Таным • 19 Қараша, 2020

Ел үшін жаралған ер (Бауыржан Момышұлының соғыс өнеріндегі қалдырған ізі)

695 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

(Соңы. Басы 221-нөмірде)

 

Қаһарманмен кездесу

Бағыма орай, өмірімде екі рет Бау­­кең­мен кездесіп сөйлесу бақытына ие болдым. Бұл кездесу жөнінде бұдан бұ­­рын өз повесімде тарқатып, «Менің өмі­рімдегі Бауыржан Момышұлы» кіта­бында айтқан болатынмын. Менің Бау­кең­мен кездесуім  қалыптан тыс, сирек кездесетін тұлғаға одан сайын терең үңілуге жетеледі.

Ел үшін жаралған ер (Бауыржан Момышұлының соғыс өнеріндегі қалдырған ізі)

 

Алғашқы кездесуім 1975 жылдың қаң­тар айында болды. Орта Азия Әскери окру­гі мен Қазақстан Жазушылар ода­ғы Ұлы Отан соғысының 30 жыл­ды­ғы­на арналған конференция өткізді. Кон­ференцияға майдангерлер де ша­қы­рылған. Ардагерлердің ішіндегі бі­ре­гей тұлға – Бауыржан Момышұлы. Ба­тырды алғаш көруім. Менің офицер мамандығын таңдауымда батыр болмысы аса маңызды рөл атқарып еді. Конференция жұмысына өзім қызмет атқарып жүрген әскери училищенің офи­цер­лері мен курсанттары да қатысты. Осы жылдары әскери училищенің Так­ти­ка кафедрасының бастығы қыз­ме­тінде едім. Училищеден конференция деле­гациясына жетекшілік жасау маған тап­сы­рыл­ған болатын.

Сағат 10.00-де конференцияны Бауыржан Момышұлының май­­дангер досы, жазушы Дмитрий Фе­до­рович Снегин ашты. Мінбеге баян­дама жасауға Орта Азия Әскери ок­ру­гі саяси бөлімі басқармасының бас­тығы, генерал-ма­­­­йор М.Д.Попков шық­ты. Көп уақыт өтпей залға жартылай әскери киімді, оң қолында таяғы бар адам кірді. Кірген бойдан алдыңғы қа­тарға жайғасуға ыңғайлана бергені сол еді, төралқада отыр­ған Д.Ф.Снегин бас изеп, қолымен ым­дап, төралқалық орынға жайғасуын сұрады. Осы кезде зал іші күбірлеген дауыс пен қозғалысқа толып кетті. Бір кезде төралқадағы Д.Ф.Снегиннің жанына жайғасқан адам орны­нан жайлап тұрып, оң қолын ал­дың­­ғы жаққа созып, әмірлі дауыспен: «Тоқта, генерал! Сіз жақсы оқып тұрсыз! Баян­дамаңыз маңызды, бірақ сізді тың­да­­май отыр», деп қолын түсіріп, сәл ір­кілді. Генерал сасқанынан көзілдірігін алып, не болғанын білмей сөзін тоқтатты. Осыған дейін генералдың сөзін бұлайша еш­кім бөлмегені байқалды. Генерал бір сөз айтпай, залға қарады.

Осы кезде: – Мен – Бауыржан Мо­мыш­ұлы, – деді қатты дауыспен, әрі қа­рай жайлап: – Мені көбі білмейді, сон­дық­тан «шал кешікті, онысымен тұрмай төрал­қадан орын алды» деп, өзді-өзі сы­бырласып жатыр. Мені шақырды, – дей келе, Д.Ф.Снегиннің иығын ұстап сө­зін доғарды.

Зал көп уақыт бойы қол шапалақтауын тоқтатпады. Осы кезде генерал мінбедегі орнынан түсіп, Баукеңе таяп келіп, батырды құшағына алды. Біз бәріміз орнымыздан тұрдық. Қол шапалақтау одан сайын ұзаққа созылып, зал кезек-кезек көтермелеу лебіздеріне толды. Біреулері орысша, енді біреулері қазақша айқайлап жатты. Зал гуілдеп кетті. Тыңдаушылар орындарынан тұрып «Ба-уыр-жан!», «Бау-ке!» деп дауыспен лебіз білдірді. Менің жүрегім аса бір ерекше екпінмен лү­піл қақты. Себебі алғаш рет тағдырма әсер еткен, өзіме үлгі етер адамымды бі­рін­ші рет көріп, дауысын естідім.

