Ең қысқа әңгіме • 20 Қараша, 2020

Қырандар хикаясы (этнографиялық этюдтар)

1332 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Халқымыздың ежелден келе жатқан бір өнері – құсбегілік. 1253-1255 жылдары қазіргі қазақ даласын көктей өтіп, шығысқа сапар шеккен еуропалық саяхатшы Гильом де Рубруктің күнделік жазбасында: «Көшпенділер бүркіт, сұңқар сияқты аңшы құстарды көп ұстайды. Оларды қолдарына отырғызып аң аулайды» десе, итальялық жиһанкез Марко Поло жазыпты: «Ұлы ханның (Құбылайды айтады) Баян және Минған атты ағайынды бектері бар. Халық оларды «Құсбегі» деп атайды. Себебі, олар ханның қол астындағы 20 мың құсбегілер мен аңшыларды басқарады. Минған басқарған 10 мың адам қызыл түсті киім киіп, Баян бастаған 10 мың адам көк түсті киім киіп, ханмен бірге саятқа шығады. 10 мыңдықтың 2 мыңы аңшы иттерді жетектеп жүреді. Екіге бөлінген аңшы-құсшылар күншілік жерден шеңбер жасап аң-құстарды қыспаққа түсіреді. Дәл осы сәтті көру керемет тамаша әсер береді» дейді.

Көптеген этнограф зерттеушілер саятшылық Орталық Азияда пайда болып, кейін әлемнің басқа жерлеріне тараған дейді. Атап айтқанда, Шығыс Қазақстан жеріндегі «Шілікті» қорғанынан: басы артына қайырылған шеңгелі мен көзі перуза тастармен көркемделген 36 дана бүркіт тәрізді құстың құйма қапсырмасы табылса, Өскемен қаласының маңынан табылған Құрық қорғанынан (б.д.д ІV-ІІ ғ.ғ) мәйітпен бірге жерленген төрт бүркіттің қаңқасы шықты. Сол сияқты, ХVІ ғасырдың соңында қабылданған «Жеті жарғы» жорасында: «Қыран құсты өлтірген адам олардың иесіне бір құл немесе күңнің құнын төлесін» деген бап бар.

Осы орайда, ел ішінде айтылып, бүгінге жеткен қыран құстар жайлы хикаяларды ұсынып отырмыз.

 

Қырандар хикаясы (этнографиялық этюдтар)

 

Ашыққан қыран оқиғасы

Бірде атақты құсбегі жалайыр Шора бүркітшілікке көңілі ауып жүрген барлық жасты жинап алып, олардың қолындағы құстарына жем бергізбей әбден ашық­тыртып, үлкен көлдің жиегіне алып келеді. Көл жағасына семіз ту бие сойдырып, қызыл етін жайратып тастайды да, ашыққан құстарды аяқбауынан босатып етке жіберттіреді. Өздері тасаға тығылып қалады.

Қызылға үймелеген қол бүркіттерді көкте жүріп көзі шалған түз құстары  ұшып келіп, дайын тұрған ет пен майдан қылғытып жұта береді. Құстар әбден тойып жемсауы қампиғанда, тасада отырған адамдар Шораның айтақ­тауымен айқайлап тап береді. Етке тойған түз бүркіттер көтеріліп ұша ал­май­ды. Топ адам оларды таласа-тар­­маса ұстап алысады да, Шораға сынат­қызады.

Сонда Шора: – Мынау жапалақ сары жалпақ бастың тұқымы, бұл қыран емес, – деп бірнешеуін босаттырады да, қалған бүркіттерге тесіле қарап: – Мынау қанды көздің тұқымы, мынау қаусырма қараның тұқымы, ал анау ақиықтың тұқымы, – деп адақтап айтып, сынға толғандарын құсбегілерге үлестіріп беріпті.

