Аймақтар • 26 Қараша, 2020

Мониторингтік топтар жұмысы күшейтіледі

249 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау депар­та­ментінің мәліметіне сүйенсек, 28 наурыз бен 23 қараша ара­лы­ғын­да коронавирус инфекциясының 11 549 жағдайы тіркелді. Қа­уіпті індеттің 3 459 науқаста симптомды, ал 8 090 пациентте симп­томсыз түрі анықталып отыр.

Атырау қаласында – 5 555, Жылыой ауданында – 4 242, оның ішінде Теңіз кен орнында – 3 133, Құлсары қаласында – 1 109, Индер ауданында – 361, Исатай ауданында – 251, Қызылқоға ауданында – 435, Құрманғазы ауданында – 185, Мақат ауданында – 285, Махамбет ауданында 235 қауіпті індеттің белгісі расталды. Тек соңғы екі тәулікте коронавирус инфекциясын 36 адам жұқтырды.

Ал 5 маусым мен 20 қараша аралығында мониторингтік топтар 15 122 нысанға 6 120 тексеріс жүргізді. Соның нәтижесінде 2 005 материал жинақталып, 86 млн теңгеге жуық айыппұл салынып отыр. Оның ішінде шектеу шараларын бұзған 579 әкімшілік іс жеке және заңды тұлғаларға толтырылды. Дегенмен сала мамандары өңірдегі эпидемиялық ахуалды тұрақты деп санайды.

Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов СOVID-19 інде­тінің таралуын одан әрі болдырмау мақсатында құрылған мониторингтік топтардың жұ­мысын талдау мақсатында арнайы кеңес өткізді. Онда ден­саулық сақтау басқармасы, полиция, санитариялық-эпиде­миологиялық бақылау депар­таменттері, «Атамекен» ҰКП-ның өңірлік филиалының басшылары, қала, аудан әкімдері атқарылған жұмыстары туралы есеп беріп, ұсыныстарын жеткізді.

– Қазір әлем елдеріндегі ахуал күрделене түсті. Еліміздің кейбір өңірлерінде індеттің таралуы ауқымы байқалады. Сондықтан кез келген уақытта дайын болуымыз керек. Қауіпті індеттің алдын алу үшін мониторингтік топтар әсіресе демалыс күндері бақылауды күшейтіп, халыққа түсіндіру, ескерту жұмысын жандандырғаны жөн, – деді М.Досмұхамбетов.

Сондай-ақ шекара бекетінде елімізге келушілерге бақылауды күшейту, сенбі-жексенбі күндері тексеріс шараларын көбейту, кәсіпкерлерді карантин шараларын бірнеше рет бұзған жағдайда лицензиясынан айыру мәселелері талқыға салынды. Өңір басшысы мемлекеттік бас санитарлық дәрігердің қаулысында көрсетілген талаптарды қатаң сақтауды, мониторингтік топ жұмысын тұрақты зерделеп отыруды тапсырды.

 

Атырау облысы