Генерал мінбеге қарай жүргенімен, зал іші әлі алақан соғуын тоқтатпады. Баукең ел ықыласын бағалап орнынан тұрып, тағы да оң қолын алға созды. Зал бірден тынды. Ерекше сезіммен, қаттырақ дауыспен: «Рахмет! Спасибо! Енді отыруларыңызды сұраймын, ал генерал, сіз баяндамаңызды жалғастырыңыз». Әрі қарай мен баяндаманы үзіп-үзіп тыңдадым. Баяндама мазмұны бүгінгі кезеңмен және Мәскеу қорғанысындағы панфиловшы-батырлардың ерліктерімен сабақтастыққа ұласты.

Баяндама аяқталған соң, үзіліс жа­рия­­­л­анды. Сол кезде қасымызға Бау­кең келіп: «Әй, халдерің қалай, қы­ран­дар?» деді. Менің кителімдегі Фрун­зе атындағы академияның белгісіне қарап: «Жарайсың!» деді. Аузымнан: «Сіз маған академияға түсуіме кө­мек­тес­ті­ңіз», деген сөздің қалай шығып кет­кенін өзім де аңдамай қалдым. Ол кісі маған таңыр­қа­ғандай қарады да, бұ­ры­лып жүре берді.

Үзілістен соң Д.Ф.Снегин сөзді Ба­­уыр­жан Момышұлына берді. Зал іші қайта орнынан дүр көтеріліп, қо­ше­­мет жасады. Баукең асықпастан мін­бе­нің қасына келіп, оң қолымен мінбе­нің бұрышын ұстады, сол қолымен ты­ныш­­талыңыздар деп белгі берді. Біз орны­мыз­ға отырдық.

Баукең мінбе жанында тұрып байсалды үнімен әр сөзді анықтап, сөзін бастады. «Қазақ және орыс тілдерінде сөй­­леймін, жазамын. Бүгін орыс ті­лін­­де сөйлейміз». Біраз тоқталып, сөз тие­гін ағытты: – Ұлы фи­лософ айт­қан­­дай, қозғалыс – өмір. Мен жетінші он­­жылдыққа аяқ бастым, сонда да жа­яу жүргенді қалаймын. Бүгін маған тау­­дағы дем алып жатқан жеріме маши­на жіберіпті, бірақ мен оған отырмадым. Сіздерге кездесуге келу үшін жеті шақырымға жуық жол жүрдім, бірақ кіш­кене есебім шықпай қалып, азы­рақ уақытқа кешіктім. Кешіріңіздер. Бірақ мен өзімді сонда да жеңіл сезініп тұр­мын. Жа­сарғандаймын». Жұрт тағы да сөзін бөліп, қол шапалақтады.

Азырақ үзілістен соң Баукең: «Гене­рал мазмұнды баяндама жасады, оны қайта зерделеп, оған асықпай ой арту ке­рек. Мен сіздердің көңілдеріңізді әс­ке­ри мәселенің екі түріне аударғым келеді». Тағы сәл үзіліс жасап, сөзін әрі қа­рай жалғады: «Сонымен, бірінші. Қоз­ға­­лыс – шынымен де тіршіліктің негізі. Ал әскери істе «қозғалыс» ұғымы мына­дай категорияларды құрайды, ол әскер­дің маневрлілігі мен ұтқырлығы. Егер соғыс ал­қабында кімде-кім қимылдап, жағ­дай­ды ескере отырып, жылжыса ғана қа­жетті маневрлікке қол жеткізеді. Әри­не, мақсатқа жету оңай емес, себебі бас­­қа­­дай түрлі шарттар мен фактор­лар­дың әсе­рі болуы да мүмкін. Әскердің іскер ма­неврлігі ол шайқастың, ұрыс пен түр­лі операциялардың жеңісіне бастайтын бір­ден-бір алғышарты».

