Қоғам • 24 Қараша, 2020

Шардарада шұғыл суқашыртқы салу қажет

644 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Апат айтып келмейді. Беті аулақ, алдын алмаудың, адами фактордың салдарынан болып жатқан апаттар да аз емес. Яғни сақтану, қауіпсіздік шараларын жүргізу маңызды. Cыйымдылығы 5,2 млрд текше метр болатын Шардара суқоймасы Арнасай су торабын қоса есептегенде жиынтығы секундына 2570 текше метр су тастай алады.

Шардарада шұғыл суқашыртқы салу қажет

Жарты ғасыр бұрын, яғни 1969 жылы өтімі секундына 4210 текше метр су келіп, апатты жағдай орын алған. Осындай жағдай қайталанса, Шардара, Отырар аудандары мен Арыс қаласының Сырдария өзенінің сол жағалауындағы елді мекендерді, яғни Түркістан облысында тұратын 60 мыңнан астам тұрғын мен Қызылорда облысының 200 мыңнан астам халқы тіршілік етіп жатқан елді мекендерді су басып қалу қаупі туындайды. Сондықтан шұғыл түрде Шардара су қоймасының оң жақ жағалауынан өтімділігі секундына 1500 текше метр болатын апатты суқашыртқы салу қажет. Бұл кезек күттірмейтін мәселенің зардабы екі облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайының нашарла­уына алып келуі әбден мүмкін.

Жуырда «Қазақстанның су қауіп­сіздігі: қазіргі кездегі қауіп-қатерлер және оларды шешу перспективалары» тақырыбына арналған Сенаттағы Үкімет сағатында баяндама жасаған Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев осындай деректер келтіріп, өзекті мәселе көтерген болатын. Су­қашыртқы салу бойынша қазіргі таңда техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп жатқанын да айтып өтті. Иә, облыс әкімінің дабыл қағуы негізсіз емес. Суқоймалардағы апаттар жөнінде мысалдар көп. Оған адами факторлар да себеп болуда. Қызылағаштағы жан түршігерлік апат ұмытылған жоқ. Көршілес Өзбекстандағы Сардоба суқоймасындағы болған жағдай да жұрт­ты біраз әбігерге салды. Әйтеуір тұр­ғындар аман. Дегенмен індет онсыз да жағадан алып жатқанда топан су әп-сәтте 7 мыңға жуық азаматымыздың берекесін қашырды.

Еске сала кетейік, биылғы 1 мамырда Өзбекстан Республикасы Сырдария облысындағы Сардоба суқоймасының бөгеті бұзылып, орталық Бетпақдала коллекторынан тасыған су салдарынан Мақтаарал ауданының 5 елді мекенін су басып, төтенше жағдай орын алды. Төтенше жағдай салдарынан 1030 тұрғын үй, 3 мектеп, 5 балабақша,
4 денсаулық сақтау, 10 сауда нысаны, ав­томобиль жолдары, 1 көпір, 5 695 гектар егістік пен жа­йыл­ым жерлер су астында қалған-ды. Су басқан аумақ­тың ситуациялық картасы жасалып, жедел аппаттық көмек көр­сету қызметтері жұмылдырылды.

Барлық жұмыстың шұғыл әрі тиімді үйлестірілуі нәтижесінде жалпы 11 млн 798 мың литр су қауіпсіз аумаққа қашыртылды. Негізінен Өзбекстан аумағынан ағып келген 931 үй жануарының өлекселері судан шығарылып, жойылды, 2,8 млн шаршы метр аумақ залалсыздандырылды. Апаттың сал­дарын жоюға бүкіл рес­публика ат­салысты. Түркістан өңі­ріндегі төтен­ше жағдай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатаң бақылауында болды. Үкімет тарапынан төтенше жағдайдан зардап шеккен 5 елді мекеннің (Жаңатұрмыс, Жеңіс, Фирдоуси, Достық, Өргебас) 5 524 тұрғынына 552 млн теңге (100 мың теңгеден) төленсе, Алишер Усмановтың қоры есебінен су басқан 5 елді мекен және эвакуацияланған 8 елді мекендегі (Мырзакент, Жайлыбаев, Нұрлытаң, Шұғыла, Жантақсай, Нұрлыжол, Арайлы және Ақжол) 5 318 отбасына 1000 АҚШ долларынан 2,2 млрд теңге берілді. Аудандағы Мыр­закент кентінде жаңадан бой көтерген шағын ауданында 386 жеке тұрғын үйдің құрылысы толық аяқталып, Жеңіс Жаңатұрмыс, Достық елді мекен­дерінің тұрғындарына табыс етілді. Оның ішінде 196 тұрғын үй құрылысына Үкіметтік резерв есебінен қаржы бөлінсе, қалған 190 тұрғын үйдің құрылысы қайырылымдық және өзге де қорлар арқылы жүргізілді. Сонымен қатар Фирдоуси мен Өргебас елді мекендерінде жалпы 504 тұрғын үйдің 494-інің құрылысы аяқталып, 10 үй жақын арада пайдалануға беріледі. Бұдан бөлек, Мырзакент кентіндегі жаңа мөлтек ауданда 1200 орындық мектеп пен 280 орындық балабақша, дәрігерлік амбулатория және полициялық тірек пунктінің құрылыстары жүргізілуде. Ал Фирдоуси ауы­лында 600 орындық мектеп ағымдағы жөндеуден өтсе, дә­рі­герлік амбулатория мен полиция­лық тірек пункті, Өргебас ауылында фельдшерлік-акушерлік және по­лициялық тірек пункттері салынуда. Мектеп пен балабақша келесі жылға өтпелі болса, қалған нысандардың құ­рылыс жұмыстары желтоқсан айында толық аяқталады деп жоспарлануда. Жалпы, Мақтаарал ауданындағы көшелер қайта жөндеуден өтіп, елді мекендерде абаттандыру, аяқжолдар мен жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Аудандағы қазіргі жағдай тұрақты, ауқымды жұмыстардың нәтижесінде елді мекендер көркейе түсіп қалыпты тіршілікке көшкен. Яғни бір ғана Сардоба суқоймасының қауіпсіздігі 31,7 млрд теңгеден астам шығын алып келді. Бір қуанарлығы, адам шығыны орын алған жоқ. Демек, су қа­уіп­сіздігін қамтамасыз ету, қауіп қа­тер­лерінің алдын алу және ағын сулар­ды тиімді пайдалану өңірде өзекті мәселе.

