Биылғы мамыр айындағы мәлімет бойынша облыста кәмелеттік жасқа толмаған 277 мың 818 бала бар екен. Осы балалардың құқықтарының қорғалуын қалалық және аудандық білім бөлімдеріндегі қамқоршылық және қорғаншылық органындағы 19 маман бақылап отыр.
Өткен дәуірдің танымы бөлек қаламгері Лев Толстой «Бақытты отбасылар бір-біріне ұқсас келеді. Ал әр бақытсыз шаңырақтың өзіне тән қиындықтары бар» демей ме. Баланың бар жағдайын жасап, отбасындағы жарасымды сақтап, айрандай ұйып отырған ортада тәрбие алғандар туралы әңгіме бөлек. Бірақ, барлық адамның бір ізбен жүрмейтіні секілді әр отбасының бөлек-бөлек соқпағы бар ғой. Тіршіліктегі азды-кемді қиындыққа шыдамай сынып кеткендердің шаңырағы шайқалып сала беретіні де белгілі. Бұл ең алдымен әке мен ана арасындағы дәнекер – бала тағдырына қатты әсер етеді.
Бір-бірімен дүрдараз болған ерлі-зайыптының ортадағы баланың ертеңіне бас ауыртпауға айналғаны да соңғы кездері жиі байқалып тұр. Осындай балдырғандар тағдыры жаңағы қамқоршылық және қорғаншылық органына тікелей байланысты. Одан бөлек, балалар үйінде тәрбиеленіп жатқандарды асырап алу, қамқоршылыққа алу, олармен кездесу, жаңадан барған үйіндегі жағдайын бақылау да осы ұйымның мойнында тұр.
– Облыс орталығында 106 201 оқушы бар. Ал қалалық білім бөліміндегі қамқоршылық және қорғаншылық органындағы қызметкерлер саны бесеу. Олардың біреуі ғана мемлекеттік қызметші. Енді осы мамандар балалардың құқығын толыққанды қорғайды деу қисынға келе ме? Әрине, келмейді. Айналдырған бес-ақ адам қат-қабат шаруаның қайсысына үлгіреді? – дейді кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Қайратбек Бержанов.
Жалпы, елімізде ювеналды әділет жүйесін дамыту мемлекеттің әлеуметтік-құқықтық саясатының басым бағыттарының бірі. Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 23 тамыздағы Жарлығымен Астана мен Алматы қалаларында кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстық, әкімшілік құқықбұзушылық туралы істерді қарап және олардың мүдделерін қорғайтын мамандандырылған ауданаралық соттар құру бастау алып, 2012 жылы осындай соттар еліміздің барлық аумағында құрылды. Содан бері бұл құрылым осы бағыттағы азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істерді қарап келеді. Күнделікті балаларға қатысты істермен айналысатын судьялар салада қордаланып қалған мәселелерді де жақсы біледі. Соның ең бастысы, жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды анықтау мен орналастыру, олардың құқықтарын қорғау, патронаттық тәрбиешілерге бақылау жүргізу, асырап алушылардың есебін жасау, бөлек тұратын ата-аналардың балалармен кездесу уақытын белгілеу, ата-ана құқығынан айыру туралы сотқа талап-арыз жолдау секілді қисапсыз көп жұмыспен айналысатын қамқоршылық және қорғаншылық органындағы мамандар санының өте аздығы.
Бұл проблеманы әр өңір өз қал-қадерінше шешуге талпынып жатқаны да байқалады. Мысалы, осыдан біраз уақыт бұрын көршілес Түркістан облысында қорғаншылық және қамқоршылық саласы облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасына берілді. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты мамандары Қызылордадағы осындай басқарманы қосымша функциялармен толықтыруға болады деген ойда. Тіпті бұл ұсынысты облыс әкімдігі мен облыстық білім басқармасына да жолдаған. Білім басқармасы басшылығы сотқа жолдаған жауап хатта бұл мәселенің шынымен де өзекті екендігі, бірақ балалар мәселесімен айналысатын құрылымды жастар саясаты мәселелері басқармасына қосудың тиімсіздігі айтылған. Жалпы, қорғаншылық және қамқоршылық органын қалалық және аудандық білім бөлімдерінен бөлек дербес құрылым ретінде құрып, мамандар санын арттырудың дұрыстығын басқармадағылар да мақұлдап отыр.
Соттағылар өңірге жиі ат ізін салатын Парламент депутаттарымен де кездесіп, осы мәселе туралы кеңескісі келеді. Бірақ, елордадан келетін депутаттарға жолығудың бір реті түспей-ақ қойды.
– Қалай болғанда да кәмелетке толмағандар мәселесімен тыңғылықты айналысатын мекеме керек. Өйткені бұл өте күрделі сала, – дейді Қайратбек Бержанов. – Осыдан бір жылдай уақыт бұрын қала маңындағы саяжай аумағынан әріп танымайтын қаңғыбас бала табылғаны есіңізде шығар. Сол балдырғанды 9 жасқа толғанша не мектеп, не емхана іздемеген. Себебін сұрасаң, көп шаруаға үлгірмейтінін айтып, бір-біріне сілтейді. Байқоңырдан да қылмыс жасаған бір бозбаланың 15 жасқа келгенше мектеп есігін ашпағаны анықталып отыр. Сұрастырып көріп едік, Ресей тарапы баланың жақындарының дер кезінде ешқандай құжат ұсынбағанын алға тартты. Ал біздікілер мұндай баланың барын біліп те жатқан жоқ. Мұндайлар, өкінішке қарай, өте көп. Сондықтан да өкілеті күшті бір мекеме қажет-ақ.
Әрине, қорғаншылық және қамқоршылық органындағылардың да жұмысы оңай емес. Олардың қала сыртындағы саяжайлық алқаптағы үйлерге таксилетіп баратын кездері де көп. Онда органдағыларды ешкімнің де жік-жапар болып қарсы алмайтыны тағы белгілі. Бөлімдегі қызметкерлердің итке таланған, таяққа жығылған сәттері де жоқ емес. «Бала өзімдікі, не істесем де өзім білемін» деген түсініктегі әке-шешемен сөйлесіп, олардың бетін бері қарату да оңай шаруа емес. Қазір әйел құқығын қорғау дегенді де көп айтамыз. Қосағынан қорлық көрген әйелдің жанында баланың да барын ұмытпайық.
Рас, баланы туған әке-шешенің ата-аналық құқығын ешкім жоққа шығармайды. Бірақ ол құқықтың да шегі болатынын, бала өмірін қорғау ең алдымен мемлекеттің міндеті екендігін естен шығармайық. Ал ол үшін осы мәселемен тыңғылықты айналысатын бір құрылым керек-ақ.
Қызылорда