Руханият • 20 Қараша, 2020

«Бір үйде жиюлы екен қазына мал»

739 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Қазақ халқының музыкалық аспаптарының шығу тарихын ғалымдар сонау ықылым замандардан, ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің тарихи зерттеу-жазбаларынан ­бастау алатынын алға тартады. Уақыт өте келе ұлттық қазынаның жандануына Шоқан Уәлиханов, Ахмет Жұбанов, Әлкей Марғұлан, Өзбекәлі Жәнібеков секілді тағы да басқа танымал ұлт зиялылары атсалысса, халқымыздың көне музыкалық аспаптары мен дәстүрлі қазақ музыка мәдениетінің кейінгі қайта даму кезеңі Болат Сарыбаев есімімен тығыз байланысты.

Аспаптанушы ғалымдардың зерттеу еңбектеріне жүгінсек, музыкалық жауһарлар алғаш өнер туындысы ретінде емес, тұрмыстық деңгейде қолданылатын құрал, бұйым тұрпатында пайда болғаны мәлім. Үрлеп ойналатын және ұрып ойналатын аспаптар атының тіпті көне зерттеулер мен Батырлар жырында жиі ұшырасуы халық өнері қорының тамыры тереңде жатқандығын, музыкалық аспаптардың қазақ даласында сан алуан түрі болғанын айғақтай түседі.

Төменде Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің жетекшісі Рүстем ҚАЙРАТҰЛЫ рухани байлығымызға баланған осынау құнды жәдігерлерді сақтап, зерттеудің маңызы мен болашағы туралы баяндайды.

 

«Бір үйде жиюлы екен қазына мал»

– Рүстем Қайратұлы, әуелі музейдің тыныс-тіршілігі мен құнды жәдігерлердің қыс­­қаша тарихы туралы әңгі­­мелеп берсеңіз.

– Алматыдағы біздің музей халқымыздың көне музыкалық аспаптарына арналған әзірге еліміздегі бірден-бір рухани ошақ саналады. Мұнда қа­зақ халқының ұлттық музы­ка­лық аспаптарымен қатар әлем­­нің 50-ге жуық елінің мә­­дение­тімен таныстыратын зал­дарды қосқанда, бас-аяғы 9 зал жұмыс істейді. Музейге келушілерді әр экспонат жа­йында толық ақпаратпен қам­тамасыз ету үшін музей залдары 2 ақпараттық киоск пен бейнеконтенттік проекторлармен жабдықталған. Киоск арқылы әр экспонат жайында ақпарат берілсе, бейнеконтенттен сол аспаптың дыбысталуы, аспапта ойналатын музыкалық шығармалар көрсетіледі. Әрбір экспонат жай­лы ақпаратпен қамтамасыз ету – музейдің ғылым бөлімі­нің негізгі міндеті.

Бірінші залда музыкалық ас­паптардың археологиялық қазбалар нәтижесінде табыл­ған, 10 ғасырдан астам тарихы бар көне жәдігерлер сақтаулы.

Үрмелі және соқпалы-шу­лы аспаптар залында әскери жо­рықтар кезінде қолданылған дабыл, дауылпаз, шыңдауыл, дудыға, сондай-ақ күнделікті тұрмыста қолданылған сақпан, шартылдауық, тұяқтас аспаптары мен сыбызғы, сазсырнай, желбуаз сынды үрмелі аспаптар бар.

Мемориалдық музыкалық аспаптар залында қазақ музыка тарихында «Алтын ға­сыр» саналатын ХІХ-ХХ ғасыр­ларда өмір сүр­­ген халқы­мыз­дың шоқтығы биік әнші-жыр­шылары мен күйші-компо­зиторларына тие­сілі музыкалық мұраларға орын берілген.

1

Музейдің бағалы коллек­ция­сында Абай, Шәкәрім, Құрманғазы, Дина, Жамбыл, Қазанғап, Ақан сері, Біржан сал, Кенен, Сүгір, Ахмет Жұ­банов, Нұрғиса Тілендиев және тағы басқа тұлғалар ұстаған дом­быралар мен сырнайларды та­ма­шалауға болады.

– Осылардың ішіндегі ең көне мұра кімнің домбырасы?

