Қараша, желтоқсан мен арғы бір-екі айда еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде орын алатын оқиғаларға Абайша қарауға талпынып, олардың бүгінгі әлеуметтік әлеуетіне баса назар аударғанды жөн көрдік. Өйткені қазір көп нәрсенің түп қазығы әлемді жайлап отырған індет, соның тарау деңгейі, халықтың өмір сүру, тірлік кешу, жан бағуы – бәрі осыған келіп тірелуде. Демек, осындай сын сағатта халық пен қоғам жұдырықтай жұмылуы шарт. Алайда коронавирус індетінен сақтандыру бағытында қабылданып жатқан орынды шешімдерді аяқасты етіп, басқасын айтпағанда, тіпті бетперде кию мен әлеуметтік қашықтықты сақтау сияқты қарапайым санитарлық талаптардың орындалмауы жағдайды одан бетер ушықтыруда. Осындай жағдаяттардың орын алуының басты себептерінің бірі – мемлекеттің тұрғындардың тұрғылықты жерлерінде халықпен тікелей байланыс орнатып, олармен жұмыс істеудің механизмдері мен әдіс-тәсілдерін меңгере алмай отырғанында. Пәтер иелері кооперативтерінен бастап, басқа да аудандық және қалалық ұйымдар мен мекемелердің хабарландыру іліп, ақшалай айыппұл саламыз деп қорқытқаннан басқа ештеңе істемейді. Ешкімге ештеңе керек емес, оған бастарын ауыртып жатқан адам да жоқ. Жаппай немқұрайдылық пен жасандылық.
Көпшілік жиі баратын орындардың, әсіресе дүкен иелерінің індеттің таралуына тосқауыл боларлықтай әрекеттері сезілмейді. Сыртқы есікке «бетпердесіз кіруге болмайды» деп жазылған бір жапырақ қағазды іліп қойып, өздері бетперде кимей, оны тақпай кіргендерге ескерту жасағансып, саудасын одан әрі алаңсыз жалғастыруда. Өкініштісі, халқымыздың «Сақтықта қорлық жоқ» деген даналығы мүлдем ескерусіз қалып отыр. Оған бүгінгі туындаған ахуалдың өзі дәлел. Басқа да кішігірім дүкендерде санитарлық-эпидемиялық талаптардың толықтай орындалмауынан пандемияның таралуы үдеп, «қызыл-сары» аймақтардың саны өсіп барады. Қазір барлық күш індетті ауыздықтауға жұмсалуы керек. Бұл – онлайн түрінде ғана істелетін шаруа емес, ол адамның тікелей араласуын, шынайы бағалау мен жүрекпен сезінуін талап ететін ортақ іс. Өйткені жалған есеп пен ұраншыл баяндамалар түбімізге жететінін түсінер кез келген тәрізді. Масқара болғанда, коронавирусты ауыздықтауға арнайы бөлінген қаржының өзі жемқорлардың қармағына ілігуде. Осыны көре отырып, ұят туралы да, адамгершілік жайлы да әңгіме қозғаудың өзі қиын.
Осы кезеңде атқарылатын саяси-әлеуметтік мәні зор шаралардың қатарына Парламент сайлауын жатқызуға болады. Қаңтар айына белгіленіп отырған Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттары сайлауының өзіндік ерекшелігі, оның өзектілігі бірінші кезекте Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы мен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын шын мәнінде іске асырудың алғашқы әрі жауапты қадамы екенінде. Осындай ауқымды жұмыстың нәтижелі болуының басты шарттарының бірі – пандемия жағдайындағы сайлау науқаны мен дауыс беру кезінде барлық деңгейдегі сайлау комиссияларының жұмыстарының талаптарға сай ұйымдастырылып, барлық қажетті санитарлық нормаларды сақтау бойынша шаралар қолданылып, тиісті жағдайлардың жасалуын қамтамасыз ету. Сайлауға түсетін саяси күштердің барлығының да бүгінгі таңдағы басты міндеті халықты пандемиядан аман сақтап, сайлау алдындағы үгіт жүргізуі қоғамды осы іске жұмылдыруға да бағытталғаны абзал. Мұнда сайлаушылардың әлеуметтік саналылық танытуының да маңызы өте зор.
Қалай болғанда да ең бастысы, Президент айтқандай, Парламенттің ықпалдылығы мен мәслихаттардың аймақтардың әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуындағы рөлін арттыруға, олардың халыққа жақын болуына қол жеткізу. Ең бастысы, сайлау барысы мен дауыс беретін күні ешбір заңбұзушылықтарға жол берілмесе болғаны. Алдағы сайлауға үлкен жауапкершілікпен қарағанымыз абзал. Себебі оның астарында «халықтың сенімі» деген қасиетті ұғым мен елдің болашақ тағдыры тұр... Өйткені, сенім жоқ жерде ынтымақ та, қоғамның береке-бірлігі де болмайды. Абайша айтсақ: «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің – бәрі бос».