегенеративті өзгерістері бар, бұрын торлы қабықшаға немесе көз жарақат­тарынан кейін ота жасалған науқастар. Бокс немесе аралас жекпе-жек, ауыр атлетика кезіндегі басқа, бетке жасалған соққылар мен ауыр салмақ кері әсер етеді. Сондықтан кәсіби спортпен айналыспас бұрын дәрігерге көрініп бүкіл ағзаның диаг­ностикасынан өту керек.

А.Есімұлы кеңседе, компьютерде көп отыратындарға төмендегідей кеңес береді. Монитор көзден 40-75 см қашықтықта орналасуы керек. Экранның ортасы көз деңгейінен 15-20 см төмен, иықтар босаңсыған болуы керек, денеңіз ыңғайлы орналасуы керек. Жұмыс орнындағы жарықты реттеп отырған дұрыс: ол тым шаңқиған жарық немесе тым көмескі, әлсіз болмауы керек. Үстелге қоятын шамның жарығы сол жақтан түсу керек. Компьютерде жұмыс істеген кезде адам келесі ережелерді сақтауы керек: әрбір 30-40 минут са­йын көзді демалдырып, оған жаттығу жасаған өте пайдалы. Компьютерден алшақтап, терезеден қашықтыққа қарау керек, содан кейін мұрынның ұшында көзіңізді бірнеше секунд ұстап, көзіңізді бірнеше рет қатты ашыңыз. Максималды амплитудамен жоғары және төмен қараңыз. Көзіңізді сағат тілінің бағытымен, содан кейін сағат тіліне қарсы айналдырып, түрлі пішіндер немесе өрнектер салыңыз. Шағылысқа қарсы экран жабындарын қолданыңыз немесе шағылысқа қарсы көзілдірік киіңіз. Қасаң қабықты ылғалдандыратын дәрілерді қолданып тұруды ұмытпаңыз.

 

АЛМАТЫ