Таным • 01 Желтоқсан, 2020

Ахаңның ұстаздығы Қарағаштан басталған

748 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

«Egemen Qazaqstan» газетінің осы жылғы 13 қазандағы санында жарияланған «Бестамақта жазылған беймәлім мақалада» (Авторы Нұрқанат Құлабай) Ахмет Байтұрсынұлының бүгінге дейін белгісіз болып келген тағы бір мақаласы табылғанын, енді ақтөбелік өлкетанушылар №4 ауылды тапса ұлы ұстаз 1895 жылы қызмет еткен елді мекен белгілі болар еді дегенді оқығанда, түрте берсе түп негізі түркілікке апаратын әйгілі орыс ақыны Федор Тютчевтің белгілі «К.Б» өлеңіндегі «Тут не одно воспоминание, Тут жизнь заговорила вновь» деген сағыныш жолдары еске түсті. Ол осыдан отыз жыл бұрын тікелей өзім араласқан, айналысқан әңгіме болатын.

Ахаңның ұстаздығы Қарағаштан басталған

1988 жылдың 4 қарашасында Қазақ КСР-нің Жоғарғы соты, 28 желтоқсанында Қазақстан Компартиясы Орталық Ко­ми­тетінің бюросы Ахмет Бай­тұр­сыновты, Мағжан Жұма­баевты және Жүсіпбек Аймауы­товты педагогикалық және әде­би қызметтері жөніндегі тарихи шындықты толық көлемде қал­пына келтіру қажет деп ұйғарды. Тілді тірілтудің ықы­ласы осының заңды жалғасы болып, республикалық (кейін халықаралық) «Қазақ тілі» қоғамы құрылғаны белгілі. Өзім оның сол алғашқы құрыл­тайына қатысып, елдің рухани са­ласындағы ой мен істе ерекше айқын із қалдырып, зиялы бөлігі түгел дерлік танып, құрметтеген Мұхтар Арынның қасында жүріп сол жылы «Қазақ тілінің» облыстық қоғамын құруға қатысқанмын. Өңірдегі сол тіл мәселесі төңірегінде жүргендігімнен болу керек, 1989 жылдың 30 желтоқсаны күні облыс басшылығынан, сірә облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Е.Золотаревтің қолы болса керек, маған «бұл мәселені зерттеп, ұсыныс бе­ру­ді және оны мүмкіндігінше тез­­детуді өтінген» тапсырма хат­қа қоса, Алматы қаласында тұ­ратын Шолпан Ахметқызы Бай­­тұрсынова-Байсалованың Ақ­­төбе облыстық партия ко­ми­тетінің бірінші хатшысы­ Е.Золотарев пен облыстық ат­­қару комитетінің төрағасы С.Са­ғынтаевқа жолдаған екі беттік арызын алдым. Арызда Ахаң­­ның қызы перзенттік ыстық мұң-ықыласпен әкенің өмір жо­­лын баяндап, ақталғаннан кейін елдің әр жерінде саяси, мәдени көрнекті шаралар алып жатқанын, алайда неге екені белгісіз, алғашқы мұғалімдік қызметі Ақтөбе уезінде, қазіргі Мұғалжар, Октябрь ауданын жерінде басталған облыстың үн­сіз қалғанына реніш біл­діреді. «Ахаңның кітаптары шы­ғып жатыр, зерттеу мақала-материалдары жиі көрінуде, рес­публикалық «Қазақ тілі» қоғамынан 20-21 қазан күн­дері өткен құрылтайына қатыс­қан ақтөбеліктер ұстаздың кі­тап­тарын алған болуы керек. Үнсіздіктің себебін түсіндіруді сұраймын, менің әкем ақтөбе­ліктерге неден жазықты болды екен...» деп жазылған арыз ха­лықтың асыл ұлы, арманда кеткен әкенің қадірлі істері мен ардақты есімін асқақтату мұратын іздеген перзентінің көз жасымен жазылғандай екен. Тү­сінген, түйсінген қай қазаққа да Ахаң тек бір қызына ғана емес, бар қазаққа ортақ, қадірлі рухани әке. Тарихтан мәлім, Гомер  грек атаулының баршасына да қадірлі  болғандықтан, оны  бізде туды деп тоғыз қаласы таласулы екен. Ұлы ұстазымызға таласу жоқ, әйтсе де егер мына арыздағы деректер расталса, ұлы тұлғаның ұлы жолының бастауы – Ақтөбе өңі­рі болып айқындалары анық.