Құстың сынын Шораның өзіндей біле­тін қызы болыпты. Оны бір жігіт­ке ұзатқан екен. Бірде күйеу жігіт әйеліне:

– Атама амандаса барып бір құс алып келейін, – депті. Әйелі оған:

– Қандай құс аласың? Күйеуі:

– Атамның берген құсын аламын да, – дегенде:

– Құстың бәрі-бірдей емес, әкемнің құс ұстайтын арнаулы үйі бар. Онда не секілді бүркіт байлаулы тұрады. Сен құс сұрағанда әкем сол үйге бастап барып, «қалаған құсыңды ал!» дейді. Сен есік жақтағы екі кішілеу бүркіттің біреуін ал, – деп түсіндіріп қоя береді.

Күйеу жігіт атасының үйіне бірер күн аялдап қайтар кезінде бұйымтайын айтады. Шора оған бүркіттерін көрсетеді. Ж­ігіт әйелінің айтқаныны бойынша бо­са­ғадағы кішілеу бүркіттің біреуін сұрайды.

Шора айтады: – Балам-ау, сонша үлкен­дері тұрғанда кішкене бүркітті сұрағаның қалай? – дейді. Күйеу бала қиылып тұрып алады. Шора: – Берсем берейін, бірақ саған айтарым бар, тамағын тойдырып ұста, аш қалмасын, – деп құсты ұстатып, жолға салыпты.

Күйеу жігіт бүркітті алып келген соң баптап, аң қақтырып, қанжығасы май­ланды. Бір күні жігіт сыртқа шығып кетіп, құсы бір талай күн жем жемей аш қалады. Атасының аманат сөзі есінен шығып кетеді. Үйіне келіп бүр­кітіне қараса, ол шабыт тілеп отыр екен. Тіленіп болмаған соң томағасын сыпы­рып қоя береді. Бүркіт аспанда емін-еркін айланып, жерден ілерлік еште­ңе көрінбеген соң ашуланып, көктен төмен қарай сорғалап келіп, иесіне түседі. Аш қыран оны шеңгелдеп қатты қысыпты. Маңайдағы адамдар келіп жігітті бүркіттің шеңгелінен әрең құтқарыпты.

Бұл оқиғаны естіген Шора жайды білмекке келеді де, иесіне түскен бүркітке қарап отырып, күйеу баласына:

 – Айтқанымды неге орындамайсың? – деп зікіпті. Бұл құс өте ақылды хайуа­н бір кемшілігі кекшіл, сен тамақ бермей ашықтырыпсың, соған өшігіп өзіңе түскен екен, енді саған бұл құс болмайды, – деп, өз қолымен тамаққа тойдырып, сылап-сипап алып қайтыпты.

 

Жаумен шайқасқан сары құс

Шыңжаң-Алтай өлкесінің Баркөл аймағында Кәрімыш дейтін құсбегі өткен. Оның елге әйгілі «Сары құс» атты қыран болыпты. Ол қарақұйрық, арқар сияқты даланың қоңыр аңдарында ала береді екен. Содан болып тұяғынан да айырылыпты. Кәрімыш құсының сынған тұяқтарының тұғылына сақиналатып қолдан жезтұяқ жасап салдырыпты.

Бір жылы ел Ойтаудың көк адырынан түлкі бейнелі біртүрлі аң көргендігін аңыз етеді. Бұл аң ақша қардың бетінде қашып бар жатқанда екеу болып сағымдалып көрінеді де, бүркіттің көз жанары жыға айыра алмайды екен. Небір қыран бүркіттер оны ала алмапты. Шүйілген құс оған емес сағымына түсіп, жер сипап қалып қоя беріпті.

Мұны естіген Кәрімыш құсбегі бүр­кітін баптап, алғашқы қарда осы аңның ізіне түсіп, ақыры алдырыпты. Бел­гісіз аңды тұмсығынан көтерсең жүні құйрығына қарай, құйрығынан көтерсең жүні басына қарай төгіліп тұратын таңғажайып жануар екен. Кәрімыш бұл аңды Қобданың күнгей бетін билеп тұрған торғауыт төресі Ламжаға тарту етеді. Риза болған төре: «Мынау жаннат деген аң. Бұл қара жаннат, қызыл жаннат деп екіге бөлінеді. Мынау қызыл жаннат екен» деп, қарымтасына жүз оғы мен бір мылтық және құла жорға атын қосып тарту етіпті.

