АҚШ елшілігінің баспасөз-атташесі Шон Бода пандемия кезінде жұмыс істеудің қиындықтарына қарамастан, АҚШ миссиясының жоғары деңгейдегі өкілі, мемлекеттік хатшының көмекшісі М.Ройстың журналистермен қашықтан кездесуінің маңыздылығын атап өтті.
М.Ройс білім беру мен мәдени мәселелер жөніндегі бюро (ECA) бағдарламалары АҚШ-тың сыртқы саяси мақсаттарын дамыту, әлемдегі маңызды мәселелер мен мүмкіндіктерді шешу бағытында жұмыс істейтіндігін атап өтті. Америка Құрама Штаттарының халқы мен басқа ұлт өкілдері арасындағы өзара түсіністікке ықпал ететін бағдарламалар білім беру, кәсіптік, мәдени және спорт бағыттарын қамтиды. Бүгінде Америка Құрама Штаттарының Қазақстандағы Елшілігі арқылы қандай да бір бағдарламалар туралы кеңейтілген мәліметтер алуға болады. Мұнымен қоса көптеген халықаралық конференциялар аясында ақпарат алмасу мүмкіндіктері қарастырылған. Бұл бағыттағы бағдарламаларға жоғары сыныптан бастап, басшылық қызметтегі азаматтар қызығушылық білдіре алады. Осы тұста кәсіпкерлік саласындағы әйелдерге арналған бағдарламалардың ерекшеліктері жайында айтып өткен М.Ройс жоба жаһандық жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асып отырғандығын жеткізді. Бұл бағдарлама базалық білімге, капитал тарту, нарықтық біліктілікті арттыруға бағытталған.
М.Ройс редакция тарапынан қойылған сұрақтарымызға жауап бере келіп, пандемия кезінде Американың білім ошақтарындағы ахуал жайында айтып өтті. «Пандемия барлығына да жаһандық тұрғыда әсер етті. АҚШ-та орта білім мен жоғары білім беретін орындарда сабақтар гибридті түрде, яғни жартылай сыныпта, жартылай қашықта өтіп жатыр. Кейбір оқу орындарында эпидемиологиялық санитарлық ережелерді сақтай отырып, оффлайн сабақтар өтуде. Бұл жерде ең маңыздысы, қашықтықтан оқуды кеңінен қолдана отырып, көптеген адамдарға онлайн платформада білім алуға мүмкіндік беру», деп жауап берді М.Ройс. АҚШ-та бағдарламалар бір орталыққа бағынбайтындықтан, оқу төлемақысы оқу орнындарында әртүрлі. Елдің әр штаты мен қаласында университеттер, колледждер, сондай-ақ көптеген мамандық түрлері бар. АҚШ-та университетке қарасты 4700 жуық қоғамдық колледждер (Community College) жұмыс істейді, мысалы, егер студенттің ағылшын тілі деңгейі төмен болса, ол біріншіден, қоғамдық колледжге түседі де, кейін білімін университетке ауысып, жалғастырады.
АҚШ-тың білім алмасу бағдарламаларының бірінде білім алған Мирхат Серікбаев (SUSI‘19) әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықпен күреске бағытталған «Өз құқыңды қорға» жоба грантын ұтып алған. Мирхат Серікбаев бүгінде Қазақстанда 400-ден астам әйел зорлық-зомбылықтан зардап шегетінін негізге ала отырып, бұл жоба аясында тегін кеңестер берілетіндігін жеткізді. Тоғыз ай бойы тегін өтетін үш бөлімді онлайн курс барысында кәсіби мамандар әйелдерді толғандырған сұрақтарға жауап беретін болады. Мирхат Серікбаев сонымен қатар Елшілік сайтында барлық бағдарламалар жайында ақпарат алуға болатындығын жеткізді. Өткен жылы Пенсильвания Темпу университетінде білім алған заңгер АҚШ-тағы тарих, діни ұстанымдар мен демократияны дамыту мәселелерімен танысып, Вашингтон, Нью-Йорк, Оризона сапарлары жайында айтып өтті.
Осы виртуалды кездесуде Әлия Жолболдина Muskie, IVLP бағдарламаларына қатысу тәжірибесімен бөлісті. Посткеңестік елдер аумағында жүзеге асқан Muskie бағдарламасы аясында АҚШ-та юриспруденция бойынша магистратурада білім алған Әлия Жолболдина Питсбургте білім алу барысымен таныстырып өткен сарапшы әйелдер кәсіпкерлігі бойынша IVLP бағдарламасы аясында білім алудың тиімді тұстарын қамтып өтті. Қазіргі кезде түлектер қауымдастығының төағасы болып табылатын Әлия Жолболдина көптеген жобалар туралы, сонымен бірге білім алу бағдарламаларына қатысу мүмкіндіктеріне тоқталды.