Үш жылдан он жылға дейінгі кезеңге жоспарланған көгалдандыру барлық ауданда жүргізіледі. Бұл жыл сайын 100 мыңға дейін көшет егуге мүмкіндік береді. Бұған қоса Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп, өңірдің экологиялық өзекті проблемаларын шешу жөніндегі Жол картасы әзірленді. Жол картасы қоршаған ортаны жақсарту бағытындағы 40 тармақты қамтиды.
– Жайық өзенін сақтау мен тиімді пайдалану мәселесі өткір тұр. Өзен ағынының шамамен 80 пайызы көршілес Ресейде қалыптасады. Сондықтан өзеннің төменгі сағасында орналасқан өңір жоғары жақтағы ірі су қоймалары мен гидротехникалық құрылғыларға тәуелді болып отыр. Соңғы екі жылда ағын көлемі үш есеге жуық қысқарды. Осы себептен Жайық пен Қиғаш өзендерінің 200 шақырымында бірнеше жыл бойы тереңдету жұмыстары жүргізілуде, – дейді М.Досмұхамбетов.
Әкімнің пікірінше, өңірдегі ірі мұнай-газ кәсіпорындарын «Ластаушы қалпына келтіреді» ұстанымына сәйкес қоршаған ортаға келтірген залалдың орнын толтыру үшін көгалдандыру жұмыстарына тарту көзделуде. Өйткені бірінші санаттағы кәсіпорындардың атмосфераға шығарған 165 мың тонна шығарындылар көлемінің 86 пайызы алты ірі кәсіпорынға тиесілі болып отыр. Облыс әкімдігі негізгі ластаушы саналатын ірі кәсіпорындармен келіссөз жүргізіп, оларға тал егу үшін арнайы жер учаскелерін бекітіліп берілді. Осыған байланысты қазір Атырау қаласының аумағынан орман қоры мен елді мекендер жерін қоса алып, учаскелердің тізбесі жасақталды.
Атмосфераны ластаушылар қатарындағы «Теңізшевройл» ЖШС «Атырау-Доссор» бағытындағы жолдың бойына 825 тал көшетін егуді қаржыландырады. Осыған орай өткен аптада көшет егілетін аумақта жер қазу жұмысы басталды. Аталған аумақтың топырағы сортаң. Себебі жер астындағы тұзды су тым тереңде емес. Оның үстіне қар мен жаңбыр суы да жерге тез сіңбейді. Ал бұл тал көшетін егуге арналған аумақтың құнарлылығын арттыру қажеттігін туындатады. Сондықтан шетелдіктермен бірлескен кәсіпорын бөлінген аумаққа табиғи тыңайтқыштармен байытылған құнарлы топырақ төгуді көздеп отыр.
«Ынтымақ Атырау» ҮЕҰ-ның директоры Майя Шаменованың айтуынша, егілетін көшеттердің тамыры кесек топырақ ішінде, жабық күйінде келеді. Бұл көшеттердің тез жерсінуіне ықпал етеді. «Атырау-Доссор» жолының бойына кәдімгі шаған, шашыранды бұтақты шаған, үйеңкі, ағаш тектес тал көшеттері егіледі. Көшеттердің барлығы Атырау қаласынан 15 шақырымда орналасқан Қайыршақты ауылдық округіндегі орман тәлімбағында 4-5 жыл бойы өсірілді. Әр көшеттің биіктігі – 1,2-1,8 метр. Көшеттер өңірдің құрғақ, шөлді климатына бейімделген. Себебі бұл көшеттер – қалада өсіп тұрған ағаштардың тұқымы.
– Атырауда туып-өстім. Сондықтан туған өлкемді жасыл желекпен көмкеру – ең маңызды жоба. Көшет егілетін аумақты дайындауға тек жергілікті жұмысшылар тартылды. Ал көшеттер атыраулық шаруа қожалықтарынан сатып алынды. Біз өлкеміздің жасыл желекке көмкерілгенін қалаймыз, – дейді М.Шаменова.
Атырау облысы