Бірде құсбегі бүркітін көтеріп келе жатып, иен құмда қонып жатқан кер­уенге кез болады. Бұлар Қытайдың ішкі өлкесіне сауда жасауға кетіп бара жатқан үкімет кіресі екен. Қу далада сап ете түскен құсбегі мен құстан қорыққан сақшылар оған оқ атады. Кәрімыш аты­ның басын бұрып тұра қашады. Бірақ оның жауырынан оқ тиіп, жарақаты ауырлап, ауылына жете алмай далада қаза табады. Бүркіт иесісің өлі денесін құсы ит-құсқа жегізбей бір апта күзетеді. Еш хабар болмаған соң өзі ұшып келеді де, бір айналып қайта ұшып кетеді.

 Құсбегінің балалары ұшқан құстың бағытымен жүріп әкесінің сүйегін тауыпты. Көп кешікпей ел үркіп Гансуге ауғанда, Кәрімыштың балалары Сары құсқа бір қой сойып беріп, жұртқа қал­дырып кеткен екен. Бірақ ол көк аспанда қалықтап көшпен ілесіп отырады. Арада бірнеше күн өткеннен кейін қашқан елді жау ұшақтары бомбылайды. Осы әлем-тапырық шайқаста Сары құс бейбіт елді бомбалаған ұшаққа ұмылған екен. Жау ұшағымен шайқасқан бүркітті тау бөктеріне бекінген ел көзбен көреді.

 

Қақ бөлінген бүркіт

ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Алтайдың Қаба өлкесінде өмір сүрген Кеңтанау атты құсбегі болыпты. Елдің айтуына қарағанда, Кеңтанау қыран құстің тілін біледі екен. Ол кісі қанша құс ұстап, баптағанын кім білсін, әйтеу елге аты шыққан қыран сары деген атақты құсы болыпты. Бұл құс түлкі, қарсақ қана емес, қасқыр да алған. Сары құстың арқасында қорасына қой, өрісіне жылқы біткен екен.

Бір жылы қыста Кеңтанау құбының құмындағы Көксүн тауына жылқы отар­латып жатқан бақташыларға ілесіп, саятшылық құрады. Бірде Көксүннің күнгей бетіндегі қойтастан қара түлкі көріп, томаға тартса, әккі түлкі тасқа кіріп алғызбапты. Тас қуысының іші өте терең болса керек, аузына адам барса түлкі әрі кетіп, адам алыстаса үңгірден басын шығарып қарап тұрады екен. Шыбық жүгіртсе, үңгірдің түбіне жетпейді. Қазуға қорым тас, түтін салуға үңгір өте үлкен. Енді не істеу керек?

Қара түлкіге бірнеше рет томаға тартып алғыза алмағаннан кейін, саятшы, «аңнан қулығымды асырмасам адаммын ба?» деп, қасындағы қағушы жігітке бір жемқалта түйенің құмалағын тергізіп, «сен бар да, түлкі кіріп кеткен үңгірдің желкесіндегі жалпақ тасқа жасырынып жат. Түлкі кірген үңгірдің аузына ылдилатып түйенің құмалағын қардың үстімен домалат, бастабында іннің аузына жақын, жайлап домалат, түлкінің құлағы қуыстан көрінген кезде құмалақта ұзатыңқыратып, қаттырақ домалат» дейді де, өзі қалтарыстағы қақпа тастың желкесінде қыран сарының томағасын тартып дайын тұрады.

