Қазақстан • 16 Қараша, 2020

Еңбекті қорғау – адамды қолдау

532 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Біздің елімізде адамдардың еңбегін қорғайтын, еңбек туралы заңнамалардың бұзылмауын бақылайтын, еңбекақының уақтылы төленуін талап ете алатын, ұжымдық келісімшарттардың қарапайым еңбек адамының мүддесін қолдауына мониторинг жасайтын, кәсіби науқастар мен өндірістік жарақаттар бойынша сараптар жасап, кімнің кінәлі екенін анықтайтын және еңбек адамын қолдайтын қоғамдық негіздегі кәсіподақтармен қатар арнайы мемлекеттік қызмет те бар. Оның ресми атауы Мемлекеттік еңбек инспекциясы.

Еңбекті қорғау – адамды қолдау

Биылғы қазан айына дейін Солтүстік Қазақстан облысында осы қызметтің басшысы болып Қайрат Пішенбаев деген білікті азамат жұмыс істеген еді. Ол Уәлиханов ауданының әкімі болып ауысқан соң қазір оның орнына Марат Омаров тағайындалды.

Міне, осы қызмет жыл басынан бері еңбек заңнамасының сақталуы бойынша 187 тексеріс жүргізіп, 584 бұзушылық анықтаған екен. Соның ішінде 142   млн теңге еңбекақының уақтылы төленбегенін анықтаған.

Осы бұзушылықтар үшін 43 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал оларға салынған айыппұлдың көлемі 8 млн. теңгедей болған. Еңбек қауіпсіздігі мен еңбек адамын қорғау бойынша жүргізілген 87 тексеріс еңбекті қорғау бойынша 123, еңбекқауіпсіздігі бойынша 52 бұзушылық тапқан. Жыл басынан бері облыс кәсіпорындарында 32 бақытсыз жағдайлар болған. Солардың кесірінен 35 адам жапа шеккен. Соның алтауы қаза тапқан.

Мұндай жағдайлар ауылшаруашылығы кәсіпорындарында көбірек кездеседі. Мәселен, биылғы күзде Тайынша ауданындағы «Астық Стэм» ЖШС тракторшысы сүрлем басып жүргенде «Кировец» тракторын аударып алған. Механизатордың өзі жаншылған кабинаның ішінде қалып, алған жарақаттан сол жерде көз жұмған.

Осы оқиға бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы мұқият тексеріс жүргізіп, айыпты механизатордың өзі мен жұмыс беруші екенін анықтады. Марқұмның кәмелетке толмаған 4 баласына сақтандыру компаниясынан өтемақы төленеді. Бұдан басқа да барлық жағдайлар еңбек заңнамаларына сәйкес тексерілген. Осыған байланысты 66 жұмыс берушіге міндетті түрде орындалуға тиісті нұсқамалар  берілген.

Өндірістік апаттар мен жарақаттардың алдын алу үшін мемлекеттік инспекция апта сайын еңбек тәртібін сақтау жөнінде облыс кәсіпорындары өкілдерінің қатысуымен семинар-кеңестер өткізіп тұрады.

Жуырда осы Еңбек инспекциясы қызметі бастығының орынбасары М.Сабағатов еңбекақы төлеу бойынша заңнамалардың сақталуына жасалған мониторингтің нәтижелері туралы айтып берді. Тексеріс 17 кәсіпорында жүргізілген. Осыларда жұмыс істейтін 1852 адамға кәсіпорындар 200 млн. теңгеден артық еңбекақы берешек болған. Осыған байланысты жұмыс берушілерге орындалуы міндетті нұсқамалар берілген. Сонымен бірге оларға 3,1 млн. теңгенің айыппұлы салынған.

Еңбек инспекциясына түсіп жататын арыз-шағымдар да көп. Осы жылдың 9 айында ғана олардың саны 646 болған. Соның 90 пайызы еңбек қатынастарына байланысты шағымдар. Еңбек қауіпсіздігі туралы жасалатын арыздар аз ғана.

Облыста жаман індетке байланысты шектеу шаралары енгізілгеннен бері арыз-шағымдар онлайн- режімде немесе электрондық нұсқа түрінде қабылданатын болды. Шағымның үлгілері инспекцияның ресми сайтында көрсетілген.

Солтүстік Қазақстан облысы