Экономика • 17 Қараша, 2020

Қазақстанның астығына сұраныс жоғары

255 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жаңа маркетингтік жылдың 4 айында Қазақстан 2 млн 734 мың тонна астық пен астық эквивалентіндегі ұн экспорттады. Оның 1 млн 934 мың тоннасы бидай, 701 мың тоннасы ұн.

Қазақстанның астығына сұраныс жоғары

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «ЕQ»

Ауыл шаруашылығы министрлі­гінің хабарлауынша, өткен марке­тингтік жыл­дың алғашқы 4 айында еліміз шет мем­лекеттерге 1 млн 624 мың тонна бидай мен 628 мың тонна астық эквивалентіндегі ұн экспорттаған. Басқа арпа, сұлы, жүгері, күріш, қарақұмық, тары сынды дәнді дақылдар экспорты 2020-2021 маркетингтік жылдың 4 айында 98 мың тоннаны құрады, оның ішінде 76 мың тонна арпа Иран еліне жөнелтілді.

– Бидай мен бидай ұнының басым бөлігі биыл Орталық Азия ел­деріне сатылды. 1 млн 293 мың тонна – Өзбек­стан­ға, 406 мың тонна – Тәжік­станға жө­нел­тілді. Қырғызстан мен Түрік­мен­стан­ға са­ту көлемі – 38 және 11 мың тонн­а­­ны құ­райды. Биылғы 1 шілдеден бастап Ауған­станға 593 мың тоннаға жуық, Қы­­тай­ға 194 мың тонна экспортталды, – деп ха­бар­лады ведомствоның баспасөз қызметі.

Соңғы жылдары Грузияға астық пен ұн сату төмендеген. Бұл ел 2014 жылға дейін басым нарықтар қатары­на кірген болатын. Өткен маркетинг­тік жылы Қазақстан Грузияға бар болғаны 2,6 мың тонна астық пен ұн сатса, биыл отандық өнім мүлде жөнелтілмеді.

Бірқатар елдердің қазақстан­дық ұнға деген қызығушылығының төмендегенін де айтпай кете алмаймыз. Айталық, қазақстандық өнімнің ірі импорттаушысы болып табылатын Өзбекстанға 2011-2012 маркетингтік жылы – 1,3 млн тонна ұн, 2015-2016 жылдары – 843 мың тонна, 2019-2020 жылдары – 345 мың тонна жіберілсе, 2020-2021 маркетингтік жылдың 4 айын­да көрші ел бар болғаны 103 мың тонна ұн сатып алды.

Соңғы жылдары қазақстандық ұн экспорты Ауғанстан мен Қытай нарығына көптеп жіберіліп жатқанын атап өткен жөн. Нарық қатысушылары үшін Қазақстан арқылы өтетін астық пен ұн транзитінің көлемі туралы ақпарат маңызды болып табылады.

2020 жылғы шілдеде республика аумағы арқылы басқа елдерге 17,4 мың тонна, тамызда – 32,8 мың тонна, қыркүйекте – 25,5 мың тонна, қазанда – шамамен 25 мың тонна астық жеткізілді. Ең көп жүк көлемін – шамамен 42 мың тоннаны Қырғызстан алды.

Ауыл шаруашылығы министр­лігі хабарлағандай, шілдеде – 9,6 мың тонна, тамызда – 11 мың тонна, қыркүйекте – 8 мың, қазанда 12 мың тонна бидай ұны транзиттелді. Жүктердің көп бөлігі, яғни 48 мың тоннасы Ауғанстанға бағыт алған. Астық эквивалентіндегі астық пен ұнның жалпы транзиті 160 мың тоннаға тең.

Биыл 3 қарашада БҰҰ-ның Еуропа­ға арналған Азық-түлік және ауыл шаруа­шылығы ұйымының 32-сессиясында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров: «Коронавирус пандемиясына, локдаунға және осыған байланысты шектеулерге қарамас­тан, Қазақстан көрші елдерге азық-тү­лік жеткізуді жалғастырды. Биылғы 8 айда ШЫҰ ел­деріне 1,3 млрд доллардың азық-түлі­гі жөнелтілді, ал өткен жылы бидай мен ұн экспорты есебінен Қазақстан ғалам­шардың 45 миллионнан аса хал­қын тамақ­тандырды» деген болатын. Сон­дай-ақ министр көрші елдердегі сұра­ныстың өсуін ескере отырып, Қазақ­стан ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлік өнімдерін өндіруді ұл­ғайтуды жалғастыратынын мәлімдеді. Сан­дық көрсеткіштер ғана емес, өнім сапасы да маңызды болмақ. Атап айтқан­да, елі­міздің органикалық ауыл шаруа­шылы­ғын дамытуға үлкен мүм­кіндіктері бар.

Еуропалық комиссияның ресми деректерінде экспорт көлемі бо­йынша Қазақстан Еуропалық Одақ елдеріне органикалық азық-түлік өнімдерін жеткізетін 123 елдің ішінде 9-шы орында тұр. Ал органикалық бидай мен майлы зығыр тұқымдарын сату бойынша еліміз көшбасшылар қатарына кіреді.