Қағушы құсбегінің айтуы бойынша жасырынып отырып құмалақты бір-бірден домалатады. Көбік қарды бүлкілдете домалаған құмалақтарды тышқан екен деп ойлаған түлкі үңгірден басын шығарады. Осы кезде құмалақты көбік қардан ұзатыңқырап домалатады. Бір сәтте құмалаққа атылған аш түлкіні дайын тұрған қыран таңнан іліп, тұмсығынан қайырған екен.

Кеңтанау құсбегі тағы бірде саятқа шығып, құс салып жүрсе, аппақ қардай бір түлкі кез болып, томаға тартса бүр­кіті қайта-қайта түлкіден ауып барып бос жерге түсіп қала береді. Саятшы мұның себебін бастабында сезе алмай, құсын қалай қайырып баптаса да ақ түл­кіні алдыра алмай, құсы жер қауып жүріпті. Сөйтсе, түлкі шымақай ақ бол­ған­дықтан ақша қарға түскен күн нұры­мен шағылысып, жүнінен шағыл сағым тарап, құстың көзін қарлықтырып, ұстатпайды екен. Мұны сезген құсбегі ертеңінде құсының көзін тұзды сумен жуып, қарлығын кетіріп, томаға тартқанда қыран ақ түлкіні екі аттатпай іліп түскен екен.

 * * *

Бір жылдары қар қалың түскен, қатты аязды болыпты. Кеңтанау құсбегі Сауыр тауында саятшылық қылып жүріп, күн еңкейе үйіккен қасқырдың үйіріне кез болыпты. Күн қатты аяз, қыран сары да ширығып тұрса керек. Тіленіп болмаған соң аяқ бауын ағытқан екен, тік көтеріліп ұшады да, үйір қасқырдың соңында кетіп бара жатқан өлекшіннің құлақ шекесінен тебе ұстапты. Омақаса жығылған қаншық қасқыр артқы аяғымен қарды тепкілей бастапты.

Үйірді бастап бара жатқан арлан қайта бұрылып бүркітке ұмтылғанда, қыран сары бір шеңгелін арланға салған екен. Құлақ шекеден бүркіт бүрген екі қасқыр құйрықтарын сабалап, құмға қарай қашыпты. Қыран сары екеуін де босатпай қос қасқырдың басына мініп кетіпті. Екі қасқырдың басын қоса шеңгелдеп алып, реті келгенде қанатын қағып-қағып жіберіп көтерілгенде, екі қасқырдың басы бір-біріне соғылады екен.

Құсынан көз жазып қалмайын деп алыстан қарап тұрған Кеңтанау мен қағушылар аттарын борбайлатып соңынан шауыпты. Қасқырлар бүркітті көтерген бойы тораңғыға кіріпті. Кеңтанауда атына қамшы басып, ұмтылады. Жанұшыра қашқан екі қасқыр бір тұп тораңғының екі жағынан өте шыққанда, бүркіттің денесі қақ бөлініп, бір шеңгелі арланның, екіншісі өлікшіннің құлақ шекесінде кетіпті.

Ізіне түскен аңшылар арланды көп ұзамай жығылған жерінен соғып алыпты. Ал өлекшін із жаздырып табылмапты. Саятшылар сол маңға түнеп, жерге жарық түсе кеткен қасқырдың ізін барласа, көп ұзамапты. Басы ісіп, сенделіп жүрген жерінен атпен қуып, ұрып алыпты. Қыран сарының шеңгелі қасқырдың басында алынбастай болып сіресіп қатып қалған екен.

 

Құздан құлаған құс

Ертеде Зайсан өлкесінде Асубай атты әйгілі құсбегі, саяткер, адам өт­кен. Зайсанның тіке оңтүстік-шығыс жағын­да, ұшар басы сардардың күміс дуылғасындай жарқырап, алтын арайлы күн нұрының шуағына шағылысып Сауыр тауы тұр. Осы таудан құлап аққан Жеменей, Үйдене өзендері Зайсан көліне құяды.