Баукең залды түгендей, көзімен  асық­пай бір шолып алып: «Соғыстың бас­тап­қы жылдарында біздің әскерлер айтар­­лықтай шығындарға ұшырады, – деп оң қолының сұқ саусағын көтеріп, төралқада отырғандарға қарап алып, одан соң бізге қарап: «Ол алдымен біз­дің қол­­басшылығымыздың, жалпы әскер­дің маневрлілігі мен қозғалысына сал­ғырт қарағандығынан. Техниканың бол­ма­ған­ды­ғы, біздің қозғалу ырқымызды тежеді. Сондықтан жау кейде бізді қуып жетіп, енді бірде алға озып, біздің бөлімшелер мен құрамаларымызды қоршауға да алып отырды». Тіркесті айтып боларда Баукеңнің даусы ақырын шықты. Сол қырық бірінші жылдың қара күзіндегі күндер мен түндердегі өз батальонының басынан кешкен қиын-қыстау кездерді, меніңше, бір сәт санасында жаңғыртып, еске алғандай болды.

Қайта күш алып сөйлеуіне секундтар ғана қажет болғандай. Дегенмен де лезде бай­салдылығы көрініс тапты. Әрі жал­ғас­тырды: «Әрине, сіздердің барлық­та­рыңызға белгілі үкіметіміз бен жоғарғы қол­­басшылықтың, халқымыздың ерен еңбе­­гінің арқасында біз 1942 жылдың аяғы мен 1943 жылдың бас жағында мықты техникаларға қол жеткіздік. Олар: танкілер, сауытты машиналар, өздігінен жүретін техникалар мен автомобильдер. Осы техникалардың келуімен атыс күштері өсті. Әрине, роталардан бастап май­данның әскери құрамаларының бар­лық шегінде маневрлік мүмкіндіктер туды. Механикаландырылған техникалар мен танк бригадаларының қозғалысы дивизияның жалпы қозғалысына, одан соң армия корпусының жылжуы, жауды оң не сол қапталдан қоршап не басып озып, тұтастай алғанда шабуылдың іл­ге­­рілей басуы белең ала бастады. Осы­ның бәрін тәптіштеп айтуға уақыт ты­ғыз. Ол  – жеке лекция. Ал қазір, міне, жүр­гіш техникасыз, бір сөзбен айтқанда күш­ті қарусыз бірде-бір әскери бөлім, әске­ри құрама, тіпті бөлімше жоқ екен. Бұл жақ­сы, мықты!» Баукең тағы бір сәл тыныс алып, қайта сөзін жалғады. Сұқ саусағын қай­та көтеріп:

«Бірақ техника жүру үшін материалды жақ­сы білу керек, оны әйелді күткендей күту керек (залда қызу қозғалыс бай­қал­­ды). Техниканың пайдасын одан са­йын арттыру үшін ұрыстың қабілеті мен маневрлілігін білікті түрде қолдана білу керек. Бір сөзбен айтқанда, ұрыс тех­никасының шайқастағы тиімділігін максималды түрде қолданып, оны әрбір жауынгер, оның ішінде, әсіресе, командир жатпай-тұрмай, күн демей, түн демей шеберлікпен игеріп жүргізе білуі керек. Курсанттар, сіздерге айтам – білімді әс­ке­­ри жоғары оқу орнында, ал дағдыны қыз­­метте аласыңдар, одан әрі техникаға деген қызығушылықты арттыру үшін әр жауынгерді, командирді тәрбиелеу керек. Бұның барлығын орындауға бо­лады. Мен сіздерге қарап отырып ой­ла­­нып, өзімнің жастығымды есіме ал­дым», деді Баукең сәл жымиып. – Сіздерге қы­зыға қарап отырып айтаты­ным, мен сіз­дердің жастарыңызда мына­дай кө­лем­ді болған жоқпын. Расында, қа­зір­­гі ұрыс машиналарының жүк кө­тер­­гіштілігі мық­ты. Бәрі осындай деп та­ғы да күпірлік кел­тір­меу керек. Жан-жақты дайындықта жауын­герге ұрыс ма­­­шинасының люгін ашып, кіріп-шығу оңай емес. Ал ұрыста осыны секунд­тың бір бөлшегінде игеру керек. Жас достар, осыны ойлау керек...»  деп өткір көздерін біздің жақта отырған қыз­мет­тестеріме бағыттады. Мен жан-жа­ғыма көз салып едім, зал­да о­тыр­ған­­дардың көпшілігі ыңғайсызданып, қоза­лақтап қал­ғандай болды. Баукең же­ңіл жымиып, сөзін әрі қарай жалғады: «Сіздерге, жас достарым, бір жақсы кеңес бергім ке­ле­ді, артық салмақтан құты­лу­дың жақ­сы дәрісі – қозғалыс! Жүр, жүгір, сон­да бәрі ойдағыдай болады! Маған, кә­рі сол­дат­қа сеніңіздер», деп ойын аяқ­та­ды.