– Залдағы ең көне жәдігер – Махамбет Өтемісұлының екі ішекті, 13 пернелі, жұмыр ша­нақты домбырасы. Аспап ұзақ уақыт музыкант Арыстан Баталовтың қолында болған. 1931 жылы өнер иесі қайтыс болған соң, домбыраны оның ағасы Қатеп Қызылордаға алып кетеді. 1933 жылы белгілі күйші-композитор Сей­тек Ора­­за­лыұлы осы домбыраның ар­­тынан Қызылордаға арнайы іздеп барады. Махамбеттің домбырасында қатарынан екі күн ойнайды. Батырдың жә­ді­герін күйші қанша қалап, өзіне сыйға тартуын өтінгенмен олар көнбейді. Кейін Қатеп қай­тыс болғаннан кейін, домбыра Қатептің туысы Қажеттің қо­лында қалады. 1934 жылы Қа­жет қайтыс болып, анасы Ре­сейге қоныс аударған кезде дом­быраны өзімен бірге ала кетеді. Сөйтіп Ресейде ас­пап Елеу есімді қарттың үйін­де сақталған. 1974 жылы ол кісі қайтыс болып, тарихи жә­д­ігер оның ұлы Мұстафа Исмағұловтың қолына өтеді. 1985 жылы домбыраның бет тақтайы қайта жөнделіп, тарихи құндылық ретінде музейге табысталды.

– Ал Абай Құнанбайұлы мен Шәкәрімнің домбыраларын музейге кімдер тапсырды?

– Келушілердің назарын өзіне аудартып тұратын ерек­ше құндылықтың бірі – Абай Құнанбайұлына тиесілі үш ішек­ті домбыра. Абай бір­не­ше саз аспабын жасатып, өзі­нің төл ұрпақтары мен ай­на­ласындағы әнші-күйші, ақын­дарға сыйға тартқан. Ақын­ның өзінің жеке домбырасы – үш ішекті, 8 пернелі, қа­лақша пішінді. Оны Абай мен ұлы Ақылбай тартқан. Ке­­йін жәдігер мұра ретінде Ақыл­байдың ұлы Исраилға тапсырылады. Ұлы ақынның немересі Исраил бұл домбырамен облыстық, республикалық деңгейдегі түрлі байқауларға қатысқан екен. 1959 жылы Исраил дүние салып, кейіннен қыздары жәдігерді Семейдегі Абай Құнанбайұлының әде­би-мемориалдық музейіне тап­сырған. Ал 1981 жылы ақын­ның асыл мұрасы Ықылас атын­дағы халық музыкалық ас­пап­тар музейі қорына алынды. Айта кететін тағы бір жайт, Абай домбырасының осы түп­нұсқасынан басқа 4 кө­шір­месі жасалған. Өкінішке қа­рай, бұл аспапты жасаушы ұста­ның есімі және қай жылдары жа­салғандығы жайлы ешбір дерек жоқ.

Мемориалдық аспаптар кол­­­­лекциясына соңғы қо­сыл­ған аспап – Шәкәрім Құдай­бердіұлының екі ішекті (бас­тап­қыда үш ішекті болған), 13 пернелі, қалақша пішінді дом­бырасы. Шәкәрім қайтыс болған соң, аспап оның ұлы Ахаттың қолында қалған. Ахат қарттан Семейдегі бір мұ­ға­лімге, кейін ол мұғалімнен Шәкәрім атындағы Семей мем­лекеттік университетінің рек­торының қолына өткен. Өз ке­зегінде оқу орнының басшы­сы домбыраны Шәкәрім өне­рінің жанашыры болып жүр­ген меценат Медғат Құл­жановқа та­быстайды. Мед­ғат Кәрімұлы 2019 жылы жәдігерді музейімізге өткізді.

– Музыкалық аспаптар­дың үнін қайта жаңғыртуда да біраз жобалар қолға алын­ған тәрізді...

– Елбасы Нұрсұлтан На­зар­баев «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасының жалғасы ре­тінде жарыққа шыққан «Ұлы даланың жеті қыры» ма­қа­ласында қазақтың қобыз, дом­быра, сыбызғы, сазсырнай және басқа да дәстүрлі му­зыкалық аспаптарымен орын­дауға арналған маңызды туындылар топтамасын – «Ұлы даланың көне сарындары» жи­­нағын басып шығару қажет екен­дігін айтып өткен болатын.

Осыған орай музей қорында сақталған мемориалдық му­зыкалық аспаптардың дыбы­сын қайта жаңғырту мақса­тында «Жәдігер» музыкалық антологиясы жарық көрді.

Музыкалық антологияда музей қорында сақталған 24 мемориалдық аспапты қазір­гі ән-күй, жыр мектептерінің ірі өкілдері дыбыстандырып, әрбір аспаптың жасалу технологиясына танымал шеберлер сипаттама берді.

