Елбасы • 01 Желтоқсан, 2020

Тұңғыш Президент және дамудың қазақстандық моделі

4867 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қай елде болса да замана жүгін түсіне біліп, оны көтере алатын, тәуекелі мол азаматқа, дара тұлғаға сұраныс ерекше болатыны тарихтан белгілі. Оларға тән терең ой, кемел ақыл, биік рух, қайрат пен қабілет түрлі тарихи сынақтан шығудың қисынын тауып, елін өрге сүйреуге жол ашқан. Ұлыбританияда – Оливер Кромвель, Үндістанда – Джавахарлал Неру, Түркияда – Мұстафа Кемал Ататүрік, Сингапурда – Ли Куан Ю, Малайзияда Махатхир Мохамад елдерінің жаңа жолының көшін бастаған дара тұлғалар болды.

Тұңғыш Президент және дамудың қазақстандық моделі

Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды

Сондай заңғар тұлғалардың бірі әрі бірегейі, жеке дара бітім болмысымен, бө­лек табиғатымен әлемді мойындатқан сая­саткер, еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Қазақ­стан дамуының өзіндік моделі туралы Елбасы былай деген еді: «Біз бір рет таңдап, содан бері одан таймаған өзі­міздің қазақстандық даму жолымен келеміз. Әлемдік тәжірибені сараптай және зерттей отырып, біз эволюция жо­лын таңдадық. Біз демократияның же­дел, әсі­ресе сырттан енгізілуіне қар­сы­мыз. Біз ешкімге де еліктеуге тырыс­пай­мыз, біздің мемлекетімізге, біздің хал­­қымызға керегін жасап жатырмыз. Және бұл қо­лы­мыздан келіп жатыр». Нұрсұлтан Назар­баев таң­дап алған бұл байыпты бағыт Қазақ­стан үшін стратегиялық бағдарға айналды.

Елбасымыз жеріміздің тұтастығын сақ­тай отырып, елдің іргесін сөкпей, та­тулық пен бірлікті, достық пен сый­ластықты ту етіп көтеріп, тәуелсіздігі баян­ды, жасам­паз Қазақстан мемлекетін құ­ра білді. Сондықтан соқтықпалы, соқ­пақсыз кез­де тыңнан түрен салып, өзіне сенім арт­қан жұртын өркениетке жетелеген, әлеует­ті мемлекеттердің қатарына қосқан Тұң­ғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы­ның орны ерекше.

Ел тарихын әйгілі тұлғалар арқы­лы та­ну мүмкіндігі тәуелсіздік жемісте­рінің бірі екені сөзсіз. Рас, тарихи да­му­­ға халық бол­мысы негіз болады, же­­­ке тұлғаның өзі ха­лықтың арасынан шығады. Қазақстанға тәуел­сіздік алып беру және оны әрі қарай дамы­ту Елбасымызға оңайға соқпады. Өйт­ке­ні, ел Тәуелсіздігінің баянды болуы мен болашақтың кемелділігін қам­­та­масыз ету жолындағы артылар жүк­ті абы­роймен көтеру, халық сені­мін ақтау, тәуелсіздікті тұғырлы ету, Қа­зақ­­станды әлемдік қауымдастықтағы те­резесі тең елдер қатарына қосу батыл ше­шімдер қабылдауды қажет етті. Өз заманында тарыдай шашылған қазақ руларын бір тудың астына жинаған Абылай ханның қызметі қандай болса, жас мемлекетіміздің негізін қалауда Елбасының еңбегі де соған пара-пар болатын. Бұл туралы Елбасының Абы­лай ханның 300 жылдығында айт­қан мына сөздері дәлел: «Абылай, Ке­рей мен Жәнібек хандар тіккен Қа­зақ ордасын ең­селі ел ету ісіне саналы ғұмырын арнады. Оның қазақ хал­қының тұғыры берік, жұлдызы жарық ел болуын аңсап, осы қа­сиетті мақ­сатқа жету жолында найзаның ұшын ға­на емес, дипломатияның күшін де жұм­саған заманының аса көрнекті ханы болғанына тарих куә… Айбарлы Абы­лай аңсаған асқақ арманға, ұлы мұ­­ратқа бүгінгі ұрпақ жетті. Байтақ өл­кеміздің шекарасын заман талабына сай халықаралық нормалармен бекітіп, әлем­дік қауымдастықты мойындаттық. Сол арқылы көршілерімізбен мәңгілік достыққа, өзара тиімді сауда-экономи­калық, мәдени байланыстарға негіз қа­ладық. Бұл күнде ешқандай елдің Қазақ жеріне қатысты дауы жоқ. Ең бастысы, біз бабалар аманат еткен киелі жерімізде құрған мемлекетімізде ынтымағымызды сақтай білдік. Соның арқасында берекелі бірлігіміз төрткүл дүниеге мәлім болды. Есілдің бойына ел қондырып, еңселі Ор­да­мызды орнаттық. Арқа төсіне әсем Ас­тана салып, әлемге Қазақстан деген абыройлы мемлекет ретінде танылдық. Қазіргі жасампаз Қазақстан іргесі берік, ын­тымағы мығым, төрт құбыласын тегіс мойындатқан Тәуелсіз мемлекетке айналды».

