28 Қараша, 2013

Кәкімбек САЛЫҚОВ

2080 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазақ мәдениеті мен әдебиеті ауыр қазаға душар болды.

2013 жылғы 27 қарашада 82 жасқа қараған шағында белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Н.Островский атындағы Бүкілодақтық әдебиет сыйлығының лауреаты, ақын Кәкімбек Салықов дүниеден өтті.

Кәкімбек Салықов жыр әлеміне жұмыс­шылар ортасында шыңдалған білікті басшы кезінде келді. Мәскеудің Түсті металдар және алтын институтын тәмамдағаннан кейін ол ұзақ жылдар шахтада еңбек етті, содан кейін партиялық жұмысқа ауысты. Кәкімбек Салықов Жезқазған кен-металлургия комбинатының партком хатшысынан КОКП Орталық Комитетінің инспекторы, Өзбекстан компартиясы Қарақалпақ облыстық комитетінің бірінші хатшысы және КСРО Жоғарғы Кеңесінің Экология және табиғат ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері жөніндегі комитетінің төрағасына дейін өсті.

Қазақ мәдениеті мен әдебиеті ауыр қазаға душар болды.

2013 жылғы 27 қарашада 82 жасқа қараған шағында белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Н.Островский атындағы Бүкілодақтық әдебиет сыйлығының лауреаты, ақын Кәкімбек Салықов дүниеден өтті.

Кәкімбек Салықов жыр әлеміне жұмыс­шылар ортасында шыңдалған білікті басшы кезінде келді. Мәскеудің Түсті металдар және алтын институтын тәмамдағаннан кейін ол ұзақ жылдар шахтада еңбек етті, содан кейін партиялық жұмысқа ауысты. Кәкімбек Салықов Жезқазған кен-металлургия комбинатының партком хатшысынан КОКП Орталық Комитетінің инспекторы, Өзбекстан компартиясы Қарақалпақ облыстық комитетінің бірінші хатшысы және КСРО Жоғарғы Кеңесінің Экология және табиғат ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері жөніндегі комитетінің төрағасына дейін өсті.

Кәкімбек Салықов мемлекеттік қызметімен бірге талантты ақын ретінде де танымал болды. Оның «Сыр» деп аталатын алғашқы өлеңдер жинағы 1970 жылы жарық көрді. Ақынның қаламынан бұдан кейін «Мәңгі шырақ», «Жезкиік», «Нұрлы күндер», «Көңіл назы», «Аққу жеткен», «Парасат сыры», «Шын жүректен», «Дала – дастан», «Че Гевара», «Гәкку» және басқа да көптеген өлеңдер мен поэмалар жинақтары туды. Жыр дүлдүлінің ұлттық бояуы қанық көптеген шығармалары әлемнің бірқатар тілдеріне аударылып, көптеген өлеңдеріне халық сүйіп тыңдайтын әндер жазылды.

Кәкімбек Салықов – көркем аударманың танымал шебері. Ол қазақ оқырмандарын А.Пушкиннің, М.Лермонтовтың, В.Маяковскийдің, Я.Коластың, Р.Ғамзатовтың, М.Львовтың және В.Савельевтің өлеңдерімен таныстырды.

Кәкімбек Салықов Ленин, Халықтар достығы, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту, «Парасат», ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендерімен марапатталды, оған «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді. Бірнеше мәрте Қазақ КСР және КСРО Жоғарғы Кеңестерінің депутаты болып сайланды. Ол – Солтүстік Қазақстан облысының, Көкшетау, Жезқазған, Сәтбаев қалаларының құрметті азаматы.

Білікті басшы, айтулы азамат, халқының адал перзенті, ірі мәдениет қайраткері ретінде ол біздің жүрегімізде әрқашан сақталады.

Қазақстан Республикасының Үкіметі.

Қош, бауырым!