Сауырдың төменгі сілемі Майқап­шағайдың жоғарғы шатында Бүркіт ұясы дейтін биік құз бар. Осы кұзға жыл сайын атақты ақиық қыран балапан басады. Бір қызығы бұл ұядан ешкім балапан ала алмайды. Өйткені ұяның үсті мәңгі мұздақ та, оң беті заңғар жалама. Ұя жалама беттегі тас қуысына салынған, астыңғы жағы құз, бас жағы найза шың.

Құз ұясындағы балапанды алу үшін Асубай құсбегі көп жыл әрекет жасайды. Еш қисынын келтіре алмайды. Ұяға ұшқан құс болмаса, тірі пенденің баруына жол жоқ. Бірақ «аңдыған жау алмай қоймас» дегендей, әбден дайындалып, толық жарақтанған топ, құздың етегінде тұрып ақылдасады. Олар құзды айналып өтіп, күн жарым дегенде ұяның желкесіне зорға жетеді.

Осы жерде бір түнеп бүркіттің ұяға ұшып келетін сүрлеу – жымын байқайды. Таңға алаң-елеңде жем іздеп шыққан ұябасарды көреді. Жарықтық нағыз қыран екен. Сонау көктегі құс қанатының суылынан бәрі оянады. Содан күн көтерілген шамада «биссимиаллаһ» деп іске кіріседі. Алдымен даярлап әкелген бірнеше қайыс арқанға керегеден жасалған ергеншекті байлап, денесі жеңіл, әрекеті қағылез бір жігітті құз басынан құлдилатып ұяға түсіреді. Ұяда сары ауыз жалғыз балапан бар екен. Ұяға түскен жігіт даярлап апарған ат көрпеге балапанды бөлеп алып, құз басындағы жігіттердің күшімен төбеге аман-есен шығады. Жұмыс сәтті аяқталғанын көрген Асубай құсбегі:

– Жігіттер, тезірек ұядан алыстап кетейік, ұябасар ерекше балажан болады. Бізді көрсе өзін де, өзгені де аямайды, – деп ескертеді. Көпшілік ұядан тезірек алыстап кетуді ойлап, құздың желкесінен төмен қарай еңкейе бергенде, сай тағанындағы өзенді бойлап суыр көтеріп келе жатқан ұябасарды байқап қалады. Ұябасар да адамдарды көріп, сасқалақтап ұясына қонады. Бос тұрған ұяны көргенде құзды жаңғырып піштәктап шырқыраған кезде, бөлуде жатқан балапан да шаңқылдап қоя береді.

Ашуланған бүркіт көтерген суырын тастай салып, аспанға қарай тік шырқау көтеріледі, қайта сорғалайды. Бір зауалдың боларын сезген Асубай құсбегі жігіттерге, «жартастың қалқасына тығылыңдар» айғайлап үлгереді. Олар жалма-жан жартасқа тығылып үлгереді. Түйіліп келген ұябасар жартасқа ық­таған жігіттерге тұяғын іліктіре алмай, қалқып ұшып, шырқырап аспанға қайта көтеріледі. Тасқа ықтаған көпшілік ұябасарды көздерінен таса қылмай қарап тұрады. Көк аспанға тік көтерілген ол шырқау көкке бір-ақ шығып жердегілерге нүкте болып көрінеді. Асубай құсбегі, жігіттерге жартастың қалқасынан шық­пауды тапсырады.

Әп-сәтте көктен дауыл сияқты суыл­­даған дауыс шығып, көзді ашып жұмғанша екі топшысын қомдаған қыран найзағайдың отындай түйіліп, төменге қарай зулап келе жатқанын байқайды. Жігіттер сасқалақтап тас қуысына тығылады. Тарс еткен дыбыс шығады. Қараса ұябасар желке жақтағы жалпақ тасқа өзін бір-ақ ұрған екен. Оқиғаны бастан-аяқ қалт жібермей бағып тұрған Асубай құсбегі:

– Жанымызды мына жартас алып қалды. Бағана балапан алып жатқанда немесе ана алаңқайда кездескенде, мына қыран бірімізді мерт қылар еді, – депті.