Қоғам • 18 Қараша, 2020

Көпшілік көтерген мәселенің күрмеуі шешілуде

309 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «Біз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құруды қолға алдық. Бұған дейін айтқанымдай, бұл – мемлекеттік органдар тек азаматтардың күнделікті мәселесіне байланысты жауап қатуы тиіс деген сөз емес. Бұл, ең алдымен, билік пен қоғам арасындағы тұрақты диалог», деген болатын. Президенттің бұл тапсырмасы түрлі деңгейдегі әкімдерге де негізгі бағдар болды. Себебі ел ішінде шешімін күткен мәселе көп. Тұрғындарды сан тарау мәселе толғандырады. Қарапайым халық оны жергілікті билікке айтпағанда, кімге айтады? Осы тұрғыдан алғанда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының маңызы зор.

Көпшілік көтерген мәселенің күрмеуі шешілуде

 

Бұл күнде Шу ауданының Ақсу ауылдық округінде жайылымдық жерлер мен қараусыз жүрген мал мәселесі өзекті. Мал ша­руа­шылығымен күн көріп отыр­ған ауыл тұрғындары үшін жа­йылымдық жер бірінші орында. Осы орайда, аудан әкімі Нұр­жан Календеров Ақсу ауылында жергілікті тұрғындармен қо­ғамдық қабылдау өткізген бола­тын. Мұнда халық көше­де қараусыз жүрген төрт түлік малдың егінге түсіп, диқан­дар­дың жаз бойғы еңбегін таптап кететіндігін мәселе етіп кө­терді. Ауыл ақсақалдары бұл мә­селені заң бойынша шешіп беруді сұрады. Аудан әкімінің ай­туынша, тұрғындарға шалғай болса да бос жатқан жерлер бе­рілетін болды. Бірақ ауылда көп мал ұстау қиын. Сондай-ақ көпшілікті ауылдағы жарық мәселесі де толғандырады. Әсі­ресе, жел тұрған күндері тұр­ғындар жарықсыз қалады екен. Бұл орайда да ауылдардағы электр бағаналарының ескір­гендігі ескеріліп, келесі жылдан бастап оларды жаңарту жұ­мыстары қолға алынады. Нұржан Календеровтің айтуын­ша, жыл сайын 10 ауылдың электр бағаналарын жаңартып отыратындай жоспар әзірленуде. Аталған жоспар көпшіліктің кө­кейкесті мәселесін шешуге бағытталған.

Ақсу ауылы аудан орталығы­нан шалғайда орналасқанымен, мұнда қайнаған тіршіліктің көзі бар. Ауылдықтардың ұйымшылдығының өзі бір төбе. Қазіргі кезде ауылдың тумасы, кәсіпкер Болат Тілеужанов ауыл­­­дан жалпы аумағы 1 гек­тар жерге саябақ салуда. Бүгін­де аталған саябақтың сырты қор­шалған. Енді зертханадан тиіс­ті қорытынды алынған соң, саябақ ішіне тал отыр­ғызылатын болады. Жаздық сахна мен орындықтардан бөлек, саябақтың кіреберісінде заманауи үлгідегі арка мен сыртынан шағын футбол алаңы салынады деп жоспарланған. Ал саябақ ішінен ауылдың айтулы азаматтары мен ауылдан шыққан еңбек ерлерінің есімдері жазылған ескерт­кіш-тақта ашылады. Меце­наттың әкесі Бақытжан Тілеу­жанов та ауылдағы ойылған жолды өз қаржысына жөндеп беріпті.

Ақсулықтар үшін әрбір үйге газ тартылатын күн де жа­қын. Жақында 500-ге жуық ша­ңырақ осы бір игі істің куә­сі болады деп жоспарлануда. Бұл мақсатқа өткен жылға респуб­ликалық бюджеттен 200 миллион теңге бөлініп, Шу қа­ласына баратын жоғары қы­сымды газ құбырына жақын «Тас­өткел» су қоймасы мен Тас­өткел, Аспара, Оразалы батыр елді мекендеріне магистралды газ құбыры тартылған. Ал Ақсу ауылдық округіне газ тарту бо­йын­ша бүгінде мердігерлер де анықталып, бастапқы баға 320 мың теңгені құрап отыр. Аталған жоба «Өңірлерді дамыту» бағ­дарламасы аясында іске асуда. Бұдан бөлек, ауданда аталған бағдарлама аясында 2021 жылға дейін 18 елді мекенге газ тартылады. Сол сияқты, ауылдағы ағайынның тағы бір мәселесі – сапалы ауыз су. Алайда бұл мәселе де кезең-кезеңімен ше­шілуде. Бүгінде Шу қала­сы мен ауданға қарасты 24 ел­дімекенде ауыз су бар. 2006 жә­не 2019 жылдар аралығында 14 ауылдың су жүйелері іске қо­сылған. Енді Оразалы батыр ауы­лының тұрғындары да сапалы ауыз сумен қамтылады. Жобаның жалпы құны 580 миллион 222 мың теңге болып отыр. Аталған жоба өткен жылдың сәуір айын­да мемлекеттік сараптама қорытындысын алған. Бүгінде жұмыстың 70 пайызы аяқталған. Бұл күнде көпшілік көтерген мә­селелердің күрмеуі шешілуде. Мемлекеттің көрсетіп отырған қол­дауына Ақсу ауылдық окру­гінің тұрғындары дән риза. Толғандырған мәселелері ке­зең-кезеңімен шешімін тапса, тұр­ғындар тілегінің де тасада қал­мағаны...

 

Жамбыл облысы