Кәкімбек Салықовты мен алғашқы өлең жазып, баспасөзде көріне бастаған кезінен білдім. Бірақ басшы партия қызметінде жүрген адамның ақындығы ет пен терінің арасындағы орынтақтың желігі ме деген күдік те болды ойымда. Алғашқы шыққан екі жинағын («Сыр», «Жезкиік») алып оқығаннан кейін ғана ол күдігім сейілді. Ол кенші инженер мамандығы мен ақындығын тең ұстап, екі кәсіпті туыстырған жанымен ақын екен. Және кездейсоқ емес, құдай өзі қалап ақын еткен адам сияқты көрінді. Ақыры, үлкен орынтақ оны ұстап тұра алмады. Ол ақындық тағдырымен табысты. Үлкен ақын болып, ел сыйына бөленіп өмірден озды. Мен содан бері ақынның әр қадамын қадағалап, мақалалар жазған ағасымын. Оны інімдей көрдім, қаламына, қадамына ризалық көңілмен құтты болсын айтып жүрдім. Ол өмірге шын ғашық адам еді. Дала табиғатының сұлулығы мен адам жанының толғаныстары ақынның сыр сандығына айналды. Кәкімбектің «Аққуы», «Жезкиігі», «Ақмаралы» сұлулықтың бейнесіндей қазақ жанын тербеді. Оның сұлу әндері әркімнің-ақ жүрегінен жылы орын тапты.

Үлкен әріппен жазылатын адам, азамат, қайраткер, қоғамдық қызмет иесі Кәкімбектің өмірі мен еңбегі де оның өлеңдерінде. Ол өз заманының ұлы сипаттарын сезіне білді. Елі мен жерінің шын патриоты болды. Аңсаған арманын, жеткізбей жүрген әнін тынымсыз қуды. Ғарыш пен ғаламды қазақ даласының кеңдігімен өлшеді. «Дала мен ана сезімтал етті санамды», деді. Сонысымен Кәкімбек бүкіл қазақтың сүйіктісіне айналды. Қош, бауырым, ақыным, жаны сұлу азаматым!..

Серік ҚИРАБАЕВ.

Бізді қосқан Жезқазған еді

1958 жылдың қоңыр күзінде іссапармен Ұлытауға жол түсіп, даңқы сол кезде-ақ көңілімді алабұртқан мыс қазаны Жезқазғанға тап болдым. Мақтаулы «Пакро» шахтасын көрмек болып, жер астына түсейін. Алланың жазуы шығар, кен қазылған участоктардың бірінде басында темір каска, үстінде брезент жамылғыш киген орта бойлы, шүңірек көзі өзіме жымия қараған азаматты көрдім. Сол шахтаның бас инженері Кәкімбек Салықов екен.

Жақсыда жаттық жоқ деген рас, содан бері 55 жыл өтті. Ұлытауда басталған достығымыз Қарағанды мен Мәскеуде, Алматы, Астана, Париж, Павлодар мен Семейде жалғасып, ұзақ өмірдің небір қилы кезеңдерін бірге өткіздік. Өзіміз ғана емес, үй-ішіміз болып араластық. Мерейтойлар ғана емес, өмірдің елеулі кезеңдерін, қиын асу-белдерді бірге өткіздік. Кәкеңнің ақылы, абырой-беделі мен өмірлік тәжірибесі менен көш бойы озық. Оған енді кіршіксіз ақ пейілін, адами тазалығын, ақындық ұшқыр дарынын қосыңыз. Қысқасы, Кәкең маған ақылшы аға ғана емес, жанашыр дос болды. Қайран Кәке, не деймін, қаралы хабарыңды естіп, жан-жүйем егілгені сонша, қапелімде не дерімді білмей қапада отырмын. Жасамай кеткен ғұмырыңды жарың Мариям, Ерланың мен Майраң, сүйікті немерелерің жасасын! Қош бол, ардақты дос, өзіңмен өткізген әрбір кездесу, ыстық қауышулар, бірге жасаған игі істер, әсіресе, Қаныш ұлыны ұлықтау жолындағы ұлан-ғайыр еңбегің – халық жадында, кітаптар сөресінде иық тіресіп қаттаулы тұр! Көңілді жұбатар жұ­баныш та осы, бақұл бол, ер Кәке!..

Медеу СӘРСЕКЕ.

