Түркістан облысы Жетісай АПБ-нің кезекші бөліміне ойын залдарының бірінің операторын тонап кеткені туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына бірден полицияның жедел-тергеу тобы шықты. Полицейлер кассада тұрған қызға мекемеге келуші шабуыл жасап, 170 мың теңгесін күшпен тартып алып, белгісіз бағытта жасырынғанын анықтаған. Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған оқиға аудандық полиция бөлімінің СДТБТ-не ҚР ҚК-нің 191-бабы «Тонау» бойынша тіркелген. Күдіктіні іздеуге кіріскен жедел уәкілдер бейнебақылау камераларын тексеріп, жақын маңдағы көшелерді, қонақүйлерді және басқа да баруы, мүмкін жерлерді қарап шықты. Осылайша 10 күнге созылған жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде аудан полицейлері күдіктіні Шымкент қаласындағы жалдамалы пәтерлердің бірінен ұстады. Ол бұрын сотты болған жергілікті тұрғын болып шықты. Айғақты зат ретінде ақша алынып, заңды иесіне қайтарылды.
Қазіргі уақытта тонау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынған. Полиция қызметкерлері ұсталған адамның басқа да осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтауда.
Жетісай ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері өңірдегі тағы бір қылмысты істің ашылуына үлес қосты. Түркістан облысында тұрғындарға 1,5 млрд-қа жуық шығын келтірген «Indigo-24 Evolution» қаржы пирамидасын ұйымдастырған 12 күдікті ұсталып, қамауға алынды. Еске сала кетейік, биылғы жазда жедел-іздестіру іс-шаралары барысында аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Жетісай қаласындағы «Indigo-24 Evolution» қаржы пирамидасының қызметін тоқтатқан болатын. Бұл жайт ҚР ҚК-нің 217-бабы 3-бөлігі «Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету» бойынша тіркелді. Бір ай өткеннен соң жәбірленушілер саны 300-ден асты. Осыдан соң полиция қызметкерлері аталған іске қатысы бар басқа да күдіктілерді ұстау үшін, түр-тұлғасын анықтап, іздеріне түсті. Жетісай АПБ-ға Шымкент қаласынан қаржылық пирамида ұйымдастырды деген күдікпен аудан тұрғыны жеткізілді. Сондай-ақ оның екі сыбайласы, Мақтаарал ауданының тұрғындары да ұсталды. Тергеу барысында кеңсеге тінту жүргізіліп, құжаттар, жабдықтар, компьютерлер және басқа да айғақты заттар тәркіленді. Атқарылған тиянақты жұмыстардың нәтижесінде алғашында 5 күдікті, кейіннен 7 күдікті ұсталды. Олар Жетісай, Шардара, Мақтаарал, Сарыағаш аудандары тұрғындары көпшілігінің ақшасын қайтармаған.
Бүгінде генерал-майор Қайрат Дәлбеков басқарып отырған Түркістан облысы Полиция департаментінің білікті деген тергеушілерінен тергеу тобы құрылып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. «Белгілі болған «Indigo-24 Evolution» қаржы пирамидасының 2015 жылы Алматы қаласында негізі қаланған. Оның негізін қалаушы мен ұйымдастырушысы ретінде туыс күдіктілер ұсталды. Олардың Түркістан облысында бірнеше азаматты директор ретінде тағайындап, өңір тұрғындарынан 1 млн теңгеден ақша алып, еселеп қайтарамыз деген құрғақ уәдемен өз алаяқтық істерін жүзеге асырған. Бүгінгі таңда жәбірленушілер саны 1500-ден асты. Олардың барлығының арыздары заңды түрде тіркелген. Ұсталған 12 күдікті де соттың санкциясымен қамауға алынды. Бүгінде белгілі болған шығын көлемі 1 млрд-тан астам теңгені құрайды. Сонымен қатар арызданушылар мен күдіктілер саны артуы, соған сәйкес шығын көлемі де өсуі мүмкін», дейді облыстық Полиция департаменті Тергеу басқармасының бастығы, полиция полковнигі Нұрмахан Жалғасов.
Осы орайда Түркістан облысының полицейлері тұрғындарды ақшаны еселеп беремін деген адамдардың сөзін әбден саралап, ой елегінен өткізуге, алаяқтардан сақ болуға шақырады. «Біріншіден, олардың берген ақпарларын толық зерттеп алыңыз. Екіншіден, салымның кірістілігіне мұқият мән беріңіз. Неғұрлым жоғары болса, ол сізге күмән тудыруы тиіс. Себебі кез келген ақшаңызды көбейтіп беремін деген банктің өзі бірден сіздің салымыңызды 50-100 пайызға өсірмейді», дейді полиция қызметкерлері.
Түркістан облысы