Растығына біз, ХХ  ғасырдың сексенінші жылдардағы ұрпағы көз жеткізе аламыз ба?  Арада бір ғасырдай уақыт өтті, большевизм «жаңа дүние,  жаңа адамдар жасау» ұранымен халықты табиғи жолынан бұрып, тарихын тәрк етті. Ахаңның алашы кеңестік жаңа буынға жат ағым ретінде түсіндіріліп, тү­сінігі бар аға буын оны сыбырмен ай­тумен тынған. Енді сол жүз жыл бұрынғы Батпақты болысы жадында жүрген жан кезіге ме? Оның үстіне Шолпан апаның жазуындағы Мұғалжар ауданының жұртшылығына ауыл, болыс туралы сұрау сал­ғанымызда ол өңірді мүлдем біл­мейтін болып шықты. Содан кейін де іздеуді жалғастырып, әл­дебір жерден, әлдебіреуден шығып қалар деген үмітпен об­лыстық газет арқылы бірнеше дүркін хабар таратқанбыз. Айт­қандайын, көп ұзамай газет редакциясына Алға ауданынан екі адам қол қойып: «Біз көрдік, біз білеміз. Батпақты деген осы тұрған ауылымыздың ескі атауы. Ертеде мұнда мектептің бол­ғаны рас. Оның мұғалімі Ахмет Байтұрсыновты көрдік» деген мазмұнда хат келіп тұр. Ол бір айтып жеткісіз қуанышты шақ болды.

Енді не тұрыс, сол кездегі Қа­зақ радиосының облыстағы тіл­шісі, өзі де ұлтжанды Сәбит Сүлейменов екеуміз 1990 жылғы  қыркүйектің алғашқы күндері еді, алып-ұшып Алға ауданына тартып кеттік. Барсақ, күздің күні жиын-терімнің уақыты дегендей, ауданның бірінші  басшысы болмағанымен, кейін­гілердің бірі бар екен. «Біз ауда­ныңызға жақсы жаңалықпен келдік, аудан енді елдегі айтулы мекендердің қатарында аталды. Алаш­тың ар­дақтысы Ахмет Бай­тұрсынов мұ­ғалімдік жолын осы жерде бастаған дей беріп едік, ауданның лауазымды қызметкері сөзімізді бөліп:

«Байтұрсын дейсіз бе, осын­­­да ертеректе етікші ме екен,­ бір шебер адам болыпты»,­ деп шұбырта жөнелгесін тоқ­­татып, кімнің кім екенін түсін­діруге тура келген. Біз, әри­не оның білмегеніне іш­тей қын­жылғанымызбен ренжи қой­мадық. Қайтесің, қазақтың қалың қауымы егемендікке елдік санада  осылай қаусап жеткенін не жасыратыны бар. Біз қазір Сәбит екеуміз Ахаңды білсек, рухани саладағы қызметке бір­табан жақын бұқаралық ақпа­ратта жүріп, әр жерде көрген-біл­гендігімізді ептеп есте сақ­тағандардың қатарында  шығар­мыз. Ұмыта қойғанымыз жоқ, коммунистік партия басқарған өкімет жетпіс жыл бойы байтақ державаның халықтарын бір ғана большевизмнің  жолына салып айдағанына жүргізді, айтқанына көндірді. Бәріміз де сол жолдан шыққанбыз, бір-бірімізге кү­летін ештеңеміз жоқ, енді ес кірсе де игі.

Сонымен, іздегеніміз Ахаң мұ­ғалімдігін бастаған мектеп бол­ған жер, ауданнан он шақты ша­қырымдағы Қарағаш селолық округінің орталығы – Самбай ауылына келдік. Осы арада ай­та кетуді сұранып тұрған бір пі­кірді елдің бас газеті «Егемен Қазақстан»  арқылы еске сала кетудің реті келіп тұр. Біздің сол келген жерімізде ертеде отар­лау саясатының ескі Ресейдегі өз тілінде де түсінігі шамалы, жал­пы славяндық ұғымдағы «волость», «уезд» атаулары қап­­тап кеткені белгілі. Ал қазір бүкіл Қазақстанның ауылдық жер­лердегі шағын әкімшілік-территориялық бөліністері жаппай неге «селолық округтер» делінеді. Ақ империяныкі әлгі, ал мынау қызылдықтан кетуі тиіс деу емес, егер ха­лықаралық қолданыста қалып­тасқан тұрақты термин болса, өзгертпесе де болар еді, құлаққа жақпайтын, көңілге жатпайтын, тастай есті­летін бөтендікпен өңменінен ите­ріп тұрғандай сөздер.Тіл ғы­лымымыздың басында тұрған Ахаң есімі Қа­рағаш селолық округімен емес, әндей естілетін Қарағаш дейтін ауылмен байланыста айтылса, қандай жарасымды болар еді дегіміз келеді.