1

Антология аудио және ви­део үлгісінде басылып шы­ғып, әйгілі өнерпаздардың өз ас­пап­тарында орындалған шығар­малары бүгінгі аудиторияға жақындатылып әрі түсінікті форматта жол тартты. Видео­лар музейдің шеберлер залында арнайы проектор ар­қы­лы келушілерге ұсы­нылуда.

Сонымен қатар қобыз за­лында ХVІII ғасырда жа­сал­ған Жарас бақсының қо­бы­зы­нан бастап, әр өңір бақ­сы­ла­рының қобыздары мен ХХ-ХХІ ғасырларда шеберлердің қолынан шыққан аспаптар жә­не Жаппас Қаламбаев, Дәу­лет Мықтыбаев, Гүлнафис Бая­зи­това сынды әйгілі қо­быз­­шылар өнер көр­сеткен ас­­паптар қойылса, Ше­бер­лер залы бүгінгі ісмер ше­бер­лердің таңғажайып туындыла­ры мен Ықылас атындағы ха­лық музыкалық аспаптар му­зе­йінде екі жылда бір рет өткі­зілетін «Аңыз домбыра» рес­публикалық байқауы жүл­дегер­лерінің аспаптарымен таныстырады.

Байқаудың негізгі мақсаты: насихаты кем түсіп жатқан дәс­­түрлі қолөнерімізді және оны сақтаушы шеберлердің ең­бе­гін насихаттау, жаңа мүм­кін­дік­терге жол ашу, дом­быраның көне қоңыр үнін қайтару болып табылады. Байқау алғаш рет 2016 жы­лы Алматы қаласы кү­ніне орай ұйым­дастырылып, оған еліміздің әр түкпірінен 65 шебер қатысқан болатын. Ал екінші рет 2018 жылы өтіп, оған 39 шебер қатысты. Жүл­делі орындарға ие болған домбы­ралар музей қорына алынып, экспозицияға қойылып отырады.

– Мұнда Қазақстандағы түрлі елшіліктер сыйға тарт­қан музыкалық аспаптар да бар екен. Музей қорын то­лықтыру мақсатында әлем халық­тарының аспаптарын му­зейге жинастыру ісі қай кез­ден бастап қолға алынды?

– Келушілер әр елдің му­зы­калық өнерінен сыр шер­те­тін түрлі аспаптарды та­ма­ша­лай алады. Ол үшін «Түр­кі­- тілдес халықтардың музы­ка­лық аспаптары», «Азия халық­тарының музыкалық аспаптары», «Еуропа халықтарының музыкалық аспаптары» залдары жұмыс істейді.

Алғашқы жылдары ха­лық музыка аспаптары музе­йін ұйымдастыру барысын­да бел­гілі этнограф, музей­дің ашы­луына тікелей мұ­рын­­дық болған Өзбекәлі Жәні­бе­ковтің бастамасымен қазақ хал­қының ұлттық аспаптарын ғана емес, көршілес респуб­ликалар (ТМД) мен әлем ха­лық­­тарының аспаптарын да жи­­нақтау көзделген болатын. Оларға арнап экспози­ция залдарын жабдықтау жұ­мыс­­тары жүргізілді. Бұл жұ­­­­мысқа сол кезде музей жа­ны­­нан құрылған «Сазген» фольк­­­лорлы-этнографиялық ан­­сам-

блінің қосқан үлесі зор. Ан­самбль тек қана музей сахнасында ғана өнер көрсетіп қойған жоқ, сонымен қатар шет елдерге гастрольдік са­пар­ға шығып, музей қорын бар­ған елдерінен алып келген музыкалық аспаптармен ба­йытып отырды. Шетел аспаптарын музей қорына алу үрді­сі әлі де жалғасын тауып келеді. Музей көптеген елдің ел­ші­ліктерімен, мәдени орта­лық­тарымен, тіпті жеке тұлға­лармен де іскерлік байланыс орнатып, нәтижесінде жыл са­­йын ондаған аспаптар музей қо­­рына салтанатты жағдайда қа­былданады.

– Бұл мақсатта музейде тағы қандай жобалар атқа­рылды?

– Осындай бір үлкен іс-ша­раның бірі – 2018 жы­лы Ал­матымен бауырлас қа­ла­­лардың, атап айтқан­да, Минск, Вильнюс және Бу­да­­пешт шаһарлары өнерпаз­да­ры қатысуымен өткен «Әлем ха­лықтарының музыкалық ас­пап­тары – музей сахнасын­да» атты фестивалі еді. Фестиваль барысында осы елдерден келген музыканттар өздерінің ұлт­тық аспаптарында ойнап, ха­лық әндерінен шашу шашты. Кеш соңында өздері ойнаған музыкалық аспаптарды музейге сыйға тартып кетті.