1

Еліміздегі суармалы жерлердің үштен бір бөлігі тиесілі Түркістан облы­сында 72 мың агроқұрылым тір­келіп, 180 мың адам жұмыспен қам­тылған. Осы орайда агро­өнеркәсіп кешенінде еңбек өнімділігін арттыру, суармалы жерлердің көлемін ұл­ғайту мақсатында шешімін күткен мәсе­лелер де баршылық. Ол қандай мә­селелер? «Түркістан магистральдық ар­насын күрделі жөндеу жұмыстарын жалғастыруға 2021 жылға 7 млрд теңге қаржы қажет. «Кеңсай – Қосқорған-2» суқоймасының құрылыс жұмыстарына би­ылға 1,2 млрд теңге бөлу мақұлданды. Бұл келер жылдың қаңтар-ақпан ай­ларының өзінде суқоймаға 10 млн текше метр ағын су жинауға мүмкіндік береді. Әрі қарай суқойма жұмысын аяқтау үшін 2021 жылға 1,8 млрд теңге қажет. Сондай-ақ «Арыс – Түркістан магистральдық арнасын толықтыру үшін Сырдария өзенінен машиналық арна салу» жобасының құрылысын бастауға 2021 жылға 7 млрд теңге қажет», деді Өмірзақ Естайұлы. Бұдан бөлек облыстық бюджет есебінен құны 2,3 млдр теңге болатын «Шошқакөл көлдер жүйесін жаңғырту», «Қосымша 34,7 млн текше метр ағын су беретін 134 дана тік ұңғыманы қайта қалпына келтіру» (құны 2,7 млрд теңге) жобалары қарқынды жүзеге асырылуда.

Сондай-ақ облыс әкімі өз баян­дамасында өңірдің дамуына мульти­пликативтік нәтиже беретін ірі жо­баларға тоқталды. Шардара ауданын­дағы «Жаушықұм алқабын игеру» жобаларының құрылысын бастауға, Арыс қаласындағы «Қожатоғай мас­сивін игеру» мен «Қызылқұм магис­тральды каналының 3-ші, 4-ші кезеңінің құры­лысы» жобаларына құжаттама әзірлеуге қаржы қарастыруды ұсынды. Атал­ған жобаларды жүзеге асыру нәти­жесінде 97,7 мың гектар жаңадан суармалы жерлер айналымға қосылып, қосымша жыл сайын 175 млрд теңге ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мүмкін болады.

Кентау қаласындағы Мырғалымсай кен орнының жұмысы тоқтауы салдарынан, шахталар суға толып, су тасқыны кезінде жерасты сулары дең­гейі көтерілген. Салдарынан Кен­тау қаласындағы ғимараттар мен тұрғын үйлердің шөгуі, іргетастардың зақым­дануы орын алуда. Бұл орайда облыс әкімінің де­регінше, болжамдық есеппен шахтадан су деңгейін 440 метрден 394 метрге дейін тө­мендету, шамамен 40 млн текше метр жерасты суын шы­ғару қажет. Бұл шахталы жерасты суын Түркістан қаласын суландыру мен өсім­дік шаруашылығына пайдалануға мүм­кіндік бар. Осыған орай облыс әкімі Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, апаттың алдын алу жолдарын қарастыруды, парламенттік тыңдаудың қорытындылары бо­йынша әзірленетін ұсынымға енгізуді сұрады.

 

Түркістан облысы