Руханият • 24 Қараша, 2020

Жамал Шорайқызы: «Машани ілімі – исі қазаққа мәшһүр мұра»

758 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Ұлттық ғылым академиясының алғашқы құрылтайшыларының бірі, геолог ғалым, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор Ақжан Жақсыбекұлы әл-Машани есімі қазақ ғылымының сан саласымен тығыз байланысты. Ғалымның теңдесіз еңбегінің бір парасы ұлы ойшыл әл-Фарабиді зерттеуге арналды. Әл-Фараби еңбектерін насихаттаумен қатар фа­рабитанудың жаңа бағытын ашқан теолог-зерттеуші, инженер-геолог ға­лымның ғылыми көпшілік және фантастика жанрындағы көркем шығар­ма­лар жазған әрі техникалық әдебиетте қазақ тілінің зор мүмкіндіктерін көрсете білген еңбегі өлшеусіз. Өмірінің соңғы күндеріне дейін қаламы қолынан түспеген ғалымның мұрасын көздің қарашығындай сақтап, қарашаңырағының шырақ­шы­сындай болып отырған жары Жамал Шорайқызымен әңгімелескен едік.

Жамал Шорайқызы: «Машани ілімі – исі қазаққа мәшһүр мұра»

– Жамал Шорайқызы, «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» де­ген ұлағатты сөз Ақжан Машани сын­­ды ұлтымыздың біртуар тұлғасы тура­лы айтылса керек. Артында өш­пес мұра қалдырған парасат иесі жа­йын­­да «Пайғамбар мінезді еді» деген­ді көп естиміз.

– Ақаң «Пайғамбар мінезді» дегенге әбден үйлесімді тұлға еді. Үйде де, түзде де бір қалыпты, байсалды мінезінен танбайтын. Әрбір асығыс шешімді сабырмен жеңіп отыратындығына қарап, бар әлемнің жай-жапсарын ғылымнан ұғынған-ау деп те ойға қалатын едім. «Ай – түнде керек болса, ақыл күнде керек» дегенді жиі қайталайтын. Сан сауал­дың жауабын ғылым жолынан ізде­ген Ақаң парасаттылыққа те­рең бой­лап, ілімі арқылы адамзатты тануға тал­пынды. Көңіл түкпірінен шыққан қуа­ны­шын қоңыр үнімен «карамат, карамат» деп жеткізіп отыратын. Бар дүниенің ра­қатын, байлықтың берекесін ғылымнан іздеген Ақаң артында өшпейтін, ұрпақ­тан-ұрпаққа жететін мәңгілік мұра қал­ды­рып кетті.

– Рухани ордасы, қарашаңы­ра­ғы­­ның отын сөндірмей, еңбектерін хал-қадеріңізше сақтап келесіз. Жеке мұ­­рағатында бүгінде жарыққа шық­пай қалған қандай еңбектері бар? Ға­­­лымның Құранды тәпсірлеп, төте жа­­зумен жазған құндылығы жоға­ры қол­­жазбасы жарияланбай қалған­ды­ғы жа­йында айтылып келген еді.

