Туризм • 20 Қараша, 2020

Алматы туристер қаласына айнала ма?

1143 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Алматының тұмса табиғаты кез келген шетелдікті өзіне баурап алуға қауқарлы. Ол үшін туризмнің тынысын ашып, арнасын кеңейту қажет. Бұл ретте қызмет көрсету сапасын заманауи стандарттар деңгейіне көтеріп, ақпараттық насихат жұмыстарын бір жүйеге келтірудің маңызы зор. Алатау баурайындағы әсем шаһардың бүгінгі туристік әлеуеті туралы жауапты мамандар не дейді?

Алматы туристер қаласына айнала ма?

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ» Фотолар авторы: Максим Золотухин

Соңғы бес жылдың көлемінде Алма­тының көрікті орындарын тамашалау үшін әлемнің әр түкпірінен келетін турис­тер саны 1,4 есе ұлғайған. Статистикаға сенсек, жылына орта есеппен 400 мыңнан астам шетелдік біздің әсем қалаға табан тірейтін көрінеді. Ішкі туризм бойынша да көрсеткіш жаман емес. Ел аумақтарынан Алматы маңын­дағы демалыс орындарына шамамен 900 мыңға тарта отандасымыз жыл сайын келіп кетеді. Алматы қалалық туризм басқармасы басшысының орынбасары Марат Айнабеков оңтүстік астанаға ат басын бұратын туристердің жалпы саны 85%-ға артқанын айтты.

Алайда экономика секторының ішін­де туризм осы жылы ең көп зар­дап шек­кені айтпаса да түсінікті. Биыл әлем халқы ел аралау былай тұрсын, індет ілмегіне ілінбес үшін өз үйінің табал­дырығынан ұзамауға мәжбүр болды. Десе де жылдың алғашқы бөлігінде 278 мың, екінші жартысында 75 мың турист Алматыға келіпті. Шетелдік туристердің ең көп ағыны Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қыр­ғызстан, Үндістан, Түркия, Оңтүстік Корея, Украина, Германия, Тәжікстан аза­маттарына тиесілі. Бұл елдерден кел­ген туристердің көпшілігі қалаға іскер­лік шараларға қатысу үшін, енді бір бөлігі жеке сапармен келген. Әсіресе экс­кур­сиялық, таулы және оқиғалы туризм түр­леріне сұраныс артқан.

1

 – Шетелдік туристер ағынын ұлғайтып, қаланы халықаралық дәрежеде танымал ету үшін жүйелі жұмыстар қолға алынды. Маркетингтік ілгерілету шеңберінде қала жыл сайын 300 мыңнан астам адам­ды қамтитын 10 ірі халықаралық турис­тік көрмеге қатысады, онда әлеуетті әріп­тестермен бірлесе отырып 2000-нан астам кездесу өткізіледі. Алматы агло­ме­рациясының туристік өнімімен танысу үшін жыл сайын шетелдік туроператорлар, БАҚ және блогерлер үшін ақпараттық және баспасөз турларын өткіземіз. Қаланы интернет кеңістігінде ілгерілету мақсатында www.visitalmaty.kz ресми сайты әзірленді. Мұнда турист үшін барлық қажетті ақ­парат ыңғайлы форматта шоғырланған. 2020 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша сайт 300,6 мың рет қаралған. Аталған платформада экотуризмге қызығушылық басым. Тау бағыттарын абаттандыру және цифрландыруға ерекше көңіл бөлінеді. Соңғы 3 жылда қалада 26 тау бағыты абаттандырылды. Осы жылдың соңына дейін Үлкен және Кіші Алматы шатқалдарында тағы 10 бағытты абаттандыру жұмыстарын аяқтау жоспарлануда. Соңғы 2 жылда қалада әлемдік деңгейдегі 3 қонақүй ашылды, – дейді Алматы қала­лық туризм басқармасы басшысының орынбасары Марат Айнабеков.

