Қоғам • 30 Қараша, 2020

Ой түбінде жатқан сөз...

975 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Адамның өміріне ойы мен пейілінің ерекше әсер ететіндігін жиі естиміз. Пси­холог маман­дардың айтуынша, адам әр сағат сайын жымиып, бақытты жанның кей­піне еніп тұруы керек екен. Көңілге осындай сезім орныққан сәтте ғана жүй­ке мен ми қалыпты ырғақта үйлесіп, жақ­сы жұмыс істей бастай­тын кө­рінеді.

Ой түбінде жатқан сөз...

Алайда бұл көп адамның қолынан келе бер­меуі мүмкін. Себебі біз көбіне өзімізге қарағанда бақуатты тұрмыс кешіп, шаруасы өрге домалаған жандардың жетіс­тігіне тамсанып, іштей сондай бола алмай жатқанымызға өкініп, қа­палы жанның кейпіне түсеміз. Яки болмаса бізден басқаның бәрі тамаша­ өмір сүріп жатқандай  көрініп, «оларға жету қайда?» деп, дәргей-дәрежемізді тым төмен­детіп, ілгері жұртпен ілесе жүзуге дәр­менсіздік танытып, жақсы жағдайға өзімізді лайық көрмей жататынымыз тағы рас. Ке­жегемізді кейін тартқызып тұратын – осындай шолақ пайымдар. Денсаулығымызға зия­нын тигізіп, дертке ұшырататын да, шипа дарытпайтын да – осы тақылеттес кертартпа ойлар. Сондықтан да мамандар ертеңіміз бен болашағымыз ой-сана­мызға көп тәуелді екенін үнемі ескертуден танбайды.

Түпсіз терең ойдың құдіреті жарқын жолға да жетелейді, ойпаң орға да жыға салады. Сол үшін олар ойға өте сақтықпен қарауға, жақсы өмір сүру үшін батар күннің елесімен емес, атар таңның қарекетімен тіршілік кешуге кеңес береді. Солай десек те, кейбір ғылыми деректер адам ойының 80 пайызын жағымсыз ой құрайтынын алға тартады. Кейінгі кезде өміріне шағым айтумен, басынан кешкен сәтсіз жағдайларға өзгелерді кінәлап, ғайбаттаумен уақыт өткізетін, өзіне мүсіркеушілік сезімін тудыру үшін жұртқа «әттеген-ай», «қап-ай» дегізіп, үнемі жапа шегу­ші, қорлық көруші бейнесінде көрінгісі келетін жандар көбейіп бара жатқан сияқты. Оған мысалды алыстан іздеп әуреленудің қажеті жоқ, әлеуметтік желіні көзбен бір шолып өткен кісіге мың сан дәлел табылады.

Үнемі жаман нәрсе ойлау, өткен жылдар­дың күңгірт беттерін парақтап мұңға бату, жабырқап, торыға беру кісіні рухани жүде­тіп, көңілді кір жайлайды. Ертеңге сенім жо­ға­лады. Қарапайым өмірлік қағидалардың орындалуына кері әсерін тигізеді. Сәл ғана жетістікке тоқмейілсіп, әрекет­тен қол үзсе, ертеңгі межені қол жетпес арманға баласа, дәл қазіргі сәтінің бағасына жете алмай қалуы кәдік. Мұндай кері кейіп ешкімді алға қойған асыл мұратына жеткізбесі анық. Осылардан түбегейлі арылудың амалы қайсы? Ол үшін өзіңді дұрыс танып алмағың үлкен рөл атқаратынын хакім Абайдың мына бір өлеңі терең ұқтырады:

«Ойға түстім, толғандым,

Өз мінімді қолға алдым.

Мінезіме көз салдым,

Тексеруге ойландым...». Ойдың кісіге не үшін керектігін ақынның осы бір шымыр шумағы тайға таңба басқандай тамаша жеткізеді.  Ой-санаға осы тұрғыда мән берсек, ол адамға әуелі өзіне-өзі ұдайы есеп беріп отыру үшін, өз кемшілігімен күресу үшін, өзінің қабілет-қарымын бағамдау үшін керек екен. Кемеңгер тұлғаның ізгілікті тұжырымын нысанаға алып өмір сүрген жан қисынсыз әрекет пен жат пиғылға, кез келген адамның ой-пікіріне тәуелді болып қалмасы анық. Ендеше адамға өзін жете танып білу үшін әуелі ойын түзеп алудың маңызы зор болмақ. Өзінің қателігін білмейтін, білуге талпынбайтын жанды қай орта да қабылдай бермейді. Себебі адам өзін танымайынша, қа­сын­дағыларды да жете тани қоймайды. Өзара түсінбеушілік, сыйластық сызығын кесіп өтіп кету осыдан туады. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы бұл ретте: «Бұрынғылар біреуге ренжіген адамды көрсе, әлі өзін танымаған жан деп атай­тын» деген екен.

Адамның іс-әрекеті ой мен ниетінің көрінісі іспетті. Неге илансақ, өмірде сол нәрсеге кезігуіміз мүмкін деген қағиданың маңызды саналатыны содан. Яғни бәрі қайтіп ой түйетінімізге, неге сенетінімізге, қалай жорамал жасауымызға байланысты. Адамгершілік тұрғысынан қарасақ та, сан түрлі ықтимал себептердің тек жақсыларына ғана ой жүгірту абзал деу қисынды. Сүйікті Пайғамбарымыздың өзі бір хадисінде: «Асылында, мен адамдардың жүрегін жарып (оның ішіне) қарауға бұйырылған жоқпын» депті. Ендеше асыл дініміз де осы қағиданы құптайды. Әуелі жақсы ойға ерік берген адамның көңілінде күдік, күмәнге орын қалмайтыны онсыз да белгілі жайт. Біз осыны шынайы сезінгенде ғана «Мені ешкім жақсы көрмейді» деуден арылып, «Жан-дүниесі таза адамдардың шексіз мейірімі мен құрметіне ризамын» деген жып-жылы сөздің жарығы жүрек түбіне түседі.