Руханият • 23 Қараша, 2020

«Ашық қоғамға – ашық архивтер» (Президент Архивінің Батыс Қазақстан облысындағы күндері)

623 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жуырда Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві және Батыс Қазақстан облысы мемлекеттік архивінің бірлесе отырып ұйым­дастыруымен «Рухани жаңғыру: Ашық қоғамға – ашық архивтер» тақырыбындағы онлайн дөң­гелек үстел өтті. Аталған шара Қазақ­стан Президенті Архивінің Батыс Қазақстан облысындағы күндері аясында ұйымдастырылды.

«Ашық қоғамға – ашық архивтер» (Президент Архивінің Батыс Қазақстан облысындағы күндері)

Қазақстан Республикасы Пре­зидентінің Архиві өңірлік архив­термен серіктестік қарым-қа­тынас орнату мәселесіне үнемі жі­ті кө­ңіл бөліп келеді. 2017 жылдан бас­тап жергілікті жерлердегі архив мекемелерімен бірлескен ғылыми-зерттеулерді жүргізу, та­­рихи-құжаттық көрмелерді да­­йындау, дөңгелек үстелдерді ұйым­­дастыру, тәжірибе алмасу және тағы басқа жобаларды жүзеге асы­руды қамтитын «Қазақстан Рес­публикасы Президенті Архи­вінің өңірлердегі күндері» шаралар кешені өткізілуде. Мұндай шаралардың ұйымдастырылуы Қазақстан Республикасы Ұлттық архив қорының құжаттарын әй­гілеп, насихаттауға және архив­шілердің кәсіби мәселелерді бір­­­лесе отырып шешуіне де ба­ғыт­талған. Өткен жылдарда Қа­зақстан Республикасы Президенті Архивінің күндері Нұр-Сұлтан қаласында, Жамбыл, Түркістан, Атырау, Павлодар облыстарында өткізілген.

Батыс Қазақстан облысындағы Қазақстан Республикасы Пре­зи­денті Архивінің күндері Екін­ші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіс­тің 75 жылдығы аясында ұйым­дастырылды. Шараны ашу барысында Пре­зидент Архивінің директо­ры Жә­мила Әбдіқадырова отандық архив саласының алдында тұрған өзекті міндеттерге және оның да­му келешегіне тоқталды. «Қа­зір­гі уақытта архив саласы кадр­лық әлеуетті сақтап қалу және кү­шейту бойынша тиісті шараларды қабылдауды қажет етеді. Еліміздегі архив саласында білікті мамандар жетіспей отырғанын да жақсы білеміз. Бұған қоса қазір архив саласында жаңа бағыттар қа­лыптасуда, заманауи технология­ларды қолдану қолға алынып, жұмыс әдістері жетілдірілуде. Бұл өз кезегінде кәсіби дайындық пен біліктілікті арттырудың жаңа жоғары деңгейде жүзеге асырылуын қажет етеді», деп атап өтті.

Жәмила Әбдіқадырова өз сө­­зінде сонымен қатар биыл Жеңіс­тің 75 жылдығына орай ар­хив қызметкерлері тарапынан дай­ын­далып, баспадан шыққан «Рас­секреченная война: «Особые пап­ки» ЦК КП (б) Казахстана. 1941-1945 гг.» құжаттық жинағы ту­ралы да айтып өтті. Шараға ар­­найы дайындалған тарихи-құ­жат­тық көрмеде де жоғарыда атал­­­ған Қазақстан Коммунистік пар­­­тиясы Орталық комитетінің «ерек­­­ше папкаларының» құ­жат­та­ры көпшілік назарына ұсы­нылды.

Шараның ашылуында Ба­тыс Қазақстан облысының Ақпа­рат­тандыру, мемлекеттік қызмет к­өр­сету және архивтер басқар­ма­сы басшысының орынбасары Абат Ашық және Батыс Қазақ­стан ­облысы мемлекеттік архивінің директоры Айжан Савгабаева да сөз сөйледі. Ғалым-зерттеушілер Бақтылы Боранбаева мен Айбо­лат Құрымбаев аталған тақырып аясында өз баяндамаларын ұсынды.

Шараның бағдарламасына сәй­­кес Қазақстан Президенті Ар­хивінің бас сарапшысы Ақжан Исаева қатысушыларға «Ұлы Отан соғысының тарихы бойынша аса құнды құжаттар: Қазақстан Республикасы Президентінің Ар­хиві мен Батыс Қазақстан облысы мемлекеттік архивінің топтамасынан» тақырыбындағы тарихи-құжаттық көрмені таныстырды.

Бағдарламада сонымен қа­тар «Мемлекеттік архивтер жұ­мысының негізгі бағыттары: нор­­мативтік-әдістемелік база және тәжірибе» атты архив ісі бо­­йынша семинар жоспарланған еді. Аталған семинар барысын­да Президент Архивінің қыз­мет­керлері Жәнібек Зейнелов, Гау­хар Бекішева мен Ақжан Исаева батысқазақстандық әріп­тес­тер­мен архив ісінің өзекті мә­се­ле­лері, ведомстволық ар­хив­термен жұмыс, архив құжат­тарын есепке алу, сақтау және оларды пайдалану бойынша тә­жірибелерімен бөлісті. Семинар соңында барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды.

 

Мұхаммед Жылгелдинов,

Президент Архивінің құжаттарды ғылыми жариялау басқармасының басшысы