Десек те, демесек те Самбай аталған қоныстың мектебіне жет­тік. Күз мұнда да күз – қыр­күйектің алғашқы күндері бол­ғанмен мектепте оқушылар жоқ, мұғалімдер де көрінбейді – бәрі де шаруашылыққа көмек беру үшін терімге кеткен. Мектептің кең­сесінен екі әйел мұғалім ке­зік­ті. Ауылға бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері сирек келетін болса керек, келсе де із­деп, түртіп жүрмін дегендей бұл жерге жағымы жоқ жағ­дайларға байланысты келсе керек. Екі әйел біздің облыстық га­зеттен, республикалық радиодан деп таныстырғанымызға сезіктенгендей болды. Со­ны бай­қап, бірден жылы қа­рап «сізге үлкен қуаныш әкел­дік, мектебіңіз енді бүкіл елі­мізге мәлім болады, Ахмет Бай­тұрсынов мұғалімдік жолын тап осы жерден бастаған екен, ағарту саласының қыз­мет­керлерісіңдер, Ахаңды бі­лесіздер ғой» деп едік, біреуі үнсіз қалды, екіншісі «бізде Кеңес Одағының Батырлары су­реттері берілген аль­бом бар еді, соның ішінде болар», деп іздестіре бастады. Біз оған «ізде­мей-ақ қойыңыз, Ахаң ол альбомда жоқ, ол тарихта, енді әр есті қазақтың жүрегінен табылады» деп, ұлы ұстазды таныстыра бастадық...

Ауылда облыстық газет ре­дак­циясына хат жазып, хабар­лаған жоғарыда айтылған екі қарияны тауып, әңгімелестік. Қа­риялар айтқан әңгімелер бө­лек баяндаудың тақырыбы, кезінде газетте жарияланған. Ара­ға отыз жыл түсіп кеткен соң олар­дың есім­­дері еске түспей тұр, алай­да іздеген адам газеттен табады. Ал мектепте кезіккен әл­гі екі әйел-мұғалімдердің есім­дері де, қандай қызметте екен­­дері де әдейі айтылмай тұр. Жо­ғарыда айтылғандай, егемен­дік­ке біз бәріміз де осындай бо­лып келгенбіз. Әліге бірігу үс­тін­дегі жұртымыздың Ахмет Бай­­тұрсынов, бүкіл алаштық арыс­­тарымыз мақсат етіп, жете алмай кеткен арманын артын­дағы ұрпақтары бірін-бірі түрт­пектемей, бірі бірінің қадірін қал­дырмай азаматтық ақыл, жі­гер­мен игі іске жұмылса... жұ­­мы­ла алса, Ахаң айтатындай, Иншалла, ұлы ұстаздың аруа­ғы риза болар еді-ау...

Егер біз ұлтымыздың ұлы пер­зентінің кіршіксіз өмір жолын шамамыз жетіп бағ­дарлауға тырыссақ, Ахаңа қа­тысты болған қандай істе де ұлылыққа тән мән-мағына барына көз жеткізуге тиіс­піз. Ахаң Батпақтыға оның болысы Ах­меткерей Қосуақовтың ша­қыруымен келді делінеді. Бірақ жазбаларда болыстың жеке басы туралы мәлімет жоқтың қасы. Оның бір себебі, мүмкін негізгі се­бебі Кеңес өкіметі жыл­дарында жұртымыздың кем де­генде, алмасқан үш ұрпағы санасында «болыс», «бай», «би» сөздерінің әлеуметтік жа­ғынан іріген, саяси жағынан патша әкімшілігінің кертартпа ұғымдары ретінде сіңі­ріл­гені белгілі. Олардың әри­не, келіспеген жақтарының көп болуы рас, болыстық басқарудың мәні ұлы даладағы негізгі аңсар – біртұтас қазақ елі болудың табиғи жолын ұлтымызға жат ресейлік қисынмен зорлықпен бұрмалады. Дегенмен кейінгі тарихында тө­релік биліктерге біршама мо­йын­сұнып қалған жұртымыз ел­­дің беталысы­ барысында сұл­тандық би­лік­тің әлсіреуімен байланыс­ты болыстыққа қазақтың өз іші­нен шыққан, қабілетті деп та­нылғандарды сайлауға пәр­мен берген 1868 жылғы «Орал, Тор­ғай, Ақмола және Семей облыстарын басқару туралы уа­қытша ереже» елді ру-руға бө­ліп, сайлауды сатып алу­дың, пара берудің Екатерина екін­ші­нің заманынан келе жатқан ре­сей­лік қитұрқы тәсілмен елді бөл­шектеуге көшті.

