Руханият • 18 Қараша, 2020

Көне сөздер көмбесі

820 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Азада – жүрісі жайлы жылқы. «Жү­рісті, өзі сұлу азада атпен, барайын көп­шіл болсаң, жүз жігітпен, сақалсыз өң­шең бойдақ азаматпен» (Б.Қалиев сөздігі).

Көне сөздер көмбесі

Айыршоқ – тымақтың төбесіне үкінің айналасына қадайтын қоңыраугүл пішінді күміс әшекей. «Шоқпардай үкісі бұлғақтап, айыршоғы сылдырап, көз­ден көмескілене берді» (Мағауия Сұл­танияұлы).

Ақберен – мылтықтың түрі. «Ақберен мылтық сыналмас, сығалай көздеп сұр­мерген, асырымнан атпаса» (Базар жырау).

Аққаптал – көпке танымал, беделді кісі. «Боздақ – ана шеті Қоянды жәрмеңкесіне қоралап қой айдатып, біреуін екеу етіп отыра­тын қолы ұзын, аққаптал жан еді» (А.Сейдімбек).

Алапай – жаугершілікте қолға түскен олжа. «Ал мына хан: Ант жағын ауызға алма. Әуелі әрқайсысына алапа үлестір» дейді» (Ә.Кекілбаев).

Бойра – қамыстан тоқылған төсеніш бұйым. «Жаманның басы бойрадай, жерде жатқан төселіп» (Майлықожа ақын).

Бөлтек – шағын егіндік алқап. «Бес-алты бөлтек егіні де жайқалып, мол болып шықты» (М.Әуезов).

Серете – ертедегі тас үйген қорым. «Мына біреуді мола деуге де, серете деуге де келмейді» (І.Есенберлин).

Сәрінжі – матаның бір түрі. «Жуан, қысқа мойынды, зор денелі, сыртында сәрінжі сары шапанды біреу отыр» (С.Мұқанов).

Сәйгел – жазда сиыр малына маза бермейтін сона. «Сәйгел тисе мөңкіген, оқыра тисе жөңкіген» (Тұрмыс-салт жыры).

Қылшан – белбеудің екінші қапталына бекітілген жебе салуға арналған кіші қо­рамсақ. «Қозыжауырын көкжендет қыл­шан­да тұр, Көбебұзар, қасалы, әндігені...» (Светқали Нұржан).

Қылқара – асыл мата. «Үстімде бір пешпетім қылқарадан» (Халық әні).

Жағы – көннен жасалған сырт киім. «Бастарындағы темір дулығалары мен түйенің қап-қара көнінен жасалған жыл­тырақ жағылары күннің көзіне жылт-жылт етеді» (Ә.Кекілбаев).

Ешкімек – ешкінің асығы. «Тұрқы кеткен қуақы кеней мен бүйірі кемірілген кішкене ешкімектерді ұстағанда көңілі толды» (Қ.Қазиев).

 

Тоқан БОДАУХАН,

этнограф