Өнер • 19 Қараша, 2020

«Құдайсыздарды» қылқаламмен бейнелеген

777 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Көрнекті жазушы Дидахмет Әшімханұлының 70 жылдық мерейтойына орай өткен республикалық суретшілер байқауында бас жүлдені Жарма ауданы Сұлусары ауылының суретшісі Мәди Қайырхан қанжығалады.

«Құдайсыздарды» қылқаламмен бейнелеген

 

Жыл басында жарияланған байқаудың шартына сәйкес еліміздің түкпір-түкпірінен жи­ыр­­маға жуық сурет келіп түс­кен. Картиналар жазушының «Құдайсыздар», «Жынды жел», «Ағайындар», «Жұлдызды белбеу», «Ит жылы», «Зауал» сынды әңгімелерінің желісі бойынша жазылған. Портретін бейнелеген суретшілер де болды. Ал байқаудың жеңімпаздары жазушы шығармасын бейнелеу арқылы тақырыпты аша түсуіне қарай анықталды. Әлбетте, орындау техникасы, шеберлігі де басшылыққа алынды. Байқауға ұсынылған жұмыстарды жазушы, суретші Әлібек Асқаров, «Қазақ елі» монументінің авторы Сембіғали Смағұл, белгілі шарж шебері Еркін Нұразхан, өзіндік ерекше қолтаңбалары бар суретшілер Әділғали Баяндин, Жеңіс Кәкенұлы бағалады.

– Қаламгердің шығармашы­лығына қатысты сурет көрмесі өте бермейтін. Соңғы рет қырғыз ағайындар Шыңғыс Айт­матовтың 90 жылдығында сурет­шілер көрмесін өткізген еді. Енді міне, Дидахмет Әшімханұлының әңгімелерінің желісі бойынша бірнеше полотно жазылыпты. Бұл жақсы үрдіс, деп атап өтті Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі Еркін Нұразхан.

Ал бас жүлде – 500 мың теңгені еншілеген жармалық суретші Мәди Қайырхан жа­зу­шының шығармаларына композициялық картина және «Құдайсыздар» әңгімесінің желісіне майлы бояумен иллюс­трация жасаған.

«Құдайсыздар» әңгімесінде та­қырыбы айтып тұрғандай, коммунистік партия тұсындағы басшылардың құдайсыз іс-әрекеттері суреттелген.

Жас суретші жазушының әң­гімесіндегі «Арқалап кеткен жоқ, жетектеп кетті ғой, аға. Мұндағы бәріміздің қарап отыр­ғанымыз – бір қызыл сиырдың төрт емшегі еді, соны алып кет­ті ғой апамыз...» деген жолда­рын терезенің арғы жағында көр­сетіп, философиялық ойды жет­кіз­ген. Бергі планға жұпыны үйдің терезесінен телміріп қа­рап тұрған қара ұлды бейнелеген. Отағасы терең уайымға бат­қандай. Әйелі құндақтағы баласына мейірімін төгіп отыр. Қабырғада Сталиннің портреті ілінген. Қызыл жағалылар есікті шалқасынан ашып, төбелерінен төніп тұр. Міне, бас жүлде иегері Мәди Қайырхан әңгімедегі негізгі ойды топтастырып, бір картинаға сыйғызған.

Сонымен қатар бірінші орын алған суретшіге – 300 мың, екінші орынға – 200 мың, үшінші орынға  100 мың теңге үлестірілді. Одан бөлек ынталандыру сыйлықтары да ұсынылды. Жазушының ұлы Дәулет Әшімхановтың ұйым­дас­тыруымен өткен бай­қауға де­меушілік еткен кәсіпкер Ғани Шаймарданұлы еді.

Естеріңізге сала кетсек, жазушы, журналист Дидахмет Әшімханұлы еңбек жолын Шы­ғыс Қазақстан облысының «Ком­мунизм туы», «Лениншіл жас» газеттерінде тілші болып бас­тап, өмірін жазушылыққа, жур­налистикаға арнады. Ғұмы­рының соңына дейін ұлттың жоғын жоқтап, қалың оқыр­маны­ның ыстық ықыласына бөленіп өтті.

 

Шығыс Қазақстан облысы