Суретті түсірген Жеңіс ЫСҚАБАЙ
Оның ішінде агроөнеркәсіп кешені мен жеңіл және тамақ өнеркәсібіндегі жалпы өнім үлесі республика бойынша көш басына шықты. Маңдай тердің өтеуіне ырыс пен бақ ұялап, табыс еселенді. Диқанның орған егінінің көлемі артып, жайлау төсіндегі төрт түлік саны көбейді. Дерек бойынша, қазір облыста ірі қара мал басы 1,3 млн-нан, ал қой мен ешкі 4,2 млн бастан асқан. Нәтижесінде сүт өндірісі бойынша 26 мың бастан астам сауын сиыр тұяқ тіреген 82 тауарлы-сүт фермасы жұмыс істеп тұр. Ет өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 4%-ға өсіп, 66 %-ға жетті Жалпы, Алматы облысындағы атқарылған істің негізгі бөлігі «Тәуелсіздікке тарту» акциясының аясында жалғаспақ. Осы бір айда өңірде барлығы 30 маңызды нысан іске қосылып, арнайы іс-шаралар жүзеге асады.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмаларын іске асыру мақсатында тәуелсіздік жылдары үлкен жұмыс атқарылды. Тұңғыш Президент бейбітшілік пен қоғамдық келісім қамтамасыз етілген, экономикасы қарқынды дамып келе жатқан заманауи мемлекет құруға үлкен мән берді. Ал Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ақыл, ғылым, білім мен еңбектің уақыты келгенін атап өтті. Келесі жылы ел тәуелсіздігіне 30 жыл толады. Бұл бізге шексіз құрметпен қатар асқан жауапкершілік жүктейтін мерейлі мезет. Осы мақсатта биыл облыста экономикалық және саяси реформалар, цифрландыру, адам құқықтарын қорғау, денсаулық сақтау мен білім беруді дамыту, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғауға негізделген шараларға басымдық беріліп отыр, – дейді Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Әли.
Еңбек өнімділігі мен нақты табысқа негізделген жұмыс нәтижелі болатыны анық. Мұның бір көрінісін аймақтағы тұрғын үй құрылысының қарқынынан бағамдауға болады. Биылғы 9 айда 712,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, нәтижелі көрсеткіш 7,6 %-ға өскен. Ал жылдық жоспар бойынша 938,8 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа беріледі. Оның ішінде «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде тұрғын үйлер мен инженерлік инфрақұрылымдардың құрылысына 38,3 млрд теңге бөлінді. Жалпы, облыста барлығы 2843 пәтерлік 566 тұрғын үй салынуда, оның 1020 пәтері көпбалалы отбасыларға беріледі. 1533 отбасы «7-20-25», «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ 5-10-20» жеңілдетілген бағдарламалары бойынша пәтер алады. Бір ғана Талдықорған қаласында 670 үйден тұратын коттедж қалашығының құрылысы жүріп жатыр. Биыл 345 үй қолданысқа берілмек.
– Биыл елдегі жағдай пандемияға байланысты күрделене түсті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Үкімет халықты қорғау және бизнесті қолдау бойынша уақтылы шаралар қабылдады. Нәтижелі жұмыстың арқасында Алматы облысындағы әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдай тұрақты болды және өңір барлық негізгі бағыттар бойынша өсімді жоғалтпады. Бұл іс жалғаса береді. Осы орайда біз Жетісу өңірінің атынан 16 қараша мен 16 желтоқсан аралығындағы кезеңде 30 әлеуметтік маңызы бар нысан мен іс-шараларды қамти отырып, «Тәуелсіздікке тарту» акциясын іске қосып отырмыз. Өңір үшін маңызды нысандар Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында ашылады. Тәуелсіздіктің арқасында елімізде әлеуметтік нысандардың ғана емес, кәсіпкерліктің де көкжиегі кеңейді. Жаңа өндірістік жобалар облыстың жетекші аудандарында іске қосылады. Осы санатта Кербұлақ ауданындағы қуаты жылына 1,2 млн тонна өнім шығаруға жететін «Алацем цемент зауыты, Іле, Ұйғыр ауданының жаңартылған құс фабрикалары, қуаты 50 МВт болатын Қаскелең күн электр стансасы және 1200 бас сауын сиыр ұстауға лайықталған, жобалық құны 2,5 млрд теңге болатын сүт фермасының іске қосылуы алдағы Тәуелсіздік күніне тарту болмақ, – деді әкімнің орынбасары өз сөзінде.