Торғай облысында 1872-1891 жылдар аралығында екі болысты басқарған, шекті тілеу руының биі Мырзағұл Шыманұлының да елі үшін азаматтықпен атқар­­ған елеулі істері еленбей, бо­лыс­ жаман дақпыртының таса­сында қалып бара жатқаны өкі­нішті. Азаматтықтың бір бел­гісі – аза­матты тани білуінде. Сол Тор­ғай облысына қарасты Қа­бырға болысына екі рет сайланып, үшіншісінде патша әкім­шілігі тудырған әлгідей пара, сату мен сатылу қитұрқы әре­кет­тері кедергі болған Ораз Те­теұлын өңірдегі патша әкім­шілігінің келісімінсіз, тоқсан үй­лі түтінімен болыстық терри­ториясына көшіріп алған Мыр­зағұл еді. Ол – бөлек айтар та­қырып, елдіктің бір сындарлы мысалы ретінде тағылымдық әңгіме. Тек айтыла кететіні сол, Мырзағұлдың қамқорлауымен көшіп келген Ораз Тетеұлы  Алаш қозғалысындағы көрнекті тұлғаның бірі болатын. Ол жал­пықазақтық екінші съезге бара жатқан жолда 1917 жы­лы қайтыс болғанда Әлихан Бөкейханов съез жұмысын Ораз ақсақалға дұға бағыштауымен бастаған. Сол кездегі Торғай облысындағы 19 болыстықтың көлемі жағынан үлкені, елдегі ұлт-азаттық кү­рес жағынан күрделі өңірді 25 жыл бас­қарған Ахметкерей Қосуа­қов та әлгі аталған жалпы­қа­зақ­тық екінші съезге делегат болып қатысқан алашшыл  көр­­некті  қайраткер. Ахаңды мұға­лімдік қызметке шақырған Қосуа­қов та Орынбордағы үш жыл­дық гимназияны бітіріп, ілкіде Ақтөбе губерниясында тілмаштық қызмет атқарып барып болыстыққа сайланған. Ахаңды мұғалімдікке шақырса шақырған шығар, алайда ұлы ұстаздың «толық адамдық сирек жаратылысы», «келудің» тегін еместігін сезіндіретіндей ой салады. Ондай ойдың бір ұштығын Ахметкерей Қосуақовтың алаш­­шыл қайраткерлікке кө­те­­рілуі де аңғартқандай. Ахаң мұға­лім­­дікке келгенде 22 жас­та­­ екен. Бұл алаштық арыс­тар­­­­­­­­дың көп­шілігінің саяси ке­мел­­­ділікпен пісіп жетілген ке­зеңі. Ендеше, болашақ ұлы ұс­таз мұнда жас буынды мектеп ар­қылы жарқын өмір барына үйрету, ұғындыруымен бірге, отарлаудың бұғауында азапты ғұмыр кешуімен келе жатқан жұртына азаптан құтылып, ір­гелі ел болудың  ынтымақ, табанды күрестер арқылы келетін жылдарын аңғартып көрсетуге деген ниетпен де келген деп айту сұранып тұрған секілді.