– Ақаңның өзі зерттеген ғұламалар ме­кеніне аттанғанына да міне жиырма бес жылға жуықтап қалыпты. Үйдегі ең­бек­­терінің шашауын шығармай, Ал­ма­­­тыдағы Орталық мемлекеттік ар­хив­­ке табыс еттім. Ғалым мұрасының ен­дігі иесі – бүгінгі ұрпақ қой. Ақаң Құ­ранды түсіндіру еңбегін ғылыми тұр­ғыда па­йымдаса, Халифа Алтай ағамыз діни салада тәпсірледі. Екеуі жиі араласып, талай сырласып, тал­қылап, біраз бірге жұмыс істегені бар. Ақаң «Темірқазық» төбемізде тұр дейтін. Мұны еңбектерінде де дәлелдеп жазды. Темір Менделеев кестесінде 26-болып белгіленген. Мысалы, Ақаңша айтқанда, «Жиырма алты, яғни темір саны. Темір ол ерекше формалы, жертектес зат. Құранда оған арналған 57-сүре – әл-хадид. Арабша хадид – темір» деп дүние ғаламда темірдің алатын орны ерекше екендігін айтады. «Әзірше айтарымыз, жиырма алты саны темір=хадид саны болуымен қатар ол Жер тек бейнесі – текше, ол Қағба бейнесі. Текше ең берік қиас – симметрия бейне.Тегінде симметрия ұғымын темірмен байланысты алынған деп білеміз: (М+Т-Р, Т-М-Р) мұнда дауыссыз үш әріптің орындары ғана ауысқан. Ғаламның өлшеуі­ші темір деген мағына туады» деген ғылыми негіздері әрі қарай тереңдей бере­ді. Ақаң өзінен кейінгі ұрпағының бастаған ісін ұмыт қалдырмай жалғас­ты­ратынына кәміл сенді. Жарық көрген 16 томдық қолжазбаларынан басқа Құ­ран­ды ғылыми тұрғыда талдап жазған еңбегін қолжазба күйінде 48 беттен тұратын 16 дәптерді ұқыптап сақтап келдім. Болашаққа керек еңбек жақында Халықаралық Түркі академиясы тарапынан жарыққа шыққалы отыр. Бұл игі іс ғалымның бекерге тер төкпегенінің нышанындай. Ал Ақаңның ғаламды та­ну­дағы «Жанар тау», «Жер сілкіну», «Тау­лар қалай құрылды?», «Жер сыры», «Ға­жайып ошақ басында», «Табу» сияқ­ты көптеген еңбегі бүгінде жоғары оқу орындары мен жалпы білім беретін білім ошақтарында көбірек насихатталса құба-құп. Өйткені қоршаған ортаны, жер кеңістігін танудағы Ақаң ілімінде ғылымды тереңге бастайтын ғажайып ізденістердің бастауы жатыр. Сондықтан да ғалымның қай еңбегін алсақ та, ұлт­тық ғылымның қажетіне жарайтын құнды дүниелерді аршып алатын тың де­рек­терге тұнып тұр.

– Машани есімін бүгінде әл-Фара­би­­­ден бөле-жарып қарай алмаймыз. Ұлы бабамыздың Сириядағы зиратын тауып, оған қазақтан тұңғыш бар­­ған ғалым Ақжан әл-Машани еке­­нін бүгінде әлем ғалымдары мо­йын­­дап отыр.

– Ақаң өмір бойы әл-Фараби деп өтті ғой. Бір ауыз сөз жазса да, «біздің шал­дыкі» деп отыратын. Сонда мен «Өзі­ңіз жазып, неге олай дейсіз?» деген сұрақ­ты жиі қоямын. Бар жауабы «әл-Фарабиді танығандар мені де танитын болады» дегені көрегенділік пе деймін. Тіптен, көптеген қолжазбасына аты-жөнін көрсетпей, әл-Фарабидікі деп қоятын. Кеңес өкіметі кезінде әл-Фара­би әлемін зерттеймін деп көп қиын­дық көргені белгілі. Бар арманы осы жол болғандықтан, мешітке барып хат таны­ғандардан тіл үйреніп, арабша оқы­ды. Таяу Шығыс елдерінде, Мәскеу, Ленинград, Қазан, Уфа, Таш­ке­нт қалаларының архивтерінде көп жұмыс істеді. Әрине, ғылымдағы жолын Фараби іліміне арнаса, Сириядағы зиратын тауып, қазақтан тұңғыш барған Ақжан әл-Машани екені әлемге мәлім. Сондықтан да ғалымның еңбектері жас­тар арасында кеңінен насихатталса дегім келеді. Осы еңбегінің арқасында Еуропа елдерін ғылымға, өнерге оятқан ислам мәдениеті екенін де айтып кеткен Ақаң болатын. Ұлы бабамыздың 1100 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО шеңберінде Қазақстанда атап өту туралы шешімнің қабылдануы да Ақаң салған соны сүрлеудің, өлшеусіз еңбектің нә­ти­жесі. Халықаралық конференция барысында әлем ғалымдары іліміне тәнті болып, Ақаң еліміз бен шетелдердегі әл-Фараби мұрасын зерттеушілердің ал­ғаш­қы ғылыми кеңесшісі болғандығы да жай­дан-жай емес.