Бізге Баукең сөзін тиянақты тыңдау, шын мәнінде, ойды мазмұнды етудің нағыз әдістемелік шеберлік сабағы болды. «Қозғалыс» сөзінің мәнін күнделікті тірші­ліктегі қарапайым мағынасынан бас­­тап, ұрыс жағдайындағы семантикасын төгілтіп, таразылап, нақтылап, аз сөз­бен алдымызға жайып салуы – батыр ойы­­ның тереңдігі әрі таным бірлігінде биік екенін танытты.

Осыдан кейін Баукең басын терезеге бұрып, шамалы уақыт үнсіз қалды. Жүзі өзге­ріп, қатуланды. Тағы бір жаңа ойды бастағысы келгендей. Осы кезде Баукең мін­беге келіп, микрофонға еңкейе сөзін жалғады: «Әрбір жасы келген қазақ жолда немен келе жатса да оның алдынан бір мола кездессе, міндетті түрде тоқтап көңіл аударады. Егер Құранды білсе, құран бағыштайды, оқиды. Ал егер үлкен зиратқа кезіксе, онда жолаушы жа­қын келіп, жерден бір уыс топырақ алып, «Жатқан жерің торқа болсын дейді. Бұл дәстүр!» деп айтып, ойлансын, сөз­дің байы­бына барсын дегендей сәл үзі­ліс жа­сады.

Одан соң: «Майдан жолының көп­те­ген шақырымын жүріп өттім. Құ­лап өлген жауынгерлерді көрдім. Жау ше­гініп кетерде жаралылар мен қарт­тар­ды, әйелдер мен балаларды айуан­дық­пен өлтіріп кеткендерін көрдім. Бұл айуандық көрініс». Мұндайды көргенде өзін шаққа ұстаған болар, қатал көздерге еріксіз жас  та келді. – Мен бұл көріністер жөнінде көп ойландым да, өйткені ко­ман­­­дирлер мен жауынгерлеріміздің жү­­ре­гіне өшпенділік әкелді. Бірақ ба­қы­­тыма қарай олар өшпенділіктің айуандығына барған жоқ. Біздің солдаттар фашизм тырнағынан дүние жүзінің халқын аман алып қалу үшін өздерін құр­бан етті. Аға ұрпақтың ұлы ісіне бас иіп ұрпақтары жүздеген, мыңдаған ес­кер­т­кіш пен белгілерді орнатты, егер сөзім дәл келсе, бауырластар зиратын жа­сады.

Бауырластар зираты! Ол жерде түрлі ха­­лықтар мен ұлт өкілдерінің түрлі діни се­німдегі соғыста шейіт кеткен­де­рі жатыр. Жер бетіндегі бейбітшілік үшін фа­шизмге қарсы аяусыз алысып, өмір­ле­рін қиды. Біз мұражайларға бар­ған­да мұ­рағаттарды көріп, әңгімелер тың­дай­мыз, ал бауырластар зиратының басында олар­дың рухтарына өз еркімізбен тәу етуі­міз керек!

