Суретте:Байырғы қазақ атамекенінің ежелгі темір дәуірінде басталған моңғолоид элементінің краниологиялық сериялардағы (ерлер тобы) шартты моңғолиодтық үлесінің (ШМЭҮ) динамикасы.
Көлемі 30 баспа табақ, 464 беттік бұл туынды негізі екі бөлімнен тұрады. Біріншісіне – Қазақ халқының негізгі физикалық антропологиясына орай жүргізілген кешенді зерттеулер қамтылыпты. Бұл бөлім: Жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдар жігіндегі антропологиялық тоғысу; Байырғы атамекенінде өмір сүріп жатқан қазақ елі тұрғындарына этноантропологиялық шолу; Қазақ халқының соматологиялық сипаттамасы; Қазақ халқының дене құрылысы мен май бүрмелері; Қазақтардың дерматоглификалық сипаттамасы; Қазақтардың одонтологиялық сипаттамасы; Қазақтардың қан жүйелері мен генетикалық анықтамалары; Қазақтардың краниологиясы мен остеологиясының сипаттамалары; Аймақтық және субэтностық құрылымдары бойынша қазақтардың антропологиялық анықтамалары және Еуразияның түркітектес халықтарының лингвистикалық және антропологиялық тұрғыдан жүйеленуі деп аталатын 10 тараудан құралыпты.
Ал екінші бөлімі – «Байырғы қазақ атамекенінің тарихи дәуірлеріндегі тұрғындардың краниологиялық сипаттамасы» деп аталып, мұнда: «Байырғы қазақ атамекені ескерткіштерінің бүгінгі замандағы ахуалы мен краниологиясы; Түркі дәуіріндегі байырғы қазақ атамекені тұрғындарының крониологиялық сипаттамасы; Антикалық дәуірдегі байырғы қазақ атамекені тұрғындарының крониологиялық сипаттамасы; Савромат, сармат және ғұн дәуіріндегі байырғы қазақ атамекені тұрғындарының краниологиялық сипаттамасы; Ежелгі темір дәуіріндегі байырғы қазақ атамекені тұрғындарының краниологиялық сипаттамасы; Қола дәуіріндегі байырғы қазақ атамекені тұрғындарының краниологиялық сипаттамасы; Байырғы атамекенін палеоантропологиялық зерттеуден алынған кейбір краниологиялық анықтамалардың тарихи дәуірлік динамикасы; Бас сүйек арқылы адам бейнесін қалпына келтірудің қазақ халқы тарихында алатын орны; Байырғы қазақ атамекенінің краниологиялық ерекшеліктерінің жергілікті тілмен және діни сеніммен байланыстары; Қазақ халқының этноантропологиялық шығу тегі мен тарихи және физикалық дамудың шартты панорамалық кешенді жүйелері атты тағы да 10 тараудан тұрады.
Бұның бәрін неге тәптіштеп баяндап отырмыз? Өйткені бұл кітап әдеби көркем шығарма немесе деректі хронологиялық тарихи оқулық емес, қазақ халқының санғасырлық болмыс-бітім, этногенезінің ұзақ жыл ғылыми негізде сарапталған, өзгермейтін қатаң физикалық заңдылықтарға сүйене отырып, дәлел-дәйектермен жазылған керемет шығарма екенін айтпақпыз. Қазақтың жалпақ тілімен тәпсірлесек, қазақ халқын жер бетіндегі басқа мыңдаған этностан айырып, танытатын ұлттық коды. Сондықтан оқырмандар үшін әр бөлім, әр тарауды атап-түстеп айтуды жөн санадық.
Өйткені Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодты сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіз құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай» деп, ұлттық код мәселесінің қаншалықты маңызды екенін айта отырып, «ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды», деген еді. Демек бұл туынды Тұңғыш Президентіміз бастамасын қоғамға кіріктірудің оқулығы іспеттес.
Шындықты айтар болсақ, ғылыми еңбекті толық талдап түсіндіруге біздің білім-қабілет жете қоймасы анық. Сол себепті еңбек авторларының бірі Оразақ Смағұлұлына хабарласып, «Бұл кітабыңыздың басты ерекшелігі не?» деген сұрақ қойдық:
– Бұл кітапты оқыған адам қазақ халқын көнеден келе жатқан этнос ретінде танып, оның бұзылмай-сызылмай сақталған қырық ғасырлық тарихы барын ғылыми дәлелдер негізінде түсіне алады – дейді, жақында ғана 90 жасқа толған академик ақсақал. – Кітаптағы ғылыми тұжырымдар – жаратылыстану ғылым бойынша емес, биологиялық тұрғыдан анықталып отыр. Ғұмырымның жартысы тек осы еңбекке арналды. Бұл кітапта қазақтың бүтін этнос ретінде төрт мың жылдық тарихы бар халық екені дәлелденді. Мұндай ұзақ тарихы бар халық әлемде жалғыз еврей деп жүрдік. Оның өзінде олар өз тарихын теологиялық діни концепцияға байланыстырып дәлелдеп жүр. Бұл нақты ғылыми тәсілге жатпайды. Ал қазақтар ше, антропологиялық ерекшелігі жағынан Еуразияда тұрып жатқан халықтардың бірде-біреуіне қосылмайтын жеке-дара этнос. Бұндай ерекшелікпен жаратылған халық әлемде кемде-кем. Өйткені біздің ата-бабаларымыздың ешкімге ұқсамайтын керемет даму сатылары болған. Мына кітапта қазақтың ұлттық ерекшеліктері нақты дерекпен баяндалады.