– Машани ілімі бүгінде ғылыми ор­та­ға жақсы таныс болғанымен, осы­­нау бай мұраның авторы жайында оқы­­лымды дүниелер сирек. Осы орай­­да әл-Фараби зиратын тапқан са­­па­ры жайында айтып берсеңіз.

– Бұл сапар жайында Ақаңнан асып ештеңе айта алмаймыз. Саналы ғұмырын, бар арманын осы ілімге арнай отырып, одан бір нәтижелі іс шықса деді. Өзі жазып кеткендей, әл-Фараби артына зор мирас қалдырған. Оның ғылыми мирас­тары барлық адам баласының кейінгі ғылыми-рухани дамуына әсер етті. Өткен ғасырдың 60-жылдарының соңында Сирияның астанасы Шам қаласына туристік топтың жасақталып жатқанын ес­тіп, осы топқа ілігуге барын салды. Бірақ нәтижесіз іс болғаннан кейін, сол кез­дегі Қазақстан Компартиясы Ор­та­­лық комитетінің Бірінші хатшысы Д.Қонаевтан көмек сұрай барғаны есімде. Ке­зінде Лениногорскіде шахтада бірге істеген екі тұлғаның таныстығы сонау 1942 жылдан басталғаны белгілі. Содан Д.Қонаев Араб еліне сапардан Ақжан Ма­шанов қалып қоймасын деп тапсырма бергеннен кейін, Сирия қайдасың деп тартып отырды. Арманы осы еді ғой. Бұл Ақаң олжасының бастауы­на айналған нәтижелі болғанымен, ауыр сапар болды. Осы жолда Ақаң дүниежүзі мұрағаттары мен кітапханаларындағы әл-Фараби еңбектерін жинады. Баба­мыз­дың мәңгілік мекені – Баб ас-Сағир зираты басына барғандағы ішкі сезімі, көңіл күйінен елге оралғаннан кейін де біраз уақыт арыла алмай жүрді. Осыдан кейін «Әл-Фараби және Абай» еңбегі жазылды. Сол сапарында Адамата мен Хауанамыздың Жер бетіне алғаш аяқ басқан жері, аты аңызға айналған Касун тауы, ондағы Адам Атаның ұлы Әбілге салынған күмбезін көреді. Сол сапар барысында адамзат өркениетінің ізі қалған Пальмира қаласын, Бейбарыс бабамыздың қамалын көру, Әмір Те­мір­дің ізі қалған жерді басуының өзі ғы­лымдағы өміріне азық болды. Қиын­ды­ғы қатар жүрген әр сапары ерлікпен пара-пар болатын. Өз естелігінде «Та­ң­ер­тең менің турист достарым тегіс «Ша­һаризада» базарын аралауға кетті. Көлік айтылған уақытта емес, кеш бата келді. Күзетші бізге әл-Фараби қабірін көрсетті. Айналасы сәл алшақтау жерде жатқан жұпыны, сырты цементпен сыланған екен. Күзетшінің айтуынша, оның басында бұрын белгі болған. Жер сілкінген кезде құлап қалыпты. Айналасында тұрған қабірлердің де бел­гісі құлаған. Күзетші зираттың әл-Фарабидікі екеніне ешбір шүбә кел­тір­ме­ңіз деді. Өйткені бұл зиратта жатқан адамдардың бәрі дәптерде тіркеулі, кімнің қай жерде жатқаны белгілі. Әл-Фараби зиратын дереу суретке түсірдік, өйткені сол кезде күн батуға жақын еді. Адамдар неге ұмытшақ, неге ғапыл – өшпес мұра қалдырған дананы ұмытады? Отырарда қандай белгісіз болса, мұнда да дәл сондай, жоқтаусыз жетім бала сияқты. Көңілім біртүрлі бұзылып, назымды қойын дәптеріме түсірдім», деп айтқандары ғалым зерттеулерінің мазмұнын тереңдете түседі.