Ел арасында немесе басқа елдерге жолаушылап сапарға да көп шығамын. Қай жерде болмайын, сол жердегі бауырластар зиратына баруға тырысамын. Бір жақсысы, зираттың күтілгенін көремін. Басында әрдайым гүлшоқтары тұрады. Өйткені ол жерде адамдар жерленген. Кейбірінде мәңгі алау алаулайды. Бұл дұрыс! Зиратқа жасалған күтімге қарап сол ортаның, халықтың тәлім-тәрбиесі мен мәдениетінің деңгейін байқайсың.

Менің ойымша, соғыс жеңісінің сал­танатын тек мәдениет үйлері мен сарай­лар­да ғана өткізбей, сол жеңіске жет­кіз­ген жандардың жатқан зиратының ба­сында да өткізу қажет. Бұдан біз тө­мен­деп қалмаймыз, қайта жанымыз тазарады. Азаматтығымыз кеңейеді!» деп Баукең екінші ойын аяқтады.

– Соғыстан қайтпаған солдатты еске алу, оған тәу етіп, құрмет көрсету, оны дәс­түрге айналдыруды әрі қарай жал­ғас­тырып, іске асыру – жастардың мойнында. Ол – әрбір адаммын деген­­нің қасиетті боры­шы! – деп Баукең сөзін аяқтады.

 Баукеңмен екінші кездесуім 1978 жылдың мамыр айында болды. Алма­ты­лық ардагерлердің демалып, өзара қауқылдасып, бас қосатын сүйікті орындары бар. Бұл Абай атындағы Опера және балет театрының жанындағы сквер. Мұхтар Әуезов мүсінінің жанындағы орындықта екі адамның сөйлескен да­уыстары арасынан Баукеңнің даусын таныдым. Әскери тәртіппен қолымды бас киіміме апарып: «Денсаулығыңызды тілеймін, жолдас гвардия полковнигі!»  дедім. Әскерилердің әскери рәсіммен амандасқанын Баукеңнің ұнататынын естігенмін. Маған бұрылып, көзін күннен көлегейлеп: «Сізге де саулығыңызды тілеймін», деп оң қолын ұсынды. Одан соң қазақы дәстүрмен ана тілімізде сәлемдесуді жалғастырдым. Сәлемімді та­ғы да тыңдап алып, енді маған сол қолын қоса ұсынып, жайлап өзіне тартып, жанына отыруыма ыңғай білдірді. Маған қарап алып: «Сенің атыңды ұмы­тың­қырап тұрмын, меніңше, сенің атың қазақтың аты емес. Басқасы есімде, сен ол кезде подполковник едің, енді қазір мені қуып жеттің». Осыны айтып күліп алды. Жанындағы әңгімелесіп отырған адамға қарап: «Жастар жақсы адымдайды. Маған академияға түсуіме, яғни тағ­дырыма әсер еттіңіз деген. Ал, жас пол­ковник, енді бізге қазір соны айт!» деді бірден.

–1966 жылы академияға түсерде ем­ти­хан билетіне тактика жөнінде мы­на­дай сұрақ келді: «Қоршаудағы ұрыс және қоршаудан шығу». Сұрақты оқып, таңданып қалдым. Өйткені біз жауын­гер­лік жарғының «Қорғаныс» және «Шабуыл» бөлімдерін жаттағанбыз.

– Сонда сен жауапты білмедің бе?!

Ойымды жинақтап: – Жоқ, Бауке, мен жарғыны еске түсіріп, оның үстіне, ең бастысы, 316-атқыштар дивизиясындағы арьергард батальонының ұрыс сызбасын тақтаға түсіріп, батальон командирінің ұрысты ұйымдастыруын айтып бердім. Емтихан алушылар асықпай көңіл қо­йып тыңдады. Емтихан билетінде бұ­дан басқа тағы төрт сұрақ болды. Бір сөзбен айт­қанда, жарты сағат ішінде бес бес­тік (25 балл) жинап, академияға оқуға түс­тім. Менің арманым осылай жүзе­ге асты. Сол себепті, Бауке, сіздің көме­гіңіз­бен мен академияға түстім, – дедім.

