Аймақтар • 02 Желтоқсан, 2020

Сәтбаев Университеті "Ғылым үздігі – Web of Science Awards" халықаралық сыйлығын алды

730 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің қамқорлығымен Clarivate Analytics компаниясы жыл сайын жоғары білім беру орындарының, ғылыми журналдардың, сондай-ақ Қазақстанның жекелеген ғалымдарының өкілдері арасында үздіктерді анықтап, әлемге әйгілі халықаралық Web of Science Citation («Ғылым үздігі») сыйлығымен марапаттайды. Жоғары білім мен ғылыми зерттеулерді дамытуға қосқан үлесі үшін сыйлық жылына бір рет беріледі, лауреаттар саны әлем бойынша 500-ден аспайды. Web of Science платформасы 1961 жылдан бері жұмыс істейді, платформаның негізгі өзегі Web of Science Core Collection мәліметтер базасы болып табылады.

Сәтбаев Университеті  "Ғылым үздігі – Web of Science Awards" халықаралық сыйлығын алды

Clarivate Analytics компаниясы Қазақстан Республикасында 2011 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазіргі уақытта Clarivate Analytics компаниясына тиесілі Web of Science көне халықаралық ғылыми-метрикалық жүйесінің зерттеу нәтижелері бойынша көрнекті қазақстандық ғалымдар мен ғылыми ұйымдар өздеріне лайықты марапаттарға ие болды.

2020 жылы Сәтбаев Университеті жоғары білім мен ғылыми зерттеулердің дамуына қосқан үлесі үшін «Web of Science Core Collection-дің Қазақстан Республикасының техникалық университеттері арасында Q1 және Q2 квартилді журналдарда соңғы 3 жылдағы басылымдар саны бойынша көшбасшы» номинациясы бойынша тәуелсіз «Ғылым үздігі – Web of Science Award» сыйлығын қатарынан үшінші рет жеңіп алды.

Сәтбаев Университетінің Ректоры Искандер Бейсембетов Clarivate Analytics компаниясына университет қызметін жоғары бағалағаны үшін зор алғыс білдіріп, компанияның ғылыми өлшемдерді жүйелеу жөніндегі жұмысының маңыздылығын, мұның нәтижесі осы марапаттау рәсімі арқылы, жас ғалымдардың жұмыстары арқылы да ғылым мен еліміздің дамуына тұтастай әсер ететінін атап өтті.

Аталмыш іс-шараға Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің басшылығы, Қазақстанның ғылым, білім беру, саяси және экономикалық саласының өкілдері қатысты. Олардың арасында Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов, ТМД елдерінен келген беделді шетелдік сарапшылардың өкілдері, сондай-ақ Clarivate Analytics компаниясының Ресейдегі басқарушы директоры Олег Уткин бар.