Экология • 26 Қараша, 2020

Бұлақ көздері – көлді сақтап қалудың басты жолы

173 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазіргі кезде еліміздің бірқатар аймақтарындағы өзен-көлдердің суы азайып, арнасы тартылып бара жатқаны айтылып та, жазылып та жүр. Соның бірі Батыс Қазақстан облысындағы Теректі ауданының оң түстігі мен Жайық өзенінің сол түстік-шығыз бөлігінде орналасқан – Шалқар көлі.

Бұған дейін оның ұзындығы 18, ені 15 киллометр құрап келсе, бүгінгі уақытта бұл қашықтық өлшемі әжептәуір қысқарғаны көрер көзге айқын байқалады. Жалпы ауданы 260 гектарды құрап келген Шалқар көлі 1994 жылы мемлекеттік биогидрологиялық қорық деп жарияланса, арада он бір жыл өткен соң яғни 2005 жылдың мамыр айында республика Үкіметінің қаулысына сәйкес аталған айдын «Экологиялық-ғылыми және мәдени маңызы бар қоршаған қорғау нысандарының тізбесіне» енгізілген. Шалқар көлі мен оның маңайы балықтың көптеген түрлеріне және өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне аса бай болып келгені бүгінде ертегіге айналып бара жатқандай әсер билейді. Көл суының азаюы осы табиғи байлықтарының бәрінің құрып кету қаупін туғызуда. Бұған бірқатар табиғи және техногендік факторлар әсер еткені ешқандай талас туғызбайды. Яғни оның алғашқысына негізінен көктемгі қар суымен қорланатын көлге ылғалдың аз жиналуы, немесе мүлдем түспеуі және Шалқарға құйылатын бұлақ көздерінің бітелу жағдайлары кіреді. Ал техногендік фактор дегенде көлге тартылған каналдардың суын бөгеп шаруашылық мақсаттарды пайдалану және ішкі су қоймаларындағы су деңгейінің төмендеп кету көріністерін айтуға тиіспіз.

Тағы бір айта кетерлік мәселе бұдан біраз жылдар бұрын гидроинженерлік нысандарды іске қосу арқылы Жайық өзенінен Шалқарға су жіберілгені. Бүгінгі күні бұл тәсілмен «мұрадан» мүлдем бас тартуға келіп отыр. Өйткені Жайық өзеніндегі су деңгейінің өзі қазіргі кезде тек тізеден келіп отырған жағдайда бұлай демегенде не деуге болады. Сондай-ақ соңғы уақытта аталған көл суының деңгейін белгілі бір мөлшерде ұстап тұруға септігі тиетін Шолақ Аңқаты мен Есен Аңқаты өзендерінің де құрғап қалуының сәл алдында екені де оның жәй-күйін одан әрі төмендете түсуде.

Мұндай жағдайда айдындағы балық қорын сақтау жөніндегі мәселенің тым қисынсыз екенін аңғару қиын емес. Жоғарыда айтылып өткендей табиғи және техногендік факторлар көлде тіршілік жасайтын балық уылдырығының жетілуіне кері әсерін тигізіп шабақтардың қырылуына әкеліп соқтыруда. Осындай қолайсыздық пен қордаланып қалған проблемаларды реттеу мен жолға қою үшін не істеген жөн?

Бұл үшін М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ғалымдары соңғы жылдары Шалқар көліне биологиялық және техникалық бағыттарда ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізе бастағанын айту парыз. Аталған іс негізінен көл арнасын табиғи жолдармен қалпына келтіруді көздейді. Соған сәйкес жоба аясында тиісті ғылыми негіздемелер әзірленген. Осы арқылы табиғи бассейнде қалыптасып отырған күрделі жағдайларға тиісті ғылыми талдаулар мен сараптамалар жүргізу қолға алынған. Мұның бәрі мемлекеттік лицензия негізінде өткізіліп, оның толық есебі жоғары оқу орынның ғылыми кеңесінде тыңдалған.

Біз осы ғылыми зерттеулер аясында жүргізілген экспедицияның құрамында болған Батыс Қазақстан облысы бойынша экологиялық ұйымдар қауымдастығының президенті Ғазиз Хаймулдинмен кездесіп Шалқар көлінде қалыптасып отырған күрделі ахуалды сауықтыру жөнінде ой-пікір алмасқан едік. Жасы сексеннің бесеуіне таяса да жұмыс қабылетін жоғалтпаған әлі де тың сергек көрінетін Ақжайықтың ардақты ақсақалының айтуынша қазіргі жағдайда мұндағы ең басты мәселе – күннен күнге тартылып бара жатқан су арнасын табиғи жолдарды пайдалану арқылы қалпына келтіру болмақ. Бұл ретте табиғат жанашыры ғылыми зерттеулер жүргізу барысында көл деңгейін қалпына келтіру үшін 168 миллион текше метр су қажет екендігі анықталғанын алға тартты.

Біз жоғарыда Шалқар көлінің төңірегінде көптеген бұлақтар бар екенін айтқанбыз. Оның жалпы саны жиырмадан асады екен. Бүгінгі күні оның бәрінің бітеліп қалғаны белгілі болып отыр. Сондықтан да Ғазиз ағамыз тікелей өзінің бастамасы бойынша белді буып, жеңді түріп жіберіп соның екеуінің көзін қайтадан ашып тазартқызыпты. Әрі қауымдастық жетекшісі университет ғалымдарының көмегіне сүйене келіп бір ғана бұлақтан көлге тәулігіне 3,5 текше метр су құйылатыны жөніндегі құндық дерекке көз жеткізген. Сөйтіп бұдан өзге бұлақтардың көздері ашылған кезде бәрі бірігіп, жылына миллиондаған текше метр су мөлшерін құрайтынын көрсетіп берген.

Міне, осындай табиғи тәсілдерді іске асыру арқылы Шалқар көліндегі су тапшылығын қаржы шығындамай-ақ реттеуге болады дейді Ғазиз ақсақал. Сонымен бірге ол бізге ғылыми-зерттеу жұмыстарының қорытындылары бойынша шығарылған ұсынбалар Батыс Қазақстан облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының хұзырына берілгенін айтып берді. Аталған мемлекеттік мекеме бұл тұрғыда тиісті іс-қимыл бағдарламасын әзірлейді деген ойдамыз.