Аймақтар • 19 Қараша, 2020

Алматы облысында қалаға өтетін қос көпір пайдалануға берілді

424 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгін Талдықорған қаласындағы "Қызылтас" және "Шайқорған" саяжайларында Қаратал өзені арқылы өтетін 2 көпір пайдалануға берілді. Осы көпірлер арқылы енді екі саяжайдың қалаға қатынасы жақсарады. Көпірлерді ресми іске қосу шарасына облыс әкімі Амандық Баталов, ардагерлер және жергілікті тұрғындар қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz

Алматы облысында қалаға өтетін қос көпір пайдалануға берілді

Өткен жылы облыс әкімі саяжай тұрғындарымен кездескенде, кейін жеке қабылдау өткізген кезінде де тұрғындар осы саяжайлардағы екі көпірдің ескіргенін айтып, мәселе көтерген еді. Сол мәселені жергілікті билік бірден қолға алып, бюджеттен 595 млн.теңге бөліп, биылғы жылдың мамырында көпір құрылысын бастаған болатын. Карантиндік шаралар кезінде де құрылыс жұмыстары үздіксіз жүргізіліп, соның нәтижесінде қос көпір ел игілігіне беріліп отыр.

Қуанышты жаңалықпен тұрғындарды құттықтаған облыс әкімі А.Баталов:

– Бұл көпірлер жергілікті тұрғындардың алаңсыз жүріп-тұруына қолайлы болады деп ойлаймын. Біз қаланың орталығын ғана емес, шеткі аумақтарын, соның ішінде саяжайларды да көркейту жұмыстарына тұрақты көңіл бөліп келеміз. Ауыз су, электр жарығы, жол және басқа да инфрақұрылымдар жүргізіліп, халықтың тұрмысына қажетті жағдайлар жасалуда. Желтоқсандағы мерекелер қарсаңында облыста көптеген жаңа нысандар ашылады. Соның ішінде Талдықорған қаласында еліміздегі теңдесі жоқ жабық жүзу бассейні іске қосылады. Көп балалы отбасыларға 200-ден астам коттедж үйлер беріледі. Осының бәрі тұрғындар үшін, жас ұрпақтың болашағы үшін жасалып жатыр, – деп, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында атқарылған бірқатар істерді атап өтті.

Сол сияқты облыс басшысы мұндағы бұрынғы ескі көпірді бұзбай, қайта сыртын бояп, өткен күндердің ескерткіші ретінде қалдыру керектігін айтты. Тұрғындар бұл ойды қызу қуаттады.  

Алматы облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Ермек Келемсейіт те сөз алып, қаланың шетінде, Қаратал өзенінің арғы бетінде тұратын "Қызылтас" пен "Шайқорғанның" 7 жарым мың халқы үшін бұл үлкен қуаныш екенін атап өтті. Көпірлердің құрылысын сапалы орындап, жұмысты мерзімінде аяқтаған "ТеплоРемСтрой" құрылыс компаниясына  ризашылығын білдірді.

Мұнан соң елді мекен тұрғындарының атынан Әлия Бітебаева көптің тілегін жеткізді. "Амандық Ғаббасұлы, өткен жылы ақпан айында саяжай тұрғындарымен кездескен кезіңізде біз осы көпірлердің мәселесін шешіп беруді сұраған едік. Сіз уәде бергенсіз. Сол айтқан уәдеңізде тұрып, мынандай керемет көпір салып бердіңіздер. Бұрын селкілдеген көпірден балаларымыз өтіп болғанша жанымызды шүберекке түйіп тұратынбыз. Қыстық көмір-отын жеткізу біз үшін бір машақат еді, ескі көпір оған жарамайтындықтан, отынды таудағы қиын жолдармен тасуға тура келетін. Енді оның ешқайсысына алаңдамайтын болдық. Бұл екі көпір бізді екі тараптан қолдап, құшақтап тұрған екі қол секілді. Біз осы көпірлер арқылы сондай жанашырлықты сезіндік", деді 35 жылдан бері "Шайқорғанда" тұрып келе жатқан Ә. Бітебаева.

Мұнан соң облыс басшысы А.Баталов "Қызылтас" саяжайындағы көпірді арнайы барып көрді. Қос көпірдің құрылысын жүргізген жұмысшылармен тілдесіп, ризашылығын айтты.

Қала маршрутындағы № 14 және № 3 автобустардың соңғы аялдамасы енді бұрынғыдай көпірге келіп тірлмейді, көпір арқылы саяжайлардың ішіне өтіп, жүретін бағыты ұзарады. Бұл да – тұрғындар үшін қуаныш.

Қос көпірдің құрылысын жүргізген "ТеплоРемСтрой" құрылыс компаниясының директоры Серік Қомшабаевтың айтуынша, құрылыс жобалық-сметалық құжатқа сай, сапалы орындалды. Оны салуға отандық құрылыс материалдары қолданылған. Көпірді салу барысында 70 шақты адам жұмыс істеген, олардың барлығы да – жергілікті тұрғындар. "Қызылтас" және "Шайқорған" саяжайларында жаңадан салынған екі көпірдің де ұзындықтары – 69 м, жүру бөлігінің ені – 7 м.

Жалпы Талдықорғанда 12 саяжай қауымдастығы бар. Жергілікті бюджет есебінен оларды ауыз сумен қамту, саяжайларға электр, су, газ желілерін тарту, жол жөндеу жұмыстары атқарылуда.

Мәселен, 2014 жылдан бастап жалпы сомасы 553 млн. теңгеден астам сомаға 107 км электрмен қамту желілеріне реконструкция жасалған, сол қатарда "Шайқорған" мен "Қызылтас" саяжайлары да бар.

Жылдар бойы қордаланып қалған ауыз су мәселесі де шешімін тапты. Қазіргі кезде "Мерекелік", "Шайқорған", "Үйтас", "Достық", "Агропромышленник", "Сарыарқа" саяжайларын орталықтандырылған су жүйесімен қамту үшін 62 шақырымнан астам желі төселді. Бұл жұмыс әлі де жалғасуда.

Саяжай қауымдастықтарына табиғи газ жеткізілді. Бүгінде "Шайқорған", "Үйтас", "Сарыарқа", "Достық", "Ключи", "Агропромышленник" саяжайлары тұрғындарының көгілдір отынға қосылуға мүмкіндіктері бар.