Қоғам • 20 Қараша, 2020

Бізде жақсы жобалар бар...

381 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Жеті жыл бұрын «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы қабылданып, солтүстік пен шығыстағы «жұмыс күшін қажет ететін» аймақтарға азаматтарды қоныстандыру қолға алынған. Тәуір-тәуір уәделері де бар: үймен, жермен қамтиды, отбасының әр мүшесіне бір реттік жәрдемақы береді, балалары мектеп пен балабақшаға кезексіз қабылданады, тағысын тағы. Осы орайда жылы орнын суытып солтүстікке көшіп барған кейіпкерлермен пікірлескен едік. Бірінің айы оңынан туса, бірі әлі мемлекет ұсынған игіліктерді ала алмай шерменде болып жүр.

Бізде жақсы жобалар бар...

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «ЕQ»

Солтүстікке 563 отбасы қоныс аударды

Солтүстік Қазақстан облысы әкім­дігінің жұмыспен қамтуды үйлес­тіру және әлеуметтік бағдарла­малар басқармасының бөлім басшысы Алма Махметованың айтуынша, аймақ­та Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маң­ғыстау, Түркістан облыстарынан, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қала­ларынан азаматтарды көшіру және оларды қоныс аударушыларды қабыл­дау жөніндегі өңірлік квотаға енгізу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

– Жыл басынан бері облысқа Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маң­ғыс­тау, Түркістан облыстарынан, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қала­­лары­нан құрамында 1720 адам бар 563 отбасы қоныс аударды. Ол отбасы­лар облыстың барлық аудандары мен Петропавл қаласына орналасты, – дейді Алма Махметова.

Көшіп келген 1720 адамның 879-ы – еңбекке қабілетті. Бұл келушілердің 51 пайызы деген сөз. Жұмыспен қамту шараларымен 708 адам қамтылып, оның ішінде 603 адам тұрақты жұмыс тапқан.  Облыстық жұ­мыспен қамтуды үйлестіру және әлеу­меттік бағдарламалар басқар­масының бізге берген дерегіне сүйенсек, дәл қазір аймақта 1000-нан астам бос жұмыс орны бар.

– Оның ішінде мал дәрігері, агроном, мұғалім, дәрігер, зоотехник, жо­ғары өнімді техниканың жүргізу­ші­сі мен механизаторлар бар. Ал бюд­жет қаражаты есебінен жаңа ма­ман­дықтар алғысы келетін адамдар «Еңбек» бағдарламасы бойынша даяр­лау және қайта даярлау курстарынан өте алады. «Бастау бизнес» курстарында кәсіпкерлік негіздеріне оқуға мүмкіндік бар. Кәсіпкерлікпен, бау-бақша өсірумен айналысқысы келетіндер үшін жер телімдерін бөлу және қайтарымсыз гранттар рәсімдеу, сон­дай-ақ кәсіпкерлік негіздеріне оқы­ту сияқты қажетті жағдайлар жасалады. Аталған шаралар нәтижесінде 100 адам өз ісін ашып, кәсіпкерлікпен айналысып жатыр, – деді бөлім басшысы.

 

Сын айтпай тұрып, жағдайды білгені жөн

Алматы облысының тумасы Айбол Нұрлыбек «Серпін» бағдарламасымен Петропавлдағы Манаш Қозыбаев атын­дағы Солтүстік Қазақстан мемле­кет­тік университетін бітіріп, қазір Екібас­тұздағы Білім-инновация лицейінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп жүр. Солтүстік Қазақстанды әдейі таңдадым, елге қызмет ету үшін географиялық мекенжай маңызды емес дейді жас маман.

– Қоғамда айтылып жүрген патрио­тизмнің көбі – пафос. XXI ғасырда өзімізді сөзбен емес, нақты істермен дәлел­­деуіміз керек. Сол жағынан ал­ған­да солтүстік халқының іске көбі­­­рек мән беретінін байқадым. Әдет­те оңтүстік қазақша жақсы сөй­лейді, солтүстік тілге шорқақ деген ұғым қалыптасқан ғой. Мұнда келіп жер­гілікті халықтың ана тілде тәп-тәуір сөйлейтінін байқадым. Керек болса жергілікті журналистер сингармонизм заңдылығын бұзбай сөйлейді. Әрине, орысша сөйлейтін жастар баршылық. Бірақ ондай жастар қай облыстан да табылады. Сондықтан жастар солтүс­тікке келсе тез сіңіседі, әрі жаңаша өріс табады деп сеніммен айта аламын, – дейді Айбол.

