Аймақтар • 17 Қараша, 2020

Жемістінің жемісі

548 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сарыағаш ауданындағы Жемісті ауылы тұрғындарының басым бөлігі көп жылдардан бері көшет өсірумен айналысып келеді. Сондықтан да болар ауыл округін «көшет шығаратын ауыл» деп те атайды. Қазір диқандар көп өнім беретін көшеттерді өндіруді қолға алып, қарқынды бау-бақшаға ден қойған.

Жемістінің жемісі

Мысалы, Жемісті ауылында орна­лас­қан «Ынтымақ бес арыс» ЖШС осы­дан 3 жыл бұрын қарқынды алма бауын дамытуды қолға алған болатын. Алма көшеттерінің аралығын бір метр ету арқылы жерді үнемдеп, көп өнім алудың жаңа технологияларын енгізген серіктестіктің қарқынды бауы 25 гектар аумақты алып жатыр. Оған алманың «голден», «галла», «жи» сынды 7-8 сортынан 70 мың түп отырғызылған.

Бағбандар көшеттердің алғашқы жылдан бастап өнім бере бастайтынын айтады. Әрине, бірінші жылы көп емес, дегенмен 400 тоннадан астам өнім алынған. Ал биыл жеміс ағаштары енді гүлдеп келе жатқанда суық ұрып кеткендіктен өнім аздау болып, жалпы 110 тоннадан астам алма жиналды. Алынған өнім арнайы қоймада және сыйымдылығы 50 тонна болатын тоңазытқышта сақталады. Сол жерден сауда орындарына жіберіледі.

Шаруашылықта көшеттердің барлығы тамшылатып суарылады. Сол арқылы тыңайтқыштар да қоса беріледі. Қарқынды бау-бақшаның тиімділігі жоғары. Бір түп алма көшетінен 28-35 килоға дейін өнім жиналады. Маусым кезеңіне қарай 50-ге жуық адам жұмыс істейді. Теруге және тасы­малдауға арнайы техникалар қол­да­ны­лады. Серіктестік алмадан тосап да­йындайтын цех ашуды жоспарлап отыр.

Жалпы ауданда аумағы 2036 гектар болатын жеміс бауларының 1633 гектары өнім береді. Бүгінде қосымша 90 гектар жеміс көшеттері Құркелес, Дербісек, Қапланбек, Жемісті және Жібек жолы ауылдық округтерінде отырғызылды. Ал 1421 гектар жүзім алқабының 1236 гектары биыл мол өнім берді. Жүзім алқабын ұлғайту мақсатында тағы 70 гектарға көшет отырғызылған.

Жүзімі мен көкөнісі мол Сарыағаш ауданында биылғы 9 айда ауыл шаруа­шы­лығы саласы бойынша 67 млрд 266 млн теңгенің өнімі өндірілді. Оның 16 млрд 747,7 млн теңгесі мал шаруа­шы­лығына, 50 млрд 518,3 млн теңгесі өсім­дік шаруашылығы саласына тие­сі­лі. Аудан әкімі Мұхит Отаршиев берген мәліметтерге жүгінсек, ауыл шаруашы­лы­ғының негізгі капиталына 1 млрд 486 млн теңге, тамақ өнімдері өндірісіне 30 млн теңге инвестиция тартылды. Биылға жоспарланған 32 гектарға жылыжай салу толық орындалған. Ал тамшылатып суару тәсілі 720 гектарға енгізіліпті.

Аудан бойынша 58 ауылшаруашылық тех­никасы жаңаланып, жоспар 103,4 па­йыз­ға орындалды. Мал шаруа­шы­лығ­ы­н­да да өсім бар. Нақтырақ айтсақ, жыл басынан бергі 9 айда ірі қара мал саны 60,1 мыңға жетсе, қой-ешкі саны 468,2 мыңға, жылқы 16,5 мыңға, түйе бір мыңға, құс 393,1 мың басқа жеткен. Тірі салмақта 11672,2 тонна ет өндіріліп, 44157,8 тонна сүт сауылған. 1333,95 тонна ірі қара еті Өзбек­станға экспортталды.

Сарыағашта өндірілген өнім көрші ел ғана емес, басқа да шет мемлекеттерде және еліміздің басқа өңірлерінен келген туристер мен демалушылар сұранысына ие. Ауданға биылдың 9 айында келген 70 мыңға жуық турист Жемістінің жемісінен, Жүзімдіктің жүзімінен дәм татып, еліне ала қайтқаны анық. Туристер мен ем алушыларға 47 емдік-сауықтыру шипажайы, балалар шипажайы, балалар сауықтыру лагері, гольф клубы және 21 қонақүй қызмет көрсетті. Сондай-ақ биыл туризм саласын дамыту мақсатында жалпы құны 450 млн теңге болатын 4 нысан іске қосылып, 80 адам жұмыспен қам­тыл­ды.

Ауданда құрылыс қарқыны да айтар­лық­тай. «Бүгінде жалпы 4,3 млрд теңгеге 22 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде, ауызсумен қамту бойынша 2 нысан, тұрғын үй құрылысы бойынша 2 нысан пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 8 нысанның құрылысы аяқталады, ал қалған 10 нысан келесі жылға өтпелі. Халықты табиғи газбен қамту үлесі өткен жылы 50,7 пайыз болса, биыл бұл көрсеткішті 69 пайызға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Ал ауызсумен қамту бүгінде 50,7 пайыз болса, жыл соңына дейін 56,3 пайызға жеткізу көзделуде. Сапалы электр энергиясымен аудан халқының 98,5 пайызы қамтылған», дейді Мұхит Отаршиев. Шипалы суымен, жоғарыда айтып өтке­ні­міз­дей көкөніс, жеміс-жидегімен де танымал ауданда инфрақұрылымды дамытуға ерекше мән берілуде. Бұл орайда биыл республикалық және жергілікті бюджет есебінен 55,2 шақырым болатын 34 көшені орташа жөндеу жұмыстарына, жаңа көпір құрылысына 1 591,7 млн теңге қаралған. Бұл жұмыстарды қараша айында толы­ғы­мен аяқтау көзделуде.

 

Түркістан облысы