Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев кеңестік кезеңнің өзінде-ақ топ ішінен суырылып шыққан біліктілігімен дара көрінген дарынды басшы екеніне сан мәрте көзіміз жетті. Біз сол ел тәуелсіздігі әлі қолға тимеген, кеңестік биліктің «екі тізгін, бір шылбыры» Кремльдің қолында тұрған кезде Нұрсұлтан Әбішұлының талай мінберден шешіле сөйлейтін шешендігіне, әр фактіні бүге-шігесіне дейін дәйектеп беретін қабілет-қарымына, рухы мықты өршіл мінезіне қайран қалатынбыз. Партия органында жүргендіктен, өз басым ұлағатты әр сөзіне терең үңіліп, көкейіме түйіп алатынмын.
Сол кездегі биліктің Н.Ә.Назарбаевты талай тұғыры мықты басшылар арасынан Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы, кейіннен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшылығына таңдап алуы ол кісінің бойына біткен тектілік пен тұлғаға тән мінезінің болуынан дер едім. Елбасымыз осы санаулы жылдар ішінде тарихтың сараң көшінде бұған дейін болмаған, бір ғасырда атқарылар ұлан-ғайыр ұлылықты, таңданарлық тамаша істерді өміршең ете білді. Бүгінде сол үшін халқының шексіз алғысы мен құрметіне бөленіп отыр. Президенттің ғасырға бергісіз бұл еңбегін бүгінгі жастар, келешек ұрпақ әсте жадынан шығармауы тиіс.
Еліміз үшін тоқсаныншы жылдардың басы оңай болған жоқ. Кеңес Одағы деген мызғымас алып империяның бұзылған сеңдей аяқ астынан ыдырауы жай халықты да, небір сұңғыла саясаткерді сең соққан балықтай етті. Елбасы болса сол тұста данышпан Абай айтқандай, «ақырын жүріп, анық басып», әліптің артын күте отырып, халқымызға алдымен өз еліміздің Егемендік декларациясын қабылдау қажет екенін айтып, содан соң ғана тәуелсіздігімізді жариялай аламыз деп түсіндірді. Қазақстанның болашақ тағдырына алаңдаған жұртшылықты ауызбірлікке шақырды. Сабырлылық танытып, салмақты саясат ұстануға, жаңа қоғамға адал қызмет етуге, тоқырауға түскен ел экономикасын, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды, саяси тұрақтылықты қырағылықпен дамытуды Отанын сүйген әрбір қазақстандық азаматтан талап етті. Сол кезеңде айтқан Нұрсұлтан Әбішұлының: «Ең бастысы – адам факторы, оның еркі, күш-жігері табандылығы мен білімі. Өркендеп даму мен тәуелсіздікке аттар табалдырықтың алтын кілтін де осы шамадан іздеген жөн» деген даналық сөзі бәрімізді де егемен еліміз үшін мінсіз қызмет етуімізге жетеледі.
Осы бір қиын кезеңде өз өміріме үлкен серпіліс берген мына бір оқиғаны айта кеткенім артық болмас. Жоғарғы Кеңес тарих сахнасынан кеткен соң Президент Әкімшілігі мені қызметке шақырып, Мемлекет басшысының көмекшісі болу лауазымын ұсынды. Әрине, өте абыройлы қызмет, ал жауапкершілігі одан да зор. Бұл әлі жас, буыны қатпаған, тәуелсіз еліміз енді ғана аяғынан тік тұрған ауыр кезең болатын.
Дәл осы қиын-қыстау кезеңде тәуелсіз мемлекетіміздің алдында асу бермес небір күрделі істер тұрды. Соның ең маңыздысы – ішкі саяси ахуалды тез жетілдіріп, тұрақтылықты бекемдеу керек болды. Ол үшін тез арада қорғаныс жүйесін қолға алып, еліміздің қауіпсіздігін дамыту бірінші кезекте тұрды. Мұның өзі жаңа демократиялық құқықтық мемлекетіміздің бірден бір негізгі арқауы болатын. Ел Президенті осындай қыруар жұмысты атқара жүріп, осы қиын кезде салы суға кеткен, ертең не боларын білмей алаңдаған қарапайым халық арасына, еңбек ұжымдарына барып, ел ішіндегі саяси ахуалдан көзбе-көз ақпараттар алуға уақыт табатын, пікір алмасатын.