Сондай-ақ аймақтағы ауылдарға қажетті жағдай жасау үшін басталған жобалар жалғасын табады. Мәселен, осыдан 2 жыл бұрын Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен қалпына келтірілген Райымбек ауданын одан әрі дамыту басты назарда. Бүгінде аудандағы тұрғын халық саны 40 мыңға жуықтаған. Әсіресе аймақтың дамуына үлес қосуға ниетті жігерлі жастар туған өлкелеріне қайта оралуда. Нарынқолға келіп, ірге бекіткен жастар екі мыңнан асады. Дәл осы ауданда Тәуелсіздік күні қарсаңында 82 тұрғын үй, әкімшілік ғимараттары және басқа да әлеуметтік нысандар пайдалануға беріледі.
Жергілікті тұрғындарға жайлы өмір жасау мәселесі облыс басшысы Амандық Баталов ұстанған саясаттың басым бағыты болып отыр. Әсіресе аймақтағы саяжай алаптарының дамуы жіті бақылауда. Мысалы, бірер күнде «Тәуелсіздікке тарту» акциясы аясында Талдықорған қаласы маңындағы «Шайқорған» және «Қызыл тас» саяжай секторлары тұрғындарының жол қатынасы мәселесі шешімін тауып, жалпы құны 595 млн теңге болатын екі көпір пайдалануға беріледі.
Қазақстанның мемлекет ретінде іргесі бекіген жылдардан бері Жетісудың келбеті ажарланып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайы да жыл сайын жақсарып отырғанын көзіқарақты адам анық байқар еді. Мысалы, Талдықорған қаласына табиғи газ желісі тартылуын ғасыр оқиғасына балауға болады. Жалпы, бүгінге дейін облыстағы 144 елді мекен газдандырылған. Яғни табиғи газға 1,1 млн адам немесе халықтың 56 %-ы қол жеткізгені жайында нақты дерек бар. Енді аймақтағы 5 ауданның тұрғындары үшін көгілдір отын желісін тарту міндеті тұр. Мәлімет бойынша, қазір ұзындығы 224 шақырымдық «Талдықорған – Үшарал» және ұзындығы 118 шақырымдық «Шелек – Кеген» магистральды газ құбырын салудың алғышарты жасалған. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 149,1 млн теңге бөлінген. Жоба алдағы жылдары іске асса, бұған дейін газ құбыры жетпеген 5 ауданның 91 ауылы табиғи отынмен қамтылады.
– Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту және халықтың денсаулығын жақсарту туралы тапсырмасына сәйкес Алматы облысында 100 спорт нысанының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Мысалы, облыста қазірдің өзінде 8 дене шынықтыру-сауықтыру кешені бар, жыл соңына дейін 7 жаңа спорттық-сауықтыру кешендері мен спорт алаңдары пайдалануға берілмек және өңірде денсаулық сақтау саласы бойынша 17 нысан салынып жатыр. Жыл соңына қарай аудандарда 13 дәрігерлік амбулатория ел игілігіне беріледі. Айтпақшы, облыс орталығында әлемдік стандартқа сай келетін, олимпиадалық бассейннің ашылуы да жетісулықтар үшін маңызды тарту болмақ. Қазірдің өзінде көздің жауын алатын, сәулеттік келбетімен және қайталанбас стилімен елдің таңдайын қақтырып отырған бірегей спорт нысаны су спортының дамуына жол ашады деп сенеміз, – дейді «Тәуелсіздікке тарту» акциясы аясында қолданысқа берілетін нысандарға тоқталған облыс әкімінің орынбасары Рустам Әли.
Айтпақшы, тәуелсіздік кезеңінде аймақта тұрғын үй құрылысымен қатар мектеп салу ісі де қарқын алғанын айтпай кету әділетсіздік болар еді. Соның нәтижесінде Алматы облысы апатты жағдайдағы мектептер мен үш ауысымда оқытатын білім ошақтарының санын азайтуға қол жеткізді. Биылдың өзінде 32 білім беру нысанының құрылысы аяқталмақ. Бұл санатта 23 орта мектеп, 3 балабақша, 1 өнер мектебі, 1 спорт зал және 4 арнаулы білім беретін оқу орнының жатақханасы бар. Ал алдағы жылы 15 мектептің құрылысы аяқталмақ. Негізінен, биыл өңірдегі 55 мектепке 23,9 млрд теңгеге күрделі жөндеу жасалған.