– Бұл жұмысты қай жылдан бастап қолға алдыңыз және зерттеу нысанына халқымыздың барлық тобы толық қамтылды ма?
– Жұмысты1966 жылы бастадым. Ол кезде елімізде 19 облыс бар-тын. Жыл сайын осының бір-екеуін қамтып отырдым. Зерттеуге отырықтасқан қала қазақтарынан гөрі, ауыл тұрғындары, яғни дала қазақтары көптеп тартылды. Өйткені қазақтың популяциялық генетикасы ауыл қазағында жақсы сақталған. Сонымен қатар зерттеу нысанына 12-ден 60 жас аралығындағы ер және әйел адамдар тартылды. Одан кейін антропологиялық зерттеудің негізгі саласының бірі – тіс морфологиясына 12-17 жас аралығындағы жастар таңдалды. Себебі бұл жаста тістің тұрақты кезеңі болады. Сонымен қатар қазір әлемде 7 миллиардтан астам адам болса, солардың алақан терісінің бедерлері бір-біріне ұқсамайды және жеке қауымның өмір сүрген ортасы, ішкен тағамы, табиғат ерекшелігіне байланысты ұзақ жыл қалыптасқан ерекшелігі болады. Соны ұзақ жыл зерттедім. Содан кейін сақ, ғұн дәуірінде өмір сүрген ата-бабаларымыз бен қазіргі қазақтардың қаңқасы, бассүйектеріне ұзақ мерзімді кешенді зерттеу жүргіздім. Сонымен қатар еңбекте қазақ этносына қатысты оның бет-бейнесі, қан жүйесі, тіс құрылысы, сезімі, тері бедерлері мен қаңқа сүйектеріне ұзақ жыл жүргізілген кешенді салыстырмалы зерттеудің нәтижесі топтастырылды. Яғни қазақ халқы Еуразия құрлығында өзімен бірге тұрып жатқан жүздеген этностық топпен салыстырылып зерттелді. Нәтижесінде, қазақ халқы ешкімге ұқсамайтын жеке-дара, құдай айрықша бөлек етіп жаратқан, өзіндік морфофизиологиялық анықтамалары мен антропологиялық мәртебесі бар этнос екені дәлелденді. Осы зерттеудің арқасында қазақтың биологиялық, антропологиялық тарихы жаңадан жазылып, ешкімге ұқсамайтын этнос ретінде 40 ғасыр бұрын пайда болғандығы толық дәлелденді.
– Болашақта сіз дәлелдеген тұжырымдарға қарсы уәж айтушылар болуы мүмкін бе?
– Мен жасаған тұжырымға қарсы шыққысы келген адамның қолында менікі сияқты 60 жыл жиналған ғылыми дерек қоры болуы керек. Әйтпесе бекер.
* * *
Байқағанымыздай, бұл кітап академиктің жанкешті еңбегінің жемісі. Осындай ұлттық коды, яғни физикалық антропологиялық ерекшелігі зерттеліп, ғылыми айналымға түспеген халық қаншама.
Кітапта келтірілген деректерге мән берген адам қазақ халқының көпсалалы кешенді морфофизиологиялық және популяция-генетикалық ерекшелігіне негізделген соматологиялық (антропометрия, дене пропорциялары, май бүрмелері), одонтологиялық (тұрақты тіс құрылымы), серологиялық (қан жүйелері, дәм сезімдері), дерматоглификалық (алақан және саусақ бедерлері), остеологиялық (қаңқа сүйектерінің анықтамалары), краниологиялық (бассүйек құрылымы) және палеоантропологиялық зерттеу нәтижелерінің қорытынды түйіндерімен танысары сөзсіз.
Аталған туынды жайлы бірауыз сөзге сыйғызып, қорытынды айтар болсақ, бүгінгі өмір сүріп отырған атамекенімізде бізге дейін, яғни біздің жыл санауымыздан бұрынғы 20 ғасыр (екі мың жыл), одан кейінгі біздің жыл санауымыздан бастап қазірге дейінгі 20 ғасыр (екі мың жыл), барлығы 40 ғасыр, 4000 жылдық қазақ халқының антропологиялық дерегі жазылған. Ал еңбектің жаңалығы – осы аралықта қазақ халқының морфофизикалық құрылымында өзгеріс болмағандығы. Яғни қазақ халқы бір жақтан көшіп келіп қоныстанбаған, ежелден ұлы дала тұрғындары.
Бұндай ғылыми дәйек – халқымыздың 40 ғасырлық биоәлеуметтік және этномәдени даму жолы бар, өзінің байырғы мекенінде өмір сүріп келе жатқан, онысын дәлелдейтін кешенді артефактілері жетерлік этнос екенінің айғағы. Бұл кітап қазақ халқының төлқұжаты іспеттес. Уақыты келгенде бұл туынды – қазақ баласын ежелгі ата-бабасымен сабақтастыратын бірден-бір дереккөзі ретінде өзекті болары анық.