– Бабасы Машан бидің Абай хакім­нің әкесі Құнанбаймен замандас, дос, сүйек жақын болғандығы туралы, Шә­кә­ріммен таныстығы, сондай-ақ өзі өс­кен, оқыған рухани орта жайында әңгі­мелеуші ме еді?

– Ақаңның Қарқаралы өңірінде өмірге келгені, туған өлкесі жайындағы әрбір толғанысы ғылымға барып тірелетіні анық. Абайдың туғанына жүз жыл толуы­­на орай жазған еңбегінен кейін хакім өмірін тану үшін біріншіден, әл-Фарабиді терең меңгеруім керек дегені бар. Бұл зерттеулеріне «Әл-Фараби және Абай» еңбегін арқау етті. Ақаңның үлкен атасы қазақтың заңғар жазушысы Ілияс Есенберлиннің «Қаһар» романындағы Масан кейіпкер (ноқаты қойылмай кет­кен­­діктен бір әріптен қате кетіп, осы­лай жазылған) Құнанбай сұлтанның бас биі болған. Өз әкесі де заманының сауатты старшыны, болыстық билікке араласқан дәулетті кісі болыпты. 85 жасында дүниеден өткен атамызды ел арасында әлі күнге дейін құрметтейді. Үлкен енеміз Желкілдек те ақылды, дана кісі болған деседі. Анасы Ғайша көп жасап, 97 жасында дүниеден өткен. Құнанбай қажы мен Машан би жылда Қоянды жәрмеңкесінде бас қосатын көрінеді. Бірде жәрмеңкеге барған Ақаң Шәкәріммен де кездескен екен. Ақаңның әкесі Құранға жүйрік болған адам. Сол кезде қазақ даласындағы ал­ғаш­қы «Дала уәлаяты», «Айқап» басылымдарын жаздырып оқиды екен. Ақаң алғаш әліппе тануды өз әкесінен үйрен­се, кейіннен, 1924 жылы Әлімхан Ермеков негізін қалаған Қарқаралыдағы педагогикалық техникумға түседі. Алаш қайраткерлерінен дәріс алады. Осындай ортаның зерделі өкілі бар саналы ғұмырын ұлтының келешегі жолындағы ғибратты іске арнады.

– «Менің ұстанған жолым шамам кел­генше шындық іздеуден туын­да­ған. Оны қайдан табасың? Оны Құранның аятынан табасың. Онда бүкіл ғалымның сыры бар, шындық. Ол – Ғалымның иесі», дейді ғалым. Ақжан Жақсыбекұлы неше жасынан бас­тап дінге ден қойған еді?

– Абайдың «Құдайдың өзі де рас, сөзі де рас» дегені сол сөз Құран, – дейді Ақаң. Құранға қосымша, оған жалғас түсінік ретінде Пайғамбарымыз Расул Алланың өсиет сөздері бар. Оларды «Хадис» деп атайды дегені бар. Осы ілімді көкірегіне түйіп, тереңінен түсініп барып 50-ден асқанда намазға жығылды. Дін мен ғылымды қатар қоя отырып, сөздерді, оны құраушы әріптердің сандық мәнін қолдануда Абжәд есебі барлық есеп ғылымының, сол арқылы барлық табиғат ғылымының бастауы екендігінің бізге беймәлімдігін көрсетеді. Ғылыми ізденіс жолында алдымен табиғат дүниесін танудан бастау керек, дейді Ақаң. «Әл-Фарабидің «Табиғат – матбуғат» деген тамаша қағи­дасы бар. Бұл Матбуғат деген шын­дық кітап шығаратын бас­­па орны деген сөз. Басқаша айтқанда, адамға білім, ғылым беретін негізгі оқу­лық табиғат деген мағынада» дей келіп, алдымен адам өзін-өзі танудың өзі бір үлкен медресе. Бұл арада тіл білу, есеп білу – табиғат танудың басты шарт­тары» дегенінің философиялық мәні тереңге кетеді. Ақаң ғылымның же­тіс­тігі арқылы әл-Фараби ілімін ғылы­ми ислами негізде сабақтастыра білді. «Әл-Фараби мұрасын зерттеу туралы», «Шығыстың Аристотелі», «Әл-Фараби еңбектерін қазақ тіліне аудару туралы», «Әл-Фараби», «Орта Азия мен Қазақ­стан­ның ұлы ғалымдары», «Әл-Фараби және Абай» сияқты көптеген еңбегі осының дәлеліндей.

