Оқиға • 25 Қараша, 2020

Ораз Жандосов негізін қалаған Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіне – 90 жыл

1452 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Отандық ауылшаруашылық білімі мен ғылымының қара­ша­ңырағы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің құ­рыл­ғанына – биыл 90 жыл. Оқу орнымыздың негізін қалаған Алаш қайраткері Ораз Қиқымұлы Жандосовтың есімі біздің университет ұжымы үшін өте ерекше және оны мақтан тұтамыз. Ағартушылық салада Халық комиссары болып жүрген шағында орасан істер атқарған О.Жандосовтың тікелей ұйымдастыруымен елімізде педагогикалық, ауылшаруашылық және ветеринарлық институттармен қатар орта білім беретін бірнеше мекеме ашылды.

Ораз Жандосов негізін қалаған Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіне – 90 жыл

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Университетіміздің тарихына үңілсек, ол елімізде 1929 жылы Ветеринарлық институттың құрылуынан бастау алады. Бұл – Қазақстандағы алғашқы жоғары оқу орындарының бірі. Көп ұзамай Ветеринарлық институт Ветеринарлық-зоотехникалық ин­с­титут болып қайта құрылды. Институттың бірінші директоры білікті ғалым-микробиолог И.В.Сайкович болды. 1933 жылы институттың атауы Алматы зоо­­ве­­­теринарлық институты деп ө­з­гер­­тілді.

1930 жылы егіншілік және жеміс-көкөніс факультеттерінен тұратын Қазақ ауылшаруашылық институты құрылып, оның бірінші директоры болып О.Жандосов тағайындалды. Қазақ ауыл ша­руа­­шылығы институтын екі жыл басқарған қысқа мерзім ішінде ол институт қабырғасына бі­лікті мамандарды, зерделі ға­лым­дарды тартты. Жоғары оқу орнының беделін арттыруға белсене атсалысқандардың арасында Алаш зиялыларымен қатар, ҚазКСР Ғылым академиясының академигі, заманымыздың заңғар жазушысы, ұлы қаламгер Мұхтар Әуезов осы институтта қазақ және орыс тілдерінен дәріс берген.

Ауылдан шыққан қазақтың қара­пайым баласы ретінде О.Жан­­­досов көптеген қиындыққа қа­ра­­­мастан, талай белесті бағын­дырып, бірқатар лауазымды қыз­мет атқарған. Мәскеудегі Тимирязев атындағы ауыл шаруа­шы­­лығы академиясында жоғары білім алған көрнекті тұлға жина­ған білімі мен тәжірибесін туған жерінің өркен жаюына жұмсады.

Ораз Жандосов саяси қыз­мет­терде жүріп, қазақ баласының ғылым мен білімге қол жетуі үшін жанын салып, қазақ ауыл­да­рының көркеюі үшін аянбай тер төкті. Орталық биліктен қазақ елінің өз экономикасы болу керек деген идеяны ұстанған ол – жер-су реформасын әзірлеп, халықтың оны тиімді мөлшерде пайдалануына мүмкіндік туғызған, өзінің артында үлкен рухани мұра қалдырған бірегей тұлға.

О.Жандосов 1899 жылы 20 ақпанда Жетісу өлкесінде дү­ниеге келген. Қайраткер тұл­ға­ның туған жері бүгінде Жандосов ауылы деп аталады. Ол бар-жоғы 39 жас өмір сүрді. 1937 жылы сталиндік саяси репрессияның құрбаны ретінде ұсталып, «ха­лық жауы» деген жаламен 1938 жылдың 2 наурызында жазық­сыз атылды. Араға ұзақ жылдар салып, тарихи әділеттілік орнап, О.Жандосов бірқатар Алаш қайраткерімен қатар 1957 жылы сегізінші маусымда ақ­талды.

Бүгінде ел мұраты жолында құрбан болған тұлғаның өмірі мен халқына жасаған қызметін ерліктің үлгісі деп батыл айта аламыз. Себебі Ораз сынды Алаш арыстары осы тоталитарлық жү­йе­нің «қанды қылышының» қаупін біле отыра, еңбектерін халық пен ұлт мүддесін қорғауға бағыттады.

1918 жылы О.Жандосов большевиктер партиясы қатарына қосылып, кейін Верный уездік-қалалық Кеңесінің нұсқаушысы лауазымынан қызмет жолын бастады. Одан кейін Жетісу облыстық атқару комитеті ұлт­тар мәселесі бөлімінің мең­ге­рушісі, Түркістан Ком­партиясы мұсылман ком­мунистері об­лыстық секция­сының төрағасы, Жетісу облыстық революциялық комитетінің төрағасы, «Қосшы» облыстық комитетінің төрағасы, Түркістан Компартиясы ОК үгіт бөлімінің меңгерушісі, ВКП(б) Қазақ өлкелік комитетінің үгіт-насихат бөлімінің төрағасы, ҚазАССР халық ағарту комиссары, Қазақ ауыл шаруашылығы институтының директоры, ВКП(б) Кеген аудандық коми­те­тінің хатшысы, Алматы облыстық атқару комитеті төрағасы сияқты жауапты қызметтерді атқарды. Сол жылдардағы республикалық, одақтық Атқару комитеттерінің мүшесі болды.