Ал өңір болса солтүстігінде Ресей отаршылдығына, оң­түс­­тігінде хандықтардың оз­быр­лық-зорлығына қарсы ке­мі бір ғасыр бойы үздіксіз шай­қасып келген, көп жерде жеңіліс тапса да күреске деген жігері жа­сы­мағандардың эпицентрі болатын. Ұлт тарихы мақтаныш ете­тін Сырым батыр бастаған жо­рықтар, отаршылдық арамза пиғылды жүзеге асырмау үшін Ресейдің жыртқыштыққа араны ашылған жағдайда туыс­тас түбі бір көршілес түркі жұр­тын біріктірудің амалын ой­лас­тырған Арынғазы ханды Калугаға апарып өлтірерде, хан нақ осы жерден кеткен, «Өмірден өткенде аяқтарымды солтүстікке қаратып қойыңдар, өлсем де Ресейді бері жібермей тіреп жатайын» деп, біз ұсақталған бүгінгі ұрпақ түсіне бермеуіміз мүмкін, тарихи өсиет айтып кет­кен тамалық Есет батырдың, әй­гілі Бәсенұлы Көтібардың ке­­сенелері Ахаң мұғалімдікке кел­генде Батпақты аталған, бү­гінде Алға ауданының шағын тер­риториясында. Осындағы Суықсуда отаршылдыққа қар­­сы күрестің батыры Есет Көті­барұлы көрсеткен ерлік орыс революционері, жазушы, философ Александр Герценді де бей­жай қалдырмай қоштауына ие болған. Тарихшыларымыз на­зар аудармай жүрген, алай­да елдің  солтүстігі мен оңтүс­тігіндегі озбырлықтарға қар­сы қа­тал қарулы күрес жүргіз­ген Мұңайтпасұлы Әзберген бас­қарған жер де нақ осы ма­ңай. Облыс орталығы – Ақ­төбе қала­сының 1869 жылы бекініс ретінде осы Әзберген Мұңайтпасовтың көтерілісінен қорғану үшін са­лынғанын бұл күнде біреу білсе, біреу білмейді.

Ахмет Байтұрсынұлы сөз жоқ, өңірде әліге ізі суымаған осы жағдайлардың бәрін ескеріп кел­ді, күні кеше ғана өтті дей­тіндей сол шайқастарды көр­ген, тікелей қатысқандардың бір­қатары әлі бар еді, көрмеген көпшілігі кек­теніп өсіп келе жатқан буын болатын. Оларға сол кернеген кекті жігер­лен­діретін тұлға керек-ті. Егер ұлы ұстаздың ауылдық мек­теп­ке келуіне осы қырынан да қа­рамасақ өмірде ұсақ бір ісі болмаған кемеңгерімізді «қыз­мет, тек жұмыс қамымен» кел­тіріп, жай қатарға қосуымыз әб­ден мүмкін...

Ұлы ұстаздың ілкі қызмет еткен жерін анықтау қажеттігі туралы облыстық басшылықтан хат түскеннен кейін Ахаңның қызы Шолпан апамен ұдайы байланыста болдым, қазір қолымда апаның маған жолдаған үш хаты сақтаулы, соңғы рет 1993 жылы мамыр айында, облыс делегация­сы құрамында Ордабасыдағы Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан Республикаларының президенттері, Ресейдегі Кемер облысының губернаторы Аман Төлеевтің қатысуымен өткен мере­келі жиында жүздесіп, әңгі­мелескенбіз. Апаның сон­дағы арманы даңқты әкенің шы­ғармаларын түгендеп жария етіп, елдің белгілі ағартушылық, ғылыми, мәдени нысандарына есімін берудің әңгімесі еді. Елде бұл мәселе жөнінен  елде сараңдық жоқ шығар деймін, сонда да үлкен-кішілігіне қа­рамай Ахаңның тікелей ізі қал­ған орын­­дарының есімімен аталуы ондай орындарға елеулі жа­уап­­кершілік жүктесе керек. Жо­­ғарыда айтылған Қарағаш ауыл­дық орта мектебінің Ахмет Байтұрсынұлы атындағы болуы – кемеңгердің өмірі мен ісі­не тікелей қатысы жоқ бола тұр­са да оның құрметпен, сүйіс­пен­шілікпен қойылған өзге де көптеген атаулардан өзгешелігі – тікелей ізі қалғандығы айрықша жауапкершілік жүктеуі тиіс.

Елдің көрнектілігін, көркем­дігін, біртуар тұлғаларын қадір­леу жөніндегі үгіттеу мен насихат орынды  жүргізілсе олардың бүгінгі санаға да, ертеңгі өскінге де моральдық, адамгершілік жағынан берері көп. Тас түскен жеріне ауыр, атау, әрине Қа­рағаш мектебіне салмақ секілді, алайда ол ризалықпен қалап алатын салмақ. Шынына келгенде, Ахаңның қызметті бас­таған орны – Қарағаш, тек сол ауылдың, аудан­нан, тіптен облыстың ғана емес, тұтас қазақ елінің ұдайы есінде жүруі керек орын. Ал оны ауыл, аудан, облыс, елдің ағар­ту, ғылым, білім саласы қалай қабылдап, қалай ұғынады, бұл Ахмет Бай­тұрсынұлы арман­даған, сол жолда өмірін сарп етіп, жанын пида қылған мақсат – егемен қазақ елінің санасына тәуелді.

 

Идош АСҚАР

 

Ақтөбе