Спорт • 23 Қараша, 2020

Саңлақтардың басын қосқан сайыс

169 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Egemen Qazaqstan»-ның жұма күнгі нөмірінде Алматыда Қазақстан чемпионаты өтетіні және еркін күрес шеберлері арасындағы жарыстың басты фавориттері кімдер екені жайында кеңінен әңгіме қозғаған едік. Ертең грек-рим күресі өкілдерінің бәсекелері басталады. Ал осы сайыста қай балуандарға айрықша сенім артылып отыр? Бүгін осы жайында әңгіме қозғамақпыз.

Саңлақтардың басын қосқан сайыс

«Классиктер» арасындағы сайыста 10 салмақ дәрежесінің жүлделері сарапқа салынады. Әңгімемізді Олимпия ойындары бағдарламасына енген салмақтардан бастағанымыз жөн. Себебі келесі жылы Токиода өнер көрсететін балуандардың бабы қалай екенін білу біздер үшін де, басқалар үшін де өте маңызды. Барша қазақстандық жанкүйер де қазіргі кезде сол саңлақтардың өзара тартысын тағатсыздана күтуде.

60 кило салмақтың фавориттері Мейрамбек Айнағұлов пен Айдос Сұлтанғали екені сөзсіз. Екеуі де дүниежүзілік додаларда дараланған дүлдүлдер. 26 жастағы Мейрамбек 2017 және 2019 жылдары жүлдегерлер қатарына қосылды. Парижде ол күміс алса, Нұр-Сұлтанда қолаға қол созды. Одан бөлек, Ақтөбе облысының өкілі Азия ойындарында үшінші сатыға табан тіресе, Азия біріншілігінде бір күміс пен екі қоланы қоржынға салды. 24 жастағы Айдос 2018 жылы Будапештте ұйымдастырылған әлем чемпионатында қола медальды мойнына ілді. Айтулы қос саңлақпен иық тіресуге тек Ернар Фидахметовтің ғана шама-шарқы жетеді деген ойдамыз. Кенді Алтайдың сайыпқыраны да талай дүрмектерде ысылған әккі балуан.

Дәп қазір дуалы ауыз мамандардың өздері де 67 кило салмақтағы Алмат Кебісбаев пен Мейіржан Шермаханбеттің қайсысы жеңетінін дөп басып айта алмай отыр. Өйткені екеуі де мықты. Жасы 33-ке таяп қалған Алматтың халықаралық аренада Қазақ елі намысын қорғап жүргеніне 12 жылдан асты. Шығыстың шымыр жігіті сол аралықта әлем чемпионатында төрт рет, Азия ойындарында екі рет жүлде алды. Арасында күмісі мен қоласы да бар. Тек алтын ғана жоқ. Кебісбаев екі мәрте Азия чемпионы атанып, тағы екі рет күміспен күптелді. Лондон мен Рио Олимпиадаларында бақ сынады. Кейінгі жарысында ол бесінші орынға табан тіреді. Ал Мейіржан 2018 жылғы әлемдік додада қола медальды мойнында жарқыратты. Будапешттегі жарыста ол атағынан ат үркетін небір мықтылардың аяғын көктен келтіріп, барша көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар бұл салмақта Данияр Қаленов, Әділхан Сатаев және Нұрбек Қызыров сынды жұлқынып тұрған жігіттер бар.

77 кило салмақтың да мықтысын дөп басып айту қиын. Иә, қазіргі кезде тізгін Асхат Ділмұхамедовтің қолында екені рас. Азия чемпионы және сол жарыстың үш дүркін жүлдегері атанған Алматы облысының өкілі әлемдік додаларда жеңіс тұғырына сынық сүйем қалғанда сүрініп жүр. Былтыр Нұр-Сұлтандағы жарыста даңқы жер жарған Роман Власовтың өзін сүріндіргенде риза болмаған жанкүйер жоқ-ау, сірә! Бірақ Асхаттың бұл жолғы бәсекелестері де өте мықты. Олар – әлем чемпионатының күміс жүлдегері Демеу Жадыраев, Азия чемпиондары Максат Ережепов пен Темірлан Шадукаев және Дүниежүзілік Универсиада мен құрлық біріншілігінің жүлдегері Асхат Жаңбыров. Бұл жігіттердің де «өліспей беріспейтіні» анық.

Мамандардың пайымдауын­ша, 87 кило салмақтың бас жүл­десі үшін тартыс Азамат Кұс­ты­баев пен Нұрсұлтан Тұрсынов арасында өтуге тиіс. Оның сыртында Бауыржан Мусин мен Элмар Укали бар. 97 кило салмақ дәрежесінің үздігі Ерұлан Ысқақов. Оған Құрмансейіт Адай лайықты қарсылық көрсетуі мүмкін.

Аса ауыр салмақтағы әлем чемпионатының үш дүркін қола жүлдегері, Азия ойындарының екі дүркін жеңімпазы, Азияның екі дүркін чемпионы, Дүниежүзілік Универсиаданың қола жүлдегері Нұрмахан Тыналиевті жылы ор­ны­нан ығыстыру үшін Әлім­хан Сыздықов пен Мансұр Шаду­каев­тың еш аянып қалмайтыны анық.

Қалған төрт салмақ дәрежесі Олимпия ойындарының бағдар­ламасына енбеген. Десек те бұл салмақтарда да мықты балуандар аз емес. Олимпиадаға бармаса да, олар әлем және құр­лық чемпионаттарында күш сынасады. Бұл жарыстардың да мәртесі зор. Айтулы додаларда ел намысын қорғауға лайық екендерін дәлелдеу үшін Алматы төрінде өнер көрсететін сайып­қырандар да барын салады. Бұл ретте біз Қорлан Жа­қанша, Жансерік Сәрсенбиев, Аманғали Бекболатов (55 кило), Ернұр Фидахметов, Жолдыбай Тоқбаев, Бағлан Жақанша (63 кило), Қаһарман Қисметов, Азат Садықов, Абрагим Магамадов (72 кило), Мирас Баршылықов пен Евгений Поливадов (82 кило) сынды балуандарды ерекше атап өтер едік.