– Кезінде ғалым діни көзқарасы мен мұ­сылмандық ұстанымы үшін қа­таң сыналып, «Машани басына сәлде тақ­қан молданы насихаттап жүр» деген айып тағылғаны белгілі.

– Кеңес тұсында партия мүшесінің намаз оқып, мешітке баруы қатаң сыналды. Үсті-үстіне тексеріп, аңду қойғаны да рас. Бірақ осыған қарамастан, намазын қаза қылмады. Жұма сайын мешітке барып намаз оқыды. Ол кезде профессордың мешітке барып намаз оқуы елді елең еткізген жағ­дай еді. «50 жасқа келгенде, шәкірт болып, имамдардың алдында тізе бүктім. Араб тілінде жазбасам да, әл-Фарабиді түсінетіндей дәрежеде тіл білуім керек», тіптен, қазақ ғалымдарының ата-баба жолымен жүргені дұрыс емес пе» деуінің өзі неге тұрады. Намазды үйде отырып-ақ оқи бермейсіз бе деп жаны ашығандар да табылды. Бірақ Алланың үйіне баруы қатаң сынға алына берді. Осыдан кейін партия билетін қайтармақ болып, Д.Қонаевтың қабылдауына барып, «Жасым болса келіп қалды. Мына билетті аман-есен кезімде қайтарайын», дегенінде Д.Ахметұлы оның сөзінің райын түсініп, ғалымға тиіспеңдер деп тапсырма берді. Осыдан кейін біраз уақыт тыныштық орнады. Бірақ арыз жазғандар мұнымен де тоқтамады ғой. Сонда институттың партия ұйымының хатшысына барып: «Машанов бәрібір тарихта қалады. Тарих сендерден сұрайды», деп айтып кеттім. Сол кезде менен партия ұйымының хатшысы «Үйде намаз оқи ма?», деп сұрады. Несін жасырамын, «Оқиды», деп жауап бердім. Хатшы «Мешітке әл-Фарабиді зерттеу үшін, соның аудармасы үшін бардым деп жазып берсінші. Бізден жоғары жақ соны талап етіп отыр», деді. Үйге келген соң Ақаңа болған жағдайды айтып, «Машанов баратын жеріне барып болған, енді мен барам», деп жауап бердім» дегенімде көзіне жас алып, маңдайымнан сүйіп, «Өлсем арманым жоқ. Қорғайтын адамым бар екен. Рахмет», деп хатшының айтқан сөздерін қағазға жазып, қолын қойып берді. Осыдан кейін олар Ақаңды мазаламады.

– Ақжан Жақсыбекұлының Мек­кеге барсам деген арманы болған екен. Алай­да көзі тірісінде бұл сапардың сәті түспеді. Ғалымның арманы қан­дай еді?

