Әдебиет • 18 Қараша, 2020

Суреткер сыны

717 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қаламгер, ең алдымен суреткер болса екен дейміз. Ол дегеніңіз – қоғам бейнесін көркем шындық аясында образды түрде әңгімелеу. Алайда бұнымыз ойшылдықтан ада болу керек дегенді білдірмесе керек. Мұхтар Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясын жазған кезде үнемі өзімен бірге Джон Дрепердің «Еуропа ақыл-ойының тарихы» деген кітабын алып жүріпті. Оны әуелде Абай оқыған, сосын Әуезовтің жазу үстелінде тұратын кітабы болған деседі. Яғни батыс әдебиеті мен мәдениетін терең білген Абайдың тұлғасын ашып көрсету үшін заңғар Әуезовке Еуропа ақыл-ой тарихына дендеп енуге тура келді.

Суреткер сыны

Ешкім жазайын деп жазбайды (һәм жазбайын деп жазбай кетпейді екен). Суреткердің қаламынан туған көркем дүниенің бәрі – өмірдің ісі. Мың сан ойды әбден қорытып, көркем тіл кестесімен оқырманға ұсынған жазушылардың айырмашылығы – бейнелі ойлайтындығында ғана. Кейде ойшылдар тереңінен айта алма­ған дүниені ақындардың екі ауыз сөзбен анық та қанық етіп жеткізгенін байқаймыз. Философтардан ақындар­дың мерейі үстем, бәсі жоғары болатыны да осыдан шығар.

Табиғатпен етене жақын өмір сүргендіктен болар, қазақтың өзі де ойшыл халық. Сол үшін де қазіргі шығармада суретпен бірге соқталы ой болмаса, оқырманын қызықтыра қоюы екіталай.

Негізінен, ойшылдықтың белгі­лері автордың туындысынан да кө­рінеді. Мәселен, көп оқырман Тө­лен Әбдікті ойшыл қаламгер деп са­найды. Өйткені, «Ақиқат» пен оның жалғасындай болған «Парасат май­данында» суреткерлік пен ойшыл­дық ұштасып жатыр. Әдеттегі дәст­үрлі прозадағыдай қаһармандар әре­кетімен немесе шиеленіскен оқи­ғалар желісі арқылы көркемдік жүйе жасауға тырыспайды. Қайта сол шие­леністі ойлардың жетегінде кетіп, оқу­шыны ойландыра түсіп, тұтас бір көркем кеңістік құрады. Міне, бұл сурет­керлік шеберліктің астарында ылғи ой жататынын дәлелдейді. Әлемді мойындатқан жазушылардың шы­ғар­маларынан өзі философ, өзі психолог, өзгенің азасы мен қазасын түсіне алатын импатияға ие сезімтал автор образын көреміз. Бұл ұғым, түсініктердің барлығы суреткер сөзіне анықтама бола алатындай.

Әр оқырман шығарманы әртүрлі қабыл­дайды. Сізге ұнаған әңгімені замандасыңыз тіпті менсінбеуі мүм­кін. Көркем шығарма барша жұрттың көңілінен шығуы үшін – ол адамзаттық деңгейдегі туынды болуы керек шығар, сірә. Мәселен, Толстойдың, Достоевскийдің шығармаларын тек орысқа тиесілі дей алмаймыз. Олар әлдеқашан адамзаттың ортақ игі­лігіне айналып үлгерген. Не үшін «Құдіретті комедия» әлі күнге дейін көп оқылады? Ол да жалпы адамзатқа тән кесірлі ғадеттерді әшкере етуімен құнды. Осыдан жарты ғасыр бұрын-ақ мақталған кейбір шығармаларды бүгінде тіпті керек қылмаймыз – себе­бі де белгілі. Бәлки, бүгінгі тұр­мыс-санамызбен үйлеспейді. Бәлки, көр­кемдік қуаты уақыт сынынан өтпеді.

Алайда Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақтың бас ақыны» деп аталатын Абай жайындағы мақаласында айтылатын өлшемдер негіз болса, кез келген шығарманың ғұмыры ұзақ болатындай көрінеді. «Не нәрсе жайынан жазса да, Абай түбірін, тамырын, ішкі сырын, қасиетін қармай жазады», дейді ұлт ұстазы. Я болмаса, ұлы ақын шығармашылығы туралы айтқанда «сөзі аз, мағынасы көп, терең» деп келетін тұстары бар. Алдағы уақыттың үздік шығармалары да «сөзі аз, мағынасы көп, терең» болатын сияқты.

Жазғандарының бәрі кіл шедевр деген жазушы да болмаса керек. Мәселен, Абайдың алғашқы өлеңдері классикалық туындыға қойылатын талаптарға сай емес. «Өлең сөздің теориясы» атты монографиясында ақын өлеңдеріндегі кейбір ырғақтық бояу­лардың жұтаңдығын академик Зәки Ахметовтің дәйекті дәлелдермен таратып жазатыны бар-ды.

Сондай-ақ нақты мына туындысымен болашақ ұрпақтың кітап сөресінде тұрады деуіміздің өзі кей­­де қисынға келмейді. Өйткені, ертеңгі күннің оқырманын не қызық­тыратыны беймәлім. Дегенмен бел­гілі бір өлшемдердің аясында жа­зыл­ған шығарманы ешкім қатардан қал­дырып, бәйгеден аластай алмайтыны да анық. Бастысы, ең алдымен ол шығарма шынайы жазылсын. Бүгінгі таңда әдеби ортада «ХХІ ға­сыр­дың басты қаһарманы кім болу керек» деген сұрақ жиі қойылып жүр. Жазушыға кез келген қазақтың болмы­сын һәм ішкі психологиясын терең суреттеп, қайталанбас қаһарман жасауға болады емес пе? Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?..