Оңтүстік Қазақстан • 17 Қараша, 2020

Алма бағы жайнаған...

1094 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жетісудың шұрайлы топырағына шаншыған шыбықтан шынар өсіп шығатыны жайында бұған дейін қаншама рет айтылған шығар. Біз де осыны қайталаудан танбаймыз. Өйткені, жасыл желегі жайқалған аумақтың көз жауын алатыны ақиқат. Әрі сулы да нулы өлкенің бағы мен бары да осы табиғи келбетінде болса керек.

Алма бағы жайнаған...

 

Қазір бұл тұмса сұлулыққа қолмен егіл­ген бақтар сән бере бастады. Яғни Жетісу өңірі қарқынды бақ өсіру мен жеміс ағаштарының санын көбейту жө­ні­нен де көшбасшы болып отыр. Бұл істе облыс аудандары жедел бастама көтеріп, озық үлгі көрсетіп отыр деуге болады. Мәселен, жер төсіне шыбық шаншып гүлдендіріп қана қоймай, агроөнеркәсіп кешенінің өркендеуіне үлес қосып отыр­ған ауданның бірі – Ұйғыр ауданы.

Ауданда биыл 22 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары себілген екен. Жалпы егілген бақ көлемі 4200 гектарға жеткен. Мұның 464 гектарына осы көктемде көшет отырғызылған. Бақ өсірумен айналысатын шаруашылықтың басым бөлігі ылғал сақтау технологиясына белсенді түрде көшіп жатыр. Қазір аудан бойынша 72 гектар бақ аумағында тамшылатып суару желісі жүргізілген. Бұл іс алма мен дәнді жемістер өсірумен шұ­ғылданып отырған «Alma Prodex» серік­тестігінің алқаптарында өз нәтиже­сін беруде. Шаруашылықта 25 гектар алма бағы бар. Онда алманың «Голден Делишес», «Фудзи», «Бребурен», «Флорина», «Гала», «Грени Смитт», «Ред Чиф» сияқты жоғары өнім беретін таны­мал сорттары өсірілуде. Серіктестік бас­шылығы биыл жеміс ағаштарының тү­рін көбейтуді қолға алған екен. Көк­тем­де 24 гектар жерге сары өрік көшеті отырғызылған.

– Бұл сұрыптар сұранысқа ие. Әрі дәру­­мен­ге бай, тасымалдауға және сақ­тау­­ға шыдамды. Алма бақтары тамшылату жүйесі арқылы суарылады. Ағаштарды зақымданудан және ауа райының түрлі факторларынан қорғау үшін көшетті бекіте түсуге арналған арнайы торлы жүйе орнатылған. Ол көшет­ті күн сәулесінің қатты түсіп күйдіріп жібе­руі­нен қорғайды. Жылына 350 тоннаға дейін өнім аламыз. Өнімнің көп бөлігі отандық нарыққа шығарылады. Мұнда тұрақты жұмыспен 11 адам қам­тыл­ған, ал маусым кезінде тағы 30 адам жұ­мысқа тартылады, – дейді «Alma Prodex» ЖШС директоры Қалиахат Үксүмбаев.

Жалпы былтырғы дерек бойынша Алматы облысында бақтардың жалпы көле­мі 23,5 мың гектарды құрады. Оның ішінде 2 мың гектарға жуық аумаққа интен­сивті алма бағы егілген. Яғни алма бағы­ның өзі 14,1 мың гектарды алып жатыр. Биыл осы бақтардан 139 мың тонна жеміс-жидек, соның ішінде 92 мың тоннадан астам алма жинау жоспарланған.

Айтпақшы, аймақта жылыжайлар саны көбейіп, көкөніс өсіру бағытында озық технологияларды қолдану да ар­тып келеді. Оның бір дәлелін осы Ұй­ғыр ауда­нынан байқадық. Мәселен, «Эко­про­дукт­плюс» серіктестігінің жылыжайы Түрік елінің технологиясын пайдаланып, авто­мат­тандырылған жүйеде жұмыс іс­тейді екен. Осындай озық тәжірибенің арқа­сында шаруашылық жылына 500 тон­наға дейін өнім жинауға қол жеткізіп отыр. Жылыжайда климатты бақылау жүйесі орнатылған. Озық технология жыл бойы бірқалыпты тем­­­ператураны сақтауға мүмкіндік бе­ре­­ді. 2019 жылы ашылған кешеннің аумағы 1,5 гектар ал­қапты алып жатыр. Шаруа­шы­лық негіз­гі­нен қияр, қызанақ, жуа өсіруге ден қо­йып отыр. Өнімдердің басым бөлігі ел аумағына шығарылып, көр­шілес мемлекеттерге экспортталуда. Мұнда қазір 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жал­пы Алматы облысында 101,1 гектар аумаққа орын тепкен 101 жылыжай кеше­ні бар екен. Олар биылғы 9 айда 24,5 мың тонна өнім жинаған.

– Қазір көкөніспен өңірдің өзін-өзі қамтуына, азық-түлік қауіпсіздігін қам­та­масыз етуге және көкөніс баға­сын тұ­рақтандыруға ықпал ететін тиім­­ді шараның бірі – жылыжай шаруа­­шы­­лы­ғын дамыту. Бұл жағынан Ұйғыр ауданы жерінің құнарлылығы, таби­­ға­тының қолайлылығы жылыжай шаруа­шылығы үшін аса тиімді. Оған қоса автоматтандырылған жүйені енгізу, тамшылатып суару және ты­ңайт­қыш­тар­ды қосу әдісі мен жылу жү­йесін ор­нату сияқ­­ты озық техно­ло­гияларға көшу шар­уа­­­шылықтарға өнімнің сапасын жақсартумен табысты еселей түсуге жақсы мүм­кіндік беріп отыр. Жер астынан шыға­тын ыстық су мен күн сәу­ле­сі­нің қызуы да кәдеге асуда. Табиғат сыйы біраз шы­ғын­ды азайтуға септігін тигізіп отыр, – дейді тақырыпқа орай ойын айт­қан облыс әкімі Амандық Баталов.

 

Алматы облысы