Қоғам • 17 Қараша, 2020

Сенімге селкеу түспесін десек...

585 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Соңғы уақытта елімізде сот жүйесіне жүктелген жауапкершілік пен сенім бір­шама артып келеді. Сонымен бірге бұрынғы уақытпен салыстырғанда азамат­тардың әділдікке қол жеткізіп, мәселенің ақ-қарасын анықтау үшін сот үкімі мен төрелігіне жүгіну үдерісі де тереңдей түсуде. Ендеше өз кезе­гінде сот жүйесінің де халықтың осы сенімі мен құрметіне сай бола білуінің де орны айрықша екені анық. Әйтсе де бұған дейінгі тәжірибеде мұндай құн­дылыққа селкеу түскен жайттар де кездескені белгілі. Дана халқымыз мұн­дай кезде «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деп орынды айтса керек.

Сенімге селкеу түспесін десек...

Осы орайда кейінгі кезде елімізде сот жүйесін одан әрі дамыту мен жаңғыр­тудың басым бағыттары белгіленіп, сот төрелігінің жеті түйіні тайға таңба басқандай шегенделіп тасталғаны мәлім. Біз таяуда осындай жаңа міндеттерге байланыс­ты облыстық сотта қолға алынған жұмыстардың жай-күйімен танысқан едік. Сот жүйесінің ең басты жұ­лыны – судьялар екені белгілі. Бұл бағыт­та оларға қойылатын талаптардың мейлінше күшейтілгенін айтуға тиіспіз.

Батыс Қазақстан облыстық соты Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі қоғам­дық кеңеспен өзара тығыз бай­ланыста жұмыс істейді. Осы қа­рым-қатынас негізінде судьялыққа үміт­керлер мұқият іріктеліп, олар жөніндегі ақпараттар жергілікті БАҚ-тарда берілуі құптауға тұрарлық мә­селе. Сондай-ақ үміт­керлердің кә­сі­би даярлығына қо­са, оның жеке басының қасиеттері мен адам­гершілік бітім-болмысына, қоғамдық ортадағы мінез-құлқына және өз ой-пікірін өз­гелерге сауатты түрде жеткізе білу қа­білетіне де жіті назар аударылады. Судьялардың қосымша білім алуға деген құштарлығы мен сұраныс­тары да ескерусіз қалмайды. Бұл үшін облыс­тық соттың оқу орталығында ар­найы сағаттар белгіленген. Бұған қоса олар­дың жоғары соттарда тәлімгер­лік­тен өтуіне жол ашылған. Осылайша үл­гілі сотты қалыптастыру жөніндегі жұ­мыстарды оңтайлы жүргізу мақсаты қойылған.

Келесі кезекте облыстық соттың бас­пасөз қызметінен алынған кейбір дерек­терге көз салсақ, 2020 жылдың он айында тараптардың татуласуына байланысты 133 қылмыстық, 959 азаматтық және 674 әкімшілік құқық-бұзушылық туралы іс тоқтатылғанын көреміз. Са­лыс­тырмалы түрде қа­растырғанда бұл жақсы нәтиже. Бү­гінгі күні сотқа дейінгі татуластыру ресімдері қоғам үшін оң мәнге ие қажетті қадам екені ешқандай талас туғызбайды.

Дамыған елдер азаматтарының сотқа сирек жүгінетіні бізге де ой салып жатса, бұдан еш ұтылмас едік. Сотқа дейінгі дауларды шешудің әртүрлі тәжірибелері мен жолдары бар екені мәлім. Дамыған елдер негізінен осындай форматтарға арқа сүйейтіні аңғарылады. Озық тәжі­рибеден үй­ренгеннің ешқандай жаттығы болмаса керек. Нәтижесінде, бүгінгі таң­да елімізде соттан тыс татуластыру орта­лықтары, билер кеңестері мен медиаторлар қауымдастығы құрылғаны тек оң бағаға лайықты. Осы арқылы қа­ра­латын дау-жанжалдардың деңгейін тө­мендетуге және бүгінгі күні соттарға түс­кен ауыр жүктемені жеңілдетуге бола­тыны белгілі. Жоғарыда айтыл­ғандай Батыс Қазақстан облысында сот төрелігінің жеті түйінінің бірі ре­тінде қарастырылған татуластыру мен бітімгершілік аясының кеңейе түс­кені бір мерей. Әйтсе де адам өліміне қа­тысты аса ауыр қылмыстық істерді та­ту­ластыру немесе бітімгершілік ресімд­ері арқылы шешу еш мүмкін емес. Сондай сәттерде әділ шешім алып, адам тағдырын шешу соттарға жүк­телген ауыр салмақтың бірі болып қала бермек. Мұндай жағдайда бірінші кезек­те судья нені негізгі назарға алуы керек? Біз бұл сауалды Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы Рүстем Мырзакәрімұлына қойған едік.