Ыңғайлы сервис құру мақсатында 2018 жылы ел аумағында тұңғыш туристік ақпараттық хаб ашылды. Онда Алматы қонақтары мен тұрғындары қаланың көрікті жерлері туралы ақпарат, турлар бойынша кеңес, жолсілтемелер ала ала­ды. Хаб ашылған күннен бастап 10 мың­нан астам адамға қызмет көр­сетілген. Сонымен қатар туристер мен қа­ла қонақтарына қызмет ұсынатын жаңа сапар-орталықтардың құрылысы жал­­ғасуда. Жеке инвесторлардың қара­жа­ты есебінен «Аю-Сай» шатқалында, сондай-ақ «Горельник» жылу көзінде (Іле-Алатау ұлттық паркі) сапар-орталы­ғы­ның құрылысы басталған. Туристердің қа­уіп­­­сіздігін қамтамасыз ету үшін құ­рыл­­ған туристік полиция қонақтарға кон­­­суль­­тативтік көмек пен заңды қолдау көр­сетеді.

Қазіргі кезде үйде отырған ел тұрғын­дары аты жаман індеттің өткен шақта қалуын, қалыпты өмірге тезірек қадам басуды тілеп отырғаны анық. Азаматтардың ес жинап, етек жиған соң жаңа сапарлар мен саяхаттар туралы да толғануы қалыпты нәрсе. Дегенмен алыс шетелдер біз үшін кем дегенде бірер жылға дейін қолжетімсіз болмақ. Демек алдағы маусымда ішкі туризмге сұраныс артатын тәрізді.

Осы орайда туристер санының еселенуі табиғи ескерткіштер мен саябақтарға түсетін антропогендік жүктемеге қалай әсер етеді деген заңды сауал туындайды. Қалыпты тепе-теңдікті сақтау үшін не істеу қажет? Бұл жайында «Kazakh tourism» Ұлттық ком­паниясының Алматы өңіріндегі өкілдігінің басшысы Еркебұлан Хасенов былай дейді.

 – Антропогендік жүктеме бүкіл әлем үшін өзекті мәселе. Бұл ретте келесі мәліметтерді келтіруге болады. Қазақ­станда 13 ұлттық парк бар, оларға жылына 1,5 миллионнан астам адам келеді. Мысалы, Cambridge университетінің (Ұлы­британия) сараптамалық мәліметтері бойынша, АҚШ-тағы GoldenGate ұлттық паркіне жыл сайын 13,7 млн адам, ал Гранд Каньонға 4,29 млн адам барады. Басқа елдер бойынша да осындай статистиканы келтіруге болады. Ұлыбританиядағы LakeDistrict ұлттық паркіне 10,5 млн, NewFores ұлттық паркіне 4,3 млн, Кана­дадағы SevenMontain ұлттық паркіне 9,2 млн адам ат басын тірейді. Яғни біз­дегі көлем өте аз. Бұл мәселеде ұлт­тық парктерге бару табиғатқа зиянын кел­тіріп қана қоймай, керісінше пайда әкелетінін де түсіну маңызды. Дегенмен табиғатты сақтау – бұл тек мемлекеттің ғана емес, ең алдымен туристердің де жауапкершілігі екенін түсінгеніміз абзал. Туризм мәдениетін дамыту қажет. Біздің барлық ұлттық парктер туризмді дамыту ісіне үлкен қызығушылық танытады. Алайда ұлттық парктердің алдында үш міндет тұр – бұл биоалуантүрлілікті сақтау, экологиялық білім беру немесе ағарту, сондай-ақ туризм. Биологиялық алуантүрлілікті сақтау міндеті ғана аз-маз орындалады. Дегенмен кейде ұлт­тық парктердің қызметкерлері өз аумақ­тарында қисынсыз әрекеттерге жол беріп жататынын да ақпарат құралдарынан ара-тұра көріп қаламыз. Өз уақытында Грузияда елді танымал туристік бағыт ретінде көрсететін ресурстарға зерттеу жүргізілді. Грузия танымалдығының бірден бір сипаты ретінде ұлттық парк­тер аталды. Шетелдік мамандарды шақыру арқылы айтарлықтай жұмыс жүргізілді, олар бірінші кезекте ұлттық парктерді басқару жүйесін өзгертуді ұсынған. Барлық ұлттық парктер Ауыл шаруашылығы министрлігінен алынып, ұлттық парктердің Жеке ұлттық агенттігі құрылған. Мұнда негізгі үш маңызды міндет толық көлемде және халықаралық стандарттарға сәйкес орындалған, – дейді Еркебұлан Хасенов.

 

АЛМАТЫ