Қазақ жырының жезкиігі

Адамзаттың дұшпаны – қаза жайлы қайғылы хабарды есту қашанда ауыр. Өте ауыр. Кәкімбек аға Салықовтың өмірден озғаны жайлы ауруханада жатып естіп, есімнен танып қала жаздадым.

Кәкімбек аға өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Мәскеуде КОКП Орталық Комитетінде жауапты қызметте жүрген кезінде «Қазақ әдебиетінің» қатардағы қызметкері, сол тұстағы жас жазушы мені әдейі іздеп келіп, танысып еді. Ғабиден аға Мұстафинге жолсерік болып, «Қазақ әдебиетіне» көлемді очерк жа­риялап едім. Сол жолжазбам және «Ақ аруана» повесі жайлы жылы пікір­­лер айтып еді. Қарақалпақ елін бас­қарып тұрған кезінде де, кейін де қа­рым-қатынасымыз үзілген жоқ. Мен Мем­лекеттік сыйлық алғанда қуанып, елдің алды болып құттықтап еді.

Кәкімбек аға Салықов өмірдің үлкен мектебінен өткен көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері еді. Ең бастысы – өлеңді өмірлік серігі еткен аса талантты ақын болатын. Өзгесін айтпағанның өзінде қазақтың ұлы даласын ән болып тербеген атақты «Жезкиігінің» өзі өлтірмейді оны. А.С.Пушкинді түбегейлі зерттеп, түгесе аударған еңбе­гінің өзі бір тау, бір шың.

Қош бол, қоштасуға қимайтын асыл аға, қазақ жырының «Жезкиігі».

Сәбит ДОСАНОВ.

Өміршең өлеңдері өлтірмейді

Тосыннан естілген қаралы хабардың төбеңнен жай түскендей әсер етері анық қой. Оның үстіне хабары түскір айтулы ақын, мемлекет қайраткері Кәкімбек аға Салықовтың фәниден бақиға аттанып кеткенін жеткізіп тұрса!..

Қазақтың сары тап сахарасын жезкиік жыр болып шарлаған ақын Кәкімбектің өміршең өлеңдері қыран қанатты әнге айналып, ұлт руханиятына тыңнан қосылған мөлдір бұлақтай толқытып, толықтырып жатушы еді.

Әу баста кенші болып бастаған аға Мәскеу Кремлінің терезесінен өзінің туып-өскен көгілдір Көкшесіне көз тігіп, сырлы Сырымбетпен іштей сырласып, Қамысақты суымен мұңдасқандай көкірек сарайын сағыныш самалымен желпіп, «Терезеден көрінеді ауыл жақ» деп сұлу сазды әуенімен тербетіп, бізді де тебірентуші еді.

Әкім болмай, ақын болып кеткен ғажап дарын иесі ұлы Ақан сері мен туысы, атақты Үкілі Ыбырай, оның шәкірттері Молдахмет Тырбиев, Мұса Асайыновтардың жыр кәусарларынан қанып ішті, сол сусындатқан жан сезімін жыр тілінде сөйлете білді.

Көкшетау елін еңіретіп, жерін жетімсіретіп кеткен бұл қайғының жөн-жосығы бөлек. Қазақтың әдебиеті аталатын қадірлі де қасиетті ғимаратының бір ұстыны қирап түскендей азалы хал кешіп отырмын, ағайын.

Елің үшін еңселі тұлғаға айналып кеткен аяулы да ардақты аға, пейіште нұрың шалқып, жаның жәннатта болғай.

Бақұл болыңыз, жан аға.

Төлеген ҚАЖЫБАЙ.

Соңғы жаңалықтар

Түтінге тұншыққан Өскемен

Аймақтар • Бүгін, 08:50

Айрықша аквамәдениет

Шаруашылық • Бүгін, 08:45

Азаматтық ұстаным

Саясат • Бүгін, 08:43

Ел өркендеуінің жаңа бағдары

Саясат • Бүгін, 08:38

Жұмысшы құқы неге бұзылады?

Құқық • Бүгін, 08:30

Тарихи таңдау

Пікір • Бүгін, 08:28