Айболдың қарындасы Аружан да ағасының ақылымен Петропавлға оқуға түскен. Қазір қазақ тілі және әдебиеті мамандығы бойынша білім алып жатыр.

Кейіпкеріміз ел ағалары солтүстікке мойын бұрмайды, көбі мұндағы жағ­дайды көзбен көрмей-ақ сырттай тон пішуге құмар, дейді.

– Өзім осында өмір сүрген 5-6 жыл­да бірде-бір ел зиялысы осында келіп, жастармен кездесіп, дәріс оқы­ған емес. Өзін елге, ұлтқа қызмет етіп жүрміз дейтін сондай адамдар өзіне нағыз мұқтаж жерге барып, ақылын беріп, көмектесуі керек деп ойлаймын. Өкінішке қарай, біразы орта­лықтан ұзағысы, жылы-жұм­сағы­нан алшақтағысы келмейтін сияқты. Сөйте тұра теледидарда, интернетте көзімен көрмеген өлке жайлы оңды-солды сын айтуға құмар. Дәл қазір солтүстік облыстарға мұндай биік деңгейлі азаматтардың көмегі аса қажет, – дейді Айбол Нұрлыбек.

 

«Ауылға жедел жәрдем келмейді»

Жамбыл облысының тумасы Гүлмира Серікбаева да жыл басында Солтүстік Қазақстандағы Ковыльное ауылына отбасымен көшіп келген. Мамандығы – бухгалтер-экономист. Екібастұз қаласы ұнамаған соң, әлеуметтік қорғау бөлімінің кеңесімен осы ауылды таңдаған.

– Қаңтар айында ауылға келіп, ел-жұрттың тұрмысымен, басшыларымен танысып, көңілден шыққан соң, көше­міз деп шештік. Қоныс аудару қиын­дық тудырған жоқ. Үкіметтен тиіс­ті қаржылай көмекті алдық. Жаңа үй бе­рілді. Коммуналдық жағдайы жақ­сы. Қыста ыстық. Үлкен қаладағы үш бөл­мелі пәтерлерден кем түспейді. Қазір жолдасым екеуміз ауылдағы «Ақселеу» ЖШС-да жұмыс істеп жатырмыз. Мен – есеп бөлімінде, күйеуім автопаркте көлік жүргізуші, – дейді Гүлмира.

Екі ұлы мектепте оқыса, кенжесі балабақшаға барады екен. Алайда қазақ мектебінің жоқтығы отбасы үшін қиынға соғып тұр.

– Олар Жамбылда жүргенде қазақ мектебінде оқыды ғой. Енді мұнда келіп орыс мектебіне барып сабақтағы терминдерді, ережелерді түсіне алмай қиналып жүр. Үйренісіп кетер деп ойлағанбыз. Алайда оңай болып жат­қан жоқ. Мектеп қазақ тілінде болса деген тілегіміз бар. Ал басқа жа­ғы­нан солтүстік пен оңтүстіктің аса бір айырмашылығы жоқ. Тұрмыс жағ­дайы тең. Айырмашылық – тек көкөніс бағасы мен ауа райында ғана. Сол­түс­тіктің қысы бізге қатты ұнады, таби­ғаты керемет, – деді кейіпкеріміз.

Қоныс аударушыны тағы бір алаң­дат­қан жағдай – медицина мәселесі. Министр А.Цой­дың әдемі мәлімдемелерін, биік мін­­берлерден айтылатын ғажайып баян­дамаларды бір сәт ұмыта тұрайық: Қазақстанда әлі күнге жедел жәрдем бармайтын ауылдар да бар...

– Өзіміз осы ауылға келгелі бір­неше рет медициналық көмекке мұқ­таж болдық. Ұлым қолын сындырып алды. Сосын соқыр ішек болды. Ал ме­ди­ци­налық көмек беретін жалғыз фельд­шер ғана бар екен. Ол кісі травматолог емес, ота жасай алмайды. Бұл ауылға жедел жәрдем бригадасы да келмейді. Жақын арада бұл мәселе шешіле қоймас, – деді Гүлмира.

 

Шешілмеген мәселелер де көп

– Жұбайым, екі балам бар. Келін­шегім осы жердегі қазақ мектептерінің біріне жұмысқа орналасты. Балам мектепке, қызым балабақшаға барады. Келген кезде үкімет тарапынан отбасы мүшелеріне 86 мың теңгеден берген. Алайда жұбайым мен қызымның тұ­рақ­ты тіркеуі Қарағандыда болуы­на бай­­ланысты, көмекті тек ұлым екеу­міз ғана алдық. Үйдің арендасын бір жыл­ға дейін мемлекет төлеп берді, – дейді келесі кейіпкеріміз Ғани Қалдыбеков.

