Департамент мәліметінше, Алтай аудандық бас санитарлық дәрігері міндетін атқарушының қаулысы 15 қараша күні күшіне енген. Құжатта Алтай қаласынан шығуға және кіруге тыйым салынғаны және санитарлық посттардың жұмысын қамтамасыз ету туралы жазылған.
Қаулы бойынша кинотеатрлар, моншалар, сауналар, бассейндер, театрлар, мәдени нысандар, кітапханалар мен музейлердің жұмысына тыйым салынды.
Сондай-ақ мектепке дейінгі мекемелерде және 1-4 сыныптарда ата-аналардың рұқсатымен 15 баладан аспайтын кезекші сыныптарды құру қажеттігі жазылған.
Естеріңізге сала кетейік, Шығыс Қазақстан облысында шектеу шаралары 25 қарашаға дейін ұзартылған. Бұл өңір коронавирустың таралу қарқыны бойынша "қызыл аймаққа" еніп отыр.