– Мәскеу түбіндегі батальонымның ұрыс тактикасы жөнінде қай жерден оқыдың? – деп сұрады. Атақты әскери қол­бас­шылардың бірнеше кітабын тізбе­леп, одан соң Фрунзе атындағы ака­де­мия­да «Ұрыс тактикасынан мысалдар» кіта­бы шыққанын айттым.

– Сонда не жазылған, Бауыржан Мо­мыш­­ұлы тек қоршаудан шығып, ше­гі­ну­мен болған деп пе?!

Мен бірден тездетіп: – Жоқ, бұл кі­тап­та ұрыс түрлеріне қарай басқа да бө­лімдер бар, соның ішінде сіз басқарған полк пен дивизияның шабуылы да жа­зыл­ған», деп жауап бердім.

– Сен әскери училищеден партия мек­тебіне бекер кеттің. Мен сияқты веч­ный полковник боласың, – деп сөзін біті­ріп орнынан тұрды. Біз осы жерде қош­тас­тық.

Баукеңнің «Ұшқан ұя», «Москва үшін шайқас», «Соғыс психологиясы» шы­ғар­малары мен басқа да жазба дүниесі ке­ле­шек ұрпаққа теңдесі жоқ ұлы мұра бо­лып қалады.

Баукең «патриот», «патриотизм» ұғым­дарын түсіндіре отырып, ұлттық намыс осы түсініктердің құрамдас маз­мұн­ды бөлшегі екенін баса айтқан болатын. «Адам баласының бойына өз ұлтының салт-дәстүрі мен мәдениеті, тарихы, ата-бабаға құрметі туған жерге деген махаб­ба­тын оятып, патриоттық бол­мысын қа­лып­тастырады. Ана тіліңді жет­­кілікті білгенде ғана сен оған қол жеткізесің. Бірақ осының бәрі өзге ұлт өкі­лі­нің ұлт­тық намысына көлеңке түсір­­меуі керек», деген болатын.

Талас жоқ дерек:  Бауыржан Момыш­ұлы – талантты әскери қолбасшы, дарын­ды жауынгер-жазушы, бізге әскери психология мен әскери педагогикаға, сондай-ақ тактика іліміне құнды теориялық негіз­дерді тарту еткен ойшыл-философ. Әс­кери ғылым тілімен айтқанда әскери ғы­лымның методологиясына өзіндік ба­ғыт жасаған тұлға.

Жаратылысынан ғажап ақылдылығы мен ержүректілігі, қайнаған күш-қуаты, қайт­пас қайрат-жігері Баукеңді көзі тірі­сін­де аңызға айналдырды.

Өкінішке қарай, бейбіт күнде оны бағалай алмағандар да болды.

Халық жазушысы Әзілхан Нұршайы­қов: «Бауыржан Момышұлы Ұлы Отан соғысының 1418 күні мен түнінде ерлік жа­сап жүрді», деп жазды.

Әзекең, меніңше, Баукеңнің жауын­гер серіктерінің ой-пікірлерін түйіп айт­­ты.

Бауыржан Момышұлы: «Мен – запас­та­ғы полковникпін, бірақ азамат ретінде әрқашан саптамын!» деген болатын. Запасқа мерзімінен бұрын шығарылса да, жасымады, қажымады, морт сынбады, өзіне жауыққандарға жем болмады.

Баукең адамгершілік, азаматтық және Отанды сүю сияқты асыл қасиет­тер­ді ардақтаған тамаша кітаптар жазды. «Бұл – Бауыржанның екінші ерлігі»  деді Баукеңнің майдандас досы, жазушы Дмитрий Снегин.

Мен ХХ ғасырдағы ұзақ та қанкешті соғыс қаһармандарынан Баукеңнің бір ерек­шелігі осы десем, қателесе қой­мас­пын.

Баукеңнің есімі – ерліктің символы, Казақ халқының мәңгілік мақтанышы.

 

Ким СЕРІКБАЙҰЛЫ,

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, профессор, әскери ғылымдар докторы, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы Әскери ғылымдар академиясының толық мүшесі