Қоғам • 18 Қараша, 2020

14157 маман оқытудан өтті

229 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шымкентке соңғы бір айдан аса уақыт ішінде шетелден ұшып келген 75 қазақстандықтың екеуінен жұқпалы инфекция анықталып, госпи­тальға жатқызылған. Ал вирус анық­талған 7 баланың біреуі ауруды Сарыағаштағы шипажайда демалып келген әжесінен жұқтырған. Айта кетер­лігі, 7 балада да ауру симптомсыз болған.

14157 маман оқытудан өтті

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позиловтің деректері бойынша, ауруханаларда науқастарға арналған 1 060 төсектік орынның 868-і бос тұр. Медициналық мекемелерде 192 науқас ем қабылдауда. Қазіргі таңда қала тұрғындарына қызмет көрсететін 9 ПТР-зертханасы жұмыс істеуде. Олар күніне 3 550 тест жасауға қауқарлы. Осы уақытқа дейін 130 мыңға жуық азамат сынама жасатқан.

Эпидемияның екінші толқынына да­йын­дық кезінде реанимациялық төсек­терді жабдықтау мақсатында 314 функ­ционалды кереует, 381 дозатор, 266 реа­нима­циялық монитор және 381 меди­циналық сорғыш қондырғы сатып алынған. Басқарма басшысының айтуына қарағанда, соңғы кездері коронавирус инфекциясы диагнозы қойылғандардың барлығы – республиканың өзге қалаларында вахталық жұмыс істейтін азаматтар. Олардан вирус кезекті жұмыс сапарына аттанардың алдында тапсырған ПТР-тесттің қорытындысы кезінде анықталып отыр. Қазіргі таңда нау­қастар тиісті ем-домын алуда.

«Пандемия өршіп тұрған уақытта, яғни жаз маусымында ковид және пневмонияға шалдыққан жүкті әйелдерге медициналық көмек көрсетуде қиындықтарға тап болдық. Себебі қалалық инфекциялық госпитальда орын жетіспеушілігі туындады, ал перинаталдық орталықтар вирус жұқтырған жүкті пациенттерді қабылдай алмады. Өкінішке қарай, осындай проблемалардың салдарынан 12 аяғы ауыр әйел көз жұмды. Мұндай қателіктерге жол бермес үшін қала­лық жұқпалы аурулар орталығында жүкті әйелдерге арналған операциялық блок әзірлеп қойдық. Жақында ғана онда ковидке күдікті ай-күні жетіп қалған жүкті емделушіге дәрігерлер кесарь тілігін жасап, аман-есен босандырып алды. Дүниеге келген қыз бала дереу қалалық балалар ауру­ханасына оқшауланды. Сәбиден вирус анық­талған жоқ», дейді Б.Позилов.

Коронавирус және пневмониямен ауыр­ған­дар оңалтуды қажет етеді. Осы орай­да үшінші мегаполисте коронавирус­пен ауырып, емделіп шыққан науқастарға оңалту шаралары жекеменшік клиникаларда жүр­гізілу­де. Олардың барлығы қажетті аппараттармен, оның ішінде өкпенің жұмысын қал­пына келтіретін ең басты құрал – вибролангпен жабдықталған. Алдағы уақытта ін­дет­тен айыққан жандарды сауықтыру үшін арнайы оңалту орталығын ашу жоспарланып отыр. Ол үшін қаладан құрылыс нысаны таңдалуда. Сондай-ақ індетпен күрес жұмыстарына мамандарды жұмылдырмас бұрын олардың жас шамасына, денсаулық жағдайына да көңіл бөлінуде. Егер медицина қызметкерінің жасы үлкен немесе қосымша аурулары бар болатын болса, олар науқастармен тікелей қарым-қатынасқа түспейтін пациенттерді дистанциялық түрде бақылау, қоңырау шалу секілді өзге шара­лар­ға жұмылдырылуда. Маман тапшы­лы­ғы да оң шешімін тауып келеді. Бұл орайда, басқарма басшысы жыл басынан бері 14 157 медицина қызметкері коронавирустық инфекцияны емдеу бо­йынша оқытудан өткенін айтады. Сондай-ақ дәрігерлер үшін семинарлар жиі-жиі өткізілуде.

«Бүгінде реаниматологтердің жетіс­пеу­шілігін шешу мақсатында 40 рези­дент пен 39 фтизиатр-пульманолог реани­ма­циялық алғашқы көмек көрсету бойынша оқытылуда. Әрине, саннан гөрі маманның сапасы, біліктілігі аса маңызды. Біз осы мақсатта жоғары оқу орындарында білім алып жатқан 40 резиденттің оқу үлгерімін бақылап отырмыз. Білім сапасы жоғары болуын жіті назарда ұстаудамыз», дейді басқарма басшысы.

Індеттен сақтану бойынша түсіндіру жұ­мыстары да жан-жақты жүргізілуде. Мы­салы, қаладағы 36 мемлекеттік және 22 жекеменшік медициналық ұйым ресми парақшалары арқылы аптасына үш рет коронавирустан сақтану жолдарын тікелей эфирде түсіндірген. Жалпы, бүгінге дейін осындай 90-ға жуық тікелей эфир ұйым­дас­тырылыпты.

 

Шымкент

 

Соңғы жаңалықтар