Егемен Қазақстанның мемлекеттік тетік­тері өркениетті елдердің озық тә­жі­­ри­белерін пайдалана отырып, өт­пе­лі ке­зеңнің ерекшеліктері мен сая­­си, ұлт­тық жағдайларға байланыс­ты қа­лып­тасып құрылды. Нұрсұлтан Назар­баев мемлекет басшылығына келген ал­ғаш­қы сәттен бастап халықаралық және ұлта­­ралық мәселелер шиеленісінің ше­шуін асы­ғыстыққа салмай, уақыттың та­ла­бына, қазақстандық жолдың ерек­шелігіне үйлестіре, жан-жақты мүд­делердің түйісу нүктесін таба білудегі да­­ралығымен бірден әлем назарын аудар­ды. 80-жылдардың аяғы мен 90-жыл­дардың басы бұрынғы Одақ құра­мындағы елдердің азаттыққа ұм­тылған уақыты еді. Ол заман қазіргі пос­т­кеңестік кеңістіктегі басқа да елдер сияқты, Қазақстан үшін де үлкен бет­­бұрыстардың бастауы болды. Жұрт­шы­лықтың санасына қайта құру және қоғамдық жаңғыру тәрізді идеялар сіңе бастаған сәтте халық мұндай жұмысты істей алатын көшбасшысын дәл таныды.

1991 жылы 1 желтоқсанда қазақ­стан­дықтар демократиялық, өркениеттік жолмен тұңғыш рет Президент сайла­ды. Бұл қазақ тарихында бұрын-соңды бол­маған оқиға еді. Сол күні байтақ елі­міздегі сайлау учаскелеріне халық жаппай ерекше үміт­пен ағылып, сайлауға қатысқандардың 98,78 пайызы Н.Ә.Назарбаевты жақтап дауыс берді. Халық ықыласына бөленген Н.Ә.Назарбаев кемел келешекке батыл қадамдар жасап, сарабдал сая­сат жүргізіп, елдің әрдайым биік асу­лар­­ды бағындыруының басында тұр­ды. 1991 жылғы 10 желтоқсанда Рес­пуб­­­лика Жоғарғы Кеңесінің сессия­сын­да ол жасаған ұсыныстың не­гі­зін­де Қазақ Кеңестік Социалистік Рес­публикасы Қазақстан Республикасы деп өзгертілді. Дәл сол күні Алматыда Пре­­зидентті ұлық­тау рәсімі өтті. 1991 жыл­ғы 16 желтоқсанда Республика Жо­ғар­ғы Кеңесінің жетінші сессиясын­да «Қазақстан Республикасының Мем­лекеттік тәуелсіздігі туралы» Заң қа­был­данды. Осылайша әлем картасында Қазақстан Республикасы атты жаңа мемлекет пайда болды. 1991 жылы 17 желтоқсанда Алматыдағы Республика алаңында өткен жиында Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың: «Тәуелсіздіктің біз­дің бәрімізге артар міндеті мол. Енді еңселі ел болудың жолына шындап тү­суіміз керек. Әулетіміздің асуы да, дәу­летіміздің тасуы да өз қолымызда. Кең байтақ жеріміздің байлығы осы да­ланың түпкілікті халқына да, тағдыр қо­сып, бірге өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкіл­деріне де жетеді. Тарих көші ұзақ. Асық­сақ та аптықпайық. Қазақстанның көп ұлтты халқының жұлдызы жоғары бола­тынына, туған елімізде дәулетті де сәулетті өмір орнайтынына кәміл сенемін», деп айтқан сөзінің бүгінгі күні шындыққа айналғанын көріп отырмыз.

Қазақстандықтардың берік қолдауына арқа сүйеп, халқының жасампаздық күш-қуатына кәміл сенген Тұңғыш Пре­зидент теңдессіз экономикалық және саяси реформаларды табысты жүр­гі­зуді қамтамасыз ете білді. Жаңа ас­тананы тұрғызу бас­тамасы мен оны ақи­қатқа айналдыруы Н.Ә.Назарбаевтың мо­дернизациялық жобасының басты та­бысының символы ретінде орнықты. Қазақстанның жаңа елордасы шын мәнінде, жаңа дәуірдің қаласы болып, ел­дің өткенінен болашаққа, жаңа дәуірге ауысуының ірі құбылысы саналады.