Бір күні Елбасының Қарағанды облысына баратын сапарын ұйымдастыру жөнінде тапсырма алдық. Бұл облыс – көпшілік білетіндей, республикадағы ауыр индустрияның үлкен ошағы. Сол кезде ол еліміздің экономикасындағы рөлі зор, әрі мыңдаған жұмысшының қоғамдық-саяси өміріне, тұрмыс-жағдайына жан беріп тұрған бірден-бір өндірістік орын еді.
Алдымен әдеттегідей Елбасы сапарының бағдарламасын, тиісті материалдарын дайындадық. Президенттің бұл облыстағы жұмыс кестесі өте тығыз болды. Күн тәртібіне Қарағандыда салынған жаңа әуежайды ашу, бірқатар өндіріс орындары мен әлеуметтік-тұрмыстық саладағы ұйымдарда болумен қатар, еңбек ұжымдары және жеке азаматтармен кездесулер өткізу кіргізіліп, бекітілді.
Президент бізге сапарын дайындау барысында тапсырма беріп, Қарағанды шахтерлерімен міндетті түрде кездесетінін, нақты айтқанда, онда Горбачев атындағы шахтаның ұжымымен жүздесетінін қадап тұрып айтты. Сәйкесінше, аталған шахтаны сапар бағдарламасына енгізіп, жобаны жұмыс жүргізу үшін облыс басшысына жібердік. Арада бір сағат өтісімен маған Қарағанды облысының сол кездегі әкімі П.Нефедов қоңырау шалды. Ол Горбачев атындағы шахтаға бару мүмкін емес екенін, өйткені онда ахуал өте қиын, шахтаның тоқтау алдында тұрғанын, ереуіл туып кетуі мүмкін екендігін айтты. Осыған байланысты Елбасының аталған нысанға келуі қисынсыз деп, бізді сендіруге тырысты. Бұл Президенттің жеке тапсырмасы дегенімізге П.Нефедов өзінің сөзіне арқау болған сылтауларын үсті-үстіне төндіріп, дәлелдей түсті. Мен де өз тарапымнан әрекет етіп, еліміздің қоғамдық-саяси тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне жауап беретін қызмет басшыларымен сөйлесіп едім, олар да облыс әкімінің секемін растады. Осыған байланысты Президент Әкімшілігімен ақылдасуға тура келді. Олар бар жауапкершілікті өздеріне алды да, Елбасының Горбачев атындағы шахтаға баруын кестеден алып тастады.
Нұрсұлтан Әбішұлы Қарағанды облысына баратын сапардың соңғы құжаттарымен танысу барысында аталған нысандағы шахтерлермен кездесу көрсетілмегенін бірден байқап, бізге өте маңызды ескерту жасады. Келтірген дәлелімізге қарамастан, Горбачев атындағы шахтаның ұжымымен кездесетінін нықтап тұрып айтты.
Елбасы Қарағандыға келісімен жаңа әуежайды ашып, қаладағы бірқатар нысандармен танысқан соң, облыс әкіміне түстен кейін Горбачев атындағы шахтаға баратынын ескертті. Біз шахтаға келгенде акт залына кіреберісте топталған халықты көрдік. Жүздерінен қатты толқу білініп, сұстанып тұрған еді. Президент олармен байсалды түрде жайдары амандасып, облыс әкімі мен шахта басшыларының қошаметімен кездесу орнына өтті. Залға 500-дей шахтер жиналды. Олар өзара даурығып жатты. Төралқа төріне Президент, облыс әкімі, шахта директоры көтерілді. Қысқа кіріспе сөзден кейін бірден Елбасына сөз берілді. Нұрсұлтан Әбішұлының жарқын дауысы естілісімен-ақ, зал іші сілтідей тына қалды.