– Меккеге барсам дегенді жиі айтып жүрді. Бірақ бұл тілегіне жете алмады ғой. Ақаң жетпей кеткен Меккеге 2017 жылы өзім барып, қасиетті парызымды өтеп, зиярат етіп қайттым. Бүгінде өз шаңырағында ғалымның мұрасына ие болар тұяқ та қалмады... Ұлы Аррат та, оның ұлы да қайтыс болды. Әлішері жақында көз жұмды. Ғабдолласы да бүгінде мәңгілік мекенінде. Үйдегі ке­рек-жарақ бұйымдарды аталарының көзіндей көріп жүрсінші деп әулеттен тараған қыздарға еншілеп таратып бердім. Өз басым көзі тірісінде ата­ларым­ның да, Ақаңның да атын тура атамағанмын. Ақаң да маған құрметпен қарап, өмірінің соңына дейін Жәкіжан деп атап кетті. Ақаң туған халқының бар ауыртпалығын мойнына алып, бар қиындықты ай астында отырып өзіне тілеп алғандай көрінетін. Әр таңда ізгілік, қайыр, ісіне береке тілеп оянатын. Бар саналы өмірін ғылым жолына арнап, басқа дүниеге басын ауыртпады. Маңдай терімен тапқан қажырлы еңбегінің ақысын пайдалы іске жаратып, содан рақаттанды. Ақаң есепке жүйрік болатын. Осы уақытқа дейін партияға төлеген жарнама бір ұшақ келетін еді деп отырушы еді. Атаққа да құмартпады. 85 жасқа толған мерейтойында «Социалистік Еңбек Ері» атағын береміз деп еді, аяқсыз қалды. Араға 5 жыл салып Ұлттық Ғылым академиясының құрылтайшысы, ең алғашқы корреспондент-мүшесінің бірі ретінде «Халық қаһарманы» атағын береміз деп еді, ол да бұйырмады. Сөйтіп жүргенде көктемде Ақаң дүние салды. Парасаты биік тұлға бұл жалғаннан бұйырмаған атаққа бола қынжылып, жанын ауыртпады. Бірақ 1978 жылы Ақбастау-Қосмұрын алқабында алтын кенін тұңғыш ашқан ғалым ретінде алған өтеуіне қатты ренжігені бар. «Әл-Фарабиден бастап қаншама еңбектер жаздым. Ол менің қасиетті жұмысым. Ал алтынның жөні бөлек еді. Осы еңбегім лайықты бағасын ала ма деп жүрген едім. Егер шетелде болса, кен орнын ашқан адам миллионер болатын еді» деп ренжігенде, аяныштан басқа амалым қалмаған.

Ақаң ғылым жолында өз өмірін сарп еткен тұлға. Еңбек жолы өзі оқыған мектепте мұғалімдіктен бастап, сонау 1933 жылдары Семейдегі геологиялық техникумындағы дайындық курсын бітіргеннен кейін Алматыдағы Қазақ тау-кен металлургия институтының алғашқы студенттерінің бірі болып оқуға түсті. Мұны айтып отырғаным, Ақаң жас болса да ғылымға саналы түрде келіп, сол заманда ұлттық ғылым үшін сирек саланың тұтқасын ұстады. Оқи жүріп техникумдарда, курстарда сабақ берді. Аспирантурада білім алды. Осы жолда Ақаң ғылыми еңбегіне жер қойнауының геометриясын арқау етіп, зерттеді. Бұл тақырып сол кезде екінің біріне оңайға түспейтін тақырып болса керек. Осылайша, Ақаң бастаған зерттеудің жаңа әдісі еліміздің кен орындарында сынақтан өтті. Міне, осы табанды еңбегінің арқасында 1940 жылы геологиялық-барлау ғылыми экспедициясын бастаған аспирант Ақжан Машанидің жаңа әдісі негізінде Ақбастау-Қосмұрын алтын кен орны ашылды. Осылайша, Ақаң еңбегі геология мен тау-кен саласында ғылыми жаңалық болып танылды. Ал 1946 жылы Ақаң Мәскеуде геология, меха­ника және тау-кен ісі сияқты үш маман­дық негізінде докторлық диссертация­сын қорғап, жаңа ғылыми бағыт – геомеханиканың негізін қалады. Үлкен ғылыми жаңалық ашқан ғалымның еңбегінің өтеуі еліміздің келешегімен байланысты деп білемін. Десек те, ер қамын ойлайтын азаматтардың арқа­сын­да Алматыдағы «Таугүл» шағын ауданында, Қарқаралыда Ақаң аты­на көше берілген. Қарағандыда салынған үлкен мешіт Ақаң атымен аталады. 2001 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында ұлы ұстазы әл-Фарабидің 1130 жылдығы аталып өткенде, сол кездегі облыс әкімінің ұйғарымымен әл-Фараби атындағы сыйлық берілді. Әттең, бұл күнді Ақаң өзі көрмей кетті. Әйтпегенде Ақаңа бұл сыйлық үлкен рухани күш-қуат беретіні сөзсіз еді. Ақаң ғасырларға са­пар шеккен даналықтың нышанындай туған ұлтының жүрегінен орын алар игі іс істеп, қазақ ғылымы үшін мәңгілік мұра қалдырып кетті.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»