Таным • 23 Қараша, 2020

Мың бояулы Маңғыстау өңірінде жалпыұлттық маңызға ие 15 нысан бар

996 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасы ел көлемінде жүріп жатыр. Осы жайды білмекке Маң­ғыстау облы­сы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі бас­қар­масының басшысы Пания Сармурзинамен тілдестік.

Мың бояулы Маңғыстау өңірінде жалпыұлттық маңызға ие 15 нысан бар

СУРЕТТЕРДЕ: Шақпақ ата жерасты мешіті; Қараман ата жерасты мешіті

– Қойнауы рухани құнды­лық­тарға толы 362 әулиелі Маң­ғыстауда 10 мыңнан астам тарихи ескерткіш бар. Осы құн­дылықтарымызды дәріптеп, та­рихи-мәдени нысандарды қал­­пы­на келтіру жұмыстары біраз жыл бұрын «Мәдени мұра» мем­лекет­тік бағдарламасының аясында басталған-ды. Ал мы­на бағ­дарлама бұған дейін ат­қа­­рыл­ған жұмыстарды ірге­лендіріп, одан әрі жетілдіруге ық­­пал етіп, септігін тигізіп дамытуда. Бағ­дарлама аясында «Маңғыстау об­лысының мате­риал­дық және ма­териалдық емес тарихи-мә­дени мұралары» тақырыбында облыстық ке­шенді экспедициясы ұйым­дас­ты­рыл­ды. Экспедиция ба­рысын­да ноғайлы кезеңінің ес­керткіштері және аймақтың шыңырау-құдықтары зерттелді. Экспедиция қорытындылары туралы деректі фильм түсіріліп, ха­лықаралық «Kazakh TV» телеарнасынан көрсетілді, – дейді Пания Оңай­байқызы.

Расында, аталған өңір қа­сиет­ті нысандарға бай өлке. Өт­­кен жылы аймақ тарихын ха­лық­аралық деңгейде на­сихат­тау мақсатында, «Маңғыс­тау­дың тарихи-мәдени мұра­ларын зерттеудегі жаңа көз­қарастар мен перспективалар» халықаралық ғылыми-прак­тикалық конференциясы ұйымдастырылған екен. Үш күнге ұласқан ғылыми басқосуға Ұлыбританияның Оксфорд университеті ғалым­дары, Әзербайжан, Иран, Ре­сей, Түрікменстан, Өзбекстан және Қазақстан мамандары ша­қырылып, барлығы 100-ге жуық зерттеуші өңірдегі тари­хи-мәдени мұраларды игеру жө­нінде келелі ой-пікірлер ай­тыл­ған көрінеді.

Конференция қатысушылары Шақпақ ата жерасты мешіт-ес­керт­кіші, Қосқұдық пен Үс­тірт­­­тегі қола дәуіріне жататын­ ал­ғаш­қы қала нышаны бар Тоқ­­­сан­бай қоныстары және Бәй­те, Дікіл­тас, Әурентөбе, Соқ­қы, Ақ­пал секілді ерте темір дәуі­­рі­нің ғибадатханалары мен орта­­ға­сырлық қалалар – Жезді, Қа­ра­қа­бақ, Қызылқала т.б нысандарды көз­бен көріп, көңілге түйіпті.

«Жерімізден шығатын ұлу­таст­ан салынған, көнеден қазірге дейін стильдік ерекшелігі сақ­тал­ған архитектуралық нысандар бөлек әңгіме. Бұл тұрғыдан, өзге өңірлерде кездесе бермейтін сәулеттік өнердің ерекше үлгі­лері жағынан Маңғыстау расымен де көш бастап тұр», дей­ді об­лыстық мәдениет, тіл­дерді да­мыту және архив ісі басқар­масының басшысы.

Бұл облыста жергілікті ма­ңызы бар 28 нысан және жал­пыұлттық маңызы бар 15 нысан тізімге алынған екен. Исі қазақ үшін маңызды саналатын осы 15 нысанның ішінде Алаш жұртына ғана емес, күллі Азияға танымал әулие Пір Бекеттің жерасты мешіті, одан бөлек, Маңғыстау топырағында туып-өскен барша халыққа ерекше ыстық саналатын Шопан ата, Шақпақ ата, Қараман ата, Сұлтан епе, Масат ата секілді тұлғалардың мешіт-мекендері жалпыұлттық маңызы бар нысандар қатарында екен. Сондай-ақ бұл қатарға Иса-Досан ескерткіші, әйгілі Ба­л­уанияз батырдың кесенесін де қосуға болады.

1

Әсіресе биыл абаттан­ды­рылған Оғыландыдағы Бекет ата мешітіне апаратын «Ата жолын» ерекше атап өтуге болады. Мұндағы жерасты мешітінің айналасы толықтай жөнделіп, жаяу жүргіншілер жолы жаңар­тылып, суағарлар салынып, зияратшыларға толықтай жағдай жасалған. Сондай-ақ Шақпақ ата, Шопан ата, Қараман ата, Сұлтан епе, Сисем ата, Ескі Бейнеу қо­рымдарына да дәл осындай абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, келушілерді күтуде.

 – Бұл нысандардың тарихи-мәдени маңызын ұрпаққа насихаттау арқылы ұлттық құн­ды­лықтарымызды арттырып, ұр­пақтар сабақтастығының үзіл­меуіне атсалысамыз, – дейді Па­ния Сармурзина ханым.

Қалай десекте, «Рухани жаң­ғыру» – кең көлемді ауқым­ды жоба. Бұл ретте, Елбасы Нұр­сұлтан Әбішұлы: «Жаңғыру жо­лында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгін­де тамырымызда бүлкілдеп жат­қан ізгі қасиеттерімізді қайта түле­туіміз керек» деп дөп басып, дәл айтқан.

 

Әтіргүл ТӘШІМ,

журналист