Шахтерлер Президенттің елдегі жағдайлар туралы ашық айтқан әр сөзін мұқият тыңдады. Кеңес Одағы күйрегеннен кейінгі еліміз ауыр халді бастан кешіріп отырғанын жасырмай, егжей-тегжейлі айтып берді. Мемлекет қолдан келер барлық мүмкіндіктерді қарастырып, еліміздің ішкі экономикасында және сыртқы саясатындағы шиеленіскен мәселелерді шешуде тиімді іс-шаралар қабылданғанын терең тұрғыда түсіндірді. Сондай-ақ Қарағандыдағы барлық экономикалық өндіріс кешендері мен шахтерлерді бұл қиын жағдайдан шығарудың тиімді жолын, қолданылатын іс-шаралар туралы жан-жақты баяндап, бағыт-бағдарын көрсетті. Сөйтіп, суыған көңілдерге жылу берді. Сөз аяқталғанда, сартылдай соғылған шапалақтан құлақ тұнды. Президенттің дәлелді де шынайы сөзінен кейін ереуіл ұйымдастыруға ниеттенген өкілге сөз берілгенде, ол не дерін білмей, сөзін қысқа қайырып, мінберден түсіп кетті.
Бұл айтуға ғана оңай. Дәл сол кезде ашынып, ашуға мінген шахтерлердің ортасына бару өте қауіпті болатын. Мұны облыс әкімдігі де, арнайы қызмет өкілдері де, ол кісінің жеке қауіпсіздігіне жауаптылар да қанша айтып, айғақтап берсе де, Президент қаймықпай, аса батылдық танытты. «Көз көрсе жүз ұялады» дегендей, еңбекші халықпен көзбе-көз, жүзбе-жүз отырып, қиын кезеңнің мән-жайын шынайы түсіндіріп берудің арқасында өндірісі аса күрделі өңірдегі тұрақтылық сақталып, қалды. Бұл Мемлекет басшысының қандай қиын жағдай болса да адамдармен тіл табыса алатынын айғақтап берген оқиға болды.
Президенттің көкейінде жүрген тағы бір өнегелі ісі – ұлт тағдыры, оны құрайтын адам өмірінің қымбаттылығы, ұрпақ өсірудегі орасан орны еш нәрсемен өлшенбейтіндігін ерекше қадірлеуі дер едім.
Мәселен, біздің халқымыз үшін 1930 жылдардың басындағы ашаршылық, одан кейінгі жаппай қуғын-сүргін, ғасырлар бойы ұмытылмайтын қайғы – орны толмас өкініш. Осы қатігез нәубет кезінде миллиондаған қазақ аштан қырылды. Көбісі амалсыздан бас сауғалап, өзге елге ауа көшті. Кейбірі жол-жөнекей аштан өліп, аурудан қырылды, аман қалғаны сойылға жығылды. Арнайы органның берген мәліметіне қарасақ, қазақтардың саны 1926 жылы 3 968 289 болса, арада он бір жыл өткенде екі миллионға дейін кеміп кеткен. Бұл жылдары кейбір мәліметтерге сүйенсек, Қазақстан аумағынан бір миллионнан астам адамның ауып кеткені белгілі. Ал шындығында қанша адамның опат болғанын бір құдай біледі. Бұл туралы тарих «жұмған аузын ашпайды». Тек 1970 жылы ғана қазақтардың саны сол кездегі көрсеткіш деңгейіне әзер жеткен.
Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІХ сессиясында жасаған баяндамасында: «Сол жылдардағы аштықтың зардабы болмағанда, онда бүгінгі қазақтардың саны кем дегенде 40-50 миллион деңгейінде болар еді» деп ащы шындықты бүкпесіз айтқан болатын. Осыған орай бір оқиғаны айтқым келіп отыр.
Елбасы бірде маған: «Ақан, белгілі қоғам қайраткері, Құранды қазақ тіліне аударған теолог ғалым, кезінде аштық пен нәубет жылдары шетелге өтіп кеткен Халифа Алтай елге оралыпты. Біз бұл кісілерге назар аударып, жағдай жасауымыз керек. Менің сол кісімен кездесуімді ұйымдастырыңдар. Хал-жағдайын, қалай орналасқанын біліңдер. Өз Отанында ғылыми жұмыс, қоғамдық қызметпен айналысуға мүмкіндік жасалған ба, соны анықтаңдар», – деп тапсырма берді.
