Аймақтар • 17 Қараша, 2020

Зорлық түбі – қорлық

1915 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанай облысында «Отба­сын­дағы зорлық-зомбы­лыққа жол жоқ!» деп ата­латын республикалық акция өтті.

Зорлық түбі – қорлық

Шара барысында учаскелік полиция қыз­меткерлері мен психолог мамандар отбасы-ошақ қасында үй ішінің берекесін алып, әйелі мен бала-шағасына әлімжеттік көр­сетуді дағдыға айналдырған азамат­тардың үйлерін аралады. Әр отбасының тұр­мыс жағдайымен танысып, үйде неше жан барын, балалардың тұрмысын, олар­дың ата-аналарының жұмыс жағ­дайын сұрастырып білген мамандар үй ішіндегі татулықты сақтаудың маңызын, отбасылық жанжалдың соңы абырой әкелмейтінін түсіндіріп, уақытша жұ­мыссыз немесе жас баламен  отырған әйел­дерге тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері бойынша кеңес беретін сенім телефондарын қалдырды. Өз отбасында әлімжеттік көрген жандарға дағдарыс орта­лығы мен «Прогресс катализаторы» қоғамдық қорының білікті психологтері көмек көрсететін болады.

Облыстық полиция департаментінің мәлі­метіне сенсек, биыл аймақта жыл басы­нан бері өз отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген 3337 әйел тірке­ліпті. Құқық қорғаушылар мұ­ның өткен жылдың көрсеткішімен салыс­тырғанда 29%-ға төмен екенін айтып отыр.

«Биыл отбасылық-тұрмыстық қа­тынас­тар саласында 6293 қорғау ұйғары­мы шығарылды. Құқық бұзушылар­ға қа­тысты тоғыз жүзден астам ерекше талаптар белгіленді. Бұл қылмыстардың көбі негізінен үй ішіндегі қолайсыз жағдайға байланысты, сондай-ақ отбасындағы тұрмыстық жағдайдың төмендігіне, отбасы мүшелерінің арасындағы өзара сыйластықтың, түсіністіктің жоғалуына немесе үйде ерлі-зайыптылардың қосы­лып алып  алкогольді сусын ішуінің салдарынан туындап отыр», дейді полиция депар­таменті баспасөз қызметінің маманы Кенже Қонысбай.

Отбасындағы әлімжеттіктің алдын алу мақ­­­сатындағы шара барысында полиция қыз­меткерлері дағдарыс орталы­ғының пси­хо­логтерімен бірлесіп, есепте тұрған отбасы мүшелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Мамандар пандемияға байланысты аймақта қа­был­данып жатқан ка­ран­тиндік шектеу шараларының отба­сылық қарым-қатынасқа теріс ықпал етіп отырғанын айтады. Мәселен, биыл жыл басынан бері дағдарыс орталығына 696 әйел өтінім түсіріп, психологиялық кө­мек­ке жүгінген. Орталық мамандары 117 әйелге психологиялық көмек көр­се­тіп, өз отбасынан қағажу көрген 867 әйелге телефон арқылы кеңес берген. Ор­талық 4 әйелге психологиялық, мораль­дық қолдау көрсетумен қатар, өз қамқорлығына алып, уақытша баспанамен қамтамасыз етіп отыр.

Облыстық Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқарма­сының қызметкерлері және «Прогресс катализаторы» қоры соңғы аптаның өзінде отбасында жәбір көрген 9 әйел мен 10 балаға көмек көрсетті.

 

 Қостанай облысы