Қоғам • 24 Қараша, 2020

Алматыда 600 мың адам 42 500 теңге алған

419 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Карантинге байланысты Алматыда 600 мыңнан астам тұрғын 42 500 теңге әлеуметтік төлемін алған. Бұл туралы "Егемен Қазақстан" тілшісі "Алматы" телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Алматыда 600 мың адам 42 500 теңге алған

Қалалық әлеуметтік әл-ауқат басқармасының хабарлауынша, Biz birgemiz жобасының аясында қалада еріктілер тобы он мыңға жуық көмекке мұқтаж адамға барып, азық-түлік және басқа да қажетті заттар апарып қолдау көрсеткен. Басқарма дерегінше, 200-ден астам ерікті жастар қатысқан шарада 52 мыңнан отбасы көмек алған.

"Бөлінген 75 миллион теңгеге ішіне антибактериалды сабын, медициналық маска, антисептик кіретін 7 мыңнан астам гигиеналық санитарлық жинақтар сатып алынды. Жарты айда қалада жалғыз өмір сүретін ардагерлерге 36 мыңдай түскі ас жеткізілді", – дейді қалалық Jas Otan жастар қанатының төрағасы Мәди Ахметов.

Сондай-ақ шаһардағы "Жаңа Алатау" қоғамдық қоры қала тұрғындарынан қаржы жиып, медициналық қызметкерлерге қолдау көрсеткен. 2 ай ішінде 260 миллион 860 мың теңге жиналып, ол қаржыға қажетті киім-кешек алынған.

Ал қатаң карантин кезінде табысынан айырылып, тұрмысы төмендеген жеке кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысушы, өзін-өзі жұмыспен қамтыған және ақысыз демалысқа шыққан азаматтар 42 500 теңге әлеуметтік төлемін алған. Төтенше жағдай режимі кезінде 400 мыңнан астам адам бұл көмекке ие болса, қатаң шектеулер алынып тасталғаннан кейін де тағы 230 мың алматылыққа мемлекеттік жәрдемақы тағайындалған.

Абай АЙМАҒАМБЕТ,

«Egemen Qazaqstan»