Таным • 18 Қараша, 2020

«Ерте ұйықтайтын ел»

2991 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ұлыбритания ауқатты елдің бірі саналады. Тұманды Альбион ішкі жалпы өнім көлемі бойынша әлемде бесінші орында тұр. Тауар сатып алуға қабілеті жөнінен де ағылшындар топ басында. Қысқасы, әлеуметтік тұрғыда жақсы қамтамасыз етілген. Әрине, мұның экономикалық себептері көп. Бірақ ең бастысы, халықтың өмір салтына, атап айтқанда, ұйықтау мәдениетіне тікелей қатысты.

«Ерте ұйықтайтын ел»

Осыдан бірнеше жыл бұрын «Болашақ» стипендиясын жеңіп алып, Англияда екі жыл білім алуға мүмкіндік туған еді. Сол кезде ағылшындардың күнделікті тұрмыс-тіршілігін түсініп, былайғы уақытта аңғара бермейтін өмір салтынан аздап хабардар болғанымыз бар.

Лондон қаласының орталығына бара қалсаңыз, қалың базарға түсіп кеткендей әсерде қаласыз. Ығы-жығы адам көп. Қалада қас қарая көшеде топырлап жүретін нөпірдің аяғы басылады. Сағат тілі түнгі 12-ні көрсетер тұста ілуде біреу ғана кездеседі. Тіпті, ырду-дырдудың нағыз ортасы саналатын Сохо ауданында да беймезгіл көше кезгендерді байқамайсың. Өте кеш жабылатын пабтардың өзінде бірен-саран қонақ қана сусынын ұрттап қойып мүлгіп отырады. Түнімен у-шу көңіл көтеру, сөйтіп ертесіне жұмысқа кешігу деген атымен жоқ.

Тұманды Альбионға барғандағы басты міндетіміз білім алу еді, «маршрутымыз» университет пен үйдің арасынан алшақ кетпейді. Сол себепті ағылшындардың ерте ұйықтайтынын Англияға табан тірегеннен кейін үш айдан соң, 31 желтоқсанда бір-ақ аңғардым. Жалпы, ағылшындар жаңа жылды дүркіретіп тойлай бермейді. Жер-жерден жасыл шыршалардың бой көтеріп, көшелерден қалың қарбаласты байқау қиын. Әйтсе де, дәстүрлі түрде 31 желтоқсанда Ұлыбритания патшайымы Элизавета II-нің қатысуымен Биг Бэннің тұсында, «Лондон көзінен» фейерверк атылады.

Осы отшашуды тамашалауға Темзаның жағалауына қарай тарттық. Қалың нөпірмен бірге біз де отшашуды сағат тілі түнгі 12-ні көрсеткенге дейін күттік. Бірақ мерекелік салтанат аяқталғаннан соң, көп ұзамай әлгі маңда адам қарасы азайып қалды. Үй әлгі тұсқа жақын болғандықтан, түнгі Лондонды серуендеп қайтуды жөн көрген едік. Қаланың қақ жүрегі саналатын Холборн, Кингс Кросс аудандары тып-тыныш. Мүлдем ешкім жоқ. Тіпті, жаңа жылды тойлап жатқандардың да қарасы көрінбейді. Алда-жалда, қай күн екенін білмейтін адам сол сәтте Лондонға келе қалғанда жаңа жылдың есік қаққанын айтып сендіре алмас едік.

Тағы бірде Қазақстанға қайтатын бір группаласымды түнде әуежайға баратын пойызға шығарып салдым. Пойыз Кингс Кросст стансасынан жүреді екен. Кингс Кросс – Лондондағы үлкен стансаның бірі. Күндіз ағылған жолаушыдан көп нәрсе жоқ. Бірі шабаданын көтеріп пойызға асығып бара жатса, келесісі жүктерін көтеріп стансадан шыға жөнеледі... Межелеген уақыт жақындағанда Кингс Кроссқа бет алдық. Әшейінде құмырсқаның илеуіндей ығы-жығы станса маңы жым-жырт. Қыбырлаған тіршілік иесі көрінбейді. Айнала құлаққа ұрған танадай тым-тырыс. Күні бойы қауырт тірліктің ортасы саналатын Кингс Кросстың қас қарая саябырсуы да ағылшындардың басын ерте жастыққа қоюымен тығыз байланысты.

Қараңғы түсе халықтың бәрі төсекке құлай­ды деу әбестік болар. Бейсенбі-сенбі аралы­ғында түнгі клубтар кеш жабылады. Оның өзінде, таңға дейін тарсылдатып билейтіндер санаулы ғана. Масайраған жастар түн ортасы ауа үйді-үйіне тарап кетеді. Әйтсе де, халықтың басым бөлігі уақытылы демалуға дағдыланған.

Сөзіміз дәлелді болу үшін көзімізбен көргенге қосымша, статистикалық деректер келтірейік. Айтпақшы, Ұлыбританияда халықтың ұйқысын зерттейтін Sleeptember дейтін ұйым бар. Осы ұйымның зерттеуіне сәйкес, британиялықтар орта есеппен түнгі 10:40-та ұйықтап қалады екен. Ерте жатқан адамның ерте тұратыны белгілі. Ағылшындар таңғы 6-да ояу жүретін көрінеді. Бір айта кетерлігі, зерттеу нәтижесі ерте жатып, ерте тұратын ағылшындардың табысы да мол екенін көрсетіпті. Бұл аз десеңіз, ұйқының қыр-сырын зерттеп тастаған Тұманды Альбион ғалымдары түнде уақтылы тыныққан ағылшындар Ұлыбритания экономикасына 50 миллиард доллардай пайда әкелетінін айтып отыр.

Ерте жатқандықтан, ерте тұру да оларға қиыншылық туғыза қоймайды. Соның нәтижесі шығар, халықтың тірлігі оңға басып, мемлекет дамып келеді. Жарты әлемді бағындырған империя осындай бірізділік ұстанбаса, сол жетістігіне жетуі неғайбыл еді.

Осындайда «Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» деген халқымыздың аталы сөзі еске түседі. Ағылшындардың әрекетіне қарап, аталған мақалды «Ерте тұрған елдің ырысы артық» деп өзгертсек қателеспейміз.