Сондай-ақ Индонезия, Тә­жікстан, Тайланд елдерінің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшілері, Әзербайжан елінің Мәдениет министрлігі өкілі музейге арнайы ат басын бұрып, ұлттық музыкалық ас­паптарын сыйлаған болатын.

Алматы қаласындағы өз­ге халықтардың мәдени орталық­тары – «Ичикава» жапон үйі, «Масис» қазақстандық армян қоғамы да музейде дәстүрлі му­зыкалық кеш өткізіп, көрер­мендерді өздерінің музыкалық мәдениетімен таныстырды.

– Музыкалық аспаптар­ды зерттеу, насихаттау жұ­мыстары қалай жүзеге асырылады?

– Музей тек ағартушылық және насихат жұмыстарымен ғана шектеліп қоймайды, сонымен қатар мұндағы коллекцияларды ғылыми тұрғыдан зерттеп-зерделеу жұмыстарымен де тұрақты түрде айналысады.

Осы ретте 2017 жылы «Ме­мо­риалдық музыкалық аспаптар: ғылыми-зерттеу, жинау жә­не насихаттау» ғылыми-тә­жі­рибелік конференциясы өт­­кізілген еді. Конференция­ға Ре­сей, Өзбекстан, Тыва, Гер­­ма­ния елдерінен ғылыми-зерт­­­теушілер қатысып, ХІХ-ХХ ға­сырларда әйгілі әнші-жыр­шылар мен күйші-ком­позиторлардың ас­пап­тарына зерттеу жұмыстары жүргізілді.

Өткен жылы қазанның 25-і күні Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде Тұңғыш Президент – Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарла­масы және «Ұлы даланың же­ті қыры» атты мақаласы аясында «Археологиялық қазба жұ­мыс­­тарынан табылған көне му­зы­калық аспаптар: жина­лу және зерттелу мәселелері» ат­­ты халықаралық ғылыми-тә­жі­­рибелік конференция өтті. Кон­­ференцияға Қазақстан му­зейлері мен ғылыми-зерттеу ор­талықтарынан археологтер мен этнолог мамандар, ғылы­ми қызметкерлер қатысып, ел аумағынан табылған көне му­­зыкалық аспаптар және Қа­зақ­стандағы музыкалық архео­логия мәселелері жайында ой-пі­кірлерімен бөлісті.

– Іс-шараға танымал тұл­ғалардан кімдер қатысты?

– Конференцияның ерекше қонағы, музыкалық архео­логия саласында 25 жылдан бері зерттеумен айналысып жүрген норвегиялық ғалым, Осло университетінің профес­соры, тәуелсіз зерттеуші Гер­­мунд Коллтвейттің есі­мін ерекше атап өткім ке­леді. Док­тор Коллтвейт Скан­ди­на­вия елдерінің көне музы­ка­лық аспаптары туралы өзі­нің зерт­теулерімен және тәжі­ри­белерімен бөлісті.

Сонымен қатар 2014 жылы Алтай өңірінен табылған ішекті аспап пен Украина жерінен шық­қан қобыз аспабының кө­шірмелері таныстырылып, ды­бысталып, конференция со­ңында музей экспозициясына қойылды.

Музей 2018 жылы елордада Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар, рухани жаңғыру» бағдарламалық ма­қа­ласының «Туған жер» кіші бағдарламасын іске асыру аясында Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған «Рухани қазына – 2018» І фес­тивалінде 16 аймақ қатыс­қан 53 музейдің арасынан «Үз­дік облыстық маңызы бар мем­лекеттік музей» аталымы бо­йынша жеңімпаз атанып, қар­жылай сыйлыққа ие болды.

– Карантин тұсында музей немен айналысты?

– Әлем халқын толқытқан пандемияға қарамастан, карантин кезінде де музей өзінің жұмысын еш тоқтатпай, уақыт пен заманның талабына сай онлайн форматта жұмысын жалғастырып отырды. Музей мен экспонаттар әлеміне онлайн-экскурсиялар жасалып, онлайн-лекциялар, айтулы күн­дер мен мерекелерге орай он­лайн-концерттер, онлайн-бай­қаулар, сонымен қатар онлайн-шеберлік сағаттары өткізілді.

 

Әңгімелескен

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»