Н.Ә.Назарбаев саясатқа алып келген бірқатар принципті жаңалықтардың бірі – Президенттің Қазақстан халқына Жолдаулары. Жалпы, Жолдаулар басқа елдерде де қолданылады, бірақ олар әдетте міндеттердің белгілі бір шеңберінен ас­пайды да, жоғары заңды органға ғана бағытталады. Ал Қазақстанда Мем­ле­кет басшысының Жолдаулары бү­кіл ха­лыққа арналып, онда бүкіл ел­дің алдын­да міндеттер қойылады және елдің жан-жақты дамуының келер жыл­ға, одан да ұзақ мерзімге арналған не­гізгі басымдықтары мен жоспарлары ай­­қындалады. Әрбір азаматтың өмі­рінің сапасын жақсарту, әлеуметтік қам­сыз­дандыру, жастарға қолдау көрсету – бұл жайттардың барлығы Президенттің ха­лыққа әр Жолдауында көрініс табады. Мемлекеттің дамуы қай бағытта өрбитінін айқын ұғына отырып, қазақстандықтар болашаққа сеніммен қарайды және өз өмірін сәтті жоспарлай алады.

Президент Н.Назарбаев әлеуметтік тұр­ғыдан бағдарланған нарықтық эко­номиканың тұжырымдамасын жасады. Оның жүзеге асырған экономикалық үл­гісі әлемдік дағдарыс кезеңінде ең тиімді болды. Мемлекет басшысы жа­һан­дық ауқымдағы саясаткер ретінде дағ­дарыстың қайнарларын зерттеп қана қойған жоқ, сонымен қатар барлық дең­гей­де оны ығыстырудың жүйелік ша­раларын ұсынды. Қазақстанның дамуына әлемдік дағдарыстың ықпалын ырық­сыздандырып, қалыпты өсу траекто­рия­сына дереу оралуға алғышарттар ту­дырды. Тағы бір өзекті мәселе – Пре­зидент Н.Ә.Назарбаевтың зияткер ұлт­ты қалыптастыру бағыты. Жаңа көз­қа­растағы қазақстандықтарды тәр­биелеу адамзат­тық капиталдың жаңа деңгейі – жаңа экономиканы қа­лыптастырудың бас­ты тетігі болып табылады. Қазіргі таң­да Қазақстан Елбасының салиқалы жүргіз­ген саясатының арқасында әлем­нің ең қар­қынды дамыған 30 елі­нің қатарына нық қадам басты. Жа­һан­дық мәселелерді талқыға түсіріп, жас мемлекетіміздің мерейін үстем етіп, абыройын асқақтатқан ЕҚЫҰ сам­миті, Астана экономикалық форумы, Инвестициялық форум, Дүние­жүзілік ислам экономикалық форум, т.б. ірі басқосулардың Қазақ жерінде өтуі – Тұңғыш Президентіміз, әлемдік сара саясаткер Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық үлкен беделінің көрінісі екендігі даусыз. Осындай көшелі істер­дің жалғасы ЭКСПО-2017 көрмесін өткі­зу болып отыр. Адамзат ақыл-ойы­ның тамаша табыстарының бірі – Бү­кіл­әлемдік жетістіктер көрмесін ұйым­дастырудың 160 жылдан астам тари­хында Орталық Азия аймағы, тіпті ТМД мемлекеттерінің ешқайсысында да­­ Ха­лық­аралық көрме жалауы желбіреп көр­­ген жоқ.

Қазақстан Тәуелсіздігі мен Елбасы еңбегінің бір-бірімен тығыз ұштасып жат­­қандығын, олардың бір-бірімен ажы­­рағысыз егіз ұғым екендігін тарих ал­дымызға тартып отыр. Қазақ хал­қында бағ­зы замандардан бері «Жерұйық» ұғы­мы қалыптасқан. «Жел­маясына мініп, Жер­ұйығын іздеген» Асан қайғының идеясы халқымыздың ғасырлар бойғы аңсаған арманына ұласты. Бабаларымыз төрт құбыласы тең, қазығы берік, мамыражай тіршілігі бар мемлекет құруды, іші мен сырты бүтін мәңгілік ел болуды мұрат етті. Бүгінгі жаһандану дәуірінде ұл­тымыздың болашағына қатысты ұлы бағ­дар ретінде еліміздің рухын көтеретін «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын Елбасы Н.Ә.Назарбаев жария етті.

Бүгінгі жаһандану дәуірінде «Мәңгілік Ел» идеясы – бағзы болмысымыздың, асыл тұрпатымыздың заманауи қайта жаң­ғыруының, озық, қуатты ел болып гүл­денуіміздің кепілі. Осы ақиқат біздің баршамызды бір мақсат, бір мүдде жолында Елбасының төңірегіне бірігіп қызмет етуге жетелейді. Этностар ынтымағы мен достығының арқасында бүгінде мем­лекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді. Қазақ­стан халқының татулығы – біздің ең басты байлығымыздың бірі.

 

 

Дария ҚОЖАМЖАРОВА,

М.Әуезов атындағы ОҚМУ ректоры, академик