Мамандығы – дәнекерлеуші. Қара­ғандыда он жылдай «Имсталькон» ком­п­аниясында жұмыс істеп, 2016 жылы іссапар негізінде компаниясымен мердігер ретінде келіп Ақсу­дағы ферроқорытпа зауытына пеш қон­дырумен айналысқан. Сөйтіп, үш жыл өткен. Содан соң мемлекеттік бағдарламамен 2018 жылы Ақсуға отбасын да көшіріп әкеледі. Бұл кезде ол мердігер компаниядан жұмыстан шы­ғып кеткен. Әкімдікке көлік жүргі­зуші болып жұмысқа орналасады. Алайда жалақысы аз болуы себепті ол жұмыстан да шыққан. «Әкімдікте көлік жүргізушісі болып істеп жүрген кезімде сол кездегі Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау министрі Бер­дібек Сапарбаев келді өңірге. Ол кісі­нің алдында сөз сөйлеп, проблемалар­ды айтып едім. Алайда еш қайран болмады» дейді Ғани.

Біраз уақыт бұрын ол Ақсу ферро­қорытпа зауытына дәнекерлеуші болып жұмысқа кіруге өтініш білдірген. Сы­нақтан да сәтті өткен. Тиісті меди­циналық құжаттарын да түгел әзір­леген. Бірақ зауыт нақты себепсіз жұмысқа алу мәселесін кейінге ысырып жатқан көрінеді.

– Үш апта өтті. Әлі ешқандай жауап жоқ. Кадр бөліміне хабарлассам, «сіз жұмысқа қабылдандыңыз, біздің қоңырауымызды күтіңіз» дейді. Не ойлағандары барын түсінбей далмын. Дәл қазір пәтер жалдап тұрып ж­атыр­мыз. Табыс төмен болған соң бала­лардың киім-кешегін алып беру де, үйге азық-түлік алу да қиынға со­ғып тұр. Келісімшарт бойынша 5 жылға дейін бұл жерден кете алмай­мыз. Әкімнің алдына кіре алмай жүр­геніме біраз уақыт болды. Не ары емес, не бері емес, осылайша сенделіп қалдық. Менің ізімнен еріп бауырым мен келінім де келген. Қолдарында дипломы бар. Олар да қазір пәтерде жүр. Негізі мұнда баспана мәселесін шешеміз, жақсы жұмыс табамыз деп келіп едік. Бірақ оның орындалатын сыңайы байқалмайды, – дейді Ғани.

Ғанидың айтуынша, оңтүстіктен келгендерге берілетін үйлер әлі салынып жатыр. Барғандардың көбі жалдамалы жұмыс істеп, таксист болып, әрең күнелтіп жүр. «Бағдарлама дәрігерлер мен мұғалімдер үшін қолайлы шығар, біз сияқты кәсіптік білім игерген аза­мат­тарға біраз қиын тиіп тұр» деді кейіпкеріміз.

* * *

Облыстық әкімдік өкілінің сөзінше, қазір Солтүстік Қазақстан облысында қоныс аударушыларға арналған үйлер салу бойынша қанатқақты жоба іске асырылуда. 2019-2022 жылдар аралығында 2142 үй салынбақ.

2013 жылы қабылданған «Жұмыс­пен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы жүзеге асқалы бері 19 мың адам солтүстікке қоныс аударып­ты. Оларға 5,4 мың қызметтік пәтер мен жатақхана берілген. Жалпы, 2018-2022 жылдары 59 мың отбасыны солтүстікке көшіру көзделіпті. 

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев солтүстікке көшіп барып жат­қан азаматтарға жайлы жағдай жасау керек дегенді айтты. Оларды ынталандыру мақсатында жәрдемақы мөлшерін 35 АЕК-тен 70 АЕК-ке көбейтуді тапсырды.

Бізде өзі жақсы жобалар бар... Жазылғанда, айтылғанда өн бойынан бір мін таппай мәз боласың. Іске аса бастағанда шодырайып шикілігі шыға бастайды. Кім біледі, қағаз жүзінде Гүлмира тұратын Ковыльное ауылына жедел жәрдем күн емес, «сағат сайын барып тұрған» шығар. Кім біледі, қағаз жүзінде Ғани Қалдыбеков бірнеше ай бұрын-ақ «жұмысқа тұрып қойған» болар. Бізде бәрі мүмкін...

 

Абай АЙМАҒАМБЕТ,

«Egemen Qazaqstan»