Елбасы • 01 Желтоқсан, 2020

Тарих тудырған тұлға

400 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тұлғасын өз елінің, өз мемлекетінің тарихы мен тағдырынан бөле-жара қарау мүмкін емес.

Тарих тудырған тұлға

«Тарихты тұлғалар жасайды» дей­тін тәмсіл – бұлжымас ақиқат. Әлем өрке­ниетінің арғы-бергі тарихындағы үл­кенді-кішілі мемлекеттердің, қауым­дас­тықтардың, ұлт пен ұлыстардың шежі­ресіне, табиғаты мен даму үдерісіне зер салар болсақ, олардың дүниеге келуі мен өсіп-өркендеуінің, дамуының бастауында әрдайым саяси қайраткер, рухани көсем, данышпан тұлғалар тұрғанын көреміз.

Қазақстанның Тұңғыш Пре­зи­дентінің есімі де ұлтымыздың өткен тарихымен, бүгіні және болашағымен ажырамастай, біте қайнасып жатыр.

Қазақстан отыз жылдық тәуел­сіздігі тари­хында жүз жылдық­тарға татитын ал­мағайып даму жолынан, орасан қиын­дықтар мен тәуекелдерден өтті. Ал кеңестік жүйе күйреп, экономика толық­тай тұралап, қоғам мен адамдардың ой-санасы тоқырап жатқан тұста, мұндай сынақтарды еңсеру Елбасы үшін де, еліміз үшін де оңайға соқпағанын енді ғана ба­йыптап, түсініп жатырмыз.

Қазақстан осы бір алапат сынақтан сүрін­бей, абыроймен өтті деуге толық негіз бар. Біз отыз жылдың ішінде іргесі мы­ғым, болашағы жарқын, толерантты, өмір­шең қағидаттарды ұстанған мемле­кет­тік даму моделін жасау­ға қол жеткіздік. Елба­сының елдің дамуына, халықтың әл-ау­қатының жақсаруы мен болашаққа қатыс­ты ұстанымдары мен көзқарастары мем­ле­кеттің өзіндік, ұзақ мерзімді өркен­де­уінің алғышарттарын жасап, іргесін бекітіп берді.

Бүгінгі таңда Тұңғыш Прези­дент бас­тамашы болған саяси, эко­номикалық, рухани жаңғыру үдерісі жаңа көкжиектер мен кеңіс­тіктерге жол ашып отыр. Бұған мысал ретінде Елбасының тапсырмасымен жасалған «Рухани жаңғыру» ұлттық бағдарламасын келтірсек те жеткілікті.

Саяси, экономикалық модер­ни­за­ция­лардың табиғи, заңды жалғасына айналған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы Қазақ­станның мәдени, рухани әлемінде зор серпіліс туғызды.

«Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы – ХХІ ғасырдағы соңы сынақтар мен нар тәуекелдерге, тосын өзгерістерге жатсынбай, шұғыл бейімделетін, керісінше сынақ-тәуекелдерді өз пайдасы мен жеңісіне айналдыра білетін ұлттың темірқазығы болуы шарт.

Бұл бағдарлама – ұлттың бойындағы бірегейлікті, бәсекеге қабілетті сақтап, жетілдіре отырып, білім мен ой-сананың ашық­тығы, прагматизм арқылы цифр­лы-технологиялық дәуірдің талаптарына іс жүзінде берілетін жауап. Бағдарламаның арқасында қазақ руханияты – тарихы мен әде­биеті, мәдениеті мен өнері әлем­дік деңгейде танылып, наси­хат­талудың орасан мүмкіндігіне ие болды. 

Ұлтымыз үшін қасиетті саналатын нысан­дардың, киелі жер­лердің толық тізімі жасалды. Тарихи, археологиялық мұра­ла­ры­мызды өзіміз ғана емес, беделді шетелдік ғалымдардың зерт­теп-зерде­леуі­не толық жағдай жасалған. Туризм, өлке­тану сала­ларының жаңа тынысы ашылды.

Елбасы қоғамдық сананы жаң­ғырту ХХІ ғасырдағы Қазақстан­ның, қазақ ұлты­ның бәсекеге қабілеттілігін арттырудың бірден бір кепілі екендігіне баса назар аударды.  Яғни «Жаңа жағдайда жаң­ғыруға деген ішкі ұмтылыс – біз­дің дамуымыздың ең басты қағи­дасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарих­тың шаңына көміліп қала береді». 

Уақыт бір орнында тұрмайды. Айтып келмейтін апаттар да біздің күнделікті, үйреншікті өмірімізді астаң-кестең еткенін көріп отырмыз. COVID-19 пандемиясы, тіпті әлемдегі геосаяси, геоэкономикалық ахуалдың астын үстіне шығарды десе де болғандай. Ол ғана емес, адамдардың өмірге, қоршаған ортаға, денсаулығына деген көз­қарасы оқыс өзгерді, қалыпты дағ­дылар мен құндылықтар қайта сүз­гіден өткізіліп жатыр. Осы ал­мағайып уақытта Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарла­масында қозғалған ауқымды проб­лемалардың қаншалықты маңызды екендігіне тағы бір көз жеткізіп отырмыз.

Н.Назарбаев ұсынған бәсекеге қабілет­тілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің сал­танат құруы мен сананың ашық­тығы идеялары біздің пандемия кезінде де, пандемиядан кейін де игеруге, меңгеруге тиіс құнды­лықтар екенін өмірдің өзі мойындатып отыр.

Бәсекеге қабілеттілік – қазіргі жа­һандық дамудың басты шарты. Заманның көшінен қалмас үшін қай салада да деңгейі биік жұрт, талғамы биік ұлт болуы керек. Алдымен ұлттың интел­лектуалдық, білік пен кәсіби дең­гейін көтеруді мақсат қылу қажет. Себебі сана-сезімді өзгертпей ұлттың сапасы көтерілмейді.

Прагматизм айналаға салқын ақылмен, таза жүрекпен қараудан бастау алады. Осы қасиет пандемия кезінде айна-қатесіз көрінді. Халқымыздың қанына сіңген ізгі қасиеттер – қиын кездегі бір-біріне деген қамқорлығынан көрініс тауып жатты.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, қолда бардың қадірін білу, ысы­рап­шылдыққа, даңғазалыққа салынбау, үнемге үйрену мәселесіне басқаша қа­рай бастадық. Ең бастысы – денсаулықтың қа­дірін ұқтық. Денсаулықтың күтіміне де праг­матикалық ойлау қажет екендігін тү­сіндік. Әрине, біз бұл індетті де еңсе­реміз. Ең бастысы, біз дамудың Елбасы қа­лып­таған жолынан таймай, саяси, эконо­ми­калық, рухани модернизацияны табысты іске асырған жағдайда ғана еліміздің шы­найы жаңаруы мен жаңғыруына қол жеткіземіз.

«Тұңғыш Президент есімі Қазақ­стан­ның өткен тарихымен, бүгіні және болашағымен ажырамастай біте қайнасып жатыр» дегенде біз осы ақиқатты негізге алдық.

 

Аида Балаева,

Ақпарат және қоғамдық даму министрі

 

Соңғы жаңалықтар

Ақтауда түнде автокөлік өртенді

Төтенше жағдай • Бүгін, 12:43