Ораз Қиқымұлы – өз зама­нындағы еліміздің әлеу­меттік, ауылшаруашылық салаларын терең зерттей отырып, ұлттық мәселелерді шеше білген азамат. Биік мақсаттарды алдына қойған қайраткер тұлға ауыл экономикасын зерттеу жөніндегі үлкен экспедицияны басқарып, ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысып, ғылыми еңбектер жазды. Қамшының сабындай ғана қысқа ғана ғұмырында ол қазақ елінің саяси және әлеуметтік мүддесі үшін күресіп, мәдени, оқу-ағарту ісін көтеруге де елеулі еңбек сіңірді. Қазақ тілінде ешбір оқулықтың, әдебиеттің жоқ кезі­нің өзінде ол қазақ баласының білім алып, сауатты болуы үшін алғаш ауыл мектептерін аш­қызған еді. Ұлт болашағына алаң­дап, қазақ мемлекетінің өр­кендеуі үшін тынбай еңбек еткен ұлы тұлғамызды қалай ұлық­тасақ та артық емес.

Тарихшыларымыздың де­рек­­теріне сүйенсек, 1918 жылы небәрі 19 жасқа келген О.Жан­досов Қазақстандағы іс-қағаз­дарды қазақ тілінде жүр­гізу ке­рек деген мәселені көтер­ген. Ал жиыр­­ма екі жасқа келген ша­ғын­да ол «Верный» қала­сы­ның атауын «Алматы» етіп өзгерту бұй­ры­ғы­на қол қойған!

Отызыншы жылдардың ба­сында орын алған ұлы жұт кезінде де О.Жандосовтың тікелей араласуымен Орталық Қазақстанның біраз жеріне астық егіліп, жергі­лік­ті халықтың нанға қолы жет­ке­ні тарихтан белгілі.

Қысқа өмірінде ол қандай қыз­метте болмасын қоғам, халық, ұлт мүддесі жолында аянбай еңбек етті. Оның өмір жолы, айнымас ұстанымы – бүгінгі ұрпақ үшін зор үлгі және өнеге. Сондықтан оқу орнымыздың негізін қалау­шы, мемлекет және қоғам қайрат­керінің қызметі мен өмірін жаң­­ғыртып, кейінгі жастарға на­сихат­тауды біздің парызымыз деп санаймыз. Осы бағытта ай­тар­­лықтай жұмыстар атқарып келеміз. Жыл сайын университетте «Ораз Жандосов оқулары» аясында сан салалы ғылыми конференциялар, семинарлар мен байқаулар ұйымдастырылып келеді. Қазіргі уақытта универ­сите­тіміздің бас ғимараты төрін­де О.Жандосовтың келбетті порт­­реті ілулі тұр.

Оқу орнымыздың берік ірге­тасы – ұлтымызға еңбегі сің­ген О.Жандосовтай ірі қай­рат­керлердің ерлік істерімен, ұла­ғатты ұстаз-ғалымдардың дана­лығымен, олардың білім, ғылымға деген ізденісі мен құш­­тарлығының арқасында қалып­­тас­қан. Біз кешегі ұлы­лар салған соқпақпен жүріп, солар­дың өнегелі ұлы істерін жал­ғас­ты­рып келеміз.

Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында, 1996 жылы Алматы зооветеринарлық институты мен Қазақ ауылшаруашылық институты біріктіріліп, соның негізінде Қазақ мемлекеттік аграрлық уни­верситеті құрылды. Елбасы Жар­лығымен 2001 жылы оқу орны­мыз Ұлттық университет мәртебесін иеленді. Мақсатты жұ­мыс жүргізудің арқасында тоқ­сан жылдық мерейлі белес­ке көтерілген университетіміз биыл тағы бір ең үлкен табысқа жетіп, Қазақстан Үкіметінің 2020 жылғы 23 қазандағы қаулысымен ұлт­тық зерттеу университеті мәр­те­­бесін иеленді.

Туған жерінің тұғырлы пер­зенті О.Жандосов қазақ баласы еркін қоғамда өмір сүріп, білім мен ғылымды игеріп, өзге жұрт­пен терезесі тең болсын деп армандап өтті. Бабаларымыз сан ғасыр ұмтылған, Ораз сынды Алаш зиялылары мұрат еткен тәуелсіздікке бүгінгі ұрпақтың қолы жетті. Ауыл жастары заманауи озық біліммен қаруланып, еліміздегі жоғары оқу орындарымен қатар, шетелдің беделді университеттерінде білім алу мүмкіндігіне ие болуда. Туған жер тамырынан нәр алған осы жастардың легіне біз дұрыс бағыттағы білім мен тәрбие бере алсақ, олар келешекте біздің ұлт­тық келбетіміздің негізгі көр­­сеткіші болатыны даусыз. Сон­дық­тан ауылда туып, ата-баба сал­тынан ажырамай, дәстүрімізді сақтап, тұлғаларымызды дәріп­теп, құндылықтарымызды бо­йына сіңіріп өскен ұрпақтың болашағын қамтамасыз ету ең басты елдік мақсат екені даусыз.

Бүгінгі тәуелсіз Қазақстан – Алаш қайраткерлері армандаған биік мұраттар іске асырылып отырған еркін ел. Қазақ елін биікке көтеретін, оны әлемге таныта түсетін зерделі білім мен озық ғылымды игерген бүгінгі жастарымыз болашақ ауыл шаруашылығы мамандары болып қана қоймай, өз елінің нағыз қайраткер азаматы болуға тиіс. Сондықтан бүгінгі ұрпақ үшін О.Жандосовтың өмірі мен қызметі отансүйгіштік пен халыққа адал қызмет етудің үлгісі.

 

Тілектес ЕСПОЛОВ,

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің басқарма төрағасы – ректор,

ҰҒА вице-президенті, академик