Арада бірнеше күн өткенде мен Халифа Алтайды Президент қабылдауына шақырдым. Қадірменді ақсақал келген кезде сыртқа шығып қарсы алдым. Менің көз алдымда парасатты, жинақы, көзіне мұң ұялаған қария адам тұрды. Нұрсұлтан Әбішұлы қадірлі қонақты ыстық ықыласпен қарсы алып, емен-жарқын отырып ұзақ әңгімелесті. Небір келелі мәселелерді әңгімеге өзек етті. Халифа Алтайдың жағдайын біліп, қазіргі тұрмыс-тіршілігімен жан-жақты танысқаны есімде. Кездесу аяқталған соң Президент Халифа Алтайды шығарып салды да, сол арада бізге бірқатар тапсырма берді. Қалай орналасқанын арнайы барып көруді, дұрыс жағдай туғызу керектігін, ғылыми қызметпен айналысуы үшін қолайлы әрі барынша мүмкіндік жасап беруді нықтап ескертті.
Президентіміз ел адамдарына, оның ішінде әдебиет, мәдениет, өнер мен ғылым саласына сүбелі үлес қосқан ірі тұлғаларға қамқорлық көрсетуден әсте аянып қалған емес. Мұндай мысалдар өте көп және біз Президенттің осы тәлімі зор кездесуінен әр кезде мол рухани байлық алатынбыз.
Кезінде ел астанасын Ақмолаға көшіруге бастамашы болған Тұңғыш Президентіміз екенін барша жұрт біледі. Ал тәуелсіз Қазақстан енді ғана ес жиған тұста аса көреген Мемлекет басшысының алысты болжай білетін бұл саяси шешімі еліміз үшін де, біз үшін де ойға келмеген тосын сый болды. Жоғарғы Кеңестің 1994 жылғы сессиясына каникулға шығар алдында жиналдық. Жоғарғы Кеңестің отырысына Президент Н.Ә.Назарбаев қатысты. Мәжілісте негізінен ағымдағы және ел өміріндегі мәселелер және соған қатысты проблемаларды құқықтық жағынан қамтамасыз ету жайы талқыланды. Елбасы өзінің сөзінде астананы Ақмола қаласына көшіру жөнінде ұсынысын айтты. Мемлекет басшысының дәлелі соншалықты нақты әрі сенімді, барлық тұрғыда негізді болғандықтан, Нұрсұлтан Әбішұлының ұсынысын бірауыздан қолдап, тиісті құжатты қабылдадық.
Осылайша еліміз өзінің жаңа астанасына қоныс аудару жұмысына кірісіп кетті. Бәріміз де бұл ұлы көш кемінде бес-жеті жылдан кейін басталатын шығар деп ойлағанбыз. Алайда біз ойлағандай емес, арада екі жылға жетер-жетпес уақытта көштің алды Ақмолаға қарай бет түзеді. 1997 жылдың желтоқсан айында мемлекеттік органдар бірінен кейін бірі Ақмолаға көшіп келді. Бүгінгі таңда елордамыз әлем таныған әсем шаһарға айналды.
Тәуелсіз мемлекетіміздің жаңаша тарихының әр күні мен атқарылып жатқан іргелі істердің бәрі де Елбасымыздың айтқан ақыл-кеңесі, даналық шешімдері жарқын болашақ өмірімізге азық болар сара жол екені күмәнсіз. Нұрсұлтан Әбішұлының батыл шешімімен еліміздің тарихында алтын әріппен жазылған, әлі де жазылып жатқан өрелі істері өте көп. Соның бірнешеуін атап кеткенім артық болмас.
Тәуелсіздігіміз әлі жариялана қоймаған тұстағы халқымызға ажал ошағы болған Семей ядролық сынақ алаңын жаптыруға және адамзат баласын қырып-жоюдың алапат қаруы – ядролық қарудан бас тартуы, төл теңгемізді жасатып, Ұлттық қорымызды құруы, ел шекарасының бекітілуі, аса стратегиялық мақсатпен ел астанасын Ақмолаға көшіруі тікелей өз атымен байланысты Тұңғыш Президентіміздің есімі, Елбасы деген мәртебесімен бірге Қазақ елінің даму тарихында ерекше орын алған орасан зор рөлі бар лайықты оқиға ретінде жазылары күмәнсіз.
Ақан БИЖАНОВ,
БҒМ Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі, саяси ғылымдар докторы, профессор