– Мұндай жағдайда заңды әрі әділ үкім шығару қылмыстық іске төрағалық етуші судьяға оңайға түспейді. Ата-ба­баларымыздың «Би төрттің құлы – бұлар адал еңбек, таза ниет, терең ой және әділдік» деген терең мағыналы сөзі бар. Осы қағидатты басшылыққа алған судьялар қателесе қоймасы кәміл. Сондай-ақ Қылмыстық-процестік кодекстің 25-бабында: «Судья дәлелдемелерді өзінің ішкі сенімі бойынша бағалайды. Бұл ретте ол заң мен ар-ожданды бас­шы­лыққа алады» делінген. Бұған «жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген дана хал­қымыздың нақылға бергісіз сөзін де қоса айтуға әбден болады. Бір сөзбен айт­қанда, аса ауыр қылмыстық істер бойынша шешім қабылдау кезінде судья­ның ой жүйесіне, ақылы мен санасына және ар-ұяты мен жүйкесіне үлкен салмақ түседі.

Сауалымызға осындай мәнді де ма­ғы­налы жауап қайтарған ол бұдан кейін биылғы жылы Азаматтық-процес­тік  кодекске де тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгі­зіліп, мұның өзі сот жүйесіне әжеп­тәуір леп алып кел­генін атап өтті. Жер­гілікті соттар­да судьялардың арасынан судья-татуластырушылар тобы бекітілгені жа­ңа­шылдықтың басты бір белгісі бол­мақ. Бұлардың басты мақсаты медиация тәртібі бойынша бітімгершілік жасауға болатын талап-арыздарды сот­қа істі қабылдағанға дейін екі тарапты татуластыруға қам-қарекет жасап, ме­диа­тивтік келісімді сот ұйғарымымен бекіту екенін білдік. Өңірде бұл бағытта оң нәтижелер бар екені де жағымды жайт. 

– Ал дау мен талас бітімгершілік ресімдері мен медиативтік келісімдер бойынша шешімін таппауы да әбден мүмкін емес пе? Сонда не істеу керек?

Бұл сауалға Рүстем Мырзакәрімұлы:

– Мұндай жағдайда судья тараптардан істің сол судьяның өзімен қаралуына қарсы еместігін анықтайды. Тиісінше тараптар қарсы болған жағдайда талап қою арызы басқа судьяға қайта бө­лінеді. Бітімгершілік ресімін жасау барысында алынатын дәлелдемелер істің мәні бойынша қарайтын судьяға тек тараптардың қарсылығы болмаған жағдайда беріледі. Осы арада бұрын мұндай талап кодексте болмағанын да айта кетуге болады деп, –  түсінік берді.

Биылғы жылдың қазан айының со­ңында өткізілген Қазақстан судьяла­рының VIII съезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сот жүйе­сінің тәуелсіздігі екінші басым бағыт деп атап көрсеткені мәлім. Осы бас­қосуда сот жүйесі бүгінгі заманауи өз­­ге­рістерден тыс қалмай оның талап­тарына сай болуға тиіс екендігі де айтылған еді. Осы жоғары деңгейге жету үшін сот саласындағы жетістіктер мен олқы­лықтарға ұдайы жан-жақты әрі терең сарап­тамалар мен талдаулар жасап отырудың тигізер пайдасы мол десек қателесе қоймаспыз. Бұл бағытта ең алды­­мен халықтың ой-пікірлері мен сын-ескерт­­пелеріне сүйенудің орны айрықша. Батыс Қазақстан облыстық соттары бұл бағыт­тағы бастамаға жедел үнқосуы құп­тар­лық іс.

Халыққа біртабан жақын болу үшін облыстық сот­тардың Instagram және Facebook парақ­шалары ашылған. Осы әлеуметтік желілер ар­қылы қа­ра­­пайым азаматтардың жергі­лікті сот жүйе­сінде болып жат­қан барлық өз­герістермен танысуына мүмкіндік жа­сал­ған. Бұдан бөлек облыстық соттың сай­тында сотта өткі­зіл­ген шаралар мен қарал­ған істер бо­йын­ша баспасөз парақ­шалары жүйелі түрде жарияланып отырады.

Ең бастысы, бүгінгі күні сот төрелі­гінің сапа­сын арттыру – халықтың сенімі мен құр­метіне ие болудың бас­ты жолы екені кейінгі кезде Батыс Қазақстан облыс­­тық соттарының қыз­метінде айқын көрі­ніс таба бастағаны елеулі жайт. Иә, қай кезде де сенім мен құр­метке селкеу түспе­гені игі.

 

Батыс Қазақстан облысы