Президент • 26 Қараша, 2020

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Nur Otan партиясының ХХ съезінде сөйлеген сөзі

234 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін

Аса мәртебелі Нұрсұлтан Әбішұлы!

Құрметті съезд делегаттары!

Партиямыздың ХХ съезі күрделі әрі маңызды кезеңде өткізіліп отыр. Бұл – мемлекетіміздің қоғамдық-саяси өміріндегі айтулы оқиға.

 

Бүгінде Nur Otan партиясы ел тағдырына жауапты ең басты саяси күшке айналды.

Халқымыз бізге қашанда зор сенім артады. Әсіресе жаһандық дағдарыс кезінде ел аманатына ерекше көңіл бөлуіміз керек.

Бүкіл әлемге тараған пандемия Қазақстанға да оңай тиген жоқ. Мемлекет азаматтардың денсаулығын қорғау үшін барлық қажетті шараны қабылдады. Партия тарапынан халыққа ұдайы қолдау көрсетіліп келеді.

Nur Otan белсенділері мен еріктілері мұқтаж жандардан көмегін аяған жоқ. Осындай нақты жұмыс пен шынайы жанашырлық береке-бірлігімізді арттыра түседі.

Қазақстан қазіргі жағдайға қара­мас­тан, стратегиялық даму мақсаттарын дәйекті түрде жүзеге асырады. Бұл ретте, Елбасы саясатының сабақтастығын қамтамасыз ету – негізгі міндеттің бірі.

Мен биылғы Жолдауымда партияның қоғамдағы жетекші рөлі туралы айттым. Біз реформаларды жүзеге асыру бары­сын­да Nur Otan-ның зор әлеуетіне сүйе­нетін боламыз.

 

Құрметті делегаттар мен съезд қонақтары!

Бүгінде бүкіл әлем түбегейлі өзгеріс­тер дәуіріне аяқ басты. Халықаралық қаты­настар жүйесі барған сайын белгі­сіз­дік пен бейберекетсіздікке белше­сінен батып барады. Сенім дағдарысы туын­дағаны анық.

Соңғы жүз жылдықтағы аса терең рецессия әлемдік экономиканы ондаған жылға кері ығыстырып тастады. Өсімнің бұрынғы қарқыны мен орнықты дамуды қалпына келтіру үшін орасан зор күш-жігер және уақыт керек. Осының салдарынан көптеген ел қиын жағдайда қалды.

Қазақстан жеткілікті деңгейде берік негізге ие болып отыр. Өйткені ең алдымен, біздің қаржы ресурстарына негізделген нақты даму жоспарымыз бар.

Біз жауапкершілігі мол миллион­даған азаматымыздың арқасында ішкі саяси тұрақтылықты сақтай білдік. Сон­дай-ақ бизнес қоғамдастығын қол­дап, мемлекеттің барлық әлеуметтік мін­деттемесін орындай алдық. Осы жолда халқымыздың дәстүрлі құндылықтары – өзара көмек, табандылық, жанашырлық шешуші рөл атқарды.

Біз пандемия кезінде азамат­тары­мыздың шынайы ынтымақтастығы мен жаппай жанқиярлығының куәсі бол­дық. «Біз біргеміз!» ұраны Қазақстан пат­риотизмінің формуласына айналды. Қатерлі дерт ырық бермеген қиын күндерде біз шын мәнінде бірге болдық.

Партия және оның белсенділері халықты біріктіруге орасан зор еңбек сіңірді. Нақты істер атқаратын Nur Otan пар­тиясы өзінің іс-қимылы арқылы көш­бас­шылыққа лайықтылығын, Қазақ­стан­ның болашағы үшін бүкіл жауапкер­шілікті мойнына алуға дайын екенін көрсетті.

Осындай дағдарыс кезінде билеуші партияның, Үкімет пен бүкіл қоғамның алдында бірегей мүмкіндіктер пайда болатыны бұрыннан белгілі. Сол тарихи мүмкіндікті пайдалану үшін біз елімізге дамудың жаңа парадигма­сын ұсынуымыз қажет. Бұл жерде билік­тің барлық тармағы: Президент, Үкі­мет және заң шығарушы орган күш жұмыл­дыруы керек. Сондықтан алдағы сайлау­дың бүкіл қоғам үшін маңызы аса жоғары.

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев Бес институттық реформа мен Ұлт жоспарында белгілеген жүйелі жаңғыртуларға серпін беруіміз қажет. Осы мақсатпен біз 2025 жыл­ға дейін «Өзгерістер жолы: Әр аза­матқа – ла­йықты өмір!» сайлауалды бағ­дар­лама­сын қабылдаймыз. Бұл – жан-жақты ойлас­тырылған әрі нақты жүзеге асатын құжат.

Экономикадағы қиындықтарға қара­мастан, Nur Otan партиясы бағдарламаны жүзеге асыру үшін Үкіметпен бірлесіп, алдағы бесжылдыққа 21 триллион теңге бөлуді жоспарлап отыр. Бағдарламада ел­д­ің әлеуметтік ілгерілеуіне және ха­лық­­тың әл-ауқатын арттыруға бағыт­талған нақты әрі тиімді шаралар ұсы­ны­лады.

Партия жұртшылықтан келіп түскен ұсыныс-тілектерді назарға алды. Біздің бағдарламамызды бүкіл еліміз дайындады деуге толық негіз бар.

 

Құрметті партияластар, жолдастар!

Біздің бағдарламамызда негізгі төрт басымдық бар.

БІРІНШІ – Әр азаматқа өз әлеуетін жүзеге асыру үшін тең мүмкіндік беру.

Біз әлеуметтік-экономикалық саясатта нарық тәсілдерін басшылыққа аламыз. Қаржыны және жәрдемақыны негізсіз оңды-солды таратуды доғару қажет. Мемлекет атаулы әлеуметтік көмекті шын мәнінде мұқтаж адамдарға беру керек.

Ең бастысы – әлеуметтік әділдік. Сол се­бепті мұқтаж жандарға қамқорлық жасауға баса мән береміз. Әлеуметтік сая­сатты жүргізгенде қиындыққа тап болған азаматтарға атаулы көмек көрсету шаралары күшейтіледі.

Алдағы бес жыл ішінде әлеуметтік төлемдерді жыл сайын индекстеу үшін 3 триллион теңгеден астам қаражат бөлінеді. Ортақ зейнетақы мөлшері де жыл сайын индекстелетін болады. Бұл ретте, біз мұны инфляция деңгейіне 2 пайыз қосып жүзеге асыруды ұсынып отырмыз.

Тұрақты күтімге мұқтаж және жеке көмекші қызметін пайдаланбайтын бірін­ші топтағы мүмкіндігі шектеулі азамат­тардың барлығына қосымша әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Осыған орай берілетін арнаулы жәрдемақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1,4 есе көбейтілген мөлшеріне тең болады. Алдағы бес жыл ішінде біз ерекше күтімді қажетсінетін адамдарды арнаулы техникалық құралдармен қам­тамасыз етеміз. Сондай-ақ оларға толық­тай оңалту-сауықтыру қызметтері ұсынылады.

Бірақ ең бастысы, әр адамға табыс табу мүмкіндігін беру керек. Бұл ретте, біз нақ­ты шаралар қабылдаймыз. Соның нәти­жесінде, 2025 жылға қарай мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту көрсеткіші 30 пайызға жетеді.

Осындай жандардың кәсіби қызмет­пен айналысуымен бірге, білім алуына да жағдай жасау маңызды. Бес жыл ішінде колледждер мен жоғары оқу орындары инклюзивті білім беру жүйесімен толық қамтылады. Сонымен қатар мектепке дейінгі барлық мекеме мен мектептерде бұл көрсеткішті кезең-кезеңмен 70 пайызға дейін жеткіземіз.

Біз тек әлеуметтік көмекке мұқтаж жан­дарға ғана емес, халықтың өзге де топ­тарына қолдау көрсетеміз.

Партиялық тізімдегі 20 пайыздық кво­та жас көшбасшыларды қолдаудың нақты тетігіне айналды. Nur Otan-ның қатарына білімді, қайсар және жігерлі жастар қосылды.

Әйелдердің қоғамдық-саяси өмірдегі, экономиканың барлық секторындағы рөлін күшейту – әлемдік үрдіс. Қазіргі уақытта партиялық тізімнің 30 пайызы әйелдерден құралған. Бұл – әйелдер қауымы үшін мемлекет басқару ісіне атсалысуға жол ашатын нақты әлеуметтік мүмкіндік.

Партияның белсенді қатысуымен Әлеуметтік кодекс әзірленеді. Бұл мазмұны жағынан мүлде жаңа құжат болмақ. Кодексте қоғам мен мемлекет арасындағы өзара келісім орнатудың тың тәсілдері көрсетілетін болады.  

ЕКІНШІ БАСЫМДЫҚ – саламатты зияткер ұлт қалыптастыру.

Жаңа жаһандық сын-қатерлер ескеріле отырып, білім, ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларына жұмсалатын қаражат ұлғайтылатын болады. Бұл – адам капиталына, еліміздің болашағына салынатын стратегиялық инвестиция.

Денсаулық сақтау саласын қаржы­лан­дыру көлемі ішкі жалпы өнімнің 5 пайы­зынан кем болмайды. Жаңа эпидемия­ларға әрдайым дайын болу керек. Цифр­ландыруды, телемедицинаны, био­ло­гиялық қауіпсіздік инфрақұрылымын қамтитын Біртұтас ұлттық жүйе құру ісі аяқталады.

Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында көпбейінді екі ғылыми-инновациялық клиника салынады. Өңірлік медицинаны дамыту үшін біз еліміздің барлық облысында 20 заманауи медициналық орталық салатын боламыз. Аудандық ауруханалар мен перзентханаларды, ауылдық емдеу мекемелерін барлық қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етеміз.

2023 жылға қарай дәрігерлердің ең­бек­ақысы 2,5 есе өседі.

Басты мақсат – қазақстандықтардың орташа өмір сүру жасын 75-ке дейін ұзарту.

Саламатты өмір салты мен бұқаралық спортты дамыту зор маңызға ие. Сондықтан балалар мен жасөспірімдер клубтарын тек шағын және орташа қалаларда ғана емес, сондай-ақ тірек боларлық бар­лық ауылда ашу қажет. Сонымен қатар жаттықтырушы-оқытушылардың еңбекақысын көтеру керек. Әрбір ауыл­дық округте спорт жөніндегі нұсқаушы лауа­зымын енгізген жөн.

 

Құрметті съезге қатысушылар!

Еліміз бәсекеге қабілетті болу үшін білім және мәдениет саласын өркен­де­туге, жастарды қолдауға баса мән беруі­міз керек.

Бүкіл Қазақстан бойынша 800 жаңа мектеп салынады. Соның нәтижесінде біз апатты және үш ауысыммен оқытатын мектептердің мәселесін толық шешеміз. Барлық мектеп интернетпен, компьютермен және пәндік кабинеттермен қамтамасыз етіледі.

Ауыл мектептерінің дамуына ерекше көңіл бөлінеді. Шағын қалалар мен
аудан орталықтарында, ауылдық жерлерде орналасқан 5 мыңнан астам мектеп жаңғыртылуы керек. Педагог мамандарға сұранысты арттырып, білім сапасын жақсарту мақсатында олардың жалақысы 2 есе көбейеді. 

Жаһандық білім және инновациялық жүйеге енген заманауи зерттеу универ­си­теттері білім экономикасының негізін құрауға тиіс. Назарбаев Университетінің тәжірибесі бойынша тағы да кем дегенде 2 озық өңірлік жоғары оқу орны ашылады. 2025 жылға қарай жоғары білім алу үшін бөлінетін гранттың саны 50 пайызға артады. Бұл – 75 мың жас азаматымыз жоғары білімді тегін алады деген сөз.

Біз студенттерге материалдық қолдау көрсету ісін жалғастыра береміз. Сту­дент­тердің стипендиясы 2 есеге, магис­трант­тар мен докторанттардың стипендия­сы 1,5 есеге көбейеді. 2025 жылға қарай колледждер мен университеттер жатақ­ханаларындағы орындар саны кем дегенде 50 мыңға артады.

«Алғашқы жұмыс орны» жобасы іске қосылады. Бұл жоба жылына 5 мың адамды қамтитын болады. Бизнес сала­сындағы келешегі зор идеяларды жүзеге асыру үшін жас кәсіпкерлерге жыл сайын 10 мың грант ұсынылады.

Жұмыс істеп жүрген жастарға жылына 3 мың жалдамалы пәтер беріледі. Біз жастар ұйымдары мен Еріктілер қозғалысының жобаларын қаржыландыру көлемін 1,5 есеге арттыруға әзірміз. Осындай қолдау шаралары оқымайтын және жұмыс істемейтін жастардың санын 2025 жылға қарай 100 мың адамға азайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар балаларға қосымша білім беру, бос уақытты тиімді пайдалану, шығармашылық қабілетті дамыту мәселелері шешімін табады. Барлық мектепте спортпен және шығармашылықпен айналысуға жағдай жасалады. 3-6 жас аралығындағы балалар мектепке дейінгі біліммен толық қамтылуға тиіс. Осы ретте, тұрғылықты жеріне қарамастан баланың бәріне бірдей көңіл бөлінеді.

Біз «Рухани жаңғыру» бағдарламасын белсенді түрде жүзеге асыра береміз. Бұл аса маңызды құжат ұрпақтың санасын серпілтіп, ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруға арқау болады.

Бұдан бөлек, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын одан әрі кеңейтуге күш жұмылдырамыз. Ана тілімізді ардақ­тамасақ – елдігімізге сын.

Кез келген шаруашылық қызметімен айналысқан жағдайда табиғатты сақ­тау және оны қорғау міндеті басты қағи­даттың біріне айналады. Жаңа Эколо­гиялық кодекс және «Жасыл өсім» тұжы­рымдамасы қабылданады.

Біз прагматизм құндылықтарын, үнем­ділік, қанағатшылдық және ұстамдылық мәдениетін орнықтыруымыз керек.

ҮШІНШІ БАСЫМДЫҚ – экономика мен өңірлердің орнықты дамуы.

Әлемдік экономиканың ұзақ мерзімді дағдарысқа тап болып отырғаны анық. Әрине, Қазақстан да бұдан едәуір қысым көретіні белгілі. Дегенмен, дағдарыс – жа­­ңа экономикалық модель құру үшін жү­йе­­лі реформалар жүргізудің мүмкін­дігі.

Бүкіл әлемдік экономика ғылымы мен саналы саясаткерлер адамзат тарихында бұрын-соңды болып көрмеген жа­һан­дық дағдарыс жағдайында мемле­кеттің экономикалық үдерістерді басқа­ру­д­ағы рөлі шын мәнінде артады деген қорытындыға келіп отыр. Қалай дегенде де, осылай болуға тиіс.

Үкіметтердің басты міндеті – өз мем­лекеті азаматтарының тұрмыс сапасын лайықты қамтамасыз ету. Біздің Үкімет осы іргелі мақсатқа қол жеткізуді көздеп отыр.

Экономикалық өсімге қол жеткізу үшін негізінен мынадай мәселелерге баса мән беріледі:

– қатаң, бірақ теңгерімді макро­эко­номикалық саясат;

– жеке секторды қолдау;

– азаматтар алдындағы әлеуметтік міндеттемелерді орындау.

Мұндай стратегия бюджет шығын­дарын қатаң бақылауға алуға, тиімсіз жеңіл­діктер мен субсидияларды алып тастауға, төмен инфляцияны сақтауға және теңгенің еркін бағамын ұстануға негіз­деледі.

Фискальді салада бюджет шығындары оңтайландырылады, мұнай тапшылығы қысқарады, ұлт байлығын әділетті бөлу қамтамасыз етіледі. Ақша-несие саясаты жалпыұлттық әлеуметтік-экономикалық басымдықтар тұрғысынан жүзеге асырылады. Нәтижесінде бюджеттің мұнайдан тыс бөлігінің тапшылығы 2025 жылға қарай, Үкіметтің есебі бойынша – 6 па­йызды, ал жалпы тапшылық 3 пайыздан аспайтын көлемді құрайтын болады.

Үш жыл ішінде инфляция 4 пайыз­ға, тіпті бұл көрсеткіштен де төмен дең­гейге дейін азаюы ықтимал. Индус­трия­ландырудың белсенді жүргізілуі өңдеуші өнеркәсіптегі өндіріс көлемін 1,5 есе ұлғайтуға жол ашады.

Біз үшін жаңа бағыттар – IT саласы мен туризмге шын мәнінде басымдық беру керек. Осы екі сала бойынша 300 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады.

Мәліметтерді өңдеу мен сақтау саласына салынатын инвестициялар 6 есе ұлғаяды. Біз Қазақстанның экспортын да белсенді түрде ілгерілететін боламыз. Мақсатымыз – шикізаттық емес экспорт көлемін 2 есе, яғни жылына 40 миллиард долларға дейін ұлғайту. Аграрлық сектор да зор әлеуетке ие. Саланы дамытудың жаңа моделіне қарай қадам басу керек. Барлық қаржылық және қаржылық емес қолдау тетіктерін стратегиялық міндеттерді шешуге бағыттап, толығымен цифрландыру қажет.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өнді­ре­тін және өңдейтін 7 ірі экожүйе құрылатын болады. Бұған 350 мың фермерлік және үй шаруашылықтары жұмылдырылады. Бұл дегеніміз – ауылдықтар үшін жаңа жұмыс орындары әрі тұрақты табыс көзі.

600 мың гектардан астам жаңа суармалы жерлерді игеру жөнінде шаралар қабылдаған жөн.

2025 жылға қарай ауыл шаруа­шы­лығының жиынтық өнімінің көлемі үштен біріндей мөлшерге, ал экспорт көлемі 2 есеге дейін ұлғаяды.

Кәсіпкерлікті қолдау аясында бәсеке­лестікті дамытуға, заң үстемдігін нығайту мен сот жүйесін жаңғыртуға айрықша назар аударылады. Бұл – негізгі бағыттар. Онсыз тиімді нарықтық экономиканы құру мүмкін емес.

Қазақстан бизнес жүргізу үшін қо­лайлы шарттар жасалған, мейлінше дамы­ған елдер қатарына қосылуға тиіс. Биз­неске жасалған кез келген заңсыз кедергі ауыр қылмыс ретінде қарастырылатын болады.

Тікелей шетелдік инвестиция көлемін жылына 30 миллиард долларға жеткізуді де жоспарлап отырмыз.

Шағын және орта бизнеске жан-жақты қолдау көрсетіледі. 2025 жылға қарай шағын және орта бизнес 4 миллион қазақстандықты жұмыспен қамтып, ішкі жалпы өнімнің 35 пайызын өндіреді. 50 мың азаматымыз, ең алдымен, ауыл тұрғындары, өз бизнесін ашу үшін шағын несие алады. Жоспарланған экономикалық бағдарды жүзеге асыру 2025 жылға қарай жыл сайынғы өсім қарқынын 5 пайыздан жоғары деңгейде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Өңірлердегі тұрмыс сапасын жақсарту басты назарымызда болады. Жаңа өңірлік стандарттарға сәйкес 3,5 мыңнан астам ауыл жаңғыртылатын болады. Барлық қалалар мен ауылдар сумен қамтамасыз етіледі. 246 ірі елді мекенге газ тартылады. Мұндай елді мекендерде 900 мың адам тұрады. Олардың 350 мыңнан астамы – Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Жезқазған және Теміртау қалаларының тұрғындары.

53 тазалау қондырғысын орнату және жаңғырту арқылы еліміздің барлық өңіріндегі ағын суды тазартуға мүмкіндік туады. Бұл – осы саладағы түйткілді мәселенің ұтымды шешімі болмақ.

Жол құрылысы қолға алынады. Әр ауылға дейінгі барлық жолдар, яғни 27 мың шақырым жол жөндеуден өткізіледі.

Облыс орталықтары мен респуб­ликалық маңызы бар қалалар жылдамдығы жоғары 5G интернетімен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар ауылдардың 99 пайызы осындай мүмкіндікке ие болады.

Ауылдық жерлерге қажет мамандарды, дәрігерлерді, мұғалімдерді тар­­туға назар аударылады. Оларға үй са­лу үшін жылына 22 мың жер телімі бө­лі­­­­неді. Облыс орталықтарында жә­не ша­ғын қалаларда жылына 25 мың жер телімі беріледі. Жалпы алған­да, ал­дағы бес жылда шамамен бір мил­­лион от­басы үшін 100 миллион шаршы метр­­ден астам тұрғын үй салынады. Со­ның ішін­де 300 мыңға жуық пәтерді әлеу­меттік тұрғын үй ретінде жеңілдік­пен пайдалануға болады.

Шөл дала мәселесін, Семей ядролық полигоны, «Байқоңыр» космодромы төңірегіндегі экологиялық түйткілдерді шешу жұмыстары жалғасын табады.

Аралдың солтүстік бөлігін қалпына келтіру және Жайық өзені алабының экологиялық жүйесін сауықтыру жөнінде шаралар қабылданады.

ТӨРТІНШІ БАСЫМДЫҚ – есеп беретін, «халық үніне құлақ асатын» мемлекет және жауапты азаматтар.

Мемлекет пен қоғамның өзара сенім мен жауапкершілік қағидаттарына негізделген өзара іс-қимылынсыз елдің жүйелі және тұрақты дамуы мүмкін емес.

Ел үшін күрделі уақытта партия ха­лыққ­а етене жақындай түседі. Біздің мін­детіміз – азаматтардың өзін және ұрпақ­тарын лайықты тұрмыспен қамтамасыз етсем деген әділ әрі орынды тілегімен ұшта­сып жатқан ниеттестік пен іс-қимыл бірлігіне қол жеткізу. Тағы да атап өтейін, біздің жұмысымыздағы басты бағдар – жұрт­шылықтың талап-тілектері мен мұң-мұқтаж­дықтары. Мемлекет халықтың үні мен пікіріне құлақ асуға міндетті. Парла­мент пен халыққа есеп беретін Үкімет дәл осы бағытта жұмыс істейтін болады. Бұл үшін біздер, партияластар, қоғамымызды толғандыратын барлық мәселені жақсы білуге, оның жылдам әрі тиімді шешімін табуға тиіспіз.

Партия жұмысының тиімді іс-қимыл коэфициенті азаматтарымыздың тұрмы­сын жақсартатын тәжірибелік шешімдерге байланысты болады. Бос сөз бен құр уәде емес, нақты іс қана халық сенімі мен саяси көшбасшылық үшін күрестегі ең мықты аргумент бола алады. Сондықтан партия мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртумен тікелей айналысады. Бұл – стратегиялық сипаты бар міндет.

Біздің негізгі басымдығымыз – сыбай­лас жемқорлықпен күрес. Бұл – науқан­шыл­дық емес, салмақты, жүйелі жұмыс. Мем­лекеттік органдардың қызметі ашық әрі жұртшылықтың ұдайы бақылауында болуға тиіс.

Волонтерлікті және үкіметтік емес секторды жан-жақты қолдау – елді орнықты дамытудың кепілі. Қоғам мен азаматтық сектор мемлекет қызметінің барлық маңызды мәселелері бойынша шешім қабылдау үдерісіне толыққанды атсалысуға тиіс.

Сонымен қатар партия Жергілікті өзін-өзі басқару тұжырымдамасын белсенді ілгерілететін болады. Бұл құжатта ауыл әкімдерін сайлау, «халық атсалысатын» бюджетті реттеу, жергілікті билік органдарына азаматтық бақылау жүргізу мәселелері қамтылады.

Әлбетте, жергілікті өзін-өзі басқару реформасы осымен тоқтап қалмайды. Партия пайдалы нәтижелерге қол жеткізуіне қарай осы саладағы тиімді құрылымдарды одан әрі ілгерілетумен айналысады.

 

Қымбатты партияластар!

Көптеген маңызды бастамалар мен партия жоспарлаған өзгерістер Елба­сы­ның бағдарламалық тұрғыда сөйлеген сөз­дерінде және менің Қазақстан халқы­на Жолдауларымда көрініс тапқан. Пар­тия­мыздың негізін қалаған Қазақ­стан­ның Тұңғыш Президенті стратегиясының сабақ­тастығын сақтай отырып, біз ха­лық­тың тұрмысын жақсартуға және мемле­кет­тің әлеуетін күшейтуге бағытталған бар­лық жоспарды нақты іске асыруға ниеттіміз.

Саясаттың сабақтастығы дегеніміз жауап­кершілік, ұйымшылдық, еңбек ұғым­дарымен өзектес екенін қаперде ұстаған жөн. Жауапсыз сөзуар саясаткерлер өз мемлекеттерінің қауіпсіздігіне қатер төндіріп, барлық игіліктен оп-оңай бас тартады. Ал Брест бітімінен бастап, Кавказдағы соңғы оқиғаларға дейінгі жаңа тарихтан білетініміз – саяси катаклизмдер мен қақтығыстар территориядан да айырылуға әкеп соқтыруы мүмкін.

Nur Otan партиясы – ізгі ниетке негізделген нақты істер партиясы. Қазақстанның жарқын болашағы үшін зор жауапкершілік бізге жүктелген. Отанымыздың тағдыры партияның стратегиясын қолдайтын белсенді мүшелерінің, шынайы патриоттардың қолында.

Еліміздің алдында тұрған жаңа жаһандық сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлер бар күш-жігерімізді біріктіруді талап етеді. Ол үшін бүкіл қоғамның ортақ іске жұмылуы қажет. Барлық мақсатымызға тек бірлік мен келісім арқылы жете аламыз. Сондықтан елімізде саяси диалог мәдениетін жүйелі түрде дамыту маңызды.

Nur Otan тұтас ұлтты біріктіретін бастамаларды ұсынып отыр. Алдағы уақытта да солай болады. Партия заң үстемдігі қағидатын кеңінен енгізеді. Тиісті заңдылық, содан туындайтын тәртіп пен үйлесім болмаса, қоғамда ілгерілеуге қол жеткізу мүмкін емес. Бұл – әлемдік тәжірибеде әлдеқашан орныққан аксиома.

Біздің бағдарлама дамыған азаматтық қоғам мен экономикалық тұрғыдан кемелденген мемлекет құруды көздейді. Біз басқарушы партия мәртебесіне ие болудың мәні билік өкілеттіктеріне қол жеткізу емес, ел-жұртқа нақты пайда әкелуге мүмкіндік алу екенін әрдайым есте сақтауға тиіспіз.

Партия мүшелері, әсіресе мемлекеттік басқару жүйесіндегі жоғары лауа­зымда отырған азаматтар, шынайы еңбек­қор­лықтың, саяси жауапкершіліктің, аза­мат­тық патриотизмнің озық үлгісін көрсетуі керек. Партияластарымыздың болашақта да дәл осы ұстанымға сай болатынына күмәнім жоқ.

 

Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!

Құрметті съезге қатысушылар!

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауымен басталмақ. Мұның символдық мәні зор. Бұл дода барлық мерейтойлық іс-шараларға идеологиялық және мазмұндық тұрғыдан тың серпін беретіні анық. Алдағы сайлау қоғамның біртұтастығын және береке-бірлігімізді бекемдей түседі деп сенемін. Бұл науқанның ашық, әділ әрі заңды өтуі үшін барлық жағдайды жасаймыз. Мен, Мемлекет басшысы ретінде, мұны жіті қадағалаймын. Осыған орай Орталық сайлау комиссиясына және Бас прокуратураға нақты тапсырма бердім.

Барша сайлаушыларды азаматтық белсенділік танытып, сайлауға қатысуға шақырамын. Еліміздің игілігі және мемлекетіміздің мүддесі жолында табысқа бірге жете берейік!

Отанымыз мәңгі жасасын